24 Қараша, 2011

Астана «Ақылды қалаға» айналады

335 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше «Рэдиссон» қонақүйінде елорданың инновациялық дамуына арналған «Smart Astana-2011» конференциясы болып өтті. Оған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев және АҚШ, Финляндия, Чехия және Германияның «ақылды қалаларының» бизнес және мэрия өкілдері қатысты. Жиын мақсаты елорданың әлеуметтік инфрақұрылымын да­мы­тып, қоғамдық салаларға жаңа технологиялар енгізу болды. «Sm­art Astana» (Ақылды қала) жобасы астаналықтарға жұмыс жасау мен демалудың ыңғайлы жағдайын қарастыратын Астана инфрақұрылымын кешенді жаң­ғыртуға бағытталған. Сондай-ақ елорданың интеллект тұрғы­сы­нан дамуы жиынның негізгі та­қы­рыбына айналды. «Smart As­tana» жобасының негізіне еу­ро­палық «ақылды қалалардың» даму үлгісі алынған. Олар өз кезегінде 6 сипатқа жүгінеді: ақылды экономика, ұялы байланысқа қол­жетімділік, ақылды қоршаған орта, ақылды әкімдік, ақылды тұр­ғын үй ортасы, ақылды тұрғындар. Астана қаласы әкімінің пікірінше, осы сипаттар 2030 жылға қарай Астана қаласына тән бо­лып, еліміздегі ең «ақылды қа­ла­ға» айналмақ. Конференция ба­ры­сында Иманғали Тасмағам­бе­тов 21 ғасырдың проблемасын 19 ғасырдың сана-сезімімен шешу мүмкін емес. Сондықтан қала­лар­дың түбегейлі өзгеруі дәуі­рінде біз елорданың техникалық жабдықталуына, жаңа иннова­ция­лық технологиялық шешімдерді белсенді енгізу арқылы ин­тел­лектуалды дамытуға ұмты­луы­мыз керек. Осы орайда, Ас­та­наның одан әрі қарай дамуы қа­жеттігін түсіне отырып, «Smart Astana» жобасының тұжырым­дамасы әзірленді. Осы бағыт­тар­да­ғы алғашқы қадам қазірдің өзінде жасалып отыр. Жобаны іске асы­ру аясында биылғы жылдың өзін­де бірқатар әлеуметтік қанатқақ­ты жоба іске қосылатын болады. Менің ойымша, 2030 жылға қарай біздер Астананы тек әдемі қала ғана емес, сонымен қатар, елдегі ең «ақылды қала» деп айтатын боламыз, деді. Ал, Асқар Жұмағалиев Қазақ­станның Интернетпен қамтама­сыз етілуі, пайдаланушылар қата­рының артуы мен телекоммуникация саласының даму жағ­дайына тоқталып өтті. Министр келтірген деректерге сүйенсек, Қазақстандағы ұялы байланыс абоненттерінің саны 137%-дан асып түскен. Бұл қазіргі таңда ел тұрғындарының әрқайсысында 1 телефон, кей жағдайларда 2-3 телефон бар дегенді білдіреді. Ал ғаламторды қолданушылар саны қазақстандықтардың 41%-ын қам­тиды. Тарифтер бағасын төмен­дету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталсақ, ол жыл­дан-жылға төмендеуде, мұны бірден айтқан жөн. Биыл да солай болды. Біз ұялы байланыс опе­раторларын желі ішінде 33%-ға, роуминг тарифтерін 48%, интерконнект байланысын 20%-ға тө­мендеттік. Бұл жұмыс жалғаса бе­ретін болады, деді А.Жұма­ғалиев. Нақты Астана қаласы туралы айтар болсақ, мұндағы Интернет пайдаланушылар қатары 47%-дан асып жығылады. Астаналық­тар сандық жүйеге 100% көшкен. 2012 жылдың 1 тоқсанында эфир­лік-сандық телеарна іске қосы­лады. 3G технология біраз уақыт­тан бері Астанада жұмыс істеуде. Біз 4G технологиясы бойынша ілкі жоба келесі жылдың соңына дейін аяқталады деп күтудеміз. Ал, 2013 жылдың басында бұл технология Астанада іске қосы­лып, одан кейін басқа қалаларда дамитын болады, деді А.Жұ­мағалиев. Конференция барысында Еуропа қалаларының «ақылды тех­нологияларды» енгізу, ұйымдас­ты­рушылық және техникалық инновациялар, инвестиция тарту және қайтару механизмдері бой­ынша жұмыс тәжірибелері тал­қы­ланды. Венера ТҮГЕЛБАЙ.