24 Қараша, 2011

«Белестен» белеске

524 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді.  «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданындағы Белес ауылынан фоторепортаж беріліп отыр.

«БЕЛЕСТЕН» БЕЛЕСКЕ

Зеленов ауданындағы Белес ауылы – кең бай­­­тақ Қазақстанның бір нүктесі. Жалпыдан жал­­қыға көшер болсақ тәуелсіздік жылдарында жүргізілген реформалардың барлық нәтижелері мен жемістерін осы ауылдан көре аламыз. Бір ғана мысал. Егемендіктің елең-алаң кезінде, тіпті екі мыңыншы жылдың орта шеніне дейін ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмектер беріліп келді. Белесте осындай көмекті 56 адам алған екен. 422 түтіні бар ауыл үшін мұны аз деуге болмайды. Бүгінде оны мұнда бір де бір адам, бір де бір отбасы алмайды. Алмайды дейміз-ау, тұтастай еліміз бойына атаулы әлеуметтік көмек деген тіркес пен түсінік тілдік қорымыздан түсіп қалғалы қашан. Бұл – өз кезегінде ауыл тұрғындарының әлеу­меттік-тұрмыстық деңгейінің өсуі, қыз­мет­­­­пен яки жұмыс орнымен толықтай қамты­луы деген сөз. Талдаулар мен деректер белес­тік­тердің айлық орташа табысы 50 мың теңгеден кем емес екенін көрсетеді. Бүгінде Белес ауы­лынан аттанған астық және мұнай өнімдері белестен-белес асып Еуропа мен Азия мемлекеттеріне жетіп отыр. Мұндағы Мұрат Жә­кібаев жетекшілік жасайтын диірмен кешені тәулігіне 150 тонна ұн өндіреді. Оның сапасы өте жо­ғары. Осылайша бәсекеге қабілетті өнімді ТМД-ның бірқатар мемлекеттері аттай қалап сатып алуда. Сондай-ақ Белес ауылындағы терминал ар­қы­­лы мұнай тағы да бел асып, Еуропаға тұм­сық тірейді. Қысқасы, Қазақстандағы бір ғана ау­ыл­дың өнімдері ТМД-ны көктей өтіп, алыс шет елдердің де сұраныстарын туғызып отыр. Ма­­сыл­дық пиғылдан бойларын тез тіктей білген белестіктер ертеңіне үлкен сеніммен қарайды. Белес ауылының әкімі Адам Имашевтің айту­ын­ша, мұнда кеңестік кезеңде тек төрт отба­сы­ның жеке автокөлігі болса, қазір әр отба­сы­на бір автокөліктен келеді. Бұл да баршылық­тың арқасы, елдік пен егемендіктің көрінісі болмақ. КСРО кезінде қала мен ауылдың арасын жа­қын­дату деген мәселе көп айтыла тұрса да, еш­қандай нәтиже болған жоқ. Бұл – ауылда да қа­ла­дағыдай тұрмыстық жағдайдың туғызы­луы деген сөз. Белес – осындай деңгейге жеткен ауыл. Мұндағы әр аула көгілдір отын мен ауыз су құбырына қосылған. Ауыл клубы мен дәрі­гер­лік амбулатория ғимараты сыңғырлап тұр. Кірсе шыққысыз. Елу орындық балабақша сәбилер­дің шаттық күлкісіне толы. Белестік кәсіп­кер­лер бірінші кезекте өз қалталарын қампиту емес, ауылдастары үшін пайдалы бір іс тын­ды­руды мақсат етіп қойғаны қандай ғанибет. Көп­шілік монша құрылысы мен ауылды абат­тан­дыру жөніндегі істер жергілікті кәсіпк­ер­лер қаражаттары есебінен атқарылған. Белесте егемендік талаптарына сай тын­ды­рылған істер де мол. Ең алдымен, бұған дейін Ростоши аталып келген ауыл Белес деген халқымыздың таныс-түсінігіне тән тамаша атауға ие болған. Тоталитарлық жүйенің иісі аңқитын көше атаулары тәуелсіздік рухына сай атаулармен ауыстырылған. Атап айтқанда, Че­­хов Абайға, Октябрь Тәуелсіздікке орын берген. Міне, Белес ауылының бүгінгі жаңғырған бет-бейнесі осындай. Батыс Қазақстан облысы. Дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Темір ҚҰСАЙЫН. Суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ.