24 Қараша, 2011

Келіссөздер жалғасуымен ұтымды

251 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кеше Астанада екі күнге созылған Каспий жағалауы елдерінің Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны әзірлеу жөніндегі Арнайы жұмыс тобының 30-шы отырысы аяқталды. Арнайы жұмыс тобының өкілеттілігін Каспий жағалауы елдері басшылары белгілеген болатын. Отырыс аяқталғаннан кейін журналистерге арналып, баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Алғашқы болып сөз алған Қа­зақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай Кас­пийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенция жобасы жөніндегі Ар­найы жұмыс тобы отырысының нә­ти­желері көңіл көншітерліктей екеніне тоқтала келе, «тараптардың осы күнге дейін келіспеген кейбір жәйттерді, кейбір ұсыныстарды ке­ңі­нен талқылағанын» айтты. Оты­рысты табысты өтті деп бағалауға болады. Каспийдің құқықтық мәр­тебесі туралы конвенцияны дай­ын­дау ауқымды жұмысты талап етеді. Осы ретте бүкіл жәйттерді тез арада келісу де оңайға соқпайды. Алайда, мүдделі елдер Каспий теңізінің аумағындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға ниетті екендіктеріне осы отырыс барысында тағы да көз жеткіздік, деді Қ.Сарыбай. Сыртқы істер министрінің орынбасары Ар­найы жұмыс тобы Каспийдің құ­қық­тық мәртебесін айқындау ар­қы­лы елдердің өзара ынты­мақтас­ты­ғын нығайтуды көздейтінін жеткізді. Біз көп жәйттер бойынша ілгерілей алдық, деді Қазақстан сырт­қы саясат ведомствосының өкілі. Әзербайжан Сыртқы істер ми­нистрінің орынбасары Халаф Халафов өзі тарапынан Арнайы жұ­мыс тобының 30-шы отырысын оң бағалады. Біз конвенция жо­басын­да­ғы бұрын талқыланбаған мәсе­лелер бойынша өзара пікір алмаса алдық. Әрбір отырыстың бізді жа­қындастыра түсетіні сөзсіз. Әр отырыс аясында конвен­цияның  қандай да бір ережесі жө­нінде мә­мі­леге келуге ұмтыламыз. Осы жолғы отырыс барысында да өз мүмкіндіктерімізді ұштастырып, сәйкестендіруге барымызды сал­дық. Мен мынаны айрықша атап өткім келеді: келіссөз мәселесінде өсу бар. Бұл құқықтық мәртебені белгілеуге сеп болары анық, деді Х.Халафов. Ол Каспийдің солтүстік бөлігіндегі теңіз түбін шекараға бөлу, Каспийдің экологиясы жөнін­дегі конвенцияның, Каспийді ластамау жөніндегі арнайы хаттаманың, Қауіпсіздік жөніндегі келісім-шарт­тың қабылдануы – Каспий жаға­лауы елдерінің ортақ жетістігі екендігін де атап көрсетті. Иран Ислам Республикасының Каспий теңізі мәселелері бойынша арнайы өкілі Мохаммад Мехди Ахунд­заде Астана отырысы көп мә­селе бойынша ілгерілеуге жол аш­қанын жеткізді. Бүгінгі күнге дейін Арнайы жұмыс тобының 30 оты­рысы өтті. Каспий жағалауын­дағы елдер бүгінгі күнге дейін теңіздің құқықтық мәрбесі жөнінде ортақ келісімге неге келе алмай отыр деген сауал әркімді толған­дыратыны белгілі. Ең бастысы, біз конвенция жо­басының соңғы нүк­тесін қоюға ба­­тыл бет алдық. Мәселе түйінін шешудің тағы бір кезеңін артқа тастауымыз – осының дәлелі, деді М.Ахундзаде. Ресей Федерациясы президен­тінің ТМД елдерімен мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау жөніндегі арнайы өкілі, СІМ-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Александр Головин Ресей делегациясының отырыс нәтижесіне көңілі толғанын мәлім­деді. Ортақ келіссөз аясында бірқа­тар түйткілдердің тарқатылуына қол жеткіздік. Бұл – қорытынды нәтижеге келгендігіміздің белгісі. Былтыр Бакуде өткен 3-ші Каспий саммиті кезінде қозғалған Каспий теңізіндегі ұлттық аймақтың ені мен режімі жөніндегі мәселелерді де назардан шығармадық, деді ол. Түркіменстан Президенті жа­нын­дағы Каспий теңізі мәселе­лері жөніндегі мемлекеттік кәсіп­орын­ның төрағасы Мурад Атаджанов өз әріптестерінің айтқан пікірлеріне қосылатынын айтты. Осы күнге дейінгі келісілмеген дүниелердің бір­қатары бойынша ортақ консенсусқа келдік. Алда Ашғабадта өтетін оты­рыс барысында да осы ынты­мақтастық деңгейі сақталады деген сеніміміз бар, деді Түркіменс­таннан келген өкіл. Журналистер өздері тарапынан «Каспий жағалауы елдерінің өзара келісімі теңіздің құқықтық мәр­тебесін белгілеуге қаншалықты ықпал етіп отыр?», «Қандай салаларда ілгерілеушілік бар?», Каспий бассейнінде қан­дай жаңа жобалар жүзеге асыры­луда?», «Теңіздің құ­қықтық мәртебе­сінің айқында­луының ұзаққа созы­луының сыры неде?», Каспий жаға­лауы елдерінің ара­сында мұнайға қатысты қандай да бір бәсекелестік орын алып отыр­ған жоқ па?» деген сипаттағы сауалдарын қойды. Баспасөз мәслихатына қатысу­шы тараптар Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындау мәселесінде айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізілгенін, оған Каспийге қатыс­ты 3 саммиттің өткізілгені, Мемлекет басшыларының басқосуы оң ықпал еткенін айтты. Мәселен, Ресейден келген өкіл конвенция жобасының соңғы нұсқасы дайын болмағанымен, маңызды деген салалар бойынша ортақ шешімге келгендіктерін, мұны пікір-мүдде­лер­дің күн санап жа­қындауынан кө­руге болатынын жеткізді. Бүгінде теңіз түбін бөлу жө­ніндегі келіс­сөздердің нәтижесінде Әзербайжан мен Ресей, Қазақстан мен Ресей, Әзербайжан мен Қа­зақстан ара­сында энергетикалық салалардағы құқықтық мәселелер өз шешімін тауып отыр, деді А.Головин. Қайрат Сарыбай осы күнге дейінгі келіссөздердің мақсаты біреу – ол елдер мүддесіне нұқсан келтірмей, ең ал­дымен, Каспийдің құ­қықтық мәр­бесін белгілеу үшін конвенцияны тезірек әзірлеу болып табылатынын жеткізді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.