Қазақстан-Швейцария матчының шымылдығын 21 жастағы Дмитрий Попко мен Генри Лааксонен ашты. АТР жариялаған тізімге көз жүгіртсек, біздің Попко – 231-ші, ал Лааксонен 123-ші орынға жайғасқан екен. Дегенмен рейтингтегі алшақтыққа қарамастан, кездесу өте тартысты өтті. Толық үш сағатқа созылған бәсекенің алғашқы сетін жеңіспен бастаған жерлесіміз, келесі кезеңде де жеңіске жету үшін біраз тер төкті. Десе де, бұл сет те Попконың еншісіне жазылды. Бұл жерде швейцариялық спортшының жанкештілігін айта кеткен жөн. Ол қарсыласының ойластырған əдісін дер кезінде байқап, қарсы соққы жасап та үлгерді. Үшінші сетте Лааксонен жинақылық танытып, бұл сетті өз пайдасына шешті. Əйткенмен, Дмитрий Попко өзінен төрт жас үлкен әрі рейтингте жоғары орналасқан əріптесіне қарағанда жігерлі ойын көрсетіп, 6:2, 7:6, 3:6, 7:5 есебімен басым түсті. Сөйтіп Қазақстан құрамасына алғашқы жеңісті сыйлады.
Швейцария жанкүйерлерінің көңілін күпті еткен бірінші кездесуден кейін, Қазақстан құрамасының бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин (АТР рейтингінде 73-орында) Швейцарияның ортан қол теннисшісі Адриан Бодмерге (485) қарсы шықты. Бірден айтайық, Кукушкин бұл кездесуде 4:1 есебімен жеңіске жетіп, бірінші күннің қорытындысы бойынша есепті 2:0-ге жеткізді. Алайда таблодағы көрсеткішке қарап, жеңіс біздің теннисшіге оңай келді деп айтуға болмайды. Адриан Бодмер алғашқы сетте жеңіске жеткенімен, қарсыласына қарағанда тәжірибесі мол біздің теннисші 3:6, 6:3, 6:2, 6:3 есебімен басым түсті.
Жарыстың екінші күні жұптасып өнер көрсетуде Александр Недовесов пен Тимур Хабибуллин дуэті Марк-Андреа Хуслер мен Лука Маргаролиге қарсы кортқа шықты. Жанкүйерлердің қызу қолдауына ие болған жерлестеріміз алғашқы екі сетте қарсыластарынан 6:4, 6:4 нәтижесімен басым түсті. Жеңіс уыстарынан сусып бара жатқанын білген Швейцария құрамасының теннисшілері тез есін жиып, келесі екі сетті өз пайдаларына шешті. Төртінші сеттен кейін екі құраманың нәтижелері теңесті. Соңғы сетте жеңіс екі құрамаға да ауадай қажет еді. Өйткені шешуші сетте Қазақстан құрамасы жеңіске жетсе, мерзімінен бұрын 1/4 финалға шығады, ал Швейцария теннисшілері бұл матчты өз пайдаларына жазатын болса, оларда да келесі кезеңге шығу үшін үміт оты қайта пайда болар еді. Дегенмен алдарына жеңіске жету деген нақты мақсат қойған отандастарымыз бесінші сетте жинақы ойын өрнегін көрсетіп, қарсыластарынан жеңісті жұлып алды. Қорытынды есеп – 6:4, 6:4, 3:6, 6:7, 6:3. Сөйтіп Диас Досқараев жетекшілік ететін құрама жарыстың алда болатын екі кездесудің нəтижесіне қарамастан, Дэвис кубогының ширек финалдық кезеңіне жолдама алды.
Турнирдің соңғы күнінде екі матч ойналды. Бұл күні бірінші болып кортқа Роман Хасанов шығып, Андреа Хуслерадан 3:6, 1:6 есебімен жеңіліп қалды. Ал Дмитрий Попко Адриан Бодмерді 7:6, 1:6, 10:6 нәтижесімен жеңді.
Енді құрама жігіттері сәуір айында жартылай финалға шығу үшін бақ сынайды.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Дэвис кубогы аясында Швейцария құрамасымен осымен үшінші рет кездесті. Ең алғаш 2010 жылы Швейцарияны жеңгеннен кейін тарихта тұңғыш рет әлемдік топқа шыққан еді. Ал 2014 жылы Женевада өткен турнирдің ширек финалында отандастарымыз 2:3 есебімен есе жіберген еді. Міне, енді екі құрама 1/8 финалда үшінші рет жолығып, бұл кездесу Қазақстан құрамасының жеңісімен аяқталды.
Диас ДОСҚАРАЕВ, Қазақстан құрамасының капитаны:
– Сөз жоқ, жақсы матч болды, жігіттер жарады. Әрине, ойында аздаған бұрылыстар болды. Швейцария құрамасы да өте тәжірибелі команда. Маргароли тек бір рет қана қателесті. Келесі кезеңде де бізді оңай қарсылас күтіп тұрған жоқ. Оның үстіне ширек финал ойыны сырт алаңда өтеді.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»