Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында Алматы облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов мәлімдеді.
- Шағымдардың 80 пайызы оң нәтижемен шешілді. Мысалы «Сарыөзек мұнай өнімдері» компаниясының құжаттарында орын алған кездейсоқ қате жазу үшін 5 млн теңгенің айыппұлы салына жаздады. Біздің қолдауымыздан кейін шектеу туралы қаулы алынып тасталды. Әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында біз қоғамдық мониторинг пен кәсіпкерлердің өтініштеріне талдау жүргіземіз.Өткен жылы қырыққа жуық әкімшілік кедергі анықталып, оның он үші жойылды. Даму институттарының, қаржылай қолдау құралдарының жұмыс жасап жатқанына қарамастан, кейбір органдар осы сектордағы бірқатар проблемалардың себепкері болып отыр. Мәселе адам факторына ғана емес, сонымен қатар заңдағы кедергілерге де тіреліп тұр,- дейді Нариман Әбілшайықов.
Сондай-ақ, облыстық кәсіпкер палатасының ұйытқы болуымен «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының бизнеске сервистік қолдау мен ақпараттық қамтамасыз ету бағыты бойынша бірқатар жұмыс істелгені айтылды. Өткен мерзімде кәсіпкерлікке қолдау көрсету орталықтарында 6 437 кәсіпкерге 8086 сервистік қызмет көрсетіліп, 17 884 бизнес өкіліне 22 838 рет ақпараттық кеңес берілген. Жалпы құны 5 млрд теңгеден асатын 432 бизнес-жоспар әзірленіп, оның ішінде 68 жоба топ жарып, 217,1 млн теңгеге қаржыландырылған.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.