25 Қараша, 2011

Денсаулықтан артық байлық жоқ

436 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Оңтүстікте шетелдік атақты дәрігерлер шеберлік сыныбын өткізуде Мемлекеттің қуаты экономикалық-әлеуметтік жағдайлардан бөлек тұрғындарының денсаулы­ғымен өлшенеді. Ең басты байлық – денсаулық. Халықтың аузынан ақ май ағызып қойсаң да медициналық емдеу жағынан ақсап жатсаң, заманауи қондырғыларға қолың жетпесе, онда ол мемлекеттің жолы оңғарылуы қиын. Елбасымыз «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халыққа Жолдауында еліміздің жаңа кезең­дегі дамуында мемлекеттік саясаттың бағыт­та­ры­ның бірі – медициналық қызмет сапасын жақ­­­сар­ту және денсаулық сақтау са­ласында жоғары техноло­гия­­­лық жүйені дамыту керектігін қадап айтқан. Оңтүстік Қазақстан облы­с­ында соңғы жылдары денсау­лық сақтау саласында айтар­лықтай жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде облыстың негізгі демографиялық көрсеткіші жақсарды. Облыста өмір сүру­­дің орташа жасы 69,8 (республикада бұл көрсеткіш – 68,8) құрады. Тұрғындар өлімінің жалпы көрсеткіші республика бойынша ең төменгі деңгейде. Облыста жыл сайын 75 мыңнан аса бала дүниеге келеді, демек, еліміздің әрбір төртінші тұрғыны Оңтүстіктің үлесінде деген сөз. Тәуелсіздік жылдарында ана өлімі 5 есе азайды, бұл 1991 жылдан бергі көрсеткіш. Бала өлімі 2 есеге жуық төмендеді. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ламасындағы басты міндеттердің бірі – облыстың денсаулық сақтау саласында жоғары білікті кадр­лар даярлау және денсаулық сақтау саласының бәсекеге қабілетті кадрлар әлеуетін құру болса, бұл Оңтүстік Қазақстан облысында табысты түрде жүзеге асуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жұмағали Исмайлов жоғарыдан нұсқау күтпей-ақ облыс медицинасын жақсартудың өзіндік жоспарын жасап, халықаралық стандартқа енген әлемдік орталықтармен тиімді байланыс жүйесін жасады. Соңғы екі жылда облыста денсаулық сақтау басқармасы мамандарды шетелде тәжірибеден өткізіп, сонымен қатар Литва, Польша, Израиль, Түркия, Ресей, Украинаның белгілі медициналық орталықтарынан атақты ғалымдарды шақырып, оқытуды ұйымдастырды. Жақында, 24-25 қараша аралығында Шым­кентте Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы Литва денсаулық ғылымы университетімен бірлесіп, «Ана мен бала өмірін құт­қаратын қол – емдеудің тиімді әдістері және кө­мек көрсетуге жүйелі көзқарас» деп аталатын І-халықаралық ғылыми-практикалық конфере­н­ция­сын өткізді. Конференцияның мақсаты мен міндеті бірлесе атқарған жұмыстан қорытынды шығару және Литва денсаулық ғылымы университетімен үш жылдық бірлестіктің механизмдерін жүзеге асыру және жаңа технологияны көрсету болып табы­лады. Біз осы конференция аясында Литваның атақ­ты дәрігерлері шеберлік сынып өткізген облыс­тық клиникалық балалар ауруханасының бас дә­рігері, өңір медицинасының оңалуында өзіндік үлесі бар Әнуар Май­ма­қов мырза­ны әңгімеге тарт­қан едік. Би­ыл “Нұрсәт” ша­ғын ауданын­дағы жаңа зәулім ғи­маратқа көшкен ауруханада Елбасы­ның өзі болып, дәрі­гер­лерге ақ тілеу айтқан бола­тын. Бас дәрігер осындағы ат­қа­рылған жұмыстарды жүлгеледі. Жаңа аурухана жан-жақты жаңа әдіске бейімделген ме­ди­ци­налық кешеннің қызме­тін атқарады. Ауруханада 15 жасқа дейінгі балаларға тәу­лік бойы педиатриялық пен хирургиялық мамандан­ды­рыл­­ған медициналық көмек көрсетіледі, – дейді бас дәрігер. Мұнда БДҰ-ның талаптарына сай еуропалық стандартқа сәйкес ең теңдессіз диагностикалық ви­­зуализациялық кешені магнитті-резонанстық томо­графия, сандық рентгенография, эндовидео­хирур­­­гия, ультрадыбысты зерттеу және датчикпен, мо­ниторлық жылу жүйесімен жарықтау нә­рестелерге арналған инкубаторлармен қамтама­сыз етілген. Соңғы үлгідегі жаңартылған диагностикалық сәулелі, функционалды, эндоскопиялы, биохи­мия­лы, иммунологиялы, аудиометрлі және тағы басқа диагностикалық жабдықтармен жабдықтал­ған. Бұл жүйке жүйесінің және асқазан-ішек туа пайда бол­­ған ақаулықтары бар балаларға жоғары дә­ре­же­де медициналық көмек көрсетуге мүмкін­шілік береді. Аурухананың құрамында 1 ауысымда 240 нау­қас қабылдауға мүмкіндігі бар емхана ор­на­лас­қан. Мұнда жан-жақты бейінді мамандан­ды­рыл­ған медициналық көмек көрсетеді. Ауруханада Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академия және Қ.А.Ясауи ат­ындағы Халықаралық қазақ-түрік университе­ті­нің клиникалық базалары орналасқан. Облыстық балалар ауруханасында 900-ден астам қызметкер бар, оның 146-сы жоғары санатта­­­ғы дәрігерлер. Ауруханада тәжірибелі, мамандан­ды­рылған кадрлар жұмыс істейді. Соңғы екі жыл­да аурухананың 30-дан астам дәрігерлері алыс және жа­қын шетелдердің клиникаларында тәжі­­ри­­бе жинақ­тап, оқып келді. Облыстық балалар ауруха­на­сын­да халықаралық жетекші маман­дар­дың қа­ты­­суы­мен 5 шеберлік сынып ұйым­дас­ты­рыл­ды. Атап айтқанда, Ресей ғылыми-зерттеу уни­верси­те­тінің профессоры М.Дегтяреваның, Но­­­восібір мемлекеттік медицина университеті ма­ман­да­ры­ның қатысуымен дәрістер тыңдалды. 2011 жылғы 17-22 қараша аралығында Литвадан Каунас қала­сы­ның медицина университетінің профес­­­соры, Еу­ропадағы атақты балалар хирургы В. Бараус­кас­тың қатысуымен балалар хирургиясы және операциядан кейінгі күтім тақырыбында шеберлік сынып жүргізілді. Бұл іс-шара тікелей об­лыс­тық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұ­м­а­ғ­али Қазыбайұлы Исмаиловтың қолдауымен ұй­ым­дастырылды. Шеберлік сынып аясында тео­рия­лық және практикалық тәжірибелерімен бө­лі­сіп, біздің қызметкерлер білімдерін жоғарылатуда. Аурухананың жаңа ғимараты іске қосылуы облыстағы балаларға сапалы деңгейде меди­ци­налық көмек көрсету және жас нәрестелердің өлім көрсеткішін төмендету үшін үлесін қосады. 2010 жылы облыстық балалар ауруханасы ҚР ДСМ-нің аккредиттеу комиссиясының шешімінің негізінде төрт жылға аккредиттелген деп та­нылды. Болашақта балаларға мамандандырылған және жоғары мамандандырылған көмектің әрі қарай дамуы жоспарланып, оның ішінде ең маңыздысы неонаталды хирургияны дамыту белгіленген. 2009 жылдан бастап туа біткен ақаулықтарды жедел емдеудің жаңа әдістері енгізіле бастаған. Хирургия патологиясы бар жас нәрестелерді алдын-ала дайындау және тексеру алгоритмін енгізу, гидронефроздың түрлі дәрежеде реконструктивті операция жасау қолға алынды. Хирургияда жаңа технология-диагностикалық эндобейнехирургиялық лапароскопияны қолдану­ды бастады. Нейрохирургиялық науқастардың емі және диагностикасы жақсару үшін әр түрлі қысыммен шунттық жүйімен жасалынатын вентрикулоперитонеостомия отасы енгізілді. Ақаудың орнын келтіру үшін бас протокрилоны, сүйек цементі, ме­­­­тал­локонструкция, аяқ және иық сүйектерін ор­ны­на келтіру үшін Илизаров аппараты, туа пайда бол­­ған жамбас сүйектің шығуының емі және функ­­ционалдық әдісі, синдактилия тері пласти­ка­сы, ойнамалы санға жедел емі қолданылады. ЛОР жүйелерінің зақымдану диагностикасын анықтауда 2008 жылы операциялық микроскоп және мамандарды оқытудың арқасында хирургия­лық әрекет кең көлемінде ұлғайып, алғашқы рет есту қабілетін жақсарту үшін — дабыл жарғағын мерингопластика отасы, антротомия, тимпанопластика қолданылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры ұс­ын­ған ауруларды емдеуді бірлесіп жүргізу әдістерін енгізу мақсатымен облыстық балалар аурухана­сында былтырғы жылдан бері орталық ашылды. Онда облыс көлемінде аталған бағдарламаларды бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсе­тетін медицина қызметкерлерін үйрету жұмыс­тары жалғасуда. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес облыстық балалар аурухана­сын­да медицина қызметкерлерін үздіксіз кәсіби дамыту оқу орталығы ашылды. Осы оқу орта­лығында балаларға жедел медициналық көмек көрсету әдістерін үйретеді. Тұсаукесер рәсіміне Елбасымыздың өзі қа­ты­сып, заманауи медициналық қондырғылардың жұ­мысымен танысып, ақ желеңді абзал жан­дар­дың жұмысына табыс тілеген облыстық балалар ауруханасында осындай толымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.