Жиында «Қазконтент» АҚ басқарма төрағасы Евгений Кочетов: «2017 жыл «Қазконтент» АҚ үшін табысты болды. Алға қойылған міндеттер орындалып, жоспарланған жобалар жүзеге асты. Сонымен қатар 2018 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жалпыұлттық жобасы аясындағы жұмыстар жалғасын таппақ. Осыған сай жаңа идеялар мен тәжірибе алмасу мақсатында офлайн іс-шара ұйымдастыру, сондай-ақ Қазақстанның заманауи кейіпкерлерінің өмірінен алынған жаңа әрі қызықты фактілерді білуге мүмкіндік беретін бірегей контентті құру жоспарлануда», деді.
Сонымен қатар ол «El.kz» порталының «Лица Столицы» жобасында өзінің күнделікті еңбегімен қаланың дамуына өз үлесін қосқан астаналықтар жайлы көрсетілетінін жеткізді.
«Kaztube.kz» бейне-порталы туралы айтатын болсам, осы жылдың 25 қаңтарында бұл портал «Мен – мобильді репортермін» атты конкурстың іске қосылуы туралы хабарлады. Аталған жоба бір ай бойы өтеді. Байқаудың мақсаты – ұялы телефонға интернет желісі қолданушыларының басым назарына ие бола алатын бейнені түсіру. Ал ең резонансты видео авторы 200 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықтың иегері болады», деді басқарма төрағасы.
Одан басқа, Е.Кочетов бейне-порталда «Олимпиада қатысушыларын қолда!» атты тағы бір байқаудың басталғаны жайында хабарлады. «Мұнда барлық қазақстандықтар үшін, осы жылы өтетін қысқы Олимпия ойындарының барлық қатысушыларын құттықтап, жеңімпаздардың қолдарынан естелік сыйлықтар алу мүмкіндігі беріледі. Ол үшін сізге өз қолыңызбен құттықтау видеосын түсіріп, «Kaztube.kz» бейне-порталына жүктеп, халықтық дауыс берудің қатысушысы болуыңыз керек», деді Е.Кочетов.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»