24 Қараша, 2011

Түбі бір жұрттың тілегі

554 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
ҚАЛАМЫН ҚАРУ ЕТКЕН Әзербайжан астанасы Баку қаласында түркітілдес мемлекеттердегі және өзге елдердегі түркілік қауымдар журналис­терінің басын қосқан II медиа-форум өткізілді. Сонау ықылым замандарда Алтай бойын жағалай қонып, Орхон мен Енесайдың суын кешіп, Байкөл мен Ангардың, Ленаның мөлдір суын жұтып, адамзат тарихының соңғы үш мың жылдығында өркениет қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан, аттарының тұяғы Қытай, Үнді, Мысыр, Еуропа жерін шиырлаған, Алып Ер Тоңға сынды батырын Шығыстың дүлдүл шайыры Фердоуси Афрасиаб деп жырлаған, Геродот пен Страбон тамсана жазып, мәдениетіне бас шайқатқан түркілер бұл күнде жер ша­рының әр тұсынан көрінеді. Бірінің үні өз мемлекеті болғандықтан жарқын да асқақ шығып жатса, енді бірі мемлекет құруды армандау түгілі, өзіне тән келбетінен айырылып қаламын ба деп қауіптенеді. Бакуде басқосқан түркілер қарасы әжептәуір. Бір Ресейдің өзі­нен карашай, татар, башқұрт, тыва, саха, хакас, алтайлықтар келсе, Украина­дан қырым татарлары, Иран­­нан кекрук түріктері, Грекия­ның Батыс Фракиясын қоныстанған түріктер, Молдовадан ғағауыз, Сол­түстік Кипр республикасы, Македония, Косово, бұлғар түріктері және өзіміздің жақын көршілеріміз – қыр­ғыз бен түркімен, Анадолы тү­рік­тері мен форум өткізуші әзер­байжан бауырлар жиналған. Ноғай, құмық, өзбек, шуаш, шор, балқар, ұйғыр, қарақалпақ, салар, афшар т.с.с. түркілердің форумға қатыспа­ғанын айта кеткен жөн. Жалпы, бүгінгі күні өкілдері барлық құр­лықтан табылатын түркі жұрты 200 млн.-нан асады деген деректер бар. Бірінің айдыны асып, әлемге танылып жатқанда шор, долған, шұлым сынды іргеміздегі Ресейде қолданыс аясы мейлінше тарылып, бастарына қауіптің қара бұлты төнгендер де қарапайым, тофа сынды небәрі 5-10 адам ғана сөйлейтін, өмір сүруін тоқтататын уақыты әне-міне дейтін жұрттар да барлығы жанды ауыртады. Ал құман, қарағас, қарахан сынды тілдер қазір мүлдем жоқ. Тілмен бірге тұтастай халықтың тарихы, оның мәде­ниеті, дәстүрі мен өзіндік келбеті де құмға сіңген судай жоғалды. Орны ешқашан толмас өкініш. Әрі өзгелерге ащы сабақ. Хош, сонымен ауыр ойды сілкіп тастап, Бакуде жиналған форумға оралайық. Бірінен соң бірі жарыса мінберге көтерілген шешендер өздерінің алдында тұрған мақсат-міндеттермен қатар қиындықтарымен де бөлісті. Түркі әлем­нің интеграциялануының маңызын айта келе, қазіргі күні әлемге тарайтын ақпараттың барлы­ғы CNN, ВВС (Би Би Си) сынды алпауыт агенттіктердің көзімен қабылданып тарайтыны жайында айтқан олар түркі жұртындағы жаңа­лықтарды әлемге ешқандай бояусыз тарататын ортақ агенттік, сайт жұмысын қолға алудың қажеттігін баса айтқан. Біздің қазақстандық журналистерді бастап барған еліміздегі билеуші партия жанындағы «Нұр Медиа» холдингінің бас директоры Қай­сар Жанаханов тәуелсіздік алған 20 жыл ішіндегі медиа кеңістік дамуының тынысынан хабар беріп, жаһандану дәуірінде біздер жыл сайын бір рет форумда ғана жиылып қоймай, оның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, ол үшін форумның тұрақты хатшылығын құрып, осында айтылған игі ойлардың қолданысқа енуін қамтамасыз етуге тиіспіз, деген. Бәлкім түркітілдестерге ортақ телеарна құрып, газет те шығаруымыз қажет шығар. Жаһандану дәуірі біздер үшін жаңа қауіптер туғызуымен қатар жаңа мүмкіндіктер де ашады. Қазіргі жаңа технологияларға негізделген коммуникация­ларды игеру, оны пайдалану біздің түркі әле­мінің құндылықтарын әлемге таратуымызға қыз­мет ете алады. Бұл үшін қимылымызды ырғақты да, жүйелі қалыпқа түсіруіміз керек. – Мен осында жиналғандардың ең қарты­мын, менің журналистика саласында еңбек­тен­геніме биыл 70 жыл, – деп бастаған сөзін әзербайжандық ақсақал. Осы форумда менің көз алдыма 1926 жылғы Бірінші түркологиялық конгресс келіп отыр. Сонда әлемнің әр түкпірінен мықты-мықты түрколог ғалымдар Бакуге жиналған болатын. Бүгінгі жиында сол кезгі түркі рухы есіме түсіп, толқып тұрмын. Түркілердің бұрынғы тарихы, қазіргі жағдайы барлығымызды толғантады. Бүгінгі форум аты «Жаһанданған әлемдегі түркітілдестердің медиа факторы: айырмашылықтары және ортақ мақсаттары» деп аталыпты. Мен оны ұйымдас­тырушыларға алдымен ортақ мақсаттар, сосын барып, айырмашылықтарын қарастырған жөн дер едім. Тек ортақ мақсаттар ғана біріктіреді, ал айырмашылық іздеудің мұраты басқа. Мен өзім медиа тарихын зерттеушімін. Сондықтан бұл идеяны өзім шығарып тұрмағанымды да айтқым келеді. Естеріңізде болса, Исмаил Гаспаралы 1883 жылы «Тәржімән» газетін шығарды. Сонда 1906 жылы Гусейн Заде өздері Бакуден шығарған газетін Исмаил ақсақалға жібереді. Артынша «Тәржімән» газетінде Гусейн Задеге арналған мақала шығып, онда Гаспаралы: «Сіздер қаламдарыңызды сияға емес, жүректеріңіздегі қандарыңызға малып жазыңыздар. Өйткені, онда түркілік қанмен бірге тарихи қымбат жад бар. Біз түркілер тарих жасаушы болдық, бірақ тарихымызды өзіміз жазатын ұлтқа айналғанымыз жоқ», деген еді. Осы мәселе әлі де өткірлігін жойған жоқ. Түрік дүниесі өздерін әлемдегі озық жұрттардың қатарына алып шығуы тиіс, бұл істе түркітілді баспасөз көтеретін жүк ауыр. Бір қаламгердің жазғаны бар «Түркі әлемінде адамдар көп, бірақ азаматтар аз», деп. Азамат. Саяси мәдениет деген сөздердің парқына үңі­лейікші. Ал адамдардың бойындағы азаматтық ұстанымды қалыптастырушы ол – әрине, медиа, сондықтан журналист түркі дүниесіндегі басты ортақ мақсатты ойынан бір сәтке шығар­мауы тиіс», деп ой түйіндеген қарт қаламгер. «Татаринформ» агенттігінің өкілі Лейсан Абдуллина өз сөзінде өткен жылғы форум арқа­сында орнаған байланыс нәтижесінде жұмыста­рындағы оң өзгерістерді, атап айтқанда, әзербай­жан, түрік журналистерімен орнаған қарым-қатынастар арқасында ақпараттар алу аясы кеңі­геніне тоқталып, форумдағы айтылған ұсыныс­тарды қолдайтынын жеткізді. Саха жұртынан келген «Саха» ұлттық хабар тарату компаниясының телевидение директоры Чокуур Гаврильев барлық әріптестерге: «Біз алыста, өзге түркілерден қашықта жатқан елміз. Сондықтан да халқымыздың өздерінің түркі дүниесінің бір бөлшегі екенін сезінуде сіздер көмекке келе алар едіңіздер. Өздеріңіздің әдет-ғұрыптарыңыз бен келбеттеріңізді сақтауда тү­сір­ген деректі дүниелеріңіз болса жібер­сеңіздер, біз оларды халыққа қуана көрсетер едік. Өйткені, біздердің ұқсастықтарымыз бар, сол арқылы бір-бірімізбен жақындай түсер едік», деген. Медиа-форум жұмысы түрлі панелдік оты­рыстармен жалғасқан соң, қорытынды құжат қабылдаған форум біздің делегация көтерген хатшылық құру иядеясын қолдады. Сөйтіп, орта­лық офисі Түркияда болатын, ал өзге елдермен қоғамдардағы оның теңтөрағалары турасында шешім шығарып, оларды да форум соңында сайлады. Біздің елімізден хатшы болып Қайсар Жанаханов сайланды. Түркі әлеміндегі медиа үшін арнайы тұғырнама да қабылданды. Татарстанның «ТНВ» арнасының журналисі Флюра Абдуллина ханымды сөзге тарттық. «Қазақстанның да, Әзербайжанның да өз мемлекеттері бар, ал біздер Ресей құрамындамыз. Біз бұрын мемлекеті болған халықпыз ғой, татар халқының өткен тарихы мен бүгінгі өмірін, жетістіктерімен қатар жетпей жатқан тұстарын неге көрсетпеске. Сонда біздің жақындығымыз кө­бірек болар еді. Бүгінгі күні татарлар алдын­дағы үлкен проблема – тіл мәселесі. Қазір татар мектептері азаюда. Оның себебі – Ресейде қабыл­данған Бірыңғай мемлекеттік емтихан тәртібі. Ол бойынша барлық мектеп бітірушілер емтиханды тек орыс тілінде ғана тапсыруы тиіс. Осыған байланысты ата-аналардың балаларын орыс тілді мектептерге беру үрдісі жүріп жатыр. Әлбетте, балаларым ана тілімізді ұмытпаса дейтін ата-аналар да бар, бірақ осы проблеманың бар екенін жасыруға болмайды. Ал бала мектеп қабырға­сынан өз ана тілімен қатар, орыс және ағылшын тілдерін біліп шығуы тиіс. Шетел ғалымдары өз зерттеулерінде бала егер ана тілінде білім алса онда оның таланты ашыла түсеті­нін анықтап отыр. Себебі, шарана құрсақта жат­қанда-ақ оның тумысынан тілі анықталып және оның өсе келе бойындағы дарынын ашуға үлкен рөлі бар екенін дәлелдеді. Мен жалпы түркі әлемінің бірлігі жайында бірер ауыз сөз айтқым келеді. Біздің татар зиялылары Қазақ елінің, болмаса Түрік елі мемлекетінің сақталып қалуына өз үлестерін қосты. Қолдарынан келген жәрдемін жасады. Қазір де осы үрдіс қажет, біз біріміздің тілімізді, ғұрыптарымызды сақтауға қол ұшы­мыз­ды беруге тиіспіз. Татар хандығы тарихта қандай мемлекет болды, бірақ оны татарлар ұстап тұра алмады. Біздің тарихымыз өзгелерге сабақ та бола алады дегім келеді», деген татардың өжет қызы. «Қарашай-балқар жастары дамуына жәрдем қорының» өкілі Людмила Батчаева: «Өз басым қарашай халқы аз дегенді естіп жүргеніммен, соншалықты мән бермей келген екенмін. Осы форумда соған әбден көзім жетті. Ең бастысы, біздің қоғам жұмысының бағыты өте дұрыс екенін ұғындым. Ресейде тұратын халықтар үшін өз тілдерін сақтап қалу өте қиын. Себебі, жұмыс та, барлық үдеріс те орыс тілінде жүргізіледі де, ана тілдің қолдану шегі тек тұрмыстық деңгейде қалып қояды», деп сіздің еліңізде біздің қандас­тарымыз көп қоныстанған мүмкін болса ақпарат алмасып тұрсақ, деген өтінішін айтқан. Ал Қырым татары Исмет Юксель Ақмешіттен келдім дейді. Сөйтсе, қырым татарлары елге Симферополь атымен мәлім қаланы Ақмешіт деп атайды екен. «Біздің Қырым бойында түркінің үш тілі бар. Теңіз жағалауында Анадолы түр­кіле­рінің тілінде сөйлесе, теңізден қашықта­ғылар қыпшақ тілінде, ал ортадағылары осы екеуінің ортасындағы тілде сөйлейді. Исмаил Гаспаралының (Гас­принскийдің) барлық түркі­лер­дің тілін түсі­нуінің сыры ол осы ортадағы халықтың арасынан шығуында. Менің өзімнің де анам қыпшақ тілінде, ал әкем түрікше сөй­лейді, содан сіз екеуміз бір-бірімізді 100 пайызға ұғынып отырмыз», деген Исметке иә, қазақтар Исмаил Гаспаралы сынды зиялыны жақсы біледі. Оны Алаштың қадірлісі Ахмет Байтұрсынов құрметтеп, ол туралы мақала жазған дегенімізде Исмет бауырдың көзі шоқтай жанып, мен мұны алғаш естіп тұрмын, мүмкін болса сол мақаланы салып жібе­ріңізші, деп қиылды. ДЖУЛЬБАХТАН САЛЫНҒАН ҚАЛА Форум өткен күндері Баку аспаны бұлтпен тұтасып, жиі-жиі жауын жауып тұрды. Бірақ қанша бұлт болғанымен қала өңі жа­дыраңқы әрі әсем көрінеді. Оның сыры джульбах аталатын табиғи сары таста болып шықты. Қап тауынан алынатын джульбах біздің Маңғыстаудан шы­ға­рылатын ұлу­тасқа ұқсағанымен басқаша текті екені көрініп тұр. Оюлап, әйміштеп тастаған Баку ғимараттары жа­санған қыздай көрікті. Оның үстіне кіршіксіз таза махаббаттың сим­волындай орта ғасыр сәулет ескерткіші «Қыз мұнарасы» мен кө­шелерінде жүрсең бейнебір өзіңді өткен ғасырларда жүргендей әсер беретін, «Тегерен-43», «Бриллиантовая рука», «Не бойся, я с тобой» сынды фильмдер түсірілген ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған Ишери шаһар Бакуге туристерді үн-түнсіз қалпымен-ақ шақырып тұр. Бакуде әйгілі Нобель іздері де жатыр. Оның кеңсесі мен үйі, мұнай тасыған жолдарына қоса, Нобель фаэтонының мұнай мұнарасына дейін жүрген жолы да бар. Әзер­бай­жандар әлемнің үздіктеріне жылда берілетін сыйлықтың қаражаты біздің елімізден деп айтады екен. Архитектуралық келбеті бір-бірі­мен үндесіп, жымдасып, бірінің ажарына бірі ажар қосып, әрлеген қала сұлулығы көңілге көрік береді. Сулы шашын айнаға қарап тарап тұрған ерке сұ­лудай әрленген Баку жүзі сол себептен де жадыраңқы, жайдары көрі­неді. Әсі­ресе, оның кейде өзі­міздің Алма­тыға ұқсап кететін сәттерін көргені­ңізде жаныңыз одан сайын жыли түседі. Әзербайжандар мейлінше қо­нақ­жай халық екен. Мейманының көңі­лін тапсам, әрбір минөті пай­далы өтсін деген ниетті ұстанғаны фо­румды ұйымдастыру міндетін алған Афлатун Амашев пен Умуд Мамедов бастаған әзербайжандық бауырлар­дың әрбір қимы­лынан көрі­неді. Әшейін­де жылы жүзді әзер­бай­жан­дардың қатуланатын бір тұсы бар. Ол – Таулы Қарабақ мәселесі. Каспий жағалауында, Баку қала­сында көркіне көз тоймайтын Ұлт­тық саябақ бар. Кезінде осы сая­бақтың орнында 1918 жылы әзер­бай­жандардың қаны төгілсе, кеңес­тер дәл сол жерге ойын-сауық ор­талығын орналасты­рыпты. Ал 1990 жылдың 20 қаңтарында дәл сол үкімет Қарабақ кикілжіңін шешемін деп тағы да осы алаңда қаңтар айында халыққа қарсы оқ атады. Бүгінде бір жағында саябақ, бір жағында Шахиттер алаңы бар құр­бан болған­дарға арналып мемориал орнатқан әзербайжан жұрты үшін 20 қаңтар ұлттық аза күні екен. Міне, Лариса Мамедова атты қыз бала 20-шы қаңтарда небәрі 13 жаста ғана болыпты. Ара­сында қарттар да, балалар да, небір қыршын жасы да бар, орысы, әзербайжаны аралас жат­қан шахидтер алаңы ауыр ой арқалатады. Орыстың белгілі кинорежиссері Станислав Говорухин: «Московские новости» газетінің 1990 жылдың 18 ақпанындағы санын­да «19-нан 20-на ауған түні Бакуге әскер кірді. Кеңес әскері кеңес қаласына жәй емес басқын­шылардай түн жамыла еніп, танкілермен, брондалған машиналармен кіріп, оқпен, отпен жолдарын аршы­ды», – деп ашына жазыпты. Әзербайжан елінің экономикасы қарқынды даму үстінде. Республикадағы әрбір қала мен аудандарда халыққа қызмет көрсететін еңселі, заманауи құралдармен жабдықталған орындар, емханалар мен ауруханалар, мектептер, мәде­ниет үйлері жаппай салынып жатыр. Губа ауданында журналистерді осындай емдеу кешеніне апарды. Онда компьютерлік томография, диализ жасап қан тазартатын 60 орындық бөлім, заманауи жабдықпен қамтылған арнайы маман дәрігерлердің кабинеттері жұмыс жа­сай­ды. Барлығының емі тегін. Түбі бір, бір Каспийдің жағалауын қатар жайлаған әзербайжан елі түркітілдестердің басын қосып, олар медиа кеңістікте ынты­мақ­таса жұмыс істеуді ұйғарды. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ. Астана – Баку – Астана.