...пікір білдіреді
«Егеменнің» орны бөлек
Қазір газет-журналдар көп дегенмен, әр басылымның өз оқырмандары бар. Бірақ «Егемен Қазақстанның» орны бөлек. Біріншіден, Елбасы саясатын халыққа жеткізетін еліміздің бас газеті. Екіншіден, атаулары басқа болса да, бізге бала кезден ыстық, әкелеріміз оқыған басылым. Мен өзім де аудандық, облыстық газетке мақалалар жазып тұрамын. Мұғалімдік жұмысқа қажетті барлық мақалалар, ойлар, пікірлерді күнделікті «Тәлім» бетінен оқып отырамыз. Өйткені қазір білім саласынағы өзгерістер, жаңашылдықтармен қатар кейбір түсінбеушіліктер де орын алуда. Осы жайлардан да мұғалімдер үшін «Сұрақ-жауап» бұрышы да ұйымдастырылса. Жас маман-мұғалімдерді көбірек жазсақ ауылдарда мұғалім тапшылығы болмайды. Мысалы, химия, физика, ағылшын тілі сияқты пәндерден ауылдарға мұғалімдер қажет. Мектепке байланысты проблемалық мәселелер көбірек жазылса. Газеттің бүгінгі тынысы, әсіресе танымдық мақалалар, экономика айдарымен шығатын мәселелер, жаңалықтар, шағын хабарлармен жалғасуда. Өйткені, «Егеменнің» мақалаларын оқып көзқарасың кеңейеді, ой-өрісің толысып, білмегеніңді білесің, саясаттан, әдеби-мәдени өмірден, тарихи-танымдық, еліміздің тынысы-тіршілігі – барлық жағынан хабардар боласың. Рухани жаңғыру деген осы. Сондықтан ықылас бөлек. Жақсы сөз – жарым ырыс. Басқа оқырмандарға да өзге басылымдардан орны бөлек «Егеменнің» қадірін түсініп, бағалайық, күнделікті әр шаңырақта оқылатындай елдік мақсатпен мүдделес болайық дегім келеді.
Айгүл МОЛДАШ,
мұғалім
Павлодар
...мақтан тұтады
Өзге ұлттар да қазақша оқиды
«Алты алаштың баласы бас қосса, ең қадірлі орын ұстаздікі» деген сөз дәл айтылған! Өз басым осындай ұлық тұтар ұстаздардың қатарына қарапайым ауыл мұғалімі Қобыланды Хайырмұхамбетовті қосар едім. Қобыланды Айтқұлұлы Батыс Қазақстан облысының Ресеймен шекаралас жатқан Тасқала ауданындағы Шежін ауылында дүние келген екен. Алматы қаласынан жоғары білім алып келген жас маман туған жеріне оралып, жолдамамен Бірлік ауылына жіберілген. Бірлік – бұрын «Кузнецов» аталған, тек қана орыс мектебі болған ауыл еді. Тәуелсіздіктің арқасында мемлекеттік тілдің мәртебесі де өсіп, мектебіміз әуелі аралас, келе-келе қазақ тілінде білім беретін білім ордасына айналды. Қазір Бірлік ауылындағы «Кузнецов» негізгі мектебінде жалғыз-ақ сынып орыс тілінде сабақ берсе, өзгесі мемлекеттік тілге түгел көшті. Тіпті ауылдағы орыс ұлтының балалары да бүгінде қазақша білім алып жүр.
Ауылдың қазіргі оң өзгерісіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қобыланды Айтқұлұлының да еңбегі бар деп айта аламыз. Қобыландының шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық байқауларда жүлде алып жүр. Кәсібінің шебері, керемет ұстаз, кішіпейіл азамат ретінде Қобыланды Айтқұлұлын мектеп ұжымы, шәкірттері мақтан тұтады.
Меруерт САПАРҒАЛИҚЫЗЫ
Батыс Қазақстан облысы,
Тасқала ауданы,
Бірлік ауылы
...сақтандырады
Келеңсіз әрекеттерді тыю керек
Оқушы қыздар мен келіншектер бастарына екі қабат орамалдарды тартып, тізеден төмен киген ұзын көйлектерін көреміз. Бұл көріністі біздер – зейнеткер-ардагерлер айыптамай, қазақ ұлт салтын және осындай дәстүрді насихаттау мәселесіне көп көңіл бөлейік. Себебі, осы көріністер елімізде кейбір жастарымыз жазғы мезгілдерде ашық-шашық киініп жүргендеріне жауап болып табылады. Бұлар омырауын және кіндіктерін көрсетіп көшеде ұялмай жүре береді. Осындай сұмдық әдеттерді елімізде тез арада тыйып, болдырмауды жаппай мектеп, жоғарғы оқу орындарда үгіт-насихатты күшейтіп, мұндай көріністерді қолға алып, бір кісідей қарсы болайық. Осындай көріністерді шетел телеарналарынан, әртүрлі ғаламтордан көріп өскен жастарымыз рухани бұзылады. Осы көрсетілген телеарналарда, интернеттерде бұрын жігіттерде ғана болатын денеге салынған неше түрлі суреттерді басына дейін салғандығын көріп отырмыз. Енді бұл құбылысты қазіргі жасөспірім қыздар да әдетке айналдырып, оларда денелеріне адам қорқатын суреттерді салуды үйреніп алған. Біздер, қоғам болып, мемлекет дәрежесінде көтеріп, бір кісідей осындай ақылға сыйымсыз әрекеттерді тыюмыз қажет-ақ.
А.САПАРОВ,
Кентау қалалық «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің басшысы
...алғыс айтады
Абыройлары арта берсін
Биылғы жылдың наурыз айында аяқ астынан баламыз ауыр дертке душар болып, алдымен аудандық, одан кейін облыстық ауруханада бір жарым айдай емделгенімен, айыға алмай республикалық нейрохирургиялық орталыққа жеткізілген еді. Баламыздың жағдайы өте ауыр болатын, шынын айтқанда шала-жансар күйде еді. Алайда, алдымен Алланың құдыретінің арқасында, екінші орталықтағы өз ісінің білгір мамандары Е.Медетов, Е.Махамбетов, М.Ошаев сияқты азаматтар аса шеберлікпен жасаған отаның арқасында баламыздың беті бері қарап, өз бетінше тамақтана алатындай болып оралды. Ерекше айтарым, ота аяқ-қолға емес, басқа жасалды және бір емес екі рет. Баламыз екі рет жасалған отадан оңалып, бас-аяғы 20 күнде елге оралды. Құдайға шүкір, қазір денсаулығы біртіндеп жақсарып келеді.
Науқастың өте ауыр болғаны белгілі. Алдымен Жаратушы Аллаға мың да бір шүкіршілік білдіре отырып, Нейрохирургия орталығының ұжымына айтар алғысым шексіз. Еңбектері жемісті болып, Отанымыздың абыройын арттыра берсін деген тілегімді ел газеті «Егемен Қазақстан» арқылы жеткізгім келеді.
Жақсылық ХАЛЫҚОВ,
зейнеткер
Қостанай облысы,
Науырзым ауданы,
Қарамеңді ауылы
...жаңалығын жеткізеді
Мектепте барлық жағдай жасалған
Атырау облысының Аққала ауылындағы пайдалануға берілген жаңа мектепке ел риза. Мектеп екі қабатты және ол 1,44 га аймақты алып жатыр. Мектептегі барлық кабинеттер интерактивті тақталармен жабдықталған, лингафон кабинеттері, компьютер сыныптары да бар. Физика, биология және химия пәндерінің кабинеттері оқу-зертханалық құрылғылармен жабдықталған. Мектепте оқу-әдістемеліктер мен өзге де қажеттіліктер толық.
Онда балалар спорт алаңдары мен жүгіруге арналған жолақтарды пайдалана алады. Олар арнайы қауіпсіз резинадан жасалған және жарақат алудан сақтайды. Спорт ойындарына арналған алаңдарға жасанды көгалдар төселген. Онда футбол ойнауға болады.
Айдар ОСПАНАЛИЕВ
Атырау облысы