25 Қараша, 2011

Құнарлы топырақ – сапалы өнім кепілі

978 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Тәуел­сіздігінің 20 жылдығына арналған еліміздің агроөнеркәсіп кешені қызмет­кер­лерінің республикалық фору­мында Елбасының аграрлық ғы­лым­ды дамытудың аса қажет екенін атап көрсетіп, осы жөнінде Үкіметке тапсырма беруі осы салада еңбек етіп келе жатқан ғалым­дар үшін өте маңызды қолдау бо­лып табылады. Себебі, ғалымдар­дың көптеген ұсыныстары арадағы әр түрлі кедергілер салдарынан өндіріске жетпей өзінің негізгі мәні мен күшін жойып алатын­дығы жасырын емес. Елбасы осы ретте отандық ғылым жетістікте­рінің де аз емес екендігін атап өтіп, сол жетістіктерді өндіріске уақы­тында ендірудің жолын табу қажеттігін айтты.

Елбасымыз айтса айтқандай, астықтың биылғы рекордтық өнімі  ерең еңбекпен, ресурстарды үнем­деу мен ылғалды сақтау озық технологияларын өндіріске ендіру арқылы алынғаны анық. Ал ол технологиялар өз кезегінде өнімнің ғана емес, топырақтың құнарын да дұрыс сақтап, пайдалануға қызмет етті. Міне, барлық гәп осында тұр.

 Құнарлы топырақ – мол және сапалы өнім кепілі. Осы қағида еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізі болып табылады.

Қазіргі таңда Еңбек Қызыл Ту орденді Ө.Оспанов атындағы Қа­зақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының ға­лымдарының мәліметі бойынша елімізде топырақтың құнарлылығы (ондағы қарашіріндінің үлесі) тың және тыңайған жерлерді игерген уақыттан бері үштен бір бөлікке дейін азайып кетті. Соның ішінде суармалы жерлердегі үлесі 60 пайызға дейін төмендеді. Осы жағ­дай топырақтану саласының ға­лым­дарын алаңдатып отыр.

Мұның негізгі себебі, ауыс­палы егістің ғылыми негіздерге сәй­кес толығымен орындалмай­тындығымен байланысты. Егістіктердегі қоректік заттар көп мөл­шер­де өніммен бірге шығады да, олардың орнын толтыратын мине­ралды тыңайтқыштар өндірістегі әр түрлі себептермен  аз мөлшерде ендіріледі. Ал органикалық тың­айт­қыштар болса қазіргі таңда малдың санына байланысты аз жиналады. Сондықтан тиімді құ­нарлылықтың орны толмай келеді. Егістіктен шыққан өнімнің саба­нын ұсақталған күйде жер бетінде қалдыру тәсілі және ғалымдардың топырақ құнарлылығын толық­тыру бағытындағы басқа да ұсы­ныстары, көбінесе назардан тыс­қары қалып жатады.

Қазіргі таңда жерді тиімсіз пайдалану салдарынан оның тұзда­нуы, сортаңдануы, ластануы, эро­зия мен дегумификацияға ұшы­рауы, шөл-шөлейтке айналуы кең көлемде көрініс беруде. Жоғары­дағы жиында Елбасының атап өт­кеніндей, пайдаланудан шығып қалған  жер көлемі біздің елімізде ондаған миллион гектарды құрай­ды. Бұл жерлерді қалай қалпына келтіруге болады?

Осы бір өзекті мәселемен біз­дің институттың топырақтану жә­не агрохимия саласындағы ғалым­дары шұғылдануда. Олардың суар­малы жерлердегі тұзды және қайта тұзданған, сортаңданған, мұнай мен мұнай өнімдері, химиялық жә­не радиоактивті элементтермен лас­танған алқаптарды қалпына кел­тіру, техногендік әсерлерден бүлін­ген жерлерді рекультивация жасау, егістік айналымынан шы­ғып қал­ған «тастанды»  жерлерді қайта қал­пына келтіре отырып, агроөн­дірістік тұрғыдан дұрыс пайдалану, жалпы, жер ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі іргелі және қолданбалы зерттеулері баршы­лық. Бұл зерттеулер бүгінгі күні мемлекеттік тапсырыс бойынша жүргізіліп келеді.

Қазіргі таңда Жетісу, Жамбыл, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан өңірлерінің топырақ жамылғы­сының қазіргі жағдайынан мәлімет беретін жаңа электронды топырақ карталары,  топырақтардың дег­радация және балл бонитет кар­талары жасалынды. Осы жаңа карталардың негізінде тиісті да­қылдарды егу және озық техно­логияларды қолдану арқылы топырақтың құнарлылығын сақ­тап қана қоймай, сонымен қатар олардан сапалы өнім алуға болаты айқындалды.

Сондай-ақ, суармалы жерлердегі қатты тұзданған сілтілі то­пырақтарды жаңа инновациялық технологияларды пайдалану ар­қылы  егістік айналымына енгізіп, сол жерден мол және сапалы өнім алуға болатындығы дәлел­денді. Деградацияға ұшыраған жерлерде наноагромелиоративтік әдістерді пайдалана отырып  топырақтың  құнарлылығы мен ауылшаруашылық  дақылдар­дың өнімін көбейтудің әдіс-тә­сілдері айқындалып, осыған сәй­кес бірқатар ұсыныстар жасалды.

Көп шығынды қажет етпейтін осындай озық технологиялар мен әдіс-тәсілдерді ауыл шаруашы­лығы өндірісіне енгізу үшін, әри­не, Үкіметтің қолдауы да қажет. Себебі, топырақтың құнар­лылы­ғын қарқынды жаңарту арқылы дақылдардың өнімін және сапа­сын арттыру үшін жермен жұ­мыс істеушілерді ынталандыра түсетіндей жеке бір бағдарла­маның болғандығы әбден орын­ды секілді.

Жоғарыда аталған форумда Елбасымыз биылғыдай қолайлы ауа райы жағдайы жылма-жыл бола бермейтіндігін айтып, егіншіліктегі озық технологияларды, аграрлық саладағы ғылымның жаңалықтары мен жетістіктерін жүйелі және кешенді түрде пайдалану қажеттігін тағы да еске салды. Осығын орай Елбасымыз Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «КазАгроИнновация» АҚ-на аграрлық ғылымды өнді­ріске жақындата түсуге ба­ғыт­талған ұсыныс әзірлеу жө­нін­де тия­нақты тапсырма да берді. Аграрлық саланың іске мүдделі барлық субьектілерін, соның ішін­де, ғылыми-зерттеу инсти­тут­­тары мен оның топырақтың құнарлылығын сақтауға ынталы ғалымдарын қатыстыра отырып, жан-жақты және кешенді әзір­ленетін бұл бағдарлама ауа райының қолайсыздығына қара­май ауыл шаруашылығының қар­қынды дамуына өзіндік бір негіз қалайтындығына сенім білдіреміз.

Абдулла САПАРОВ, Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының  бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР АШҒА академигі.