Орталық Азия елдеріндегі су тапшылығы алдағы 20-25 жылда өткір және ең басты проблемаға айналуы мүмкін. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Қазақстан шет мемлекеттерден келетін өзен суларына тәуелді, яғни ауыл шаруашылығына қажетті ағын судың 42 пайызы көрші мемлекеттерден келеді. Тек Орталық Азия мемлекеттеріндегі халық саны бүгінде 70 миллионға жетті. Олардың өмір сүру көзі суармалы жерлерден алынатын өнімге тікелей байланысты. Алдағы кезде халық саны өспей тұрмайтыны тағы белгілі. Табиғи су қорлары кемімесе, көбеймегенін дәлелдеп отырудың қажеті жоқ. Бір ғана мысал, Сырдария су бассейнінің соңғы жылдардағы орташа жылдық су қоры – 37 млрд текше метр. Бұл көрсеткіш өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары 50 млрд болғанын айтудың өзі жеткілікті. Әсіресе суармалы суға қажеттілігі көрші мемлекеттерге 90 пайыздан астамға тәуелді, бір миллионға жуық халық тұратын Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара, Қазығұрт, Сарыағаш, Мақтаарал аудандары диқандарының келешегін ойластыра жаңғақтектестерді көбейту сұранып тұрған мәселе сияқты.
Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы айналымына қосылмай, бос жатқан жерлер өте көп. Оның басым көпшілігі шөл-шөлейтті жерлер. Дүниежүзілік банк сарапшылары Қазақстанда іске қосылмай, пайдаланылмай жатқан жер резерві мол екенін атап өткен. Осы жерлерді суды аз қажет ететін жемістер түрлерімен толтыру ауыл шаруашылығын дамыту саясатының басты бағыттарының бірі болуы тиіс деп есептеймін. Көрші Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттері жаңғақтектестерді дамыту жөнінде тиісті қаулылар қабылдап, қызу жұмыстар жүргізуде. Өзбек елінде осы саланы дамыту мақсатында мемлекеттен үлкен қаржы бөлініп, жаңғақтектес жеміс ағаштарының көшеттерін өндіру, оған қажетті биозертханалар кешенін, жылыжайлар салу бойынша жоспарлы жұмыс істеліп жатқанына куә болғанбыз. Қырғызстанда да 2013 жылдан бері екі бірдей ғылыми-зерттеу институты осы бағытта жұмыс жүргізуде. Жаңғақтектес ағаштардың тарихи шығу отанына жақын орналасуымыз өңіріміздің оларды өсіруге қолайлылығы бізге де ой салуы керек. Бүгінде жаңғақтың әлемге таралғаны соншалық, Оңтүстік Америка елдерінен бастап, Норвегияда да грек жаңғағы өнім беруде.
Грек жаңғағы, тау пістелерінің отаны Кіші, Орта Азия мемлекеттері екендігі жөнінде мәліметтер академик А.Озола, Н.Вавилов еңбектерінде бар. Олар жаңғақтың отаны Кіші, Орта Азия елдері, Иран, Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Закавказье дей келе, Тянь-Шань, Гималай тауларын тілге тиек етеді. Орта Азия елдерінде жаңғақтың жабайы түрлері де көп кездеседі. Қырғызстанда жалпы жаңғақ тектес жеміс орманы 721 000 га жерді алып жатса, соның ішіндегі грек жаңғағы – 40600 га, тау пістесі 36400 га , бадам – 5439 га жерде өсіп, өнім беруде. Бұл – жаңғақтектестер әлемдегі жабайы түрде өсіп тұрған ең үлкен алқаптар. Ол жерде 140 жыл, 400 жыл жасап өсіп тұрған грек жаңғақтарын көрдік. Ал Өзбекстанда 1000 жылдық тау пістелері бар екен. Көршілерімізбен таулы-қырат алқаптары, табиғат пен климаттық ұқсастығымыз бізде де жаңғақтектестерді өсіруге болатынын меңзейтін сияқты.
Әлемде жаңғақтектес ағаштарды өсіруге баса назар аударылуының себебі қарапайым. Жаңғақ ормандарын өсіру көп шығынды талап етпейді. Ол таулы, шөлейтті жерлерде өсе береді. Жемісі денсаулыққа аса пайдалы. Ақуызға өте бай. Жемісінің құрамында 62-75 пайыз май, 12-25 пайыз ақуыз, 2-25 пайыз көмірсу, минералды заттар мен А, В, С, Е, Р витаминдері, 35-47 пайыз аминқышқылдары бар.
Кейбір елдерде ауласында грек жаңғағы бар отбасы бай деп саналады екен, себебі екі-үш түп ағаштың жемісі отбасын асырауға жетеді екен.
Ертедегі гректер жаңғақ адамның физикалық күшін ғана емес, ой өрісін де дамытатынын білсе, тарихшы Геродоттың жазуынша, ескі Вавилон билеушілері қарапайым адамдарға жаңғақ жеуге рұқсат бермеген. Олар езгідегі адамдардың ой-өрісі, физикалық күші артып кетуінен қорыққан.
Экономикалық тиімділігіне келсек, бір тонна грек жаңғағын өндіру дәл сол көлемде бидай, жүзім өндіруден арзанға түседі. Он түп грек жаңғағы 1 га жерге егілген пістенің майын береді. Бір кило бидайда 2200 калорий болса, бұл көрсеткіш грек жаңғағында 8400-ді құрайды. Ол аса қолайсыз жер, климаттық жағдайларда да өсе береді. Бұл табиғаттың адамға берген үлкен сыйы, өсімдік әлеміндегі теңдесі жоқ жеміс болып есептеледі. Жаңғақ дәнегін «нағыз зүбәржат» деп бекерге атамаса керек. Оның 100 грамының құнары ара балынан 2,5 есе, тауық етінен 4,5 есе, балықтан 7-8 есе, сиыр сүті мен картоптан 10 есе артық. Кейбір халықтар грек жаңғағын тоқшылықтың, ұзақ өмір сүрудің символы деп санайды.
Жаңғақтың дәнегі, сүйегі, қабығы, ағашының қабығы, жапырақтары, тамыры, діңі толығымен кәдеге асатындықтан, оны «ағаш комбинаты» деп атайды. Жапырағы ауаның қышқылдылығын азайтып, бензин ацетиленнен тазалайды. Э.Циолковский жаңғақты «келешек ағашы» десе, И.Мичурин оны «келешектің наны» деп дәріптеуі тегін болмаса керек.
Гарвард университетіндегі зерттеулер нәтижесі жаңғақты тұрақты пайдаланатын адамның өмірі 20 пайызға ұзаратынын анықтаған. Жүрек-қан тамырлары, сусамыр, онкологиялық дерттерге шалдығуын 28 пайызға кемітетінін көрсеткен. Физикалық тұрғыдан шаршап-шалдыққанда, салмақ жоғалтқанда, балалардың дамуына жаңғақ дәнегі өте пайдалы.
Біздің есептеуімізше Қазақстан халқы жылына кемінде 64800 тонна жаңғақ пайдалануы қажет. Ол үшін елімізде 500000 га жаңғақ алқабы болуы керек. Ондай мүмкіндік бізде бар.
Тау пістесі (фисташка) жайлы да осыны айтуға болады. Орталық Азияны тау пістесінің отаны деп атаған. Тау беткейлерінде, қиялы жерлерде жабайы түрлері өседі. Ол жерлерді азаматтардың экологиялық талаптарды ескермей, отын, мал жайылымы ретінде, ретсіз пайдалануы тау пісте аумақтарының көбеюін шектеп, олардың сиреп бара жатқаны қынжылтады. Ыстыққа өте шыдамды, құрғақшылықты көтеретін әлемдегі бірден-бір жеміс ағашы осы тау пістесі мен бадам. Жылдық жауын-шашын мөлшері 140 мм-ден аспайтын, жазғы ауа температурасы +40° градустан төмен болмайтын Түрікменстанның Қарақұм шөлінде өсіп, жеміс беруі осы сөзімізге дәлел болады. Жаңғақтектестер терең тамыр тастау көлемінің кеңдігімен тау беткейлеріндегі ормандардың агромелиоративтік, экологиялық жағдайларын жақсартады. Құздар, өзен, көл жағалауларын эрозиядан сақтайды. Олар топырақ құнары өте төмен жерлерде де өсе береді.
Қытай, АҚШ, Иран, Түркия, Италия, Франция, Германия елдері жаңғақты өнеркәсіптік маңызы бар салаға айналдырып, оны табыстың үлкен көзіне айналдырған. Ауыл шаруашылығының жаңа салаларын дамытуға үлкен көңіл бөліп жүрген елімізде жаңғақтектес ағаштар өсіру қоғамдастығының төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері С.Терещенконың бастамасымен «Жаңғақ-2050» кешенді жоспары жасалуда. Бұл бастама ауыл шаруашылығында керемет табыс көзін ашарына күмән жоқ. Бұған тек мемлекеттің қолдауы керек. Себебі жаңғақтектестерді өсіруге мемлекеттік көзқарасты өзгертпей, саусақпен санарлық энтузиастардың күшімен бұл саланы дамытуда үлкен нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес.
Сонымен бірге бұл жұмысты ғылыми негізде жүргізудің маңызы өте жоғары. Ең алдымен, ел аумағында өсіп жатқан жаңғақтектес жемістердің генофондына қандай түрлері өсетінін, олардың сапалық, сорттық құрамын, қай аумақта қандай жемістерді өсіруге болатынын анықтап, кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Ол үшін арнайы питомниктерді, биозертханаларды көбейту талап етіледі. Өкінішке қарай, елімізде осындай мақсатта жұмыс істейтін биозертханалар жоқ. Қолда бары басқа бағыттарға лайықталған. Қаржылық жағдайлары нашар. Питомниктеріміз жаңғақтектес ағаштардың көшеттерін өндіруге мамандандырылмаған, аналық бауларымыз аз.
Жоғарыда Орталық Азия жаңғақтектес ағаштардың отаны дедік. Енді олардың Қазақстанның қай жерлерінде өсетініне біздің және «Ботаника институты мен фитоинтродукция» РММ ғалымдарымен зерттеулерімізге қысқаша шолу жасайық.
Алматы облысында грек жаңғағы мен жер жаңғағы өссе, Жамбыл облысында грек жаңғағы, тау пістесі, Оңтүстік Қазақстан облысында тау пістесі, грек жаңғағы, бадам, пекан жаңғағының көптеген түрлері үйіргелік жер телімдерінде өсірілуде. Негізінен жабайы түрде тау беткейлерінде өсіп тұр. Түлкібас ауданының аумағында тау пістесінің – 5, бадамның – 24, грек жаңғағының оншақты түрі бар. Сондай-ақ Қазығұрт, Сайрам, Төле би, Сарыағаш аудандарынан да бұл жемістердің жүздеген түрлері табылды. Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында тау пістесінің 515 га жерінде 54750 данаға жуық тау пісте ағашының жабайы түрлері өсіп тұр. Бұлардың арасында жоғары сапалы, ішкі ядросының мөлшері 50-65 пайыз болатын жоғары жаңғақ тектестер де кездеседі. Олардың жастары 25-70 жыл арасында. Одан да ұзақ уақыт өсіп тұрған ағаштар бар.
Шымкент қаласы маңындағы Бадам орман шаруашылығының 3 га жерінде жабайы тау пістесі өсіп тұр. Олар теңіз деңгейінен 600 метр биіктікте қажетті агротехникалық жұмыстарсыз, суарусыз өнім беруде. Ағаштардың биіктігі 4-5 метр, бұтақ жаю диаметрі 7-9 метр, жас шамалары 50-60 жасқа жуық.
Осындай алқаптарды толық қоршап, мүмкіндігінше көбейтіп, деградацияға ұшырау үдерісін тоқтатып, арнайы мамандандырылған питомниктер, лабораториялар құрып, ғылыми негізде жұмыс жүргізілсе, жаңғақтектес ағаштар жемісін өнеркәсіптік тұрғыда табыс көзіне айналдыруға әбден болады.
Біздің «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС-де осы бағытта біршама жұмыстар атқарылды. 2017 жылы Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Молдова, Ресей ғалымдарының қатысуымен семинар өткізілді. Ғалымдар біздегі жаңғақтектес ағаштардың көшеттерін түсіндіру, өсіру технологияларымен танысып, өз тәжірибелері мен ұсыныстарын ортаға салды. Сол елдердің өсімдіктерді өсіру, қорғау ғылыми орталықтарымен тығыз байланыста жұмыс істеуге келісім жасалды.
Біздің зерттеулеріміз бойынша, аталмыш жеміс ағаштарын Қазақстанның теңіз деңгейінен 400 -1300 метр биік жерлерінде, оңтүстіктен солтүстікке қарай географиялық солтүстік ендіктің 41°14′ градусынан бастап, 44°15 ′ градусы аралығында, батыстан шығысқа қарай 69°10′- 79°45 ′ градус аралығында батыстық бойлық бойларында миллионға жуық гектар жерге өндірістік негізде өсіруге мүмкіндік бар. Грек жаңғағы, бадам, пекан, тау пістелерінің өсу аймақтарын зерделей келе, оларды үйіргелік жерлерде ғана емес, өнеркәсіптік бау түріндегі плантациялар сияқты егіп өсіруге болатынына көз жеткіздік. Бұл үшін еліміздің оңтүстік өңіріндегі тау беткейлері, үстіртті, шөлейтті жерлер жеткілікті. Осы мәселеге мемлекеттік деңгейде назар аударылса дейміз.
Танабай ШЫНТАСОВ,
«Сарыағаш жер сыйы»
ЖШС директоры