24 Қараша, 2011

Сарқылмас байлық көзі

809 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Қазақтың мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институты мал шаруашылығын өркендетуге бағыттал­ған, қолданбалы сипаттағы ғылыми ізденістерімен кеңінен танымал. Іргелі ғылыми мекеменің мал тұқымдарын асылдандыру, олардың өнімділік көрсеткіштерін арттыру, тұқымдық малды өз төлінен көбейтудің оңтайлы жолдарын табу, мал өсіру мен бағу, оларды сапалы азықтандыру үшін мал азығын дайындау, мал азығы дақылдарын өндіру технологияларын жетілдіру, жайы­лымдықтар мен шабындықтарды тиімді пайдалану мәселелерін ғылыми негізде шешуге бағытталған жұмыстарының әр сала­сы жерге бай, мал шаруашылығын заман талабына сай дамыту әлеуеті мол біздің ел жағдайында аса өзекті болып табылады. Себебі, мал ағзаларының дұрыс дамып жетіліп, тектік (генетикалық) әлеуетінің толық қа­лып­тасуына, өнімділігінің артуы мен өнім сапа­сының жақсаруына тиімді де сапалы азық­тандыру арқылы ғана қол жеткізуге болады. Соңғы жылдары жүргізілген талдаулар нәтижесі мал шаруашылығы саласының ең осал тұсы мал азығы қорының тапшылығы мен сапасының төмендігі екендігін көрсет­ті. Қазіргі таңда бір бас ірі қара малға шақ­қанда 14 центнер азықтық бірлік көлемінде жемшөп өндіріледі, бұл зоотехникалық нормадан 2-3 есе аз. Кеңес дәуірінде мал азығы дақылдарын өндіруге егістік алқаптың 30 пайыздан астамы қолданылса, бүгінде бұл көрсеткіш 11 пайыздан аспайды. Негізгі кедергілердің бірі – өсірілетін малазықтық дақылдар түрлерінің шектеулілігі мен өнімділіктерінің төмендігі. Өз кезегінде, ақуыз­ға бай, қуаттылығы мол, шырынды және құрама азықтар үлесінің аз болуы мал басын зоотехникалық нормаларға сай азық­тандыруға қолбайлау болып отыр. Қазақстанда мал шаруашылығының ежел­гі кәсіп ретінде қалыптасуы жеткілікті көлемдегі табиғи азық қорына негізделді. Жеріміздің әр түрлі табиғи аймақтары, белдеулері мен географиялық өңірлерінің ауа райы ерекшеліктері сол аймақтарда мал азығын өндіру мүмкіндіктерін айқындайды. Ғасырлар бойы еліміз аймақтарындағы мал шаруашылығы салаларының дамуы табиғат жағдайларына сәйкес жүрді. Мал жайылым­дықтары мол қорының болуы халқымыздың тыныс-тіршілігіне, дәстүр-салты мен әлеу­мет­тік жағдайларына тарихи-географиялық тұрғыдан үлкен әсер етті. Осы ретте жекелеген аймақтардың та­биғат жағдайына орай, сол ортаға бейімделген мал өсіру халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған бай тәжірибесінің нәтижесіне негізделгендігін айта кетуіміз керек. Баба­ларымыз, ауа райы, жер бедері мен жайы­лымдағы шөп құрамы ерекшеліктеріне сай, отар-отар қой-ешкі, үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе, табын-табын сиыр өсіру мәселе­лерін ұтымды ұйымдастыра білді. Кеңес дәуірінде де шаруашылықтар жұ­мысын ұйымдастыруда осы қағидалар қатаң ескеріліп, мал шаруашылығы салалары мен мал азығын өндіруде аймақтың табиғи жағдайлары басты назарда ұсталды. Осы­ның нәтижесінде 80-жылдардың соңында қой басын 40 млн., мүйізді ірі қараны 10 млн., жылқы түлігін 1 млн. 600 мың басқа дейін өсіруге қол жеткізілді. Қазақстанның мал азығы өндірісі негізінен экстенсивті сипатта және жайылымдар мен шабындықтардың табиғи жағдайына өте тәуелді. Сондықтан жайылым мәселе­сіне ерекше мән беріп, оны оңтайлы пайдалану, сапалық, өнімділік тұрғыдан жақсарту – бүгінгі күннің басты талабы. Табиғи жайылымдықтарды пайдаланудың жылдық орташа тиімділігі, қарапайым есептеулер бойынша, шамамен миллиард доллардан асады. Республика халқының қырық пайыздан астамы ауылдық жерлерде қоныстанған­дықтан олардың тұрмыстық жағдайы көп ретте төрт түлік мал өсіруге байланысты болып келсе, мал шаруашылығының тиімділігі, өз кезегінде, жайылымдықтардың жай-күйімен анықталады. Ал табиғи жайылым­дықтар мен шабындықтар дегеніміз оны дұрыстап ұқсата білсе, сарқылмас байлық көзі болып табылады. Олардың бүгінгі таңдағы республика бюджетінің негізгі бөлігін қалыптастырып отырған мұнай, газ және металл кендерінен басты айырмашы­лығы – жыл сайын қайта қалпына келіп отыратындығы. Міне, осы жайттың өзі еліміз үшін мал жайылымдықтарының қан­шалықты маңызды екендігін аңғартады. Бұл ретте, осы баға жетпес байлық көзін тиімді пайдалана алып отырмыз ба деген орынды сұрақ туындайды. Мәселенің түпкі мәні еліміздің агроиндустриясы қолда бар барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің халықаралық ры­нокта өтімділігіне сай тауар өндіруді қам­тамасыз етуі үшін қандай бағытта дамуы қажет деген көкейкесті сұрақты шешуге тіреледі. Бұл маңызды да ауқымды тақырыпты кеңінен талдауды алдағы уақыттың еншісіне қалдырып, мақалада мал азығы қоры мен жайылымдық мәселелері шеңберінде ғана әңгіме қозғамақпыз. Еліміздегі 180 миллион гектардан астам жайылымдық жердің 100 миллион гектарға жуығы елді мекендерден жырақ орналас­қандықтан және сумен қамтамасыз етілмегендіктен пайдаланылмай отыр. Өткен кезең­де шалғайдағы жайы­лым­дық­тардың елеулі бөлігі жер астынан тартылған су құбырлары мен әр түрлі типтегі құдықтар арқылы сулан­дырылып келді. Қазіргі уақытта бұл суландыру жүйелері мен құ­дықтардың басым бөлігі күтімсіздіктен істен шығып, пайдаланылмай қалды. Осы себептерге және малдың 80 пайыз­дан астамы жеке адамдардың қолында бо­луына байланысты, қазір ол малдың басым бөлігі жайлауға, алыс жайылымдарға шыға­рылмай, ауылдар төңірегіне шоғырлануда. Осы келеңсіздік ауылдық аймақтың мал тұя­ғына тапталып, шиырлануына әкеліп соқты. Өз кезегінде, жұтаған жайылым мал­дардың коректік қажетін өтей алмай, өнімділіктерін төмендетуде. Жайылым өсімдіктерінің жұтауы соны­мен бірге топырақ жамылғысына кері әсерін тигізіп, оның су-физикалық, химиялық қа­сиеттерінің өзгеруіне, ең өкініштісі, топырақ эрозиясының орын алуына әкеліп соқты. Осылайша, елді мекендердің экологиялық жағдайы да нашарлай түсуде. Осы айтылғандарды ескеріп, біздің институт табиғи аймақтар мен әкімшілік аумақ­тар бойынша тозуға ұшыраған және қайта қалпына келтірілген жайылымдықтарға ар­нал­ған жүктеме нормативтерін әзірлеп, рес­публикамызда кеңінен таралған жайылым­дықтардың 192 типіне ғылыми сипаттама берді. Бұл нормативтер Жер кодексінің 139-бабы 3-тармағының талаптарын жүзеге асыруға мұрындық бола алады. Өкінішке қарай, бұл талаптар әзірге сақталмай, мал шаруашылығында жайылымдықтарды жүйе­лі пайдалану қолға алынбай отыр. Малды сапалы азықтандыруды ұйымдас­тырудағы аса маңызды мәселенің бірі – қысқы мерзімге жеткілікті де сапалы жем-шөп әзірлеу. Еліміздің оңтүстігінен басқа өңірлерде ұзаққа созылатын қысқа қажетті шөп қорын дайындау қомақты қаржы және еңбек шығындарын талап етеді. Осының салдарынан қазіргі таңда шаруашылық­тар­дың басым бөлігі шөп тапшылығын сезінуде. Сондықтан да қысқы маусымға пішен, сабан сияқты ірі азық түрлерін әзірлеудің тиімді жолдарын табудың мәні зор. Бұл ретте, қысқы мал азығының берік кепілі ретінде дайындалатын пішен 2,7 миллион гектар алқапты алып жатқан жайылмалы, суармалы шабындықтар мен тау шалғындықтарынан жиналады. Бұл алқаптардың өнімділігі 11-13 центнерден аспайды. Оңтүстік өңірлерде өзен маңындағы қамыстар, ал астық егетін егістігі мол шаруашылықтарда сабан мал азығына жаратылады. Соңғы кезде шабындықтар мен шалғын­дықтарды пайдаланудың оңтайлы жолдарын анықтау және өндіріске ендіруге бағытталған ғылыми жұмыстардың әлсірегендігін айта кетсек артық болмас. Орал-Көшім шалғынды жүйесі, Орталық Қазақстанның көлтабандап суарылатын жерлері ғалымдар назарынан тыс қалып отыр. Кеңес дәуіріндегі аға ұрпақ ғалымдар жүргізген жұмыстар аталған жерлерді ғылыми негізде игерілген әдіс-тәсіл­дермен суландыру арқылы шөп шығым­дылығын 2-3 есе арттыруға болатынын көрсетті. Мәселен, Орал-Көшім жүйесіндегі шалғындықты суғарудың технологиялық тә­сілдері әр гектардан 11 центнердің орнына 40 центнерге дейін шөп дайындауға қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Мал азығын дайындау мәселесінің өзек­тілігін ескеріп, екпе шөп өсіру, сай-салалар мен аңғарлардағы шалғын­дықтарды ор­­ны­­мен пайдалану, әртүрлі дең­гей­дегі ты­ңай­­­­­ған жерлер мен ес­кір­ген көп­жыл­дық шөп танап­тарын қалпына келтіру сияқты ғылыми тұрғыдан қамтылған тәжірибелердің өндіріс­ке кеңінен ендірілуіне күш салған жөн. Осы бағыттағы ғылыми ізденістер рес­публика­мыздың барлық ай­мақ­тарында жүр­гі­зіле бастады. Мә­­селен, институт ғалымдары­ның тікелей қатысуымен және басшы­лығымен Қарағанды облысы Шет ауданында «Қуаң жерлерді басқару» жобасы жүзеге асырылды. Аталған аудан аумағында көп жылдық құрғақшылыққа төзімді шөптер егу арқылы жайылымдықтарды жақсарту жолға қойылды. Осы жоба ауданда мал шаруашы­лығын серпінді дамытуға мұрындық болды. Осы ретте, тыңайған жерлерді шалғын­дандыру мәселесін еркекшөп тұқымын егу арқылы шешуге болады деген бұрыннан қалыптасқан пікір бар. Әрине, Қазақстанның табиғи жағдайында бұл дақыл зор маңызға ие. Дегенмен, заманның алға қойған тала­бына орай, басқа да дақылдар түріне, соның ішінде мал азығы ретінде ең құнарлы саналатын, беде мен эспарцет секілді бұршақ тұқымдастарды ғылыми тұрғыдан қолдануға күш салынуда. Жем-шөп өндірісін интенсивті жолға қою негізінде мал азығы қорын нығайту, жоғары өнімді дақылдардың жаңа тұқымдарын өнді­ріске енгізу мал шаруашылығын дамытудың сенімді жолы болып табылады. Сирек кездесетін және жұ­таңданып бара жатқан өсім­діктер түрлерін сақ­тап, мал азықтық дақыл­дардың әлемдік әлеуетін жинақтауға мүмкін­дік беретін тектік қорды қалыптастырудың ғылыми-тәжі­рибелік құнды­лығы ерекше. Шетелдік және отандық тәжірибе, селекция­лық жұмыс­тың нәтижелілігі тектік қорда сақталған үлгілердің молдығына тікелей байланысты екендігін көрсетті. Осы бағытта еліміздің ауыл шаруа­шылығы саласындағы ғылыми-зерттеу инсти­туттарында республи­ка­мыз­­дың әралуан аймақ­тарының табиғи жағ­дайына бейімделген, мол да құнарлы өнім беретін жаңа тұқымдарды анық­тау, шығару және оларды өндіріске енгізу жұмыстары атқарылуда. Осы мекемелерде рес­публика­мыздағы мала­зықтық өсімдіктердің тектік қорын құрайтын 14 мыңнан астам үлгі сақталуда. Бұл бай қор қоректілігі жоғары жаңа сорттар шығарудағы селекциялық жұмыстарда қолданылады. Жер бетінде ауа райының өзгеріп, ауаның жылынуына байланысты аймақтардың шө­лейттенуі белең ала бастады. Еліміздің оң­түстігі мен оңтүстік-шығысында бұл үдеріс­тің әсері айтарлықтай сезіледі. Негізгі күретамырлы су көздері (Сырдария, Шу, Іле, Ертіс өзендері) көршілес елдерден бастау алады. Су бастауындағы елдердің пайдалану көлемінің артуына, жалпы ағысының азаюы­на байланысты бұл өзендер қайырланып, кей жерлерінде аралдар пайда болды. Бұл келешекте суармалы егістіктер ауқымын шек­теу­ге және суды үнемдеп жұмсауға мәж­бүрлейді. Сондықтан стратегиялық тұр­ғыдан алғанда, жемшөптік дақылдардың қуаңшылыққа төзімді, тәлімі жерде өсіруге бейімделген жоғары өнімді жаңа сорттарын шығару өзекті мәселе болып табылады. Өңірлердің климаттық ерекшеліктеріне бейімделген табиғи шөптерді сапасы жоға­ры, мол өнімді екпе шөптердің қасиет­терімен байыта отырып, соңғы жылдары өндіріске мал азығы өсімдіктерінің бірнеше жаңа сорттары енгізілді. Мәселен, тек Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институты шығарған жем­шөп­тік дақылдардың 26 сорты Республи­калық селекциялық жетістіктер реестіріне тіркеліп, өндірісте пайдалануға ұсынылған. Атап айтқанда, еркекшөптің «Толағай», «Талаптан» сорттары қуаң далалық және шөлейт аймақтарда екпе шабындықтар жасап, тозған жайылымдарды жақсарту үшін пайдалануға арналған. Олар тәлімі жағдай­да гектарынан 18-26 центнерден өнім береді. Құрамындағы шикі протеин мөлшері – 11-13 пайыз. Бұл дақылдың пішенінде ірі қара малға қажетті барлық қоректік заттар мен амин қышқылдары бар. Қуаңшылыққа және то­пырақтың тұздануына төзімділігі жазғы шіл­денің ыстығы басталғанға дейін-ақ масақ байлап, пішенге ору кезеңіне күзгі-қысқы ылғалды ұтымды пайдаланып, ерте енетін қасиетіне байланысты қуаңшылық жылдар­дың өзінде қанағаттанарлық мөл­шер­де азық­тық масса бере алады. Елімізде өсірі­летін жемшөптік дақылдар ішінде егістік көлемі жағынан (5 млн. га) бірінші орын еркек­шөпке тиесілі. Сонымен қатар, ұзақ жылдар бойы (15-20 жыл) тұрақты өнім береді. Екпе жайылымдар жасау немесе оларды жақсарту үшін тарлау қияқтың «Бозой», бетегенің «Ұлан», жусанның «Ақжелең» сорттары шығарылды. Көкбалауса өнім­ді­лігі далалық, қуаң далалық, шөлейт аймақ­тарда гектарынан 40-55 центнерге дейін өнім алуға мүмкіндік береді. Жайылымда малға көлеңке әрі азық болатын бұталы өсімдіктер күйреуіктің «Айдарлы», теріскеннің «КЛХ-2», изеннің «Алматылық» құмдық сорттары шығарыл­ды. Олар негізінен шөл-шөлейт жерлерде егіліп, шабындық-жайылымдық мақсатта пайдаланылады. Құрғақ азықтық пішен өнімділігі 16-18 ц/га, шикі протеин мөлшері 13-15 пайыз құрайды. Таулы аймақтар мен тау бөктерінде өсіру үшін эспарцеттің «Алматылық 2», даур бидайығының «Нарынқол» сорттары сұрып­талды. Тәлімі жағдайда эспарцет 60-80 ц/га, ал бидайық 40-45 ц/га пішен өнімін береді. Суармалы жерлерде өсіруге арнал­ған маңыз­ды жемшөптік өсімдік сорттары­нан жима­тар­ғақтың «Қарқара 90», суби­дайықтың «Қар­ға­лы», жоңышқаның «Қап­ша­ғай 80», «Жай­нақ 96», «Дархан 90» сорттарын атауға болады. Жиматарғақ пен субидайық жоңышқа­мен қоспа түрінде суармалы екпе жайылым­дар жасауға қолданылады. Көкбалауса өнімділігі – 700-800 ц/га, пішен – 90-170 ц/га құрайды. Жоңышқаның «Дархан 90» сорты топырақ тұздануына төзімділігімен ерекшеленеді. Бұл тұқым Қызылорда облы­сында күріштің ауыспалы егісінде кеңінен қолданылуда. Малдың жем-шөп қорын нығайту, оның пайдаланылу тиімділігін арттыруда мал азығын дайындау, сақтау және малды өмір­шең әдіс-тәсілдерді қолданып азықтандыру­дың маңызы ерекше. Осы бағытта да институт ғалымдары бірқатар қомақты істер атқаруда. Мәселен, пішендеме дайындау технологиясында азық құнарлылығын тө­мен­детпей полиэтилен пакеттерінде сақтау әдістері әзірленді. Шұңқырға салынған пішендемеге қарағанда, пленкада органи­калық қышқыл жақсы сақталатындығы анық­талды. Бұл мал азығының жұғым­дылығы мен қоректілігін арттырады. Соны­мен қатар, төрт-бес ай сақталған плен­кадағы пішендемеде шөп қуаттылығы (азық­тық бірлікпен) 8 пайыздан астамға, ақуыз мөлшері 12 пайызға дейін артатын­дығы айқындалды. Сонымен, табиғи жайылымдықтар мен шабындықтар қорын тиімді пайдалану, мал азығын дайындау және малды сапалы да тиімді азықтандыру мәселелеріне қатысты елеулі жұмыстар атқарылуда. Ғылыми тұрғыдан алғанда, заман талабына сай жаңа ізденістеріміз де баршылық. Бабаларымыздың «мал баққанға бітеді» дегеніндей халқымыз үшін мал береке көзі болып қала бермек. Сондықтан мал шаруа­шылығын дамытудың қазіргі замандық талабы мен үдерісіне сәйкес ғылыми жұмыстардың тиімділігі мен өміршеңдігін қамтамасыз ету – сала ғалымдарының басты мақсаты.

Қорыта айтқанда, түрлі деңгейдегі атқарушы билік, сан алуан меншік иелерімен бірлесіп, бізге мұра болып қалған сарқылмас байлық көзі – табиғи мал азығы қорларын ұқыптылықпен пайдаланып, мал шаруашылығы саласының әлі ашылмаған мол мүмкіндіктерін ел игілігіне жарату – баршамыздың перзенттік борышымыз

Айбын ТӨРЕХАНОВ, Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор.