Бұл бағдарлама халықтың өнімді іспен айналысып, табысын арттыруға жағдай туғызу мақсатында жүзеге асырыла бастаған-ды. Аталмыш бағдарлама бағыттарының бірі – микро және шағын бизнеске несие беру. Осы мақсатта ісін жаңа бастаған және бизнесі бар кәсіпкерлерді, жұмыссыздар мен кәсіпкерлікке бейімі бар өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды қаржыландыру көзделген.
Бағдарламаның жаңа редакциясында ісін жаңа бастаған және бизнесі бар кәсіпкерлер жинайтын құжаттар қатарына өзгеріс енді. Бұған дейін несие немесе микронесие алу үшін ісін жаңа бастаған кәсіпкер «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің тексеруінен өтіп, Халықты жұмыспен қамту орталығынан жолдама алып, ол құжатты бизнес-жоспарымен бірге өткізу керек еді. Жаңа өзгерістер бойынша, бизнесі бар кәсіпкерлер үшін бұл жолдаманың қажеті жоқ. Ал ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін құжатты күту мерзімі нақтыланып, 2 жұмыс күнін құрады.
Бағдарлама талаптары бойынша бұған дейін бұл жолдаманың дайын болу мерзімі белгісіз болып, өз ісін ашпақ болған жандар қаржыны ұзақ күтетін.
Тұрғын-жай алуға, салуға және жер телімдерін сатып алуға микронесие беруге тыйым салатын талап та өзгерді. Енді бағдарламаға енген түзетудің арқасында кәсіпкерлер несие қаражатына тұрғын-жай сатып алып, 12 ай ішінде мақсатына сәйкес қайта ресімдей алады.
Сондай-ақ бағдарламаға бұған дейін ұсақ бизнес ашқан немесе оны кеңейтуге микронесие алған кәсіпкерлерге қатысты қосымша талаптар да енгізілді. Енді кәсіпкерлер жергілікті атқарушы органдар қаражатынан жол, кәріз жүйелері, жылу, су, газбен қамтамасыз ету, телефон және электр желілері секілді инфрақұрылым жүйелерін жүргізе алады. Мұнымен қатар екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарына салынған қаражатты игеру мерзімі де 12 айдан 6 айға дейін қысқарды.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына 2018 жылы 10 млрд теңге жұмсалады деп жоспарланып отыр. Бағдарламаға жұмыссыздар, өзін-өзі асыраушылармен қатар ісін жаңа бастаған және бизнесі бар кәсіпкерлер де қатыса алады. Бір адамға 8000 АЕК көлемінде қаржы жылына 6 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен беріледі. Сондай-ақ кепілзаты жетпеген кәсіпкерлер бағдарлама аясында «Даму» қорының кепілдемесін де ала алады. Ол бойынша стартаптарға несие сомасының 85 пайызына дейін, басқа жобаларға 50 пайызға дейін кепілдік беріледі.
Қазіргі кезде жалпы сомасы 6,6 млрд теңге несие алған кәсіпкерлер саны 593-ке жетті.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ