24 Қараша, 2011

Қазақстан мұнайының көшбасшысы

427 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
«Теңізшевройл» Атырау өңірінің арқа сүйеріне айналды «Бұл күн – Қазақстан экономикасы үшін де және «Шеврон» үшін де тарихи күн. Республика ірі күрделі қаржы­лар­ды іс жүзінде тарту үстінде және осы арқылы әлемдік бизнеске онымен өз­ара пайда негізінде жұмыс істеу жөнін­де­гі өзінің шын ниеті туралы мәлімдейді...» Нұрсұлтан Назарбаев, 6 сәуір 1993 жыл. «Теңізшевройл» – Қазақстанның мұ­най-газ саласындағы нағыз корпоративтік көшбасшы. Бұл жобалар бүкіл аймақты дамытуға жаңа серпін береді. Бұл – инвесторлардың мүддесіне және халықтың игілігіне қызмет ететін үлкен жетістік...» Нұрсұлтан Назарбаев, 5 маусым 2008 жыл.

ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАРЛЫҒАШЫ

Қазақтың жері табиғи байлықтан кен­де емес. Әсіресе, мұнай-газ кеніште­­рі­нің ішінде “Теңіздің” орны бөлек. Кө­мірсутекті шикізатымен әлемге әйгілі кен орнын игеру мақсатында 1993 жылы 6 сәуірде Қазақстан Республикасы мен “Шеврон” корпорациясы арасында келісім жасалып, “Теңізшевройл” бірлескен кәсіпорны құрылды. Бұл – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың идеясымен құрыл­ған алғашқы бірлескен кәсіпорын. Бас­қа­ша айтқанда, «Теңізшевройл» – тәуел­сіздіктің қарлығашы. Кеніштің қойнауындағы мұнай қоры о бастан молдығымен әрі күрделігімен ерекшеленеді. Соңғы бағалауларға сәй­кес, «Теңіз» кенішінің 2033 жылдың сәу­ір айына дейінгі есеппен алынуға тиіс қоры 750 миллионнан 1,1 миллиард тоннаны (6-9 миллиард баррель), жалпы барланған қоры 3 миллиард тоннаны (26 миллиард баррель) құрайды. Ал бұған жалғас жатқан Королев кен алаңының көмірсутекті қоры 190 миллион тоннаға (1,5 миллиард баррель) дейінгі шамада деп есептеледі. Осынша мол қор сақ­талған қойнауқаттың ені 19 шақырым, ұзындығы 21 шақырымды алып жатыр. Осы кеніштен биылғы 9 айда 19 миллион тонна (152 миллион баррель) мұнай өндірді. Осынша мол мұнай өндіруге 2008 жылы қуаттарды кеңейту мақса­тын­да еліміздегі ең ірі инвестициялық жобасын іске асыруының ықпалы тиді. Нақтылай айтқанда, шикі газды қой­нау­қаттарға кері айдау және зауыттың екінші буыны жобалары іске қосылғаннан кейін мұнай өндіру тәулігіне шамамен 75 000 тоннаға немесе 600 000 баррельге, ал газ 22 миллион текше метрге немесе 750 миллион футқа жетті. «Теңіз» кенішінде іске асырылған бұл жобаларға қазақстандық кәсіпорын­дар көптеп тартылды. Олардың ішінде “Белкамит”, “Имстальком”, Кентау транс­форматор зауыты, Петропавлдағы ауыр мәшине зауыты секілді танымал кәсіпорындар бар. Жергілікті жерден де көптеген кәсіпорын «Теңізшевройлдың» мердігерлігіне таңдалды. 1993 жылдан бері осындай қазақстандық әлеуетті кә­сіпорындардың қызметін пайдалануға бөлінген 10,9 миллиард АҚШ долларын құраса, биылғы қыркүйек айына дейін 1,15 миллиард АҚШ доллары қазақ­стан­дық тауарлар өндірушілер мен қызмет көр­сетушілердің атсалысуымен игерілді. Жыл өткен сайын «Теңізшевройл­­­дың» Қазақстанға тікелей төлемдері де арта түсуде. 1993 жылдан бастап биы­л­ғы қыркүйек айына дейінгі кезеңді қоса есептегенде Қазақстанға төленген тікелей төлемдер тұтастай алғанда 55,8 мил­лиард долларды құрады. Бұл қаржының ішінде бірлескен кәсіпорынның ұлттық кадрларының жалақысы, қазақстандық кәсіпорындар көрсететін қызмет түр­лері мен тауарларға, мемлекеттік кәсіп­орын­дарға төленетін тарифтер мен төлемдер, мемлекет бюджетіне ауда­ры­латын са­лық, рояльти түріндегі төлем­дер жата­ды. Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында ғана Қазақстанға тікелей тө­лемдердің мөлшері 10,4 миллиард АҚШ долларын құрап отыр. Айтқан­дай, ұлттық кадрлар демекші, соңғы жылдары біздің кәсіп­орында еңбек ететін қазақстандық қыз­меткерлердің қа­та­ры көбейе түсті. Бұ­рын бұл көрсет­кіш 50 пайызды құраған болса, қазіргі уақытта ұлттық кадрлар үлесі 85 па­йыз­ға жетті. Ал ұлттық менеджерлер мен орта буын жетекшілерінің құрамы жалпы қызметкерлердің 75 па­йы­зын құрайды. Бұдан «Теңізшевройл» бас­шы­лығының ұлттық кадрларды оқы­ту, мамандығын жетілдіру арқылы ана­ғұрлым жауапты лауазымдарға жоғары­ла­туға ден қойғанын аңғаруға болады. Әнуарбек ЖАКИЕВ, «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны бас директорының орынбасары.

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

Тарих және қатысушылар: Әлемдегі ең терең және ірі мұнай кеніштерінің бірі болып саналатын «Теңіз» мұнай кеніші 1979 жылы ашылды. «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны 1993 жылы 6 сәу­ір­де Қазақстан Республикасы мен «Шеврон» компания­­сы арасында жасалған келісім негізінде құрылды. «Теңізшевройлдың» қазіргі кездегі серіктестері: «Шев­­­рон» – 50%, «ҚазМұнайГаз» – 20%, «ЭксонМобил Қазақ­­стан Инк.» – 25% және «ЛукАрко» Б.К. – 5%. Қорлар, өнім өндіру және экспорттау: Жалпы барланған қоры жөнінен «Теңіз» кенішінде 3 миллиард тонна (26 млрд. баррель), ал, Королев кен ала­ңында 190 миллион тонна (1,5 млрд. баррель) шамасында мұнай бар. «Теңіз» коллекторының ені –19 шақырым (12 миль), ұзындығы – 21 шақырым (13 миль). «Теңізшевройл» 2000 жылдан бері жылдық мұнай өн­діру көлемін 182 пайызға ұлғайтты. «Биылғы 9 айда 19 миллион тонна (152 миллион баррель) мұнай өндірілді. Өндірілген мұнай КҚК-ның құбыры арқылы Новороссийскіге, темір жолмен Одесса, Феодосия мен Ақтауға, әрі қарай Батумиге және Кулевиге экспортталады. Өнімнің өзге түрлері: Бірлескен кәсіпорын сұйытылған газ сату көлемін 992 400 тоннаға, ал құрғақ газ сату көлемін 5,1 миллиард текше метрге жеткізді. «Теңізшевройл» 2,9 миллион тонна күкірт сатты, бұл осы кезеңде өндірілген 1,7 миллион тонна күкірттің 170%-ын құрайды. Бұл күндері «Теңізде» сақталған күкірт көлемі 4,5 миллион тоннаға азайды. «Теңізшевройл» күкірттің жоғары сапалы 4 Жерорта теңізі бассейні мен Орта Азия елдеріне және Қазақ­стан, Ресей, Украина, Қытайға жібереді. Әлеуметтік көмек: «Теңізшевройл» 1993-2010 жылдары өз қызмет­­кер­ле­рі мен жергілікті тұрғындардың игілігі үшін Атырау об­лысының әртүрлі әлеуметтік жобаларына 645 миллион АҚШ доллардан аса қаржы жұмсалды. 2010 жылдан бері «Игілік» бағдарламасы шеңбе­рін­де өңірдің әлеуметтік саласын жақсартуға жыл сайын 20 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінеді. Биыл өңірдің денсаулық сақтау, білім және оқыту салаларының сапасын жақсарту бағытындағы әлеумет­тік инвестициялық бағдарламасына шамамен 800 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы игерілуде.

«ИГІЛІКТІҢ» ИГІЛІГІ

Біздің Жылыой – өңірдегі ең бай­ырғы ауданның бірі. Қазақ мұнайының алғашқы тамшысы да осы аудан аума­ғынан табылған. Ғасырдан аса мерзім өтсе де «қара алтынның» қайнары тау­сылған жоқ. Әйгілі «Теңіз» кеніші де біздің аудан аумағында болғандықтан, елімізге, өңірге бет бұрған шетел ин­весторлары алдымен біздің ауданға келуге ниет танытады. Сонымен бірге, аудан үстімен Орта Азияға бағыт алған күре жол да өтеді. Демек, Жылыой ауданының орталығына келушілер де, жолаушылап өтушілер де үзілмейді. Сол себептен, 2001 жылы аудандық маңыздағы қала мәртебесі берілген, 60 мыңнан астам тұрғыны бар Құлсары қаласының келбетін, инфрақұрылымын жаңғыртуды қолға алдық. Соның ішінде сонау кеңестік кезеңде жүргізілген су құбыры жүйесін жаңалауға баса көңіл бөлініп отыр. Бұл әрине, мол қаржы қажет ететіндіктен, облыс әкімі Бергей Рысқалиев «Теңізшевройлдың» «Игілік» бағдарламасымен бөлінетін қаржы­­сын Құлсары қаласының сумен жаб­дық­тау жүйесін қайта жаңғыртуға жұ­м­­сауды көздеді. Бірлескен кәсіп­орын­нан жылына 15 миллион АҚШ доллары бө­лі­неді. Сөйтіп, үш жылда бөлінетін 45 мил­лион АҚШ долларына жалпы ұзын­дығы 300 шақырымға жу­ық су құбырын жаңарту жұмыстары басталып кетті. Шетелдік инвесторлармен бірлесіп құрылған кәсіпорынның қаржысы аудан орталығының инфрақұрылымын жаң­ғыртуға үлкен қолдау болатыны даусыз. Себебі, Құлсары қаласындағы тұрғындар су құбырының әбден ескіруінен көп қиындық көруші еді. Әсі­ре­се, көп қабатты үйлерде тұратын тұр­ғын­дар жоғары қабаттағы пәтерлеріне суды амалсыз даладан таситын. Енді аз ғана уақыттан кейін Құлсары қала­сы­ның тұрғындары «Игіліктің» игілігін көретін күні қашық емес. Жылы­ой­лықтардың бірлескен кәсіпорын демеуін көруі бір бұл емес. Бұған дейін де талай рет алып кәсіпорынның қолдау­ын сезінді. Мәселен, 1993 жылы кәсіп­орын Құлсары қаласындағы табиғат апатынан баспанасыз қалғандарға тұр­ғын үй құ­ры­лысын жүргізуге қолдау көрсетті. Майкөмген ауылына табиғи газ желісі тар­туға қаржы бөлген еді. Ал Са­ры­қа­мыс, Кеңарал ауылдарының тұр­ғында­ры Жаңақаратон кенті мен Атырау қа­ласынан «Теңізшевройлдың» қаржы­лан­ды­руымен жаңадан тұрғы­зыл­ған қа­лашықтағы тұрғын үйлерге көшірілді. Рахметолла НҰҒМАНОВ, Жылыой ауданының әкімі.

«БОЛАШАҚ» ҮМІТІМДІ ҮКІЛЕДІ

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, дер­бес мемлекет атанғанда әлі де оң-солымызды тани қоймаған бала едік. Өсе келе біз үшін ел тәуелсіздігінен қымбат нәрсе болмайтынына көзіміз жете түсті. Тәуелсіздіктің қадірі әсіресе, туған жерден, туған елден жырақта жүр­генде арта түседі екен. Олай дейтінім, Атыраудағы Ж. Досмұхамбетов ат­ындағы техникалық лицейде алған білімімді Қазақ-Британ техникалық уни­вер­ситетінің халықаралық экономика мектебі факультетінде жалғастырған едім. Бұл факультет Лондондағы экономика мектебімен тығыз байланыс жасайды екен. Шетелдің таңдаулы оқу орын­­да­рын­да білімімді жетілдірсем деуші едім. Кейін бағым жанып, Президенттік «Бо­лашақ» бағдарламасының стипендиан­ты атандым. Сол кезде қалай қуан­ға­нымды білсеңіз ғой. Осы бағдарлама аясында 2009-2010 жылдары Ұлыбри­та­нияның Бат қаласындағы университе­ті­нің магистратурасын бітірдім. Тұманды Альбион еліндегі екі жыл­да Қазақстан жайлы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев туралы жақ­сы пікірлерді көп естідік. Бізбен, қа­зақстандық студенттермен Қазақстан­ның экономикасы мен табиғи байлығы, қазақтың тарихы мен салт-дәстүрі жө­нін­де пікір алысушылар көп болды. Біз­дің Қазақстанымызға қызығушылық та­­нытқан да көп еді. Шетелде оқыған кезде экономикасы өркендеген жаңа тұр­пат­тағы тәуелсіз еліміз үшін, әлемдік деңгейдегі саясаткерлігімен, Қазақ­стан­ды жаһан жұрты қызығатындай қуатты мемлекетке айналдырған Елбасымыз үшін талай рет марқайғанымыз естен кет­пейді. Қазір, елге оралғасын Ел­ба­сы­ның идеясымен шетелдік инвестор­лар­дың бірлесуімен құрылған «Теңізшев­ройл­ға» жұмысқа орналастым. Мұнда­ғы жұмыс өте жауапты. Сол себептен, қазақ жастарының да бәсекеге қабілетті бола алатынын танытып жүрміз. Тәуелсіз еліміздің дарынды, білімге құштар жастарының шетелдік танымал оқу орындарында білім алуына қолдау білдіретін «Болашақ» бағдарламасының маңызы айрықша. Өйткені, бұл бағ­дар­ламаның әлемде теңдесі жоқ. Яғни, Қазақстанның бәсекеге қабілеттігін та­ны­татын білімді жастары «Болашақтан» әлі талай қанат қағады. Осы бағдарлама талай жастың үмітін үкілейді. Мен де осы бағдарламаның түлегі екенімді ұдайы мақтан тұтамын. Дана ХАСАНОВА, «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Атырау облысындағы меншікті тілшісі Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.