22 Қараша, 2011

Түрік тіліндегі төрт том

474 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ТАМАША ТАБЫСЫН ТАНЫТТЫ Тәуелсіздіктің торқалы тойы жақындаған сайын еліміздің еркін дамуы өмірдің қай сала­сына да ерекше әсер-ықпал жасағанын бұ­рын­ғыдан да сергек сезіне түсудеміз. Осы жиыр­ма жылда ой бұғауы да шешіліп, тіл шідері де алынды. Тәуелсіздік жылдарында бөлекше қа­жыр-қайратымен танылған алаш азамат­та­рының бірі Немат Келімбетов болатын. 25 қа­раша күні Абай атындағы Қазақ ұлттық пе­дагогикалық университетінде Тәуелсіздік­тің 20 жылдығына арналып, «Көрнекті түркі­та­нушы ғалым, жазушы, аудармашы Немат Келімбетов және түркітану мәселелері» атты халықаралық ғылыми конференция өтеді. Осы оқиғаның қарсаңында Түркияда Немат Ке­лім­­бетов еңбектерінің төрт томы жарық көрді. Біз бүгін белгілі ғалым, аудармашы Әбдіуақап Қараның сол жиын жайындағы ар­найы жазы­лып, Ыстамбұлдан жолданған ма­қа­ласын оқыр­ман назарына ұсынып отырмыз. Түркияның Ыстамбұл университетінде 19 қараша күні “Қазақстан тәу­елсіздігінің 20 жылындағы қазақ әдебиеті және профессор Немат Ке­­лім­бетовтің еңбектері” атты жиын болып өтті. Жиынға Қазақстанның Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов, Қазақ­стан­ның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түй­мебаев, «Егемен Қазақстан» рес­публикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, баспа ісінің маманы, мәдениет қайраткері Райхан Мәженқызы, Еуразия институтының директоры, профессор Хаяти Түфек­чио­ғлы, «Диалог Еуразия» платфор­масының бас хатшысы Исмаил Тас, ғалымдар, іскер қауымның өкіл­де­рі, журналистер қатысты. Жиналыста Н.Келімбетовтің таяуда менің аудармаммен түрік тілінде жарық көрген “Ұлыма хат”, “Күншілдік”, “Қария­лар”, «Үміт» кітаптары туралы ойлар ортаға салынды. Автордың “Түркі халықтарының ортақ әдеби мұра­ла­ры” және “Үміт үзгім келмейді” кі­таптары өткен жылы түрік оқырман­дарының қолына тиген еді. “Үміт үзгім келмейді” кітабы түрік оқыр­мандарының іздеп оқитын кіта­бына айналғандықтан биыл қайта басылып шықты. Жиналыстың ашу сөзін Қазақ­стан­ның Түркиядағы елшісі, профессор Жансейіт Түймебаев Немат Келімбетов кітаптарының түрік тілінде шығуына аудармашылық қызмет еткен бізге алғыс айтудан бастады. Ж.Түймебаев түрколог ғалым ретінде Н.Келімбетовтің өмірін және еңбектерін жақ­­сы білетінін атап өтті. Түрік тіліне ау­­дарылуымен Келімбетов кітаптарының тү­­­рік-қазақ халықтарының ортақ қазы­­на­­­­сына айналғандығын айтқан Ж.Түймебаев мұндай еңбектердің екі елдің мәдени жақында­су­ын­да үлкен рөл атқаратындығын баса көрсетті. Ол сонымен қатар, әдеби шығармалардың екі халықтың тілдеріне көбірек аударылуын қалайтынын айтып, қазақ-түрік халықта­­рының достық байланыстарының нығаюы үшін бұл аса қажет, деді. Бұдан кейін біз сөз алып, Немат Ке­лім­бетовтің өмірі мен түрік тіліне аударылған кітаптары туралы мәлімет бердік. Н.Келімбетов еңбектерінің тек қазақ халқына емес, бүкіл түркі халықтарына тәрбиелік маңызы­­ның зор екендігін көрсеттік. Біздің пікірімізше, мәселен, “Ұлыма хат” АҚШ-та оқып жүрген перзентіне арналғанымен, негізінде ол бүкіл түркі халықтарының жастарына жазылғандай. Онда түркі халықтарының терең мәдениеті, философиясы, дүниета­нымы жастарға түсінікті тілмен жеткізілген. Басқа сөзбен айтқанда, Н.Келімбетов “Түркі халықтарының ортақ әдеби мұралары” атты зерттеу кітабында келтірген ғылыми фактілерді қарапайым тілмен әрбір жасқа әсер ететіндей қылып шебер сөйлете білген. Еңбек осынысымен де құнды. Өйткені, ға­лымдардың жазған кітаптарын көбінесе қарапайым халық, әсіресе жастар оқи алмайтыны жасырын сыр емес. Сондықтан ғылыми дүниелерді кейде қарапайым тілмен халыққа жеткізе жазу да маңызды, мұның өзі бөлекше шеберлікті қажет етеді. Ол әркімнің қолынан келмейді. Біз өз сөзімізде сонымен бірге Немат Келімбетовтің тәуелсіз Қазақстан әдебиетінде өзіндік үлкен орны бар жазушы және зерттеуші екеніне де баса назар аудардық. Ол кеңестік кезеңде, қазақтардың түркілік түп тамырына тыйым-шектеулер қойылған уақытта зерттелмеген тақырыптарды зерттеп, “Түркі халықта­ры­ның ортақ әдеби мұралары” (түпнұсқадағы аты – «Ежелгі дәуір әдебиеті» – Ред.) атты еңбекті дүниеге келтірді. Бұл қазақ әдебиет зерттеулерінің маңызды бір туындысы болып есептеледі. Ол мұнымен қазақтың әдебиетінің түп-тамырлары өте әріде жатқан іргелі халық екенін дәлелдейді. Келімбе­товтің тек әдебиет зерттеушісі ғана емес, прозадағы үздік еңбектерімен танылған қаламгер екенін көрсете келіп, Келім­бе­товтің бүкіл түркі дүниесінің жазушысы екенін атап өттік. Ыстамбұл университетінің жанындағы Еуразия институтының директоры, профессор Хаяти Түфекчиоғлы сөзін университет ректоры, профессор Жүніс Сөйлеттің көп­шілікке сәлемін айта отырып бастады. Қа­зақстанды тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтаған ол бұл кезеңде ел орасан зор істерді атқарғандығын айтты. Ғалымның пікірінше, Қазақстан тек Орталық Азия ай­мағында емес, бүкіл Еуразия құрлығында маңызды бір елге айналып отыр. Ол со­нымен қатар түрік – қазақ байланыстары­ның динамика­лық кү­шіне де биік баға берді. Қазақстан соңғы кезде білім саласын­дағы реформа­ла­рымен де көзге түсуде. Қазақ­станның әлемдік ғылым­ның жетістіктеріне ұмтылу барысында шетел университеттерімен, ғалымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатуы құптарлық. Дегенмен, бұл салада түрік ғалымдарының үлес салма­ғы­ның аз болып отырғаны өкі­нішті деген профессор Түфекчиоғлы екі ел арасында ғы­лыми байланыстарды күшейту­дің қажет екенін атап өтті. Мұғла университетінен жиналысқа қа­тыс­­қан және екі томдық “Қазақ әдебиеті” кітабын Алмагүл Исинамен бірге жазған доцент Кенен Қош тәуелсіздіктен кейін қазақ әдебиетіндегі дамушылықтарға тоқталды. Ол 1991 жылғы 16 желтоқсаннан кейін қазақ әдебиетінің ең бақытты кезеңінің бастал­ға­н­ын көрсете келіп, осыдан кейін әлем ел­дерінің қазақ әдебиетін жаңаша тани бас­тағанына назар аударды. Оның айтуынша, ЮНЕСКО-ның қамқоршылығында әлем бойынша аталып өтілген Абайдың, Жам­былдың, Әуезовтің, Мүсіреповтің, Мұқанов­тың мерейтойлары, Махамбеттің 200 жыл­дығы сынды іс-шаралар қазақ әде­бие­тінің озық үлгілерін әлемге танытқан, әрі беделін көтерген. Тәуелсіздік кезеңінің ең маңызды ерекшелігі, деді Кенен Қош, кеңестік кезеңде тыйым салынған Мағжан Жұмабаев, Мір­жа­қып Дулат, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Ай­мауытов, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды ұлы тұлғалардың еңбектерімен қазақ халқы­ның қайта қауышуы болды. Қазақ әде­бие­тінің өзіндік салт-дәстүрлері болғанына да тоқталған Қош қазақ жазушыларының қазақ халқының тарихын әдеби туындыларында тарихшылармен бірге, кейде олардан терең талдап оқырман қауымға жеткізу жөнінде тамаша әдістері барын айтты. Бұдан кейін сөзге шыққан «Егемен Қа­зақстан» газетінің президенті Сауытбек Абдрахманов 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қа­зақстан тәуелсіздігін бірінші (Тәуелсіздік жарияланған күні) таныған елдің Түркия болғанын айтты. Оның атап өтуінше, Келімбетов еңбектерінің Қа­зақстан тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғы­мен бай­ланысты түрік жерінде әңгі­меге арқау етілуі кездейсоқтық емес. Бүгінгі таңда бүкіл планетада Ислам әлемінің зор сынақтан өтіп жат­қа­нына назар аударған ол бүкіл дү­ние­де мұсылман дініндегілердің қаді­рін, беделін түсіру үшін жұмыс жа­салып жатқанын, қазірдің өзінде араб елдерін араздастыруға қол жеткізілгенін атап көрсетті. Оның пікірінше, келешекте түркі дүниесіндегі достық қарым-қатынастарды, ынтымақтас­тық­ты бұзу үшін де мұндай жұмыс­тар­дың жасалуы ғажап емес. Ос­ын­дай кезеңде Немат Келімбетов еңбек­терінің түрік тілінде шығуы маңызды жай. Өйткені, оның еңбектері түркі дүниесінің тұтастығына, ынтымақ­тас­тығының нығаюына қызмет етеді. Келімбетов кітаптары түркі халық­тарының мәдениетінің ортақ екенін, түбі-тамыры бір екенін көрсетеді. С.Абдрахманов Немат Келімбе­тов­­­тің тек ғалым, жазушы ретінде ғана емес, сонымен қатар жеке тұлғалық ерекшеліктерімен де дараланатынын атап өтті. Сонымен қатар, Немат Келімбетов бақытты жан. Өйткені, ол елінің тәуелсіз болғанын көрді, ең­бек­терінің жеті тілге аударылып, дү­ние жүзінде қабылданғанын көрді, «Үміт үзгім келмейді» атты еңбегінің атақты Франц Кафка атындағы сый­лықты алғанын көрді дей келіп, Абдрахманов Келімбетовтің тәуелсіз Қа­зақ­стан­ның рухын көрсететін, тәуелсіздікте айты­лу­ға тиіс жайларды айтып кеткен жа­зушы екенін атап өтті. Осыдан кейін мінбеге көтерілген «Диалог Еуразия» платформасының бас хатшысы Исмаил Тас Еуразияның 100 негізгі шығар­масы деген жоба жоспары бар екенін айта келіп, Келімбетовтің еңбектерін осы тізімге кіргізуге лайықты деп тауып отырмыз, деді. Қазақстанның келешекте мә­де­ни және рухани құндылықтарымен де да­мыған елдер қатарына шығатынын айтқан Тас Келім­бетовтің “Үміт үзгім келмейді” атты еңбегін оқығанын, оның оқырман қау­ым­ға жазылған хат, оқырманмен сырласу еке­нін атап өтті. Тас Түркияның ұлттық ақы­ны және әнұра­нының авторы Мехмет Акиф Ерсойдың мына өлең жолдарымен сөзін аяқтады. Асы­ғыс жазылған мына ма­қа­лада сөзбе-сөз аудармасын ғана келтірейік.

“Үмітсіздік сондай батпақ,

түссең тұншығасың.

Қайратты да қажырлы бол,

сонда құтыласың!

Жасағандар үмітпен жасайды,

Үмітсіздер рухын, ожданын кісендейді.”

Кезінде Түркістандағы қазақ-түрік университетінде білім алған, қазір теледидар журналисі Айбала Полат Немат Келімбетов еңбектерінде терең философиялық ойлар ба­­рын көрсете келе, ол дүниеден өткенмен, ең­бектерінің адамдардың өміріне шамшы­рақ болуын жалғастыратынын тілге тиек етті. Батыс Қазақстандағы Махамбет Өтемі­сов университетінің профессоры, Ыстам­бұл­дағы Мармара университетінің қонағы Мұрат Сабыр Келімбетов еңбектерінің жас­тар­ды ұлтжандылыққа, елдікке тәрбиелейт­і­нін әңгімеледі. Жиналыстың соңында Немат Келім­бе­тов­тің ұлы, Ыстамбұлда іссапармен жүрген Қазақстан Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов жиналысқа қатысушыларға алғысын білдірді. Сонымен, сенбіде, 19 қараша күні Ыс­там­бұлда өткізілген жиналыста ғалымдар мен жазушылар Қазақстан тәуелсіздігінен кей­ін қазақ әдебиетінің жаңа белеске көте­рілгенін, әлемге танылып, беделге ие бол­ғанын айтты. Немат Келімбетов еңбекте­рі­нің осы орайда маңызды үлес қосқаны және түркі елдерінде айрықша мәнге ие болып отырғаны аталып өтілді.

Әбдіуақап ҚАРА.

Ыстамбұл.