Құмар Іргебайұлы оның өтінішін қабылдап, жуырда аудан активін жаңа әкіммен таныстырды. Ол өз сөзінде жергілікті кадрлардың әлеуетіне сүйенетінін, алайда жүктелген тапсырмалар үдесінен көріне алмаған басшыларға ешқандай жеңілдік те, артықшылық та жасалмайтынын қадап айтты.
– Тайынша – аймақтағы іргелі аудандардың бірі. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың әлеуеті жоғары, инвестиция тарту мүмкіндіктері мол. Шикізатты өңдеу, баламалы энергия көздерін енгізу, тың жобаларды жүзеге асыру тегеурінді қимылды қажет етеді, – дей келіп, Қ.Ақсақалов бұған дейін Ғ.Мүсірепов ауданына жетекшілік етіп келген Владимир Дудовтың Тайынша ауданында ауқымды шараларды атқаруға білігі де, тәжірибесі де жететініне сенім білдірді. Оған еңбеккерлердің жалақысын көтеру, инвестиция көлемін ұлғайту, жолдарды қалпына келтіру сынды бірқатар тапсырмалар жүктелді. Мұнда сүт өңдейтін және сұйық тыңайтқыштар шығаратын зауыттар салынады. Крахмал, глютен әзірлейтін желілер іске қосылады. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс істеуге талабы таудай басшыға араласатын салалар жетіп артылады.
Аймақтың экономикалық дамуының негізгі бағыттары белгіленген аппараттық кеңесте сындардың бір бөлігі Мамлют ауданының әкімі Ерболат Бекшеновке қарата айтылған еді. Әсіресе жаңа жұмыс орындарын ашудағы олқылықтар, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығына бірде-бір жобаның енбегені көзге шұқып көрсетілген. Жыл басында өткен әкімдік отырысында жергілікті бюджетке жоспарлы салық түсімін қамтамасыз ете алмағаны, инвестиция жайының ақсап тұрғаны, облыс көрсеткішін төмендетіп тұрған екі ауданның бірі екені Е.Бекшеновтің бетіне тағы басылған. Осы жайттар ескерілген болу керек, кадрлық ауыс-түйістің нәтижесінде мемлекеттік қызметті ең төменгі буыннан бастап Ақжар ауданы әкімінің орынбасарлығына дейін көтерілген Жастілек Сыздықов жаңа лауазымға ие болды. Құмар Іргебайұлы ауданда сүт өңдейтін жалғыз шаруашылық қана жұмыс істейтінін, бизнес-әріптестермен тығыз байланыс орнату керектігін, биыл оңтүстік өңірлерден көшіп келетін 59 отбасыға барлық әлеуметтік көмекті жасау, жұмысқа орналастыру қажеттігін еске салды.
Е.Бекшенов жер қатынастары басқармасын басқаруға жіберілді. Шамасы оның тағы бір сын тезінен сүрінбей өтуіне соңғы мүмкіндік берілген секілді. Шаруашылықта әбден ысылған Болат Жұмабеков Ғ.Мүсірепов ауданын басқаруға жолданса, индустриялық-инновациялық даму басқармасының жетекшісі Жанат Сәдуақасов Қызылжар ауданы әкімінің орынтағына жайғасты.
Жаңа атқамінерлерді алда үлкен сынақтар күтіп тұр. Мәселен Хасан Бектұрғанов атындағы Мамлют қалалық мектебі суық. Пластик терезе қою жөніндегі өтініштер құрғақ сөзден аспай келеді. Мәдениет үйі толық жөнделді деген ақпарат берілгенмен, шатыры ауыстырылмағандықтан жауын-шашын күндері ғимарат іші суға толып кетеді. Халықты сапалы ауыз сумен қамту Қызылжар ауданы тұрғындарының басты мұңына айналған.
Көрсетілген сенім бар да, жауапкершілік жүгін ұғынудың, салмақтап безбенге салудың, соған орай олқылықтарды еңсерудің ұтымды шешімдерін қабылдаудың жөні бөлек. Жаңа атқамінерлер сынақ мерзіміне төтеп бере ала ма, әлде алдыңғы әріптесі сияқты отставкаға сұрана ма, уақыт көрсетеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы