Аты әлемге әйгілі Қажымұқан 1945 жылы Семейдегі ұлы Абайдың 100 жылдық мерейтойына барғанда осы белдікті базарлық ретінде сатып алып, жұбайы Мінайымге сыйлапты. Белдіктің бір-біріне жапсарластырылып бірден жетіге дейін нөмірленген әшекейлі бөліктері бар. Сондай-ақ көрнекілігі таза күмістен бедерленген беттеріне қызыл көзді тастан әшекейлер жапсырылған. Қажымұқан музейінің ғылыми қызметкері Г.Әшірбаеваның айтуынша, күш атасы Қажымұқанның жұбайы Мінайым өмірден өтерінің алдында төсек тартып жатқанда Шәуілдірде тұрған Жаңыл есімді сіңлісі көңілін сұрай келген. «Сонда Мінайым апа өзінің сіңлісі Жаңылға «белдікті маған палуан жездең сыйға берген еді, енді осыны сен ал, жездеңнің және менің көзімдей көріп жүр» деп әшекейлі күміс белдікті береді. Қажымұқан палуанның үшінші әйелі Мінайым апамыз 1978 жылы дүниеден өткен. Жаңыл апамыз өз ұрпақтарына апайы мен жездесінен қалған естелік белгі деп тарихын айтып отыратын-ды. Ол кісі 1994 жылы қайтыс болады. Жаңыл апамыздың ұлы Сауынбай Мамасеріков оны 2002 жылдың наурыз айында музей қорына өткізген», дейді музей қызметкері.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы