Өз ұстазы Феликс Премильскийдің өзі: «Сен Петрді жеңсең, мыналар мені түтіп жейді, бір сөзімді сыйла», деп жыларман болды. Суриковты осының алдында ғана 6:0 есебімен еңсерген Мұсабеков зар күйінде еді. Сол спартакиададан бұйырғаны – бесінші орын. Суриковқа жол бермегенде, бір медаль қолында еді. Қазақтың мойнындағы империя қамыты Амангелдідей азаматтардың да еркіндігін шектеген заман еді ғой.
Спортқа арнаған неше жылғы еңбегінің жемісін ол бапкерліктен көрді. Өзі жете алмаған биіктерге шәкірттері жетті. 1981-1987 жылдар аралығында Амангелді Мұсабеков баптаған ұландар Кеңес Одағын дүркіретіп, одан әрі әлем чемпионаттарында олжа салды. Сол тұста үш бірдей төл шәкірті – Амангелді Жапаров, Серік Алшынбаев және Мұрат Маяуызов Алаш жұртының боз кілемдегі намыс туын биік ұстады.
Серік Алшынбаев – 1982 жылы еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ баласы. Бұл, әрине, айтуға ғана оңай. Ол кезде әлемдік додадан гөрі, Кеңес Одағының чемпионатында топ жару қиын еді. Талай мықтыға сан соқтырған бала Серік 1981 жылы КСРО оқушылар спартакиадасында үшінші орынға табан тіресе, сол жылы бозбалалар арасында Одақ чемпионы атанды. Одақ чемпионы әлем біріншілігіне талассыз барса керек еді. Бірақ кеңестік құрамадағы ішкі тартыс тым қатты болатын, оның үстіне Мәскеудің қазақ балуандарына деген қырын қабағы бар. Амангелді Мұсабеков шәкіртінің алтын медалі әлем чемпионатына баруға кепіл бола алмайтынын жақсы түсінді. Үмітті күмән еңсерген күндердің бірі еді. Одақ құрамасының жаттығу жиыны барысында әлемге әйгілі маман Арменак Карапетян 60-қа толып, жастар құрамасын жасақтаушы «ығайлар мен сығайлар» дастарқан басына жиналды. Сол жиында 34 жастағы Амангелді гитарамен орыс романстарын тамылжыта шырқайды. Мұның өнері құраманың аға жаттықтырушысы Шәміл Неврединовтің әйеліне қатты ұнайды. «Сіз бай адам екенсіз!», дейді ол ыңғайы келгенде ризалығын білдіріп. «Егер бай болсам, шәкірттерім ендігі әлемдік жарыстарға барған болар еді», – дейді жас бапкер іштегі бұлқынысын жасыра алмай...
Құдай сәтін салып, Серік іріктеу белдесулерін жеңіп алды. Жолдамаға талас сонда да басыла қоймады. Неврединовтің бөлмесінен де ерлі-зайыптылардың шаң-шұң айқайы естілді. Ақыры не керек, әлем чемпионатына баратын балуандарды хабарлайтын кез де жетеді. «Шәміл Неврединов 52 килода Серік Алшынбаевты атап тұрып, маған сондай бір ызғармен оқты көзін қадап өтті, – дейді Амангелді Мұсабеков сол күнді еске алып. – Ал оның әйелі күрес залының арғы бетінен маған бас бармағын көрсетіп жымиып тұрды». Сөйткен Серік сенімді ақтап, әлем чемпионатынан алтын медальмен оралды. Осы Серікті Амангелді бапкер сонау 1978 жылы Қарқаралы өңіріндегі екі жүздей баланы күрестіріп, іріктегенде жалғыз өзін таңдап алып, Қарағандыдағы спорт мектеп-интернатына әкеліп орналастырған еді. Ұстаз бен шәкірт үшін нағыз сынақ осы жерден басталады. Дәрігерлер болашағынан үміт күттірген баланың жүрегінде туабітті ақауға қоса жамбас сүйегінен де кінәрат тауып, оған күресуге тыйым салды. Соған қарамастан, табанды бапкер дарынды жеткіншекті бір жыл бойы жеңіл жаттығулармен шыңдап, уақыт оза баптау процесін күрделендіре отырып, ақыры оны Кеңес Одағындағы маңдайалды балуандар қатарына қосты. Серіктің жүрегі бірнеше жылдан кейін қалпына келсе, жамбас сүйегіндегі дерті мазалауын қоймады. Талай жарыстардың шешуші тұстарында сыр беріп, амалсыз жеңілген кездері қаншама. Қайсар балуан мен қайратты бапкері сонда да жасыған жоқ: Серік 1984 жылы Кеңес Одағы құрамасының сапында жастар арасындағы Әлем кубогын жеңіп алса, 1986 жылы КСРО халықтарының спартакиадасында күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл – еркін күрестегі қазақ балуандарының тарихына алтын әріптермен жазылған зор жетістіктер. Ал 1987 жылғы КСРО чемпионатында Серік Алшынбаев төрешілердің көпе-көрінеу әділетсіздігі салдарынан төртінші орынды қанағат тұтты.
* * *
Аужекеңнің өзімен аттас шәкірті Амангелді Жапаров – еркін күрестен жастар арасында әлем чемпионы болған тұңғыш қазақ балуаны. Бұл биікке ол 1983 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында қол жеткізген болатын. Ал оған дейін, яғни 1981 жылы КСРО оқушылар спартакиадасының бас жүлдесін, Бүкілодақтық жасөспірімдер біріншілігінің күміс медалін жеңіп алды. 1983 жылы Кеңес Одағының жастар чемпионатында үшінші орынға табан тіреді. Сол жылы КСРО құрамасы сапына қабылданды. Сол кезде 52 кило салмақ дәрежесінде Одақтағы ең үздік балуанның бірі біздің Амангелді еді. Бірақ құраманың бапкерлер кеңесі Киевтегі әлем чемпионатына содан жарты жыл бұрын ғана ота жасатқан балуан Анатолий Белоглазовты қосып, ол қола медальға ғана қол жеткізе алды. Әйтсе де жаратылысынан қайсар, әрі мінезді жігіт келесі 1984 жылы КСРО құрамасының сапында Әлем кубогын жеңіп алды. Сөйтіп Амангелді Жапаров халқымыздың спорт тарихына еркін күрестен жастар арасында әлем чемпионы және ересектер арасында Әлем кубогының иегері атанған алғашқы қазақ балуаны ретінде тіркелді.
Амангелді ағамыздың үлкен үміт артқан тағы бір шәкірті – Мұрат Маяуызов. Талантты балуан 1987 жылы 62 кило салмақта «Динамо-1» спорт қоғамы құрамасының сапында КСРО кубогының жеңімпазы атанды. Ол 1984 жылы Алматыда өткен Одақ кубогы үшін сында да барлық қарсыластарынан басым түскен болатын. 1982-1984 жылдар аралығында КСРО жасөспірімдер және жастар чемпионаттарында бір күміс, екі қола медальға ие болды.
Иә, 1981-1987 жылдардағы қазақ еркін күресі балуандарының нәтижелеріне көз жүгіртсек, Амангелді Мұсабеков шәкірттерінің республика көлемінде озық болғанына көзіңіз жетеді. Ал еліміздің, одан әрі бүкіл Кеңес Одағының шегінен асып, әлемдік ауқымдағы бәсекелерде дара шығу қаншалықты қиын екені белгілі. Осының бәрі, бірінші кезекте, бапкерге байланысты. Егер ол терең ізденбесе, өз кәсібіне шынайы махаббатпен кіріспесе, шәкірттерін соңынан ерте алмаса, оларға дүниежүзілік жарыстың жүлдесі былай тұрсын, ел чемпионатында жеңіске жетудің өзі мұң болар еді.
Амангелді аға 1978-1984 жылдар аралығында шәкірттерімен бірге әуелі бүкілодақтық «Динамо» қоғамының құрамасында, кейін КСРО құрамасының сапында тер төкті.
Мақсатқа жету үшін талай құрбандыққа баруға тура келді. Қарағандыдағы Әлия Молдағұлова атындағы спорттық мектеп-интернатта бапкер болған кезінде сол интернат жатақханасында он жылдай тұрыпты. Пәтер алу туралы әңгіме қозғалғанда, «Әлем чемпионын дайындамай осы жерден кетпеймін», дейтін көрінеді. Жазғы каникул кезінде интернат автобусын сұрап алып, ауыл-аймақты аралайды екен. Сондағы іздейтіні – спортқа бейім бала. Шәкірт етіп алған балаларды өз перзентіндей бауырына басып, қажет кезде солардың ұстазы, дәрігері, психологы, диетологы, сырласы, алыс жолдағы қамқоршысы да бола білген. Сөйткен еңбегі ақталды. Талай жыл төккен маңдайтері алтын-күміске айналып, есімі қазақ спортының тарихында қалды. «Бұл күнде мектеп-интернатты ұзақ жыл басқарған Бақдәулет Үрбісінов деген ағамызды құрметпен еске аламын. Әрбір ісіме қолдау көрсетіп, қолтықтан демеп отырды. Нағыз спорттың жанашыры, ұлтын сүйген адал да асыл азамат еді», дейді бұл күнде бапкер аға тебірене.
* * *
Амангелді Мұсабеков жарты ғасырға жуық бапкерлік ғұмырында табыстың шыңына да шықты, тепкі мен теперішті де көріп бақты. Айналасында жүрген іші тар пенделер бұған ұлтшыл деп жала жауып, Мәскеуге арыз да домалатқан. Сол Мәскеуден екі рет комиссия ерінбей келіп, мұның ісін май шаммен қараған кездер де болды. Атаққа қызықпаған, мансапқа құмартпаған асыл текті қасиет бар еді бойында. Тіпті бір кездері Қарағанды облысы спортының басшысы қызметін ұсынғанда бас тартқан. Екі бірдей әлем чемпионын даярлағаны үшін «КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағын да алуы керек еді. Құжаттарын Мәскеу сұратып алса да, соны артынан қумады...
Заман алағай да бұлағай болған 90-жылдары бапкерлік қызметтен қол үзіп, кәсіпкерліктің де дәмін татты. Күрестен басқаны көрмеген шәкірттеріме де шарапаты тисе деген ниет қой, баяғы. Содан біраз жылды артқа салып, өзі талай уақыт тер төккен мектеп-интернатқа қайта оралғанында, сол кездегі басшылықтың қар жауған қабағына тап болды. Бұл жағдай бапкердің жанына қатты батып, жүрегіне жара салған еді. Қолды бір сілтеп, кете барған. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде сол кездері ел спортын басқарған Дәулет Тұрлыхановтан шақырту алды. Ұзамай Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорттық мектеп-интернатқа бапкер болып ораналасты. Екі жылдай тер төгіп, боз кілемді жағалаған талай бозөкпенің жүрегінде киелі күрес өнеріне деген құштарлық отын маздатты. Мектеп-интернаттың сол кездегі басшысы, белгілі спорт журналисі Қыдырбек Рысбек тарапынан қолдауды молынан көрді. «Қыдырбектің азаматтығы сондай, шәкірттерім Оралға жұмысқа шақырғанында менімен бірге сонау Батыс Қазақстанға барып, ондағы маған жасалған жағдайға көз жеткізгеннен кейін ғана кері қайтып еді», дейді Амангелді аға.
Оралда Амангелді Әбдішұлы 14 жылға жуық бапкерлік етті. Көбіне жас дарындарды күрес өнеріне баулып, жоғары жетістіктер спортына апарар даңғылға салды. Таяуда, қасиетті Орал топырағында ғұмырының жасампаз еңбекке толы қимас жылдарын қалдырып, Амангелді аға өзінің туған жеріне оралды. Қазір зайыбы, ұлағатты ұстаз Нұрбике Ахметжанова екеуі Қарағандының маңындағы Ақтас деген кентте тұрып жатыр. Екі ұл, бір қыздан жеті-сегіз немере сүйген.
Бүгінде Амангелді аға Мұсабеков ақсақал 70-ке келіп отыр. Қазаққа екі бірдей әлем чемпионын сыйлаған әйгілі бапкерді елге келді екен деп әзірге іздей қойған ешкім жоқ. Өзі талай жыл еңбек еткен спорт мектеп-интернаты, жалпы Қарағанды спортының басшылығы тым-тырыс. Кіндік қаны тамған Қарқаралысы да атағын айдай әлемге шығарған қыран тектес ұланының бір хабарын білсе артық болмас еді-ау. Жақсының қадіріне көзі тірісінде жеткеннен артық не бар?!
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы