22 Қараша, 2011

Нағыз адам

1472 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Қоғам қайраткері Бектенбай Қосыновтың туғанына 100 жыл Мына тынымсыз тіршілікте білетіндер алды­­нан қия өтпейтін, айтқанына құлақ түретін жандар бо­ла­ды. Сондай жандар қатарындағы Жетісу жұртшылы­ғы құрметтейтін еңбек ардагері Едіген Жүнісбеков аға хабарласып, марқұм, қоғам қайраткері Бектенбай Іліпбайұлының туғанына 100 жыл толатынын еске салды. Ағаның қарапайымдылығы мен биік адамгершілігі жайлы үлкендерден естігендерім ойға орал­ды. Жазу үшін мұрағаттарды жинастырып, ұл­­­тым деп туған азаматтың өмір дерегіне назар аудар­дым. Жақын жүріп, араласқан жандармен пікірле­суі­ме тура келді. Бәрі де ыстық ықылас білдірді. Әсіресе, Алматы облысының құрметті азама­ты, көп жыл партия қызметінде басшылықта жү­ріп Бектенбай Іліпбайұлының кісілігі мен кішілігіне, қамқорлығына бөленген Тастан Тоқсейі­тов­тің пікірі ерекше әсер қалдырды. Ұзын бойлы, үне­мі денесін тік ұстап, жеке пікірін қалыптас­тырған, көпірме сөзден аулақ аға бұл жолы да салмақты ой өрбітті. – Бектенбай аға жайлы айту маған қиын емес. Ол кісімен отыз жасқа толмаған кезімде та­ныс­тым. Қасында көп жүрдім. Бір-ақ ағаның кісілігі мен биік адамгершілігінің бар қырын түгел қам­туым мүмкін емес. Осы орайда ертеде өткен грек философы Диогеннің мына бір қасиетін ай­тай­ын. Ол күндіз-түні қолына шырақ алып, адам­дар­дың жүзіне үңіле қарауды әдетіне айналдырыпты. Көргендер таңда­нысын жасырмаған. – Сен не іздеп жүрсің? – деген ғой. – Адам іздеп жүрмін. – Айналаңның бәрі адамдар емес пе? – Жоқ олар көпшілік қой. Нағыз адам ілуде біреу, – деп жауап беріпті. Міне, сондай ілуде бір кездесетін адам Бектенбай Іліпбайұлы Қосынов ағамыз десем артық айтпағаным. Сабырмен сөйлейтін жан тағы да өткен жылдарын қимастықпен жымия еске алды. – Өмір жолымда көп тамаша жандармен кездестім. Олардың ішінде менің келешегіме үлкен әсер еткен, тәрбиелеп, жоғары қызмет сатыла­ры­на жетелеген Бектенбай аға. Маған айтқан ақылы өмірлік ұстанымыма айналып, осы уақытқа дейін қиын-қыстау жерлерден өтіп, еліме, халқыма адал қызмет етуіме даңғыл жол салғанын айту парыз. Бектенбай аға үлкен жүректі, елге тек жақ­сы­лық ойлайтын, рулық, тайпалық бөлістерден жо­ға­ры тұр­ған, мемлекеттік дәрежедегі ірі тұлға еді. Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Мұқан Төле­баев, Ілияс Ома­ров, Евгений Брусиловский, Құ­дыс Қожамия­ров­тармен достық, жолдастық қа­рым-қатынаста бол­ды. Олардың шаңы­рақ­асты­лық қуаныштарының құр­­­метті қонағы, сыйлы сырластарының бірі бол­ғанын көзбен көрдім. Және олар да Бекең үйінде жиі бола­тын. Сол кезде ай­­тылған әң­гі­ме­лер­­дің әрқай­сысы бір кісіге өмірлік са­­­бақ болардай та­ғы­­лым­ды еді. Ұлтымыздың бір­туар ұлы Дін­мұ­хаммед Қонаев ол кісімен әрдай­ым са­­­насып, аға­ның көз­­­қарасына мән берген, қол­дап, жылы әріп­тес­тік қаты­­нас­та болса, қазақ­тың да­рынды ұлда­ры­ның қатарын­да­ғы Асанбай Асқа­­ров Бекеңнің ұсы­ныс­­тары мен өті­ніш­­терін екі етпегенін де біліп өстік. Ағаны 1962 жыл­дан бажасы Хасен Рама­зан­ұлы Қауба­совтың қызына үй­ленгенінен бергі жыл­­дардағы қарым-қатынас та есімнен кетпейді. Зухра шешеміз бізді туған балаларынан кем көрген жоқ. Бүгінгі күнге дейін, жасымыз келсе де сол кісілерден көрген жақсылығымызды ұмыт­пай­мыз. Аға­ның өт­кен өмір жолының баршаға үлгі-өнеге бо­луына Зухра тәтемнің еңбегі зор. Үлкен шаңы­рақтың есігі әсте жабыл­майтын, дас­тарқаны жи­ыл­майтын. Көпшіл бо­латын. Соның арқасында үлгілі отбасы атанып, бүкіл туған-ту­ыстарының ғана емес, өзін танитындардың ақыл­шысы, жөн сілтеушісі, қамқоршысы болды. Сон­дықтан болар ағаның Азаты да келешегінен үл­кен үміт күттірген азамат болып өсіп келе жат­қан­да, мына фәни өмірден ерте озды. Алланың жазуына не шара. «Орнында бар оңалар» деген тәмсілді медеу етіп, артында қалғандарға өмір берсін, деп тілейміз. Аға тірі болғанда жүзге келер еді. Жүзге жетпей кетсе де жүз жасайтынын ісімен дәлелдеп, соңына өшпес із қалдырған тақуа жан. Азамат есімі ешқа­шан ұмытылмайды. Көне үнділердің ұғымында кешірілмейтін «ұмытшақтар» төртеу екен. Олар – ұстазын ұмытқан шәкірт, үйленген соң ата-анасын ұмытқан ұл, мақсатына жеткен соң өзіне көмек жа­сағандарды ұмытқандар мен дертінен айыққан соң өзін емдеген дәрігерді ұмытқандар, деген. Бектенбай аға осы күні ел таныған азамат­тар­дың көбіне ұстаз, әкесіндей қамқор, өсу жолында жетектеген жебеуші, әрі қысылғанда қолұшын беріп, ем болардай ақылын жанашырлықпен, дә­рі­гердің дә­ру­індей дарыта білген азамат. Ендеше, ол кісіні ұмыту – кешірілмес күнә деп білемін, деген Тастан ағаның үлкен тебіреніспен ортаға салған әңгімесі сый­ластықтың жібек жібін кейде мезгілсіз үзіп алатын сәттерімізге сабақ бола­тын­дай әсер қалдырды. Иә, елін сүюдің, қызметті жауапкершілікпен атқа­­рудың үлгісі болған азамат 1911 жылы бұ­рын­ғы Қас­­келең, қазіргі Қарасай ауданындағы Әйтей ауы­лында өмірге келген. Мектеп-интернатта сауатын ашқан жас өзі өмір сүрген қо­ғам­­­­­­ның тыныс-тір­шілігін түсініп, оқуда үздік білімімен танылыпты. Және жоғары сенім жүк­те­ліп, 18 жасқа жаңа тол­ғанда Іле аудандық комсомол ко­ми­тетінің хатшысы болып сайланады. Көп ұза­­май Алматы облыстық партия комитетінің шешімімен Лепсі аудандық жер қатынастары бөлі­мі­нің бастығына тағайындалса, 1934 жылы Мәс­кеу­дегі Шығыс еңбекшілері Коммунистік университетіне жолдама алады. Атпал аза­маттың білім шы­ңына құлаш ұрып, нәрінен арман­сыз сусын­да­ған кезі осы сәтте басталып, жалғас­қанын көреміз. 1938 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің І сессиясында қызмет­тегі жауапкершілігі мен білгірлігі ескеріліп, Қазақ КСР Халкомы жанындағы өнер бөлімінің басты­ғы болып сайланады. Осы лауа­зым­да еңбек еткен Бектенбай Іліпбайұлы мәде­ние­ті­міздің өркендеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдыруға бар күш-жігерін, білімін жұмсайды. Ұлы Отан соғысы басталар ал­дында ол Өскемен қалалық партия комитетінің хат­шысы қызметін атқарған. Сұ­ра­пыл соғыс жылда­рын­да да халықтың қиындықты жеңіп, жеңісті жақ­ын­датуға өзіндік үлесін қосуға басшылық жасағаны мұрағаттарда жинақталыпты. 1951 – 1955 жылдары Алматыдағы Фрунзе ау­дан­дық партия комитетінің бірінші хатшысы болып еңбек етсе, бұған дейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті ұйымдастыру бөлімі кадрлар секторына жетекшілік жасаған. Осындай кездері ол айналасына жақсы, іскер адамдарды топтастырып, олардың өсуіне, қалыптасуына бірден бір себепкер болғанын бүгінде білетіндер ұмытпай, риза пейілмен айтады. Бектенбай Қосынов Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Алматы қалалық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарған тұста да оның шапағатын көріп, тәлім-тәрбиесін алғандар аз емес екен. Үлкенге іні, кішіге аға болып, соңына өшпес із қал­дырған Бектенбай аға 1961 – 1979 жылдары Қа­зақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы марапаттау бө­лі­мін басқарыпты. Үлкен жүректі, айналасына нұр-шуағын төккен азаматтың жақсылығын ұмыт­па­ған­дар мен балалары Төребек, Алмас, немересі Мәлік асыл азаматтың аруағын қастерлеп, 100 жылдығын атап өтуді міндет санап, сауапты істі бастап отыр. Ілуде бір кездесетін, жақсы адамның үлгісі бол­ған азамат, қоғам қайраткері Бектенбай ағаның жар­қын бейнесі білетіндердің жадында осылай жаңғырды. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.