Фото: Валерий БУГАЕВ
Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен келісіліп, бекітілді де. Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларының түйілісі қоныстандыру аумағы деп таңдап алынған-ды. Қазір оралмандар қалашықтан бұрын облыс орталығынан «Бейімдеу орталығының» ашылуын асыға күтуде.
Ал облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, былтыр өңірге 75 отбасы, яғни 328 адам көшіп келген. Оның 86-сы Өзбекстаннан, 99-ы Моңғолиядан, 123-і Қытайдан, 19-ы Ресейден, екеуі Украинадан келген. Былтыр «Атажұрт» қоғамдық бірлестігі Қытайдан шыққан 20-дан аса отбасы бар көштің үшінші легін Успенка және Шарбақты аудандарына жеткізіпті. Алдағы уақытта да елге келмекші оралмандардың Қытайдағы визасының ашылуынан бастап, бері қарай шекарадан өткенде күтіп алып, баратын ауылдарына дейін жеткізіп, орналастыру жұмыстарын қолға алмақшы. Бірақ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Болат Зауыттың сөзінше, жалпы, осы күнге дейін көшіп келушілердің құжаттарын ресімдеу кезінде кедергілер де аз емес. Былтыр өңірге 150 квота бөлінгенімен, көшіп келуші азайған. Ағайындар оның себебін еліміздің көші-қон полициясы қызметінің күрделілігімен байланыстырады. Яғни тұрақты тіркеуге тұру, оралман куәлігі мен ықтиярхат ресімдеу және еліміздің азаматтығын алу үшін бәленбай мекемеге бір емес, бірнеше рет бару қиындық туғызады. Өздері алыстан шаршап келген ағайындар жергілікті жерді де, қалай жүріп-тұруды да білмейді. Баспана алу, жұмысқа тұру, балаларын мектепке беру сияқты мәселелер де қос-қабат. Аудандарға жолсапарларға барғанда, тіпті қалада да оралман ағайындар бізге де құжат толтырудан, қағазбастылықтан, тексерулерден, күні бойы кезек күтуден, шаруаларын ана тілінде түсіндіре алмай, мамандардың жауапсыздығынан шаршағандарын айтады. Қытайдан келген қандастар болса, кириллицаны оқи да, жаза да алмайды.
Осы орайда, Көші-қон полициясы қызметі ағайындардың ортаға бейімделіп, орналасуына құқықтық-ақпараттық ақыл-кеңес, әдістемелік ұйымдастырушылық және техникалық тұрғыда көмек көрсетулері қажет-ақ. Қазақ тілін білетін мамандар қызмет жасасын деген ұсыныстар да түсуде. Екіншіден, Болат Зауыт еліміздің азаматтығын алу жұмыстары жеңілдетілсе дейді. Үшіншіден, облыс орталығында оралмандарды бейімдеу орталығын ашу қажет. Сонда алыстан келген ағайынның барлық құжаттарын бір жерден дайындап алуына мүмкіндік жасаймыз.
Елге көш басын бұрар кезде, сол елдегі біздің елшілік әр оралман отбасына жолдама береді. Елге келгенде қандай құжаттар керек болады дегенді алдын-ала ескеріп, алып келуі шарт.
Жалпы, ағайындардың дені Павлодар, Ақсу, Екібастұз қаласы мен олардың ауылдық аумақтарында тұрады. Қалған 40 пайызы басқа аудандарда. Бұл күндері 1991-92 жылдары Моңғолиядан екі Үкіметтің келісімімен еңбек шарты бойынша көшіп келгендер облыстың Майқайың, Май ауданының Ақжар ауылында, Екібастұз, Ақсу қаласы аумағына қарасты ауылдарда тұрып жатыр. Осы жылдарда өңірімізге 34 мыңнан астам оралман қоныстаныпты. Қазір Болат Зауыт бастаған жергілікті қауымдастық шетелдердегі қазақ балаларын облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне, колледждерге оқытуға үлкен үлес қосуда. Биыл Моңғолия, Қытайдан тағы да 130-дай жас қосылды. Оралмандарға өтініштері бойынша қала аумағындағы Павлодар, Кенжекөл, Жетекші ауылдарынан жер телімдерін алып беруге де қолдау көрсетілген. Железинка, Успенка аудандарында да 2008 жылдары Өзбекстаннан келген оралман отбасылары тұрып жатыр.
– Бір кездері өзіміз асыға жетіп едік. Бірақ, әлі соңымызға қарайлап жүрміз. Өйткені, атамекенге оралғысы келетін шетте жүрген қандастарымыздың қарасы көп, – дейді Болат Зауыт.
Айтпақшы, облыс әкімі Болат Бақауов Успен ауданы Ольгинка ауылындағы Қытайдан келген ағайындарға барып қайтты. Аудан әкімдігі «көшіп келген отбасы өзі таңдап, ауылдан үй сатып алса, түрлі көмек, қаражаттар бөлінеді. Жер бөліп береміз, жұмыспен қамтылады» деп отыр. Өзара топтасып келген қандастардың мақсаты – бірлесіп корпоративтер құру.
Ольгинкаға барған сапардан кейін Болат Бақауов ішкі және сыртқы көші-қон мәселесіне орай жиын өткізуді жоспарлады. Аудандардан автобустармен оралмандарды жеткізуді тапсырды. Әр аудандағы оралмандар отбасының жағдайымен танысатын да болды. Өкінішке орай, аудандардан автобуспен әкеле алмадық. Әкімдіктер қар аралас жаңбыр жауғанын сылтау етті. Ағайындар «облыс әкімінің өзі шақырып жатыр» деген хабарды естісе, құс боп ұшар. Тау асып жеткен ағайынға облыс орталығына жету сөз болып па! Керісінше, залды аудан әкімінің орынбасарлары, мәслихат хатшылары, басқарма, бөлім басшылары толтырды.
Жиында Ақсу қаласына қарасты Жолқұдық ауылына Қытайдан көшіп келген Нияз Құрманұлы жерді жалға алу үшін кедергі көп деп Б. Бақауовтан көмек сұрады.
Біздің ойымызша, облыс әкімі бастаған «Оралмандармен кездесу» өткізу жақсы бастама. Оралмандар мәселесіне қатысты конференция, дөңгелек үстел, семинар, кеңестер жиі өткізілсе, оның өзі түйткілді мәселелерді шешуге ықпал жасар еді. Ағайындар жиі қоныстанған Екібастұз, Ақсу қаласы мен оларға қарайтын ауылдарда, Майқайың кентінде, аудан орталықтарында басқосулар өтіп тұрса ол да үлкен көмек болмақ. Ауылдар, мектептер бос қалып барады. Әкімдіктер өздері жүгіріп, елге ел қондыру жайларын ойлаулары керек. Тіпті бағдарламға енген жаңа өзгеріске сай көшіп келем деушілерге жер ешқандай конкурссыз, аукционсыз беріледі деген де сөз бар.
Қазір солтүстік өңірлерде көш жүгі тіпті ауырлады. Бірі шетелдегі қазақтың атамекеніне оралуы болса, екіншісі – оңтүстіктен қоныс аударушылар. Үкімет шешімімен 2017 жылы 2700 отбасының қоныс аударуына квота бекітілген. Онда оңтүстіктегі және батыстағы облыстардан жеті өңірге (Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары) жұмыс күші мен оралмандарды көшіру тетіктері нақтыланды. Біздің өңір де оралмандарды және қоныс аударушыларды қабылдайтын өңір болып белгіленді. Жұмыспен қамту басқармасының мәліметіне сенсек, былтыр оңтүстіктен өңірлік квотамен 69 отбасы (296 адам) келіпті. Биылғы жылға арналған қабылдау квотасы 9 есеге көбейіп, 380 отбасы (1520 адам) болыпты. Алыстан келетін ағайындарды қабылдау квотасы 80 отбасы (320 адам) болып белгіленіпті. Оңтүстік Қазақстан облысынан – 200 және Қызылордадан 300-дей отбасы өңірімізге қоныс аударуға ниет білдіруде.
Қоныс аударушылардың құжаттарын толық тексеруден өткізу әрине, қажет. Аудандарға барғанда бағдарламамен келген өзбек ағайындар да кездесті. Қоныс аударушыларға нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Көмір, мал берілуде. Көшіп келуші отбасының кемінде бір мүшесінде мамандық болуы керек. Ал, шеттен келген оралмандарға бұл талап қойылмайды. Оңтүстікте үгіт-насихат жұмыстары да жүргізілуде. Солтүстікке көшіп барғысы келетін тұрғындар үшін арнайы өкілдіктер де ашылды. Бірақ, жұмыс бәсең.
Мысалы, Баянауылға жолсапар кезінде Ақсаң ауылының әкімі Кенжебек Дүйсенбаев «Ауыл бос қалып барады. Уайым осы. Тәуекелге бел буып, оңтүстікке барып 20 отбасын көшіріп әкелсем деймін. Баянға келмегенде қайда барады? Орман шаруашылығында жұмыс бар, үйді де табамыз, елдің іші емес пе», деді. Сыртқы-ішкі көші-қонға елдік мақсат-мүдде тұрғысынан мән берілсе ауылдарымыз жанға толар еді. Бірақ, баспана жоқ, үй жоқ, олар жұмыс берушілер тарапынан берілетін қызметтік пәтерлерді жалдап тұруда.
Көшіп келуін келеді-ақ, жұмыс та тапты, орналасты, жәрдемақыны алды, бірақ, басында тұрақты баспанасы жоқ. Еріксіз қайта жолға жиналады. Басқарманың мәліметінше, былтыр оңтүстіктен көшіп келген 69 отбасының 68-і өңірлік квотаға енгізіліпті. Май ауданы квотаны игермеген. Үш отбасы қайтадан кетіп қалыпты. Облыстық әкімдікке оңтүстіктен халықты көшіру жайлы жоба-жоспар қажет сияқты. Көшіп келушілерді өңірдің қандай ауылдарына қоныстандыру қажеттігін көрсететін карта міндетті түрде керек. Бірді-екілі отбасын көшіріп әкелумен, олардың 5-6 ай тұрып қайта кетіп қалуымен қоныстандыру мәселесі шешім таппайды.
Енді, жоғарыда айтылған «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша салынбақ болған қоныстанушылар қалашығы жайлы мәселеге оралайық. Облыс орталығының іргесіндегі Ленин атындағы кентте 2012 жылы 90 пәтерлі 45 үй салынды. Бірақ, қалалық әкімдік бұл құрылыс жұмыстарын «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы бойынша «Өңірдегі болашағы жоқ ауылдардан қоныс аударушыларға» арналады деп хабарлады. Арнайы түрде оралман ағайындарға берілмеді.
Иә, шеттегі қазақ та, оңтүстіктен келетін қазақ та солтүстіктің ауылдары үшін құт-береке. Шетелдердегі қазақты атамекеніне көшіру Елбасының саясаты. Сондықтан көшіп келушілерге-үлкен көмек, қолдау қажет-ақ. Қазақтың туысқандық жолы, ерулікке шақыруы, Асар жасау дәстүрі ұмыт қалғандай. Сырттан келіп жатқан ағайындарға ыстық ықылас, қамқор пейіл танытылса жағдайда жақсара түсер еді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы