24 Қараша, 2011

Уақыт талабы туғызған сайлау

569 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы­ның Президенті Н.­Ә.На­зар­баевтың үстіміздегі жыл­ғы 16 қарашадағы Жарлы­ғы­на сәйкес төртінші шақы­рыл­ған Қазақ­стан Республикасы Парламентінің Мә­жі­лісі та­ра­тылды. Осы актіде 2012 жыл­ғы 15 қаңтарда партиялық тізімдер бой­ынша сайланатын Парламент Мәжілісі депу­тат­­та­рының кезектен тыс сай­лауы өтетіні белгіленді. Ал 16 қаңтар күні Мемлекет бас­шысының Жарлығына сәйкес Қазақ­стан халқы Ассам­блея­сы сайлайтын Мәжіліс депу­таттарының сайлауы белгіленді. Сонымен қатар 15 қаңтарда ҚР Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен мәслихат депутаттарының сайлауы өтетіні де тағайындалды. Мемлекет заман ағымынан қалмай дамып отырады. Демо­кра­тиялық үрдіс жолында конс­ти­туциялық реформалар мен өз­герістердің болып тұруы – заң­ды­лық. Басталып отырған жаңа сайлау науқаны тек біздің елімізде ғана болғалы тұрған саяси кезең емес. Әртүрлі жағдайлардың эко­но­мика мен саясатқа ықпал етуіне байланысты әлемдік парламенттік үдерісте жүзеге асып жатқан қалыпты жағдай. Тек қана биылдың өзінде ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер ке­ңіс­тігіндегі төрт елде, атап айт­қанда, Ирландия, Македония, Лат­вия және Испанияда мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өтті. Таяу уақытта Словения мен Грекия елінде де кезектен тыс парламенттік сайлау өткелі тұр. Осылайша, кезектен тыс немесе мерзімінен бұрын парламенттік сайлау демократиялық елдерге тән жағдай. Қазақстанда кезектен тыс парламенттік сайлау өткізу туралы шешім Конституцияға және басқа да заңнамалық актілерге сәйкес қабылданды. Президенттің Парламент Мә­жілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлығы жариялана салысымен Конституцияда және заңда көз­дел­ген құқықты пайдалана оты­рып, Орталық сайлау комиссиясы мәслихат депутаттарының кезекті сайлауын да 2012 жылғы 15 қаң­тарға тағайындады. Сонымен, 16 қарашада біртұтас сайлау науқа­ны басталып кетті. Екі сайлауды бір күнде өткізу 4 млрд. теңгеден астам бюджет қаражатын үнем­деуге мүмкіндік береді. Сайлау науқанын ұйымдастыруға және өткізуге шамамен 8,2 млрд. теңге жұмсау көзделіп отыр. Еліміздің барлық аймағын түгел қамтыған сайлау науқаны Қазақстан Республикасының заң­на­масына сәйкес өткізіледі. Қа­зақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 16 қара­ша­дағы Күнтізбелік жоспарына сәйкес партиялық тізімдер бой­ын­ша сайланатын Парламент Мә­жілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында кандидаттарды ұсыну 2011 жылғы 16 қарашадан бастап 5 желтоқсанға дейін, ал партиялық тізімдерді тіркеу 16 қарашадан бастап 15 желтоқсанға дейін жүргізіледі. Мәслихаттар депутаттығына кан­дидаттар ұсынуды белгіленген тәртіппен тіркелген респуб­ли­калық немесе жергілікті қоғам­дық бірлестіктер, сондай-ақ олар­дың құрылымдық бөлімшелері және азаматтар өзін-өзі ұсыну жо­лымен жүзеге асырады. Осы үдеріс 2011 жылғы 16 қараша мен 14 желтоқсан аралығындағы кезеңде өтеді. Қазақстан халқы Ассамблея­сы сайлайтын Мәжіліс депутат­та­рын сайлау жөніндегі сайлау рәсімдерінің мерзімі партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарының сай­лауы үшін айқындалған мерзімдермен сәйкес келмейді. Сол себепті Қазақстан халқы Ассам­блея­сынан Мәжіліс депутат­тығына кандидаттар ұсыну 2011 жылғы 16 желтоқсанда басталып, 26 желтоқсанда аяқталады. Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидаттарды тіркеу 2011 жылғы 26-31 жел­тоқ­сан аралығында жүргізіледі. Сайлау алдындағы үгіт 2012 жылғы 1 қаңтарда басталып, 14 қаңтарда аяқталады. Дауыс беру 2012 жыл­ғы 16 қаңтарда болады. Сайлау туралы заңнамаға сәй­кес партиялық тiзiмдер бойынша сайланатын Мәжiлiс депутатты­ғы­на кандидаттар ұсыну құқығы белгiленген тәртiппен тiркелген саяси партияларға тиесiлi. Бұл барлық партияларға заңмен бір­ың­ғай талаптар қойылып отырға­нын білдіреді. Тек қана Қазақ­станның Коммунистік партиясы бұл сайлауға қатыса алмайды. Өйт­кені, сот шешімімен оның қызметі тоқтатылған болатын. Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін азамат Конститу­ция­ның 51-бабының 4-тармағында белгіленген талаптарға сай бо­луы, сондай-ақ Конституцияның 33-бабының 2 және 3-тар­мақ­тарына сәйкес белсенді сайлау құқығына ие болуға тиіс. Яғни, Қазақстан Республикасының жи­ыр­ма бес жасқа толған және оның аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан азамат Мәжіліс депутаты бола алады. Партиялық тізімді бекіту ту­ралы шешімді партияның жоғары органы қабылдайды. Партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғары органы мүшелерінің жал­пы санының көпшілік дауысымен жүргізіледі. Бұл ретте саяси партиялар осы партияның мүшеле­рін ғана партиялық тізімге енгізуге міндетті. Ал мәслихаттар депутат­ты­ғы­на кандидаттарды тиісті округтік сайлау комиссиялары тіркейді. Партиялық тізімді, сондай-ақ Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясы сай­лай­тын Парламент Мәжілісі де­пу­таттығына кандидаттарды Ор­та­лық сайлау комиссиясы тіркейді. Тiркеуге бiр саяси партиядан оған саяси партиялар арасында бөлiнетiн депутаттық мандаттар­дың белгiленген санының отыз пайызынан аспайтын адамдар саны енгiзiлген бiр ғана тiзiм жiберiледi. Демек, партиялық тізімге енгізілген адамдардың ең көп саны 127 адамға жеткізілуі мүмкін. Олардың барлығы Конституцияда және сайлау туралы заңда оларға қойылатын талап­тар­ға сәйкестігі тексеріледі. Ор­та­лық сайлау комиссиясы партия­лық тізімді тіркеуден бас тарта алады немесе оны тіркеу туралы шешімнің күшін жоя алады. Мұндай шара саяси партия партиялық тізімді ұсыну ережелерін бұзған, тіркеу үшін қажетті құжаттарды ұсынбаған немесе партия, ол ұсынған кандидаттар және оның сенiм бiлдiрген адам­дары сайлау алдындағы үгiттi тiр­келгенге дейiн жүргiзген жағ­дайда жүзеге асырылады. Тұтас партиялық тiзiмнiң елу про­центiнен астамын құрайтын адам­дар партиялық тiзiмнен шыққан, партиялық тiзiмдi ұсынған саяси партияның немесе оның сенiм бiлдiрген адамдарының канди­дат­тың, партиялық тiзiмдi ұсын­ған басқа саяси партияның немесе партиялық тiзiмге енгiзiлген адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, оның iскерлiк беделiн түсiретiн жалған мәлiметтердi тарату фак­тiсiн сот анықтаған жағдайда да Орталық сайлау комиссиясы тіркеуден бас тартады немесе ше­шім­нің күшін жоя алады. Соны­мен бірге, партиялық тiзiм­дi ұсынған саяси партияның немесе оның сенiм бiлдiрген адам­дары­ның сайлаушыларды сатып алу фактiлерiн сот анықтаса, Ор­та­лық сайлау комиссиясы осы шараларды қолдана алады. Бұл ретте дауыс беретiн күнге екi күн қалғанда партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға немесе бұрын тiркеуден шығарылған партиялық тiзiмдi қалпына келтiруге жол берiлмейдi. Парламент Мәжілісі депутат­тығына кандидаттардың әрбірі, олардың жұбайы (зайыбы), сон­дай-ақ мәслихаттар депутатты­ғы­на кандидаттар және олардың жұбайы (зайыбы) тiркеуге дейiн тұрғылықты жерi бойынша са­лық органдарына 2011 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша табысы және мүлкi туралы дек­ла­рациялар ұсынады. Сонымен қатар, мәслихаттар депутатты­ғына кандидат жергiлiктi атқару­шы органдардың шотына депозит ретiнде заңнамада белгiленген ең төменгi жалақының бес еселенген мөлшерiнде сайлау жарнасын енгiзедi. Бұл 79 995 теңгені құ­райтын болады. Осы қаражатты үміт­кер тiркелгенге дейiн Конституцияда және сайлау туралы заңда қойылатын талаптарға сәй­кес­тiгi тексерiлгеннен кейiн енгізеді. Биылғы жылы саяси партия­ның сайлау жарнасы тізімге енгізілген әрбір кандидат үшін жал­пы алғанда 240 мың теңгені құ­райды. Мұндай міндеттілік «Нұр Отан» ХДП-ға қолданылмайды. Өйткені, аталған партияға сайлау заңнамасына сәйкес жеңілдіктер көзделген. Ол алдыңғы сайлауда дауыс беруге қатысқан сайлау­шы­лардың жалпы санының жеті пайыздан астам дауысын жина­ған­­дықтан, сайлау жарнасынан бо­сатылады. Сондықтан, «Нұр Отан» ХДП-дан басқа барлық саяси партиялар жарна төлейді. Сонымен қа­тар, ЖСДП және «Ақ жол» КДП Парламент Мәжілісі депу­тат­та­рының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлау­шы­лардың үш­тен беске дейінгі пайызын ал­ған партия ретінде сайлау жар­насын жетпіс пайыз мөлшерінде төлейді. Осылайша, осы екі саяси партия үшін сайлау жарнасы әрбір кандидат үшін 168 мыңға жуық теңгені құрайды. Тұтастай алғанда, тізімді тіркеу үшін партия Орталық сайлау комиссиясына: • Республиканың Әдiлет ми­нистрлiгiнде саяси партияның тiр­келгенi туралы құжаттың кө­шiрмесi қоса тiркелген, саяси пар­тияның жоғары органының партиялық тiзiмдi ұсыну туралы хаттамасынан үзiндi көшiрмені; • азаматтың партиялық тiзiмге енгiзуге келiсiмi туралы өтiнiшiн; • партиялық тiзiмге енген әр­бiр адам туралы өмiрбаяндық деректерді; • кандидаттың және оның жұбайының (зайыбының) табысы мен мүлкi туралы декларация тап­сырғаны туралы салық орга­ны­ның анықтамасын; • саяси партияның сайлау жар­насын енгiзгенiн растайтын құ­жатты; • партиялық тiзiмге енгiзiлген адамның осы тiзiмдi ұсынған саяси партияға мүшелiгiн растайтын құжатты табыс етеді. Тіркеу мерзімі аяқталған соң, үстіміздегі жылғы 16 желтоқ­сан­нан бастап Орталық сайлау ко­миссиясында партиялық тізімдерін тіркеген саяси партиялар сай­лауалды үгіт жұмыстарына кірісе алады. Саяси партиялардың бар­лық үгіт науқаны партияның сайлау қоры есебінен жүзеге асы­рылады. Саяси партиялардың сай­лау қорының ең жоғарғы кө­лемі 261,6 млн. теңгені құрайды. Бұл ретте саяси партиялардың сайлау қоры екі қаржы көзінен, яғни, саяси партиялардың өз қа­ра­жаты мен республиканың аза­мат­тары мен ұйымдарының ерікті қайырымдылығынан құралады. Мәслихат депутаттығына кан­дидаттарға қатысты айтарым, тіркеу аяқталғаннан кейін, яғни, 21 желтоқсаннан бастап сайлауалды үгіт жұмыстарын жүргізе алады. Мемлекет жергілікті өкілді ор­ганның депутаттығына тіркелген әрбір кандидатқа радиода, теледидарда және баспасөзде ең қа­жетті көлемде үгіт шараларын жүр­гізу үшін тең дәрежеде қар­жы бөлінуіне кепілдік береді. Со­нымен қатар, мәслихат депутат­ты­ғына кандидат болғандар өзде­рінің меншікті сайлау қорын құ­руына құқығы бар. Мәслихат де­путаттығына кандидаттың сайлау қорының ең жоғарғы көлемі 10,5 млн. теңгені құрайды. Соның ішін­де кандидаттың өз қара­жа­тынан, кандидатты ұсынған қо­ғамдық бірлестіктің және де Қазақстан Республикасының аза­мат­тары мен ұйымдарының ерікті қайырымдылығынан құрала­тын қаржы. Жалпы, Орталық сайлау ко­миссиясы барлық қажетті кадр­лық және материалдық ресурс­тарға ие және сайлауды тиісті ұйымдастырушылық деңгейде өткізуге, азаматтардың және бар­лық сайлау үдерісіне қатысушы­лардың өздерінің конституция­лық құқығын ерікті әрі тиімді жүзеге асыруын қамтамасыз етуге дайын. Сайлау құжаттарының үлгісі бекітілді. Негізгі заңдарда қарас­тырылған сайлау өткізу тәртібін, сайлау процедурасы мен сайлау үдерісіне қатысушылардың қыз­метін реттейтін қажетті нормативтік актілер қабылданды. Бар­лық деңгейдегі сайлау комиссия­ларының құрамы толықтай қа­лып­тастырылған және жедел қар­қын­мен жұмыс істеуге қабілетті. Сайлаудың әзірлік жұмыста­ры мен өткізуге барлығы 13315 сайлау комиссиясы қатысады. Оның ішінде 16, яғни, 14 об­лыстық және Астана мен Алматы қалалық сайлау комиссиясы бар. 207 аудандық және қалалық сайлау комиссиясы, облыстық мәс­ли­хат депутаттарын сайлау жө­ніндегі 550 округтік сайлау ко­миссиясы, аудандық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі 2160 округтік сайлау комиссиясы және 9757 учаскелік сайлау ко­мис­сиясы құрылған. Осы ретте аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары өз қыз­меттерін қоғамдық негізде жүзе­ге асырады және оларды саяси партиялардың ұсыныстары негізінде сәйкес мәслихаттар сайлай­тынын атап өту маңызды болмақ. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған сайлау комиссияларының құрамын жергілікті өкілді органдар 2009 жылы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсы­ныс­тарының негізінде сайлаған болатын. Ол кезде әртүрлі дең­гейдегі сайлау комиссиясының мүшелігіне саяси партиялар ұсын­ған кандидаттардан ұсынылған кандидаттардың жалпы санының 98,6 пайызы сайланды. Бұл – саяси партиялар ұсынған канди­даттардың негізінен сайлау ко­мис­сияларының құрамдарына сай­ланғанын білдіреді. Сонымен бірге, сайлау заңнамасына сәйкес аумақтық, округтік немесе учаскелік сайлау комиссияларының құрамында өкілі жоқ саяси партиялар сайлау науқанын даярлау және өткiзу кезеңiне кеңесшi дау­ыс құқығын бере отырып, өз өкi­лiн тиiстi сайлау комиссиясына жiберуге құқылы. Әрине, бұл орайда заңнамамен қарастырыл­ған бірқатар ресімдерді сақ­тауы тиіс. Округтік немесе учас­келік сайлау комиссиялары­ның құ­рамын­да саяси партиялар­дың өкілдігін қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалды. Бүгінгі таңда біз сайлау комис­сиялары мүшелерін жедел оқытуға баса назар аударып отырмыз. Жалпы, жұмыс істеп тұрған сайлау комиссияларының құрамы бұған дейінгі сайлау кампаниясы барысында өздерінің жоғары кәсіби дайындықтарын көрсете білді. Елімізде сайлауды ұйымдастырушылардың біліктілік деңгейін арттыру үдерісіне тұрақты түрде көңіл бөлінеді. Жақын арада Орталық сайлау комиссиясы республикалық се­ми­нар-кеңес ұйымдастырады. Оған облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары­ның төрағалары мен хатшыла­рын, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерін ша­қыруды жоспарлап отырмыз. Осы семинар аясында алдағы сай­лау­ды ұйымдастыру мен өткізудің негізгі мәселелері талқыға салы­нады. Ал еліміздің өңірлерінде аумақтық, округтік немесе учаскелік сайлау комиссиялары үшін аймақтық семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылады. Сайлауды ақпараттық қамта­масыз етуге келер болсақ, Орта­лық сайлау комиссиясы әдет­тегідей, барлық бұқаралық ақпа­рат құралдарымен белсенді түрде бірігіп жұмыс істейді. Барлық отырыстарымызға бұрынғысын­ша масс-медиа өкілдері шақы­рыла отырып, ашық түрде өткізі­летін болады. Сайлаушыларға пар­тиялардың мақсаттары мен міндеттері туралы барынша то­лық ақпарат беру мақсатында Орталық сайлау комиссиясы өз тарапынан партиялық тізімін ұсын­ған саяси партияларға ақпа­рат­тық қолдау көрсетеді. Бұл ретте, Орталық сайлау комиссиясы тарататын мәліметтер тек ақпа­раттық және бейтарап сипатта болады. Қазіргі кезде халықаралық байқаушылардың қызметіне қа­тыс­ты Қазақстанның сайлау ту­ралы заңнамасының ережелері ЕҚЫҰ кеңістігінде барынша жа­риялылардың бірі болып табы­лады. Халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің Қазақстанда өткізілетін сайлауларға үлкен қызығушылық танытуы кездей­соқ­тық емес. Мәселен, 2007 жыл­ғы парламенттік сайлауда 1 129, ал осы жылғы президенттік сайлауда 1 059 халықаралық байқау­шы тіркеліп, өз жұмыстарын ат­қарды. Осыған байланысты 16 қа­рашада Орталық сайлау комис­сиясы мен Қазақстан Республи­ка­сының Сыртқы істер министрлігі халықаралық байқаушылар институтын ресми түрде ашты. Қазақстанда халықаралық бай­қау­шыларды аккредиттеуді Сырт­қы істер министрлігінің ұсыны­сын алғаннан кейін Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады. Шетелдік байқаушыларды тіркеу рәсімі 2012 жылғы 9 қаңтарға дейін жүргізіледі. Сайлауды байқауға шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары­ның өкілдері де қатыса алады. Халықаралық байқаушылар және шетелдік бұқаралық ақпа­рат құралдарының өкілдері сайлау үдерісінің барлық сатысына, барлық деңгейдегі сайлау комис­сияларының отырыстарына қа­тысуға құқылы. Осы сайлаудың негізгі ерекшелігі ретінде «Сайлау» автомат­тандырылған ақпараттық жүйесі пайдаланылмайтынын айтуға бо­лады. Сонымен бірге, 2012 жылы 15 қаңтар күні сайлау учас­келерінде сайлаушылар үш түрлі бюллетень алатын болды. Бюл­летеньдердің біреуі ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауында саяси партия үшін дауыс беруге арналған. Екінші бюллютень арқылы облыстық мәслихат депутаттығына кандидат үшін дауыс беруге болады. Ал үшінші бюллетень аудандық немесе қалалық мәслихаттың де­путаттығына кандидат үшін дау­ыс беруге арналған. Астана мен Алматы қалаларының тұрғында­ры екі бюллетень алады. Өйт­кені, бұл қалаларда аудандық мәсли­хаттар жоқ. Әрине, ең басты ерекшелік, егер дауыс беруге қатысқан сай­лаушылар дауысының жеті пайы­зын тек қана бір саяси партия алса, онда депутаттық мандаттарды бөлуге көрсетілген саяси партия­ның тізімі, сондай-ақ дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауы­сының келесі көп санын жинаған партияның партиялық тізімі жіберіледі. Яғни, Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Мәжілісінің бесінші шақырылымы (сайланы­мы) бір партиядан құралмайды деген сөз. Алдағы сайлаудың негізгі ке­зеңі, әсіресе, үгіт жүргізу кампа­ниясы еліміздің тәуелсіздігіне 20 жыл толу мерейтойымен тұспа-тұс келіп тұр. Бұл жайт сайлау органдарына және сайлау үдері­сіне қатысушылардың бәріне ай­рықша жауапкершілік жүктейтіні анық. Қуандық Тұрғанқұлов,  Орталық сайлау комиссиясының төрағасы.