Осының бәрі жер қойнауын пайдаланушылардың шикізатты ішкі нарыққа бұруына ынталандырудың тиімді тетіктері қарастырылмағандықтан болып отыр. Президент Н.Назарбаевтың 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында еліміз бензинді, дизель отынын, авиация керосинін молынан өндіруді қажет етіп отыр деген болатын. Сондықтан Елбасы жаңа мұнай өңдеу зауыттарын салу қажеттігін айтқан. Осыған қарамастан, жаңа зауыт салынбады, оның нақты себебі белгісіз.
Жанар-жағармай өндіру және оны импорттауға байланысты жүйелі кемшіліктер экономиканың өзге салаларына да зиянын тигізетіні белгілі. Ол барлық тауарлардың, қызметтердің, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының қымбаттауына себеп болады.
Жанар-жағармай нарығында қалыптасқан осы жағдайға алаңдаушылық білдіріп біз Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың атына сауал жолдап, «Тапшылықты жоюға байланысты мемлекеттік деңгейде жүйелі негіздегі шешімдер неге қарастырылмайды? Елбасының жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жөніндегі тапсырмасының осы уақытқа дейін орындалмау себебі неде?» деген сұрақтарға жауап беруін қазан айында өтінген едік. Одан кейін қараша айында қалыптасқан ахуал тіпті күрделеніп кетті. Қазақстанның кейбір аймақтарындағы жанармай құю стансаларында дизель отыны жоғалып, ал кейбір өңірлерде оның бағасы 200 теңгеден жоғарыға сатылып жатқанын білдік. Дизель отынының қымбатшылығы оның Ресейден импортталуы деп түсіндірілді.
Дизель отынының негізгі тұтынушылары – темір жол көлігі, жүк тасымалы автокөлігі, су бетіндегі көлік және т.б. Өндірістік нысандарда дизель отынының ең ірі тұтынушылары тау-кен өнеркәсіптері. Біздің ойымызша, дизель отыны бағасының көтерілуі экономикамыздың барлық салаларына, темір жол, электр қуатының, газдың тасымалдануларына кері әсерін тигізеді. Ал еліміздегі екі мұнай өңдеу зауытының жоспарлы жөндеуде тұрғаны жанармай тапшылығын қайта туғызу қаупі зор. Осыған алаңдап біз Премьер-Министрдің атына екінші рет сауал жолдап, дизель отынының тапшылығы мәселесін шешуге байланысты қабылданған шаралар туралы жазбаша жауапты «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 27-бабында белгіленген мерзімде хабарлауын өтіндік. Оған бірнеше сенатор қолдарын қойды.
Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ,
Сенат депутат