22 Қараша, 2011

Уақытынан озған идея

424 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
Қазақстан Президентінің «РИА Новости» және «Интерфакс» ақпарат агенттіктеріне берген сұхбаты Президент Нұрсұлтан Назарбаев өткен аптада болған Мәскеудегі жұмыс сапарының аясында Ресейдің жетекші ақпарат агенттіктеріне сұхбат берді. Әңгімеге басты арқау бол­ған мәселе шын мәніндегі тарихи оқиға – кедендік «үштік» – Қазақстан, Ресей және Беларусьтің интеграцияланудың барынша жаңа жоғары сатысына шығуы туралы бо­лып отыр. Мемлекет басшыларының кездесуі барысында Еуразиялық экономикалық комиссия құры­лып, 2012 жылдың 1 қаң­та­рынан бастап Біртұтас экономикалық кеңіс­тік­тің (БЭК) жұмыс істеуі үшін құқықтық негіз қалайтын шешуші құжаттарға қол қойылды. ЕурАзЭҚ-тен Кеден одағына және БЭК-ке дейін, одан әрі Еуразиялық экономикалық одақ­қа кірігуге дейін кезең бойынша дәйек­ті­лік­пен жүріп келе жатқан үш мемлекеттің эволюциялық ынтымақтастық жолы осын­дай. «РИА Новости» агенттігі атап жазға­нын­дай, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы КСРО аумағындағы аса зор және барынша тиімді интеграциялық жо­баның авторы болып табылады. 1994 жылы, КСРО туралы естелік әлі санада жаңғырып тұрған кезде, КСРО-ның күйреуіне байла­ныс­ты экономикалық және саяси апаттар бе­лең алған шақта Еуразиялық одақ құруды тұң­ғыш рет Елбасы ұсынған болатын. Біз оқыр­ман­дар назарына ұсынып отырған бұл сұх­батта Парламент Мәжілісінің өзін-өзі тара­туы туралы бастамасынан бастап, Ресейде өтетін алдағы сайлау науқанына дейінгі және басқа да көптеген мәселелер сөз болды.  – Нұрсұлтан Әбішұлы, біз­дің мемлекеттеріміздің аума­ғын­да Еуразиялық қауым­дас­тық құру туралы сонау 1994 жылы айтқан Сіздің идея­ңыз­дың жү­зеге асуымен құт­тық­тап қоюға рұқсат етіңіз. Сіз­дің баста­ма­ңыз нақ осы ке­зеңде жылдам әрі тиімді жү­зеге асуы неге бай­ланысты? Біздің мем­ле­кеттері­міз­дің аума­ғындағы бұ­рынғы ұлт­тық құрылым­дар­­дан жоға­ры құрылымдар құ­ру кезіндегі жіберілген қате­лік­­терді енді қай­таламау үшін не істеу керек?  – Идеяның көбіне өз уақы­тынан бұрын жүретіндігі белгілі. Белгілі классик айтқандай, идеялар тә­жі­рибе жүзіне асуы үшін бұқараны баурап алуға тиіс. Кеңестер Ода­ғы күйрегеннен кейін барлық мем­лекеттердің өз тәуелсіздігін сезінуі үшін, олар бұдан әрі қа­лай дамитындығын, олардың әрқайсысы басты мүд­десінің не екенін түсінуі үшін, жан-жақ­та­рын бағдарлап алуы үшін уақыт керек болған шығар. Бүгінгі жаһандану әлемінде өз шекарасының шеңберінде тұй­ық­талып қалған мемлекетті елестету мүмкін емес. Бұл ты­ғы­рық, бұл кез келген мемлекет үшін тұ­ралап қалумен бірдей. Бүгінде әлемде 240 интегра­ция­лық бір­лес­тіктің өмір сүріп отырған­ды­ғы да тегін емес. Олар­дың ішіндегі ең ірілері – Еуропалық Одақ, солтүстікаме­ри­­ка­лық NARTA, оң­түстікаме­рика­лық MERCOSUR, Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымы, АТЭС. Ал пос­т­кеңестік кеңістік ішін­де­гі ірі де ең салиқалысы – Кеден одағы, енді, міне, Біртұтас эко­но­микалық ке­ңістік болып отыр. Мен Мәскеу мемлекеттік уни­­верситетінің қабырғасында ин­те­гра­циялық идея туралы айт­қан­нан бері де 17 жыл уақыт өтті. Нақ сол кезеңде, бұл идеяға халықтар үнемі қолдау көрсетіп келсе де, біздің барлық мем­лекеттеріміздің элита­ла­ры және мемлекет басшылары оны қол­дамады. Міне, ақырында ол іс жүзіне асты. Оның тәжірибе жү­зінде іске асуы Ресей Прези­денті Дмитрий Медведевтің бел­сенді қолдауы арқасында мүм­кін бол­ды. Тағы бір атап айтатын мә­се­ле, сонау 2005 жылы Вла­ди­мир Путин прези­дент болып тұр­ған кезде Сочи­де біз Кеден ода­ғын құру ту­ра­лы пікірлескен бо­ла­тынбыз. Яғни, Еуропалық Одақ 40 жыл уақыт жұмсаған жолды біз 5 жыл ішінде еңсердік. Бұл үшін орасан көп заңдар қа­был­дауға және ратификациялауға тура келді. Енді біз инте­гра­ция­ның екінші кезеңіне: біртұтас эко­но­ми­калық кеңістік құруға көш­тік. Осы мақсат үшін 17 ке­лі­сім қабылданды, олардың орын­­далуы БЭК-тің жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай туғызады. Енді бізге монополиялық инфра­құ­ры­лым­дық қызметтердің біртұ­тас та­рифін келісу, жұмыссыздық дең­гейі, инфляция деңгейі, мем­лекеттік қарыз мөлшері сияқты ма­кроэкономикалық көрсеткіш­тер­ді біріздендіру тура­лы заңдар қабылдау керек. Бұл үдеріс 2015 жылы аяқталады. Сонда біз Еуразиялық экономи­ка­лық одақ құру кезеңіне аяқ ба­са­мыз. Дәл қазіргі кезеңде біздер үшін өте қажет одақ құруға үш мемлекет қана қабілетті болды және саяси жігер танытты. – Еуразиялық экономика­лық одақты және ЕО-ны жиі са­лыстырады. Осы орайда ЕО – Ре­сей, Қазақстан және Беларусь алға мақсат ретінде қойған Еура­зиялық экономикалық одақ құ­ру­дың белгілі бір дәрежедегі флаг­ма­ны болды деп айтуға бола ма?  Мен өзімнің жеке пікірімді білдірейін. Еуропалық Одақ біз­бен – Біртұтас экономикалық ке­ңіс­тікпен және біз құрғалы отыр­ған Еуразиялық одақпен ынты­мақ­тастық жасауға әрқашан мүдделі болуға тиіс. Себебі, мұнда рынок және ресурс көздері мол. Нақ осы жерден Еуропа энергоресурстар «нәрін» алуда. Барлығы еуро­па­лық жетекшілердің жігеріне бай­ланысты болады. Алайда, мен Еу­ро­паның болашағы біздің Еура­зия­лық одақпен ынтымақтастыққа тікелей байланысты екендігіне кәміл сенемін. – Еуразиялық одақта қандай валюта жүруі мүмкін? Ол қазір қолданыстағы немесе басқа бір жаңа валюта ма? – Біз бұл туралы әлі әңгіме қоз­ғағанымыз жоқ. Интегра­ция­лық бірлестік еркін сауда ай­ма­ғын, Кеден одағын, біртұтас эко­номикалық кеңістік құрудан бас­талады. Одан кейін экономикалық одақ құрылады және содан кейін барып қана Еуропадағы «экю» (European Currency Unit – еуро қабылданғанға дейін ЕО ішінде есеп айыру үшін қолданылған клирингтік валюта, еуропалық валюта бірлігі – «РИА Новости») сияқты есеп айырысу бірлігі кіргізілетін болады. Ең алдымен, интеграцияның бірінші кезеңінен өтуіміз қажет. Содан кейін бір­тұтас валюта туралы ойланатын боламыз. Алайда, қазірдің өзінде Қазақстан мен Ресей арасында ірі тауар көлемі бойынша сауда дол­лармен емес, рубльмен және тең­гемен жүргізілуі үшін негіз қа­лану­да. Біз ВТБ банкінде болдық. Осы банк арқылы тәулік сайын 600-800 миллион теңге айналымға түседі. Қазақстандық валюта рубльден кейін екінші дәрежені иеленеді. Біз өзара сауда жасаған кезде ұлттық ақшаларымызды пай­далануымыз керек. Бұл бірінші қа­дам болып табылады. Алды­мен біз өзіміздің экономикалық кеңістігіміздің тең құқылығын және пайдалылығын өзіміз үшін дәлелдеуіміз керек. Содан кейін біртұтас валюта туралы мәселе сөзсіз туады. Алайда, мен бұл рөлді орындауға бір де бір ұлттық валюта, оның ішінде ең қуатты деп саналатын рубль де жарамайды деп есептеймін. Басқа валюта, басқа атау қажет. – Қазақстан парламенттік сайлау қарсаңында тұр. Сіз не­ліктен депутаттардың Парла­мент­ті тарату жөніндегі ұсы­нысын қолдадыңыз? Үкіметте ауыс-түйіс болады деп күтіліп отыр ма? – Биылғы жылы еліміздің саяси өмірінде көп оқиғалар бол­ды. Біріншіден, төменнен бас­тал­ған бастама бойынша менің өкілеттігімді ұзарту туралы ре­фе­рендум өткізу жөнінде ұсы­ныс жасалды. Мен Қазақ­стан­ның барлық азаматтарына алғы­сымды білдірдім, дегенмен, ре­фе­рендумға барғаным жоқ, мерзімінен бұрын Президент сайлауы өткізілді. Бұл мәселелер 3 сәуірде болған еді. Сол кездің өзінде-ақ депутаттар жұмыс істеп  тұрған Парламентті мүм­кін­дігінше тарату керектігі ту­ра­лы әңгіме қозғай бастаған бола­тын. Бұл орайдағы олардың бас­ты дәлелі еліміздің Конститу­ция­сына енгізілген өзгерістер мем­лекеттің ең басты заң қабыл­дау­шы органында кемінде екі партия болуы керек екендігінен туған еді. Қазір әртүрлі саяси қозғалыстар бар. Алайда, бір партия – «Нұр Отан» ғана басымдыққа ие. Екінші айғақ – біздің барлығымыз дағдарыстың екінші толқыны келе жатқанын көріп отырмыз және болады деп есептейміз. Оны біз денеміз ті­тіркене сезінудеміз. Дағда­рыс­тың болмауы да мүмкін. Деген­мен, Еуропадағы, Америкадағы және басқа мемлекеттердегі бо­лып жатқан жағдайларға қара­ған­да, оның болуы әбден мүм­кін. Осыған байланысты парла­ментарийлер 2012 жылы сай­лау­ға алаңдаудан гөрі, нақты іспен шұғылдану керектігін алға тартты. Үшіншіден – Қазақстан қуат­ты индустрияландыру бағдар­ламасын жүзеге асыруда. Тек екі жыл ішінде ғана 350 жаңа кә­сіпорын іске қосылады. Қазірдің өзінде экономикамызда өңдеу өнеркәсібі басымдық алып ке­леді. Бұл бүкіл еліміз үшін және барлық азаматтар үшін аса зор жұмыс. Депутаттар оны жүзеге асыруда жаңа заңдар қабыл­дай­тын Парламентке жаңа адам­дар­ды әкелу қажет деп есептейді. Мен бұл дәлелді тұжырымдармен санаспай тұра алмадым. Оның үстіне бұл Парламент өзінің соңғы сессиясы бойынша жұмыс істеді. Мен тарату жөніндегі айғақты дәлелдермен келістім. Конститу­ция бойынша Президенттің де­пу­таттар ұсыныс жасамай-ақ Пар­ламент лидерлерінің келісімі бойынша да таратуға құқы бар. Бұл қалыпты, конституциялық, заңды құбылыс. – Ресей мен Қазақстан өзара үйлесімді үрдіс арқылы БСҰ-ға мүше болып кіре алмады. Ресей бірінші кіргелі отыр. Бұл Ресей мен Қазақстанның байланыс­тарына және еуразиялық кеңіс­тіктегі интеграциялық үдеріс­терге әсер етпей ме? – Біз Кеден одағын құрудың алғашқы күндерінен бастап бұл тақырыпты көтердік. Қазір іс жүзінде келісімдерді бітірдік: 2012 жылдың соңында ұйымға қа­былдау үшін Қазақстан да дай­ын болады. Алайда, БСҰ-ға ұжым­дық түрде кіру үлгісі жоқ. Қазақстан үшін Ресейдің БСҰ-ға алдымен кіруі өте маңыз­ды. Біздің Еуропаға шығатын барлық көлік дәліздеріміз Ресей Федерациясының аумағы арқылы өтеді. Егер Ресей кірмейтін болса, біз Қырғызстанның жағдайына тап боламыз. Ол БСҰ-ға кірді, алайда бұл ұйымға мүше емес мемлекеттердің ортасында қалды. Сонымен бірге, біз үштік (Ресей, Қазақстан, Беларусь) келіскенбіз және Қазақстан мен Ресей ара­сында да БСҰ-ға мүше болғаннан кейін Мәскеу біздің мүшелігімізді барлық жағынан қолдайтындығы туралы келісім бар. Ресейдің ұй­ымға мүше болып кіріп отырған жағдайы Қазақстан үшін өте тиімді. Өйткені, Ресей тарапы қазір бізде қолданыстағы тариф­тер­ден гөрі өзіне барынша жо­ғары тарифтерді келісіп алды. Сондықтан Қазақстанның БСҰ-ға Ресейден кейін мүше болуы қа­лыпты жағдай деп есептеймін. Бұл біздің Кеден одағына еш­қандай әсер етпейді. – Қазақстан Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымын кеңейту бо­лашағына, атап айтқанда, оған Иранның мүше болуына қалай қарайды? – Қазір Шанхай ынтымақтас­тық ұйымына Иранды қосқанда алты мемлекет бақылаушы не­ме­се серіктес болып табылады. Әри­не, проблемалар жоқ емес, бар. Сондықтан мұндай мәселе­лер барлық мемлекеттердің өзара пәтуаласуымен бірігіп шешілуі керек. Өз басым Үндістан мен Пәкстанның, кейін мүмкін Иран­ның қабылдануын қалар едім. Бұл бағыттар бойынша саяси проблемалардың бар екенін жоқ­қа шығаруға болмайды. Жеке пікіріме келсек, ШЫҰ-ның кеңеюі­не қарсы емеспін, тағы қайталап айтамын, мәселелердің оңтайлы шешілуіне барлық мемлекеттер атсалысуы қажет. Шанхай ын­ты­мақтастық ұйымының он жыл­ды­ғын атап өткен тұста Астанада бұл тақырып төңірегінде әңгіме болып, ұйымға қабылдаудың тәр­тіп-шарттары кеңінен қозғалған. Ұйымның берік, орнықты бол­ға­нын тілеймін. Соңғы кездері көптеген елдерді, әсіресе, араб елдері аума­ғын үкіметтерге қарсы бағыт­талған жаппай толқулардың шарпып өткені мәлім. Бұл оқи­ғалардан бұрынғы посткеңестік республикалар құрамындағы елдер үкіметтері қандай қоры­тынды шығарғаны жөн? – Біз жаппай толқуларды Сол­түстік Африкадан ғана емес, со­нымен қатар, АҚШ, Ұлыбри­та­ния, Еуропаның басқа елдерінен де кездестіріп отырмыз. Әңгі­ме­нің бәрі әділеттілікке келіп тіреледі. Еркіндік пен әділеттілік – ажырағысыз ұғым. Азаттықтың, теңдіктің қажеттігі түсінікті. Қазіргі әңгіме өте ауқаттылар мен жарлы-жақыбайлар арасын одан әрі екіге жаратын әділеттілік ту­ралы болып отыр. Дағдарыс осы екі әлеуметтік топтар арасындағы айырмашылықтың бет-пердесін айқара ашып берді. Адамдардың өмір сүру деңгейінің төмендігі осын­дай толқуларды тездетті. Сондықтан да әлеуметтік теңдік, халықтың өмір сүру сапасының жоғарылығы экономиканың бас­ты факторы екенін естен шығармаған жөн. Ешкім күтпеген дағдарыс эко­номиканы күрт құлдыратып жіберді, әлеуметтік шығындар қыс­қаруда, қарапайым адамдар зар­да­бын көп тартуда. Ең басты мәселе бұл. Мұнымен қоса, бүкіл әлемде лаңкестік әрекеттер де күшейіп келеді. Өзіңіз білетіндей, мұндай келеңсіз оқиғалар Қазақ­станда да орын алды. Әрине, олар­дың ұйымдасқан ешқандай түп тамыры да, оппозициялық топ­тарға қатысы да жоқ. Жұрт­шылық тарапынан қатаң сынға ұшырауда. Терроризм шекара дегенді білмейді, сондықтан оған қарсы мемлекет болып күрескен жөн. – Батыстың Теһранға қар­сы санкция жариялау жөніндегі ұстанымына Сіздің көзқа­расы­ңыз қандай? Өйткені, орна­ласуы жағынан Иран көрші өңір болып табылады ғой. – Иранға қанша рет санкция жарияланғанын жақсы білеміз. Алайда, ел ретінде өмір сүріп те, ең­бек етіп те жатыр. Мемлекет ретінде де орнықты. Иранның ядролық бағдарламасына келетін болсақ, дипломатиялық келісімдерді одан әрі жалғастыруды қолдаушылардың бірімін. Егер Иранның ядролық бағдарламасы туралы сөз қозғайтын болсақ, онда неге Пәкстан, Израиль төңі­регінде мәселе көтермеске? Оларда шын мәнінде ядролық қару бар ғой. Мәселеге біржақты қарауға болмайды. Иран атомды бейбіт мақсатқа пайдаланып отырғанын, МАГАТЭ де жағдайдың қалыпты екенін мәлімдейді. Кенет әлдебір жасырын пиғыл-мақсаттар ту­ра­лы ақпарат өрістейді. Сондықтан келіссөздерді одан әрі жалғас­ты­рып, МАГАТЭ инспекторларын барлық объектілерге жіберуді талап ету керек. Осылайша ядро­лық бағдарламаны бейбіт мақ­сат­қа пай­даланып жатқанын әлемге дәлел­десін. Иран мәселесін күш­пен шешуге болмайды. Оның соңы әлем үшін де, аймақ үшін де ауыр зар­даптарға соқтыруы әбден мүмкін.  – Қазір Теһранға ғана емес, сонымен қатар, Сирияға қарсы санкция қолдану мәселесі тал­қылануда. Сіздің түсінік­те­ме­ңіз? Бәріміз де БҰҰ Ливияға қа­тысты қандай шешім қабылдаға­ны­на куәміз. Оның ақыры Кад­дафидің өлімімен аяқталды. Мен Каддафидің жақтасы емеспін, оны қорғау ниетім де жоқ. Алайда, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі ше­ші­мінің бұрмаланғанын назардан тыс қалдыруға әсте болмайды. Мемлекеттің ішкі ісіне жөнсіз араласуға жол берілді. Бұл ащы оқиға мұндай әрекеттерді басқа тәуелсіз елдерге қолдануға бол­май­тынын көрсетті. Мәселен, Си­рия­ға. Бітімгершілік қауым­дас­тық адамдардың опат болып жат­қанын әшкерелеуде. Сондықтан да проблемалардың оңтайлы шешілуімен айналысуымыз керек. Қа­зақстан Ислам Ынтымақ­тас­тығы Ұйымына төрағалық етеді. Біздің жетекшілігімізбен ИЫҰ-ның мәжілісі өтеді. Онда бұл мәселені талқылайтын боламыз. Қазақстан – қуатты энер­ге­тикалық мемлекет. Сіз қалай ойлайсыз, Ресей мен Қазақстан әлемдік энергетикалық рынок­та әріптес пе әлде бәсекелес пе? – Ресейдің мұнай, газ өн­діретін алып держава екені белгілі. Жылына 500 миллион тонна мұнай және 500 миллиард текше метрдей газ шығарады. Қазақстан 20 жыл бұрын 20 миллион тонна мұнай өндірсе, қазіргі межеміз – 80 миллион тонна. 25 миллиард текше метр газ өндіреміз. 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 100 миллиардты құрайтын болады. Сон­дықтан қазіргі мезетте бә­се­келестікті көріп отырған жоқпын. Біз Ресейдің газ желілерін пай­даланамыз. Ал Ресейге газ ши­кізаттарын сатамыз, олар одан әрі сыртқа жібереді. Бұдан тыс­қа­ры Қытайға газ және мұнай тасы­мал­дайтын желілеріміз бар. Бізде бір-бірімізге бөгет жасау, рынок көздерін жабу секілді жағдайлар болған емес. Керісінше, екі ел бір­дей өнімдер өндіреді. Биылғы­дай астық мол жылы қиындықты бірге өткердік. Ресейде де, Қазақ­станда да шетке астық таситын терминалдар жетіспейді. Бірақ мүм­кіндік бар. Біртұтас экономи­ка­лық кеңістік шеңберінде мак­ро­экономикалық және сыртқы сауда байланыстары келісіліп, ортақ мәмілелерге қол жеткізетін бола­мыз. Сонда бәсекелестік те жайы­на қалады. – Қазақстан үшін газ тасы­мал­даудың қай жолы басым­дыққа ие? Транскаспийлік пе, әлде Каспий бойылық  желі ме? – Қазақстан бүгінде бұл ба­ғыттар бойынша Ресеймен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Қазақ­стан арқылы «Орта Азия – Ор­талық», «Орта Азия – Урал» газ құбыры желілері, түркімен, өзбек газдары өтеді. Қазақстан газы да Ресей арқылы өтеді. Алайда, кез келген мемлекет үшін эконо­ми­ка­лық мүдде қашанда маңызды. Егер бізге газды Ресей арқылы та­сымалдау тиімді болса, осы ба­ғытта жұмыс істей береміз. Тиімсіз деп саналған жағдайда, Қытай жағына жөнелтетін боламыз. Біз қазірдің өзінде Каспийден еліміз­дің оңтүстігіне дейін газ құбыр­ларын салудамыз. Кейін бұл желі «Түркіменстан – Өзбекстан», «Қазақстан – Қытай» газ желілерімен түйісетін болады. – Сіз Ресейді айналып өтетін Түркіменстан – Әзербайжан ба­ғытындағы болашақ Транскаспий газ құбырлары желілерін қалай бағалар едіңіз? – Шынын айтсам, жобаның бо­лашағы өте күмәнді. Әзірге сөз жүзінде ғана талқылануда. Каспий теңізі түбінен Бакуге газ желілерін тарту қарастырылғаны­мен, мәселе әлі шешілген емес. Ресейдің түркімен газын өз аумағы арқылы өткізу жөніндегі келісімі тоқтатылды. Себептері маған түсініксіз. Түркіменстан да Ресейге газ беруді тоқтатты. Бүгінде Түркіменстаннан Қа­зақ­­стан арқылы Қытайға дейін өткі­зу мүмкіндігі 30-40 миллиард тек­ше метрге тең газ құбыры желісі салынды. Менің білуімше, Түр­кіменстан газды Ауғанстан және Пәкстан арқылы жөнелтуді көздеп отыр. Жуырда, қиындық­тар­ға қарамастан, келісімдерге қол қойылғанын білеміз. Бұл қа­дамдар Түркіменстанға өз проб­ле­маларын шешуге мүмкіндік береді. Осындайда менің есіме Сол­түстік Каспий мұнай құбырын Новороссийскіге жеткізу үшін бірнеше жыл сергелдеңге түскен оқиға оралады. Бұл Ельцин мен Черномырдиннің уақытында бол­ған. Менің Ресей тасымалдаудан бір жарым миллиард доллар қар­жы жоғалтатынын дәлелдеуіме тура келді. Біз порт салып, танкерлермен Әзербайжанға мұнай тасымалдап, «Баку-Жейхан» ба­ғы­ты бойынша жұмыс істей бастадық. Соның өзінде мәселе 4-5 жылдан кейін ғана шешімін тапты. Ал Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістік аясында мұндай проблемалар орын ал­майды.  – Қарап отырсақ, бұрынғы Одақты қалпына келтіру ту­ралы келісімдердің сәтсіз аяқ­тал­ғанына 20 жыл болып қа­лыпты. ТМД-ның құрыл­ға­нына да осынша жыл екен. Сіз осы үдерістердің басы-қасында болдыңыз ғой. – Кеңестер Одағының күйреуі жөнінде көп айтылғандықтан, оған оралмай-ақ қояйық. Ол – өз алдына жеке тақырып. Одақтың тарауы барлық мемлекеттер үшін өте қиын кезең болды. Барлық байланыстар үзіліп, экономика тоқырап қалды. Мен осындай күрделі жағдайда, 1991 жылғы 21 желтоқсанда Алматыда басқа пішіндегі Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құруды ұсындым. (1991 жылы 8 желтоқсандағы Беловеж келісімінен әлдеқайда кең ауқымда – «КП» редакциясының ескертуі). Алғашқы күннен ТМД-ның тиімді бірлестік болуын жақтадым. Кейінірек тығыз интегра­ция­лық байланыстар орнату мақса­тымен Еуразиялық одақ құруды ұсындым. Осы негізде ЕурАзЭҚ дүниеге келді. 2012 жылы 1 қаң­тардан бастап Біртұтас эконо­микалық кеңістік шеңберінде нақты практикалық қадамдар басталады. Сөйтіп, үдеріс 2014-2015 жылдары аяқталатын бола­ды. Қысқаша тарихы осылай. Өте маңызды шешімді жариялау үшін арнайы жиналып, Д.Медведевке алғысымды айт­тым. Шыны керек, бұл орайда Ресей өте маңызды рөл атқарды. Мына жәйт туралы да айта кеткен жөн. Ресей қазір аса ма­ңызды саяси науқан кезінде тұр. Алдымен Дума, сосын Президент сайлауы өтеді. Владимир Путиннің президенттікке үміткер ретінде ұсыны­луы маған ұнамды әсер қалдыр­ды. Ол 2000 жылы билікке келгенде Ресей күйреу және азамат соғысы қарсаңында тұрған бола­тын. Осы қиындықтарды еңсеріп, Ресей аумағында тәртіп орнатты. Дмитрий Медведев те мемлекеттік ақыл­дылық, көрегендік та­ны­та білді деп санаймын. Ресей үшін тұрақ­тылық ауадай қажет. Қазір екеуінің арасында әлдебір тартыс жүргізу уақыты емес. Екі саясаткер де Ресей және ресейліктер үшін үлкен ерлік, қайраттылық көрсетті. Оларға жаңа табыстар, Ресейге тыныш­тық пен өсіп-өркендеу тілеймін.