Қазақстан • 15 Қаңтар, 2018

Жолдау жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

193 реткөрсетілді

Астанада «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірін­ші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы­ның «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайын­дағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына қол­дау білдіру мақсатында Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысын өткізді.  

Фото: nurotan.kz

Жиынды ашқан М.Құл-Мұхаммед жаңа Жолдаудың Қазақстанның жүйелі жаңғы­рудағы 10 басым бағытын жү­зеге асыруды қамтамасыз ете­тін бірегей бағдарламалық құжат екенін айтты. Өйткені қазақстандық индустрия мен агроөнеркәсіптік кешенді және көліктік-логистикалық инф­ра­құрылымды цифрландыру, тұр­­ғын үй құрылысы мен ком­мунал­дық секторға жаңа технология­ларды енгізу Елбасы ұсынған елді дамытудың негізгі векторы болып табылады.

Отырысқа жетекшілік еткен М.Құл-Мұхаммедтің айтуынша, мұның барлығы Қазақ­стан­ның жаңа әлемдегі жетек­ші елдердің қатарына қосылуы үшін қажет. Сонымен қатар Пре­зидент дәстүрге сай биыл да әлеу­меттік даму мәселелеріне зор көңіл бөліп, адами капитал­ды қазақ­стандық жаңғырудың жү­йелі үштағанының негізі ретін­де белгілеген. «Елбасымыз­дың Жолдауында елімізді сая­си, экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғыртудың 10 басым бағыты айқын белгі­лен­ген. Біздің ендігі міндетіміз – әрбір қазақстандықтың өмірі, денсаулығы мен тұрмысы­на деген Елбасы қамқорлығынан тұратын Жолдаудың мазмұнын барша халыққа жеткізу», деді М.Құл-Мұхаммед.

Демократиялық күштер­дің «Қазақстан-2050» жалпыұлт­тық коалициясының отырысы­на елдегі жетекші партиялар­дың басшылары, Парламент де­путаттары, Қазақстан халқы Ас­самблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Ал отырыс барысын­да коалиция мүшелері Мемлекет басшысының жаңа Жолдауына байланысты өз ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті. Мәселен, Қазақстан Кәсіподақ­тар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым Төртін­ші өнеркәсіптік революция­ның жаңа мүмкіндіктері кімдер­ге тиесілі екенін де баяндады. «Жаңа мүмкіндіктер ең алдымен ғылымға, білімге жақын еңбекқор азаматтарға беріледі деп санаймын. Өйткені осы мақ­сатта кәсіподақ алдында үл­кен міндеттер тұр. Біз осы ба­ғыт­тағы жұмыстарымызды орын­дау үшін жақын арада арнайы жол картасын жасап, бүкіл Қа­зақ­стан бойынша үгіт-насихат жүр­гізе­міз», деді ол.

«Нұр Отан» партиясының бастамасымен құрылған Де­мо­кратиялық күштердің «Қазақ­стан-2050» жалпыұлттық коа­ли­ция­сының кезекті кеңесіне қатысу­шылар Жолдауда адам капиталын жақсартуға арналған Президент бастамаларын жедел жүзеге асыру қажеттігіне кеңінен тоқталды.

«Ақ жол» демократиялық партиясы бизнес партиясы ре­тінде Жолдауда бизнеске арнал­ған бағыттарды ерекше баға­лайды. Бұл жолы Елбасымыз индус­трияға ғана емес, ең алдымен инновациялық бағытқа баса назар аударып отыр. Егер біз инновацияны басты мақсат ретінде, басты көрсеткіш ретінде алсақ, кез келген кәсіпорынды емес, кез келген өндірушіні емес, тек заманауи жаңа технологияларды пайдаланатын, жаңа технологиялар алып келетін компанияларды қолдауымыз керек», деді Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев.

Содан кейін сөз алған Қазақ­стан Коммунистік халықтық пар­тия­сының мүшесі, партия­ның Астана филиалының бірін­ші хатшысы Марат Әубәкіров Мем­лекет басшысының бұл жол­ғы Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығы саласына айрықша көңіл бөлінгенді­гіне тоқталды. «Расында да Қазақстанның ауыл шаруашы­лығы өнімдерін өндіру әлеуеті өте жоғары және ең бастысы, ол таза табиғи өнімдер болып табылады. Әсіресе астық өндірісінде әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің санатындамыз. Ендеше біз атадан балаға мирас болып келе жатқан осындай игілікті істерімізді заманауи талапқа сай етіп дамытуымыз керек», деді М.Әубәкіров.

Сол сияқты ауыл мәселесіне айрықша көңіл бөлген «Ауыл» халықтық-демократиялық пат­риоттық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Толымбек Ғабділәшімов өзінің сөзінде еңбек өнімділігін арттыру қажеттігіне баса назар аударды. «Оған қоса, еңбек өнімділігінің артуынан пайда болған өнімдердің экспортын еселеуге де күш салғаны­мыз лазым. Елбасымыз айтқан­дай, тауарды әлемдік нарыққа шикізат күйінде емес, өңделген әрі халықаралық талапқа сай, тұтынуға дайын өнім ретінде ұсынуды қолға алғанымыз жөн. Бұл ретте біз жаңа технология­ларды трансферттеумен және оны қазақстандық жағдайға бе­йім­дей отырып, әлеуетімізді арттыр­ғанымыз абзал», деді Т.Ғабділәшімов.

Жиында ел кәсіпкерлері Жол­дауда атап көрсетілген бағыт­тар бойынша жұмыстар қа­зірдің өзінде қызу қолға алы­нып жатқанын алға тартты. «Атамекен» ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметов Елба­сы Жолдауында өзін-өзі қамти­тын ауылдағы азаматтарды кәсіпкерлікке тарту, рухани жаңғыру, прагматизм мақсаты алға қойылғанын атап көрсетті. «Атамекен» өткен жылы «Бизнес Бастау» жобасын қолға алғаны белгілі. Сол кезде еліміз бо­йынша 15 мың адамды оқыттық, оның ішінде 8 мыңы бизнес жос­парын қорғап шықты және 3 мың адам өз ісін ашты. Биыл 160 аудан­да 30 мыңға тарта адамды оқытамыз. Бір қуантатыны, осы мәселені Елбасы өзінің халыққа Жолдауында атап өтті және оны «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы іске асыруда», деді А.Мырзахметов.

Айта кетейік, алқалы жиын­да «Бірлік» саяси партия­сы төрағасының орынбасары Бөрі­бек Қадырбекұлы, «Жаңару» жемқорлыққа қарсы жал­пы­ұлттық қозғалысы» РҚБ прези­денті Оралбай Әбдікәрімов, Парламент Сенатының депутаты және «Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясы» РҚБ президенті Бақытжан Жұмағұлов, «Қазақстанның азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Тәңірберген Бердіоңғаров сынды қоғам бел­сен­ділері сөз сөйлеп, ой-пікір­лерін ортаға салды. Ал жиын соңында қатысушылар Жолдауға қолдау білдіріп, еліміздің барша азаматтарын жылдың бас­ты құжатын талқылау және түсіндіру жұмыстарына белсен­ді қатысуға шақырған Үндеу қабылдады.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Жаны қазақ Виктория

Қоғам • Кеше

Қандастарға қамқорлық

Аймақтар • Кеше

Қытай айнасының құпиясы

Аймақтар • Кеше

Өнер қонған өлке

Аймақтар • Кеше

Тасқа қашалған жыр

Аймақтар • Кеше

Инфляция ырыққа көне ме?

Экономика • Кеше

Алматыда жарық сөніп қалды

Аймақтар • 15 Шілде, 2019

Ұқсас жаңалықтар