25 Қараша, 2011

Қазақстанның әуе кеңістігіне жаңа халықаралық стандарттар енгізілді

440 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
2011 жылдың 17 қарашасында Қазақстанның әуе кеңістігіне ха­лықаралық стандарттар бой­ын­ша ұшу эшелондарын бөлудің жа­ңа кестесі енгізілді және бір мезгілде жоғарғы әуе кеңістігіндегі тікелей эшелондау аралығын қыс­қартуға көшу жүзеге асы­рыл­ды. Бұл әуе қозғалысын ұйымдас­тырудың жаһандық жүйесін иге­рудің аса үлкен қадамы болып табылады. Аралықтарды қысқартуға кө­­шу Халықаралық Азаматтық авиа­ция ұйымының барлық талаптарына сәйкес келеді және әлемдік деңгейдегі жүйемен үйлесім табуға, шығындарды үнемдеуге мүмкіндік береді. «Қазаэронавигацияның» бас директоры Сергей ҚҰЛНАЗАРОВ тілшінің осы орайдағы сұрақтарына жауап беріп, аталған істің мән-жайын түсіндірген еді. – Сергей Дабысұлы, 2011 жылдың 17 қарашасында Қазақстанның әуе ке­ңіс­тігінде тікелей эшелондаудың жаңа жүйесі енгізілді. Оның мәнісі неде? – Барлық мемлекеттер әуе кеңіс­ті­гін­дегі халықаралық стандарттар мен үде­рістерді өздерінде қолдануға міндетті екендігі аян. Бұл жағдай бір есептен түсінікті де болса керек. Дегенмен оларды енгізу оңайлыққа соқпайды. Проблемалардың бар­лығы да осыдан туындайды. Мәселен, ұшу эшелондарын бөлудің бізде қолда­ны­лып келген кестесі әлемдік тәжірибеге сәйкес келмеген еді. Осыған байланысты әуе кемелерінің экипаждары өңірлерге ұшу кезінде 10 мың 100 метр, 11 мың 100 метр биіктікке көтерген кездерінде едәуір қи­ын­дықтарға тап болып жататын. Оның үстіне тікелей эшелондау жүйесінің өзі бүкіл әлемде қолданылатын, әсіресе жоғарғы әуе кеңістігіндегі аралыққа қолданылатын талаптармен бірізге түсірілуі тиісті болады. Осыған байланысты халықаралық талапты жүзеге асыру мақсатында еліміздің Көлік және коммуникация министрлігі Халық­ара­­­лық азаматтық ұйымымен келісе оты­рып, оған көшудің мерзімін айқындады. Эше­лон­­­даудың халықаралық жүйесіне кө­шу күні болып 2011 жылдың 17 қарашасы белгіленді. – Бұл жүйе неліктен ертерек енгізілмеді және оған көшу үдерісі сонша­лықты күрделі ме? – Біріншіден, кез келген халықаралық стандарт талабын енгізу үшін ең алдымен оған тиісті дайындық жұмыстары қажет. Осыған орай, біздің мемлекетіміздің Аэро­на­вигациялық даму бағытында соңғы 10 жылда айтарлықтай алға басқандығын, бұл бізге аталған жүйені енгізуге мүмкіндік бергендігін мақтаныш тұтатындығымды айта кетсем артық болмас. Егер өткен кезең ішінде атқарған істерімізге тағы бір көз салатын болсақ, біз одан саланы модернизациялау ісінде көптеген істердің жүзеге асқандығын көреміз. Бүтіндей айтқанда, Астана, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларында әуе қозғалысын басқарудың заманауи автоматтандырылған орталық­та­ры­ның құрылғандығы және олардың ха­лықаралық деңгейде жұмыс істей алатын мамандармен қамтылғандығы бізге ха­лық­аралық талаптарды енгізу мүмкіндігін ұс­ынды. Сондай-ақ бұған әуе кеңістігі мен маршруттар желісін ұйымдастырудың жо­ғарғы деңгейіне қол жеткізгеніміз де едәуір дәрежеде ықпал етті. – Осыған орай тағы бір сұрақ. Атал­ған халықаралық талапты орындауға біз­дің әуе қозғалысын басқару жүйеміз бен «Қазаэронавигация» қызметкерлері қан­­шалықты дайын еді? – Ең алдымен айта­­рым, тікелей эше­лон­даудың жаңа жү­йе­сіне көшкендігіміздің өзі Қа­­­­зақстанда әуе қоз­ға­лы­сын жаһандық дең­гейде ұйымдастырудың әзір­­­лігі бар екендігін көр­сетіп берді. Мәсе­лен, бұл үшін ең алды­мен бүкіл әлем бойын­ша ұшу са­­­парларына шы­ғатын әуе кемеле­рі­нің экипаж­да­ры­на қа­жет­ті құрал-жаб­­дықтар­ды әлемдік стан­­дарт­тарға сәйкестен­ді­руіміз қажет еді. Бұл үдерісті біз атқарған бо­латын­быз. Міне, осы­ның өзі-ақ үлкен дай­ындық дең­гейін көрсетсе керек. Бүкіләлемдік қызметтік бірлестік – бұл әуе қозғалысын басқару қауымдастығы қол жеткізуге тиіс басты мәселе. Бұл үшін ұлт­тық шешім халықаралық деңгейде инте­грацияланған және біріздендірілген болуы шарт. Мұндай жағдайда әуе кемесі ұшу тиімділігін арттыра және шығындарды азайта отырып, бір өңірден екінші бір өңірге бір маршрут бойынша ұшып бара алады. Біз әуе қозғалысын басқарудың өзіміздегі жүйесінің қазіргі заманғы осы талапқа сәйкестігін тексеріп көрдік. Аталған іске байланысты әуе қозға­лы­сын басқару орталықтарының құрал-жаб­ды­қ­тарын тікелей эшелондаудың жаңа өлшемдеріне ыңғайластыру жөнінде үлкен жұмыс көлемі жүзеге асырылды. Егер маған сенсеңіз айта кетейін, бұл тіптен де оңай жұмыс емес. Ол үшін біз алдымен біздің мамандарымыз бен құрал-жабдықтар жеткізушілердің жұмысын үйлестіріп алуы­мыз қажет еді. Біз осыны істедік. Мұның сыртында жоғарғы әуе кеңіс­ті­гіндегі тікелей эшелондау аралықтарының тікелей ара­лықтарын 500 метрден 300 метрге дейін қысқарта отырып, 8 мың 500 метрлік қа­баттан 12 мың 500 метрлік қабатқа дейін қыс­қарту талап етілді. Бұл өлшемдерге өз­герістер енгізу үшін әуе қозғалысын бас­қару орталықтарын қамту бағдарламасына оң өзгерістер енгізілді. Мұнан кейін тікелей эшелондаудың жаңа жүйесіне көшуге дайындалудың маңызды сәті қызмет­керлер­ді жаңа үдерістер бойынша жұмыс істеуге оқыту мен үйрету болды. Әуе қозғалысын ұйымдастыру ұйымдарының барлық қыз­меткерлері осы үдерісті тренажерлар арқы­лы оқып, үйренді. Мұндай оқу-жаттығу жұмыстары «Қазаэронавигацияның» кәсіп­тік даярлау орталығында ғана емес, соны­мен қатар халықаралық авиациялық орта­лықтарда да жүргізілді. Біз бұл іске 2004 жылдан бастап қызу дайындала бастаған едік. Әрбір маман әуе қозғалысын басқарудың қысқартылған тікелей эшелондау аралықтарын қолдана оты­рып, жаңа жағдайда жұмыс істеудің арнаулы курстарынан өтуге, диспетчерлік тренажерлерде жаттығып, оқығандары бой­ынша дағдылануға міндетті болды. Қазақ­стандағы 590 авиадиспетчердің 310-ны жо­ғарғы әуе кеңістігінде әуе қозға­лысын ұй­ымдастыру ісімен айналысады. Міне, осы­лардың 210-і шетелдердегі аэронавигация­лық қызмет көрсетудің халықаралық орта­лықтарында оқытылды. 2011 жылдың 17 қарашасына қарай 590 маманның барлығы бірдей тиісті әзірліктерден өткізіліп дайын тұрды. Тек соңғы 4 айдағы, тамыз бен қараша аралығындағы жаттығудың жалпы саны 4 800 сағатты құрады. Міне, осының барлығы қосыла келіп, эшелондаудың жаңа жүйесіне ешбір кедергісіз және қалтарыс-бұлтарыссыз өтуімізге мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде жа­ңа жүйеге көшуімізге байланысты әуе қоз­ғалысында ешқандай бір шектеулер орын алған жоқ. Белгіленген уақытта, яғни 2011 жылдың 17 қарашасындағы Гринвич уа­қы­ты бойынша 00 сағатта техникалық құ­рал­дардың барлығы жаңа өлшемдерге өз­­­­гер­тіл­ді. Сөйтіп, диспетчерлар бір сәтте әуе ке­мелерінің қозғалысын ұшудың тиісті эше­лоны бойынша қамта­ма­сыз етуге кірісті. – Сергей Дабысұлы, сіздің пікіріңіз бойынша, тікелей эшелондаудың жаңа жүйесіне көшудің қандай артықшы­лық­тары бар? – Енгізілген өзгерістердің артықшы­лық­тары бірден көзге ұрады десем де болады. Әлемдік авиацияда қолданылатын ұшу эшелондарын бөлудің жаңа жүйесіне көшу – ұшу қауіпсіздігін едәуір арттырады. Өйткені, ұшу эшелондарын тағайындау үдерісі енді стандартты болып табылады. Экипаждарға Қазақстанның әуе кеңіс­ті­гін­дегі ұшуларды орындау кезіндегі бұрынғы ерекшеліктерге назар аударып отыру енді қажет болмайды. Бұрын біздің экипаж­да­рымыз ұшу кезінде эшелондау жүйесінің айырмашылықтарын үнемі ескеруге мәж­бүр болып, бұл жағдай едәуір мазасыздық туғызатын. Былайша айтқанда, үлкен проблема болатын. Енді ол жойылды. Сондай-ақ жоғарғы әуе кеңістігіндегі тікелей эшелондау аралықтарының қысқа­руы енді әуе кемелерін өткізу мүмкіндігін едәуір дәрежеде жақсарта түсті. Мұның өзі ұшу деңгейінің неғұрлым қолайлылығын мейлінше таңдап алуға мүмкіндік береді. Әуе қозғалысын басқару үдерісі неғұрлым тиімді бола түседі. Әуе кемесінің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету үшін ұшу биіктігін өзгерту оқиғалары көп азаяды. Егер тікелей эшелондаудың ескі жүйесі кезінде әуе қозғалысын басқару аймағында 300-400 ұшуға 20-дан 30-ға дейін әуе кемесін белсенді барлау оқиғасы кездессе, енді жо­ғарғы әуе кеңістігінде қысқартылған ара­лық­тарды қолдана отырып, эшелондаудың жаңа жүйесіне кірісу арқылы біз бұл оқиғалардың санын беске дейін төмен­деттік. Соның өзінде қауіпсіз аралықтарды құру үшін белсенді барлаудың 2 оқиғасы ғана болды. Сонымен қысқартылған аралықтарды енгізу дегеніміз – бұл ең алдымен ұшуды қауіпсіз және тиімді ұйымдастыру деген сөз. Егер эшелондаудың ескі жүйесі кезінде отын таусылуына орай экипажға кезекті тиімді эшелонды таңдау үшін 2000 метрлік биіктікті қамтамасыз ету қажет болса, жаңа жүйе бойынша бұл талап енді 600 метрден аспайды. Мұның өзі ұшудың тиімділігін жақсартып, қоршаған ортаға артық жа­ғылған отынмен ластамаудың әсерін, яғни СО 2 артық эмиссиясын азайтады. Осы­лар­дың барлығы қосыла келіп, бізге әуе ке­ңістігін тиімді етудің, жаңалықтарды енгі­зу­дің мүмкіндігін береді. – Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Алексей ЖУКОВ.