Фото: Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»
Елбасының осындай Жолдауларымен, әр кездегі ұлағатты сөздерімен, жуырда жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» атты еңбегімен таныса отырып, біз еліміздің аз уақыттың ішінде қандай тарихи жетістіктерге және қандай дәрежеге жеткенін біліп, зор мақтаныш сезіміне бөленеміз.
Елбасы өзінің бағдарламалық сөздерінде, жыл сайынғы халыққа Жолдауларында заман талабын дөп басып танып, дүниедегі өзгерістер мен сын-қатерлерге қалай дайын болудың, оларға лайықты жауап берудің жолдарын көрсетіп келеді.
Қоғам дамуы қайшылықсыз, қиындықсыз жүзеге аспайды. Кейбіреулер соларға тап болса, абдырап, не істерін білмей қиналады. Біздің Көшбасшымыз болса, сондай күрделі шақта ширығып, қиындықтарды еңсерудің жолдарын іздестіре бастайды, халыққа, кадрларға, барлық қазақстандықтарға сенім артады.
Тәуелсіздік тұсындағы 26 жылда біз әртүрлі дағдарысты бастан кештік. Оларды жеңе білдік. Алдырмай-шалдырмай, өз жолымызбен дамып келеміз.
Елбасының жиі қолданатын сөздерінің бірі – мүмкіндіктер туралы. Осы Жолдаудың да «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталуы тегін емес. Кең-байтақ, көлемді аумағы бар, табиғи ресурстарға бай, көпұлтты елде мүмкіндік аз деп ешкім айта алмас.
Қазақстанның жасампаздық даму жолын жан-жақты ашып көрсеткен «Тәуелсіздік дәуірі» атты еңбегінде Елбасы: «Тәуелсіз Қазақстан тарихының басты тағылымы мынада: Кез келген тығырықтан жол тауып, кедергіні мүмкіндікке, тәуекелді табысқа айналдырып, ең асқақ арманға қол жеткізу әркімнің өз қолында...» – деп жазады.
Биылғы Жолдауды ретімен жүзеге асатын іске басшылық деп қабылдауға әбден болады.
Жолдаудың негізгі идеясы – елімізді төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында, жаңа технологиялар мен цифрлы экономика заманында қалай дамытуға байланысты. Осыған орай Жолдауда таяу жылдарда атқарылатын он негізгі және нақты міндет белгіленген. Бұлар: агроөнеркәсіп кешенін, құрылыс пен коммуналдық секторды кеңінен индустрияландыру және жаңғырту, көлік-логистикалық инфрақұрылымның, қаржы секторын «қайта жаңғыртудың» тиімділігін арттыру, адам капиталын дамыту, мемлекеттік басқарудың тиімділігін қамтамасыз ету, ауқымды цифрландыру жұмыстары және басқа міндеттердің бәрі де нақты және маңызды. Бұлардың бәрін таратып айту біз сияқты гуманитарлық сала өкілдеріне оңай соқпайды. Сондықтан өзімізге жақын, өзіміз айналысып жүрген міндетке, жаңғырудың негізі болып табылатын адами капиталдың сапасы туралы сөз болатын жетінші міндетке тоқталуды жөн көрдік.
Қандай күрделі міндет, ғажап идея болмасын, оларды жүзеге асыратын адамдар, мамандар.
Жаңа заман талабына сай болатын, ел алдындағы күрделі міндеттерді ойдағыдай орындай алатын адам қандай болуы керек деген сұрақ туады. Бұған Елбасы Жолдауындағы мына сөздермен жауап беруге болады: «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаhандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс», деп атап көрсетілген. Осындай тұлғаны қалыптастырып өсіру үшін қоғам да, ата-ана да, ұстаздар қауымы да, еңбек ұжымы да, адамның өзі де бірлесіп жұмыс істеуі керек.
Жетінші міндетте Елбасы «білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет» деп атап көрсетті. Біз бұл салада дамыған елдердің тәжірибесін, халықаралық стандарттарды пайдаланып келеміз. Бәрі бірдей бізге үйлесе бермейтінін ескеру керек. Президент, менің ойымша, осыны меңзеп отыр. Бір нәрсеге назар аударғым келеді. Біз жаппай тестілеу емтиханын енгіздік. Тест арқылы студенттің білімін, онда да жаттанды білімін анықтауға болады, бірақ оның білімді қалай игергенін, не түсінгенін байқай алмаймыз. Педагогикада маңызды нәрсе – түсіну ғой. Оқытушының алдында отырып, ауызша жауап беру бір бөлек, компьютердің алдында отырып, тест сұрақтарына жауап беру бір бөлек. Емтихан да тәрбиенің бір түрі. Оқытушының, ұстаздың сұрақтары ғана емес, бүкіл болмысы, көзқарасы, ықыласы, түсінігі – бәрі тәрбиелік рөл атқарады. Жаңадан бас тартуға болмайды, бірақ оны өзіміздің қалыптасқан дәстүрімізге лайықты етіп қабылдауымыз керек. Қазіргі бакалавриаттағы, магистратурадағы білімнің сапасын көтеру керек. Президенттің тапсырмасы – осы.
Жолдауда «балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бірыңғай стандарттарын енгізу қажеттігі» туралы сөз болады. «Самообразование» – «өздігінен оқу» деген сөз бар. Кім мектептегі, университеттегі біліммен шектеліп қалады? Күн сайын бәрі өзгеріп, жаңарып жатыр. Мектеп те, университет те менің ойымша, өмірге, мамандыққа қажетті білімнің негізін береді. Өздігінен оқып, ізденіп, білімін жетілдіру қай кезде де қажеттілік болған. Біз Абайдың түсінігіне таңғаламыз. Институтта ол оқыған жоқ. Өздігінен оқып, өсіп жетілді. Елбасы «балалардың ерте дамуы үшін» деп орынды айтып отыр. Ғалымдардың пайымдауынша, адам қабілеттерінің 80 пайызы бес жасқа дейін қалыптасады екен. Философияда «социализация» деген ұғым бар: жас жеткіншекті мәдениетке баулу, қоғамда, ұжымда өмір сүруге, еңбек етуге, қарым-қатынас жасауға үйрету. Бала отбасында емін-еркін өзімшіл болып өсті. Ертең мектепке барғанда оны басқа балалармен, ұстаздармен тіл табысуға, бірін бірі сыйлап, бірімен бірі санасып өмір сүруге үйрету керек. Балалардың әлеуметтік дағдысын қалыптастыру – олардың өзімшілдігі мен ұжымшылдығын ұштастыра тәрбиелеу. «Адам күні адаммен» деп қазақ тауып айтқан.
Президент Жолдауында «педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек» деп кеңес береді. Тағы бір маңызды мәселеге айрықша назар аударыпты: «мұғалімдердің мәртебесін арттыру туралы». Бұл күрделі әрі кешенді мәселе. Қоғамда мұғалімдердің, ұстаздардың рөлі, статусы жоғары болуы керек. Бұдан қоғам да, ата-ана да, шәкірттер де, ұстаздар да ұтады. Болашақ – жастарда. Сол жастарды тәрбиелейтін ең алдымен ұстаздар.
Үндістанда, Қытайда, Жапонияда ұстаздар ерекше құрметтеледі. «Цзы» десе, «гуру» десе, «сенсэй» десе, ұстаз деген сөздер бала түгіл, үлкендер иіліп сәлем береді. Жапондар: «Сенсэйдің көлеңкесін басып кетпе» деп айтады екен. Мұғалімнің мәртебесі оның өзіне де тікелей байланысты. Мұғалім өзін шәкірттерге де, ата-аналарға да, басқаларға да сыйлата, мойындата білуі керек. Бұған ол өз ісіне адалдығымен, берілуімен, біліктілігімен, тәжірибесімен, үлгілі мінез-құлқымен, ықыласымен қол жеткізе алады.
Елбасының Жолдауында білім саласының қызметкерлерінің кез келген сынаққа, өзгеріске әзір, жаңашыл болуы маңызды екені атап көрсетіледі. Мұғалімнің мәртебесін арттыру мақсатында олардың еңбекақысын айтарлықтай көбейту көзделеді. Мұғалімдерді ұдайы өзін-өзі жетілдіруге ынталандыру үшін бұл да маңызды.
Бір мәселеге тоқталуды жөн көрдім. Кез келген адам, менің ойымша, педагог бола алмайды. Бұған кәсіби білімнен басқа ерекше қасиеттер керек. Педагог шәкіртін өз баласындай көруі керек. Педагогқа ерекше түйсік, аңғарғыштық қажет. Баланың білімімен бірге түсінігіне мән беру керек. Жаттанды біліммен шектеліп қалуға болмайды. Философияда қағида бар: «Абстракты ақиқат жоқ, ақиқат әрқашанда нақты» деген. Әңгіме білімді пайдалана білуде. Қазір бәрімізде де білім жетеді. Ал сол білімді біз қалай пайдаланып жүрміз? Педагог шәкіртті алған білімін іске асыруға үйрету керек. Үйіп-төгіп білім бергеннен пайда жоқ, егер ертең ол пайдаға аспайтын болса.
Елбасы білім берудің жаңа сапасы туралы мәлімдеп қана қоймай, соған қол жеткізудің жолдарын түгел қамтыған. Мысалы, біздегі оқушылар жүктемесінің тым жоғары болып отырғанына, оны төмендетудің қажеттілігіне тоқталыпты. Жаңағы айтқандай, мәселе үйіп-төгіп білім беруде емес, білімнің нақтылығында, өзгеріп жатқан өмірге бейімділігінде.
Осымен байланысты Жолдауда тағы бір мәселеге көңіл бөлінген екен: «Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек». Жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындау үшін осы ғылымдарды игеру аса қажет. Сонымен бірге бұл саладағы білімдер іске асуға өзінен өзі сұранып тұрады. Мен философ ретінде гуманитарлық ғылымдардың рөлін кемітейін деп отырғаным жоқ. Бұлар тиянақты тәрбиенің негізі ғой. Математика да, жаратылыстану да барлық мамандық иелеріне, тілшілерге де, әдебиетшілерге де, тарихшыларға да, философтарға да қажет.
Жолдауда «білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттыру» туралы айтылған. Бәсекелестік – нарық заңы, өсу заңы. Ол инновацияларға жол ашады. Ұстаздарды, ғалымдарды күнделікті қызметімен шектелмей өсуге, ізденуге, білімі мен тәжірибесін ұдайы толықтырып отыруға итермелейді. Ғұмыр бойы оқитын, ізденетін кім десек, ол – ұстаз деп жауап берер едік.
Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор
ОРАЛ