Елімізді небір қиын кезеңдерден, түрлі дағдарыстардан аман-есен алып шығып, әлем таныған мемлекетке айналдырған білікті саясаткер Н.Назарбаев – қазақ халқының мақтанышы.
Еліміздің экономикалық-әлеуметтік және руханият саласындағы жетістіктеріне Қазақстан халқы ғана емес, бүкіл әлем куә болып отыр. Осы орайда, Елбасымыз Н.Назарбаевтың халықаралық саясатта, дүние жүзінде қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауда әлем мойындаған көшбасшы болып танылуына айрықша тоқталғым келеді.
Н.Назарбаевтың Кеңес дәуірінде-ақ Семей ядролық сынақ полигонын жабуы туралы тарихи шешім қабылдағанын, сөйтіп қуатты ракеталық-ядролық қарудан бас тартқанын қазақстандықтар ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығы біледі. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері ядролық қарусыз, бейбіт өмір сүру үшін күресіп келеді. Бұл күрестің бастамашысы – Н.Назарбаев. Елбасының бастамасымен Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні жарияланды.
Өткен жылы маусым айында Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Бұл да Елбасымыздың әлемдегі халықаралық қауіпсіздіктің дамуына қосқан үлесі. Біздің Президентіміз дүние жүзіндегі ең бірінші орындағы «Бітімгер» деп толық айта аламыз. Бүгінгі күнде дүние жүзі Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдік ауқымдағы Көшбасшы екенін мойындап, құрметтейді. Елбасы Украина мәселесін, Ресей-Түркия қатынастарын жақындату, Ауғанстан, Сирияда орын алған көптеген дау-дамайлар мен шиеленісті оқиғаларға дер кезінде араағайын болып, талай мәселелердің оң шешімін табуына зор үлесін қосты. Н.Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесі Қазақстанның бейбітсүйгіш ел екенін дәлелдей түсті.
Астана қаласында әрбір үш жыл сайын өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, биылғы Сириядағы дағдарыс бойынша өткен Астана процесі дүние жүзінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға зор үлес қосып келеді. Бүгінгі күнге дейінгі жеткен барша жетістіктер Елбасымыз Н.Назарбаевтың өлшеусіз еңбегі десек ешбір қателеспейміз.
Қырғызбай ДӘУЛЕТОВ,
Тұрар Рысқұлов ауданының құрметті азаматы
Жамбыл облысы