Қазақстан • 02 Наурыз, 2018

Күләш Шәмшидинова - қазақтың қайраткер қызы

1927 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Мен Күләш Ноғатайқызымен танысуым 1999 жылдың басында оқушылардың қысқы демалыс кезінде болған. 

 Күләш Шәмшидинова - қазақтың қайраткер қызы

Талдықорған қаласында Алматы облыстық пән олимпиадасы өтетін болды. Сол жылы қыс өте аязды еді. Аудандардан қатысушылар аман-есен жетсе екен деп мазасызданып отырғанда Бақанас ауданының көлігі 50 шақырым жер­де тұрып қалыпты деген хабар алдық. Енді қайтсек екен деп қи­налып тұрғанда қала әкімі­нің орын­басары Күләш Ноғатайқызы басшылық қыз­мет­­тегі азаматтардың жеңіл кө­­лігін жинап, автоинспекция жі­­гіттеріне тапсырма беріп, ба­ла­­ларды аман-есен қалаға жет­­кізуге көмектескені бар. Ма­ған бұл кісінің дұрыс шешім қа­был­дап, тез ұйымдастырғаны, Олим­пи­адаға қатысушыларды орналастыру, олардың уақытымен тамақтануы, т.б. шаралардың бә­рінің еш кінаратсыз өтуі өте ұнады. Іскерлігі мен ұйым­дас­ты­ру қабілетіне риза болып, өз ор­тасында абыройлы екеніне көзім жетті.

Үш жылдан соң Елбасының қолдауымен республиканың бі­лім саласына басшы болып кел­генімде, Күләш Ноғатайқызы министрдің орта мектеп бойын­ша орынбасары қызметіне кел­ді. Ол қазіргі әл-Фараби уни­вер­ситетін бітірген соң мектеп­те химия пәнінің мұғалімі, бір­не­ше жыл комсомол, партия жұ­мы­сында болған Ескелді ау­дан­дық комсомол комитетінің хат­шысы, Гвардия ауданында бірінші хатшы, облыстық комсомол комитетінің хатшысы, облыстық партия комитетінде нұсқаушы, артынан Талдықорған қалалық партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарған. Тәуелсіздік жылдарында мектеп директоры, 

5 жылға жуық Талдықорған қалалық әкімінің орынбасары қызметінде болған. Әртүрлі басшылық қызметте ысылған адамның 20 жылдық іс тәжірибесі, әрине аз емес... Оны Күләш Ноғатайқызы жаңа жұ­мысқа келе салысымен-ақ дә­лелдеді. 2002 жылы жаңа Үкі­меттің алғашқы отырысына ауыл мектебі жайлы мәселе қойы­лды да, бізге екі апта ішін­де барлық материалды дайындау тапсырылды. Күләш Ноғатайқызы басқарған жұмыс тобы ауыл мектебінің әлеуеті туралы барлық қажетті деректер дайындап үлгерді. Шынымен ауыл мектебінің халі өте мүшкіл екен. Әр екінші мектеп арнайы салынған типті ғимаратта емес, оның бәрі күрделі жөндеуге зәру. 128 мектеп құлаудың алдында тұр. Әр үшінші мектепте пәндік кабинеттер жоқ, әр екінші мектепте спортзал, асхана атымен жоқ. 492 кішігірім елді мекендерде мектеп жоқ, 50 мыңға жуық бала көрші ауылға қатынап оқиды, 300-ден аса мектептер әр сынып бөлмесін пеш арқылы жылытып отыр. Оның балалар денсаулығының нашарлауына әсері бары айтпаса да түсінікті. Бұл жұмысымыз нәтижесіз болмады. Біріншіден, халық жақсы қабылдады. Екіншіден, ауыл мектебі республикалық бюджет есе­бінен ешуақытта салынбайтын. Бұл тәртіп өзгерді. Осы оты­рыстан соң бізге арнайы бағ­­дар­­лама дайындау тапсырылды. 2002 жылдың 24 сәуірінде Үкі­мет қаулысымен үш жылдық «Ауыл мектебі бағдарламасы» қабылданды. Осы бағдарлама аясында 3 жылда 133 мектеп салынып, көп мектептер күр­де­лі жөндеуден өтті. Кейін Ел­ба­сы­ның тапсырмасымен «100 мектеп» бағдарламасы іске қосылды. Тәуелсіздік жылдарында 1000-ға жуық мектеп салынып, оның көбісі қазақ мектебі болып ашылды. Бұл қуанышты жағдай емес пе!

Министрлікте жүргенде бізге дейін басталып, аяқталмай қал­ған бір шаруаға жан бітіру керек болды. Балаларға сыйлық ретінде Кеңес заманындағы бү­кіл­одақтық «Артек» сияқты бір лагерь салу керек деген Пре­зиденттің тапсырмасы бар екен. Құрылысы басталған, бі­рақ әртүрлі себептермен доғ­а-
рып қойған. Алғашында құры­лыс­шыларды тауып сөйлесудің өзі оңай болған жоқ. Бұл ны­сан­ның құрылысы сәуір айында жалғасып, Тәуелсіздік мерекесіне орай ашылды. Содан бері жыл бойы «Балдәурен» лагері балалар игілігіне қызмет етуде. Мұнда Күләштың еңбегі барын айту керек. 
Ал Күләш Ноғатайқызының «Бөбек» ұлттық ғылыми-прак­ти­калық оқу-сауықтыру орта­лы­ғының бас директорының қызметіне ауысқаны бар. Екі жыл­дан соң министрдің орынбасары қызметіне қайта оралды. Осы қызметінен Назарбаев зияткерлік мектебінің басшысы, кейін, дарынды балалармен жұмыс ұйымдастырумен айналысатын Дербес білім беру ұйымы­ның төрайымы болды. Бұл өте жаңа бастама, әрі жауапкершілігі өте жоғары тапсырма. Дарынды болу әркімге бұйыра бермейтін нәзік қазына. Олай дейтініміз ерекше қабілет ашылмай қалуы да мүмкін. Оған қажетті жағдай жасалуы, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері керек. 

Елбасы ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында-ақ дарынды, ерекше қабілеті бар балаларға көңіл бөле бастағанының біз куә­сіміз. 1996 жылғы 24 мамырда №3002 «Дарынды балаларға ар­налған мектептерді дамыту және мемлекеттік қолдау көр­се­ту туралы» Қаулысы қабыл­да­нып, артынша дарынды бала­лармен кездесуін өткіздік. Ал 1998 жылы 24 наурыздағы үкі­меттің №256 қаулысымен «Дарын» республикалық ғылыми- практикалық орталығы құрылды. Осының бәрі «Назарбаев зият­керлік мектептері» және «Назарбаев Университеті» білім беру­дің жаңа ұлттық моделін құ­ру, осы арқылы интеллектуал­ды элита қалыптастырудың ло­ги­калық жалғасы деуге болады.

Бұл мектептерде білім беру бағдарламалары мен ғылыми- жо­баларды жүйелі атқару, қа­зір­гі заманғы басқару нысан­да­рын енгізу, академиялық еркіндік пен дербестік дамыту үшін 2011 жылы «Назарбаев Университеті», «Назарбаев зият­кер­лік мектептері» және «Назар­ба­ев қоры» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Атап айтқанда, білім беретін бағдарламаларды дер­бес бекітуге, емтихан талаптарын белгілеуге, үлгерімділікті баға­лауға, аралық және қоры­тынды аттестациялауға, мол мүмкіндікке жол ашылды.

Қазір елде 20 «Назарбаев зияткерлік мектептері» ашылған. Мұнда бүгін 14745 бала оқиды. Оның 90 пайызы қазақ балалары. Мектепке конкурстық жүйемен 7 сыныпқа қабылдайды. Біздің мамандар шетелдік әріптестерімен, мәселен, Голландиядағы педа­го­гикалық өлшемдер институты, Американың Джонс Хопкинс атындағы университеттің дарынды жастар орталығының тәжі­рибесін және өз ерекше­лік­терімізді ескере отырып да­рынды балаларды іріктеу жүйе­сін жасапты. Бұл мектептерде білім берудің екі моделі іске асырылады. Біріншісі – жаратылыстану-математика ба­ғы­­тындағы эксперименттік кі­рік­тірілген бағдарлама. Екін­ші моделі Халықаралық бакалаври­ат ұйымдарының қағидат­та­ры­­на сәйкес жасалған. Астана қа­­ласындағы Назарбаев зият­ке­р­­лік мектебі сол Халық­ара­лық ба­калавриаттық дип­ломдық бағ­­дарламасынан авторизациядан өтті. 

Бұл жаңа бастаманы іске асы­ру барысында дамыған мем­­ле­­кеттердің білім саласында жет­кен жетістіктерін білу, олар­дың іс-тәжірибесімен танысу қажеттілігі туындауы заңды. Ол үшін шетелдік әріптестерімен тиімді қарым-қатынас орнату керек, бірақ ол оңай емес, әрине. Ең алдымен Кембридж уни­верситетімен стратегиялық әріптестік құруды мақсат етті. Себебі бұл университет дамыған елдердің орта білім жүйесін қалт жібермей тиянақты әрі тұрақты зерттеп отырады. Орта мектепті реформалау проблемаларымен айналысатын бірден-бір ғылыми мекеме екенін бәріне мойындатқан. Ол 160 мем­ле­кеттің білім саласымен, әлемге белг­ілі эксперттерімен байланыста. Біздегі алғашқы зияткерлік мектебі құрылғанына бір жыл толған соң, 700 жылдық тарихы бар университетке барып, Қазақстан білімінің келешегіне сендіріп, бірге жұмыс істеуге келісімін алу ерлікпен пара-пар. Осындай әріптестік Швейцария, Люксембург, Сингапур сияқты елдермен де орнатылған. Олар келіп, осы мектептердің ұстаз­да­рымен бірге сабақ өткізіп, өз­де­ріне де шақырып тұрады. Ха­лық­аралық конференцияларға қатысып жүреді. Сол конфе­рен­циялардың бірінде шетелдік әріп­тестеріміздің сөзінен, іс-қи­мыл әрекетінен «біз бұларға үйре­туге келдік» деген мінез бай­қалмады, керісінше, іс-тә­жі­рибесімен бөлісіп, біздің әдет-ғұрпымызды, ұлттық ұста­ным­дарымызды сыйлайтынын көрсетіп, халқымызға тән пе­да­гогикалық мәдениетіміздің ұтым­ды тұсын айтып жатты. Мен біздің ұстаздарға өз ұлты­ның құндылықтарын көрсете біл­ге­ніне, өздерін сыйлата алғанына риза болдым. 

Елбасы 2009 жылы Астана­да­ғы мектептің ашылу салтанатынан кейін бұл мектептерде ерекше дарыны бар, қарым-қабілеті жоғары балалар оқуы керек екенін тағы да ескертіп: «оларды қабылдау кезінде тек әділдік үстем болсын» депті. Күләш Но­ғатайқызы осыны әркез есі­не алып отырады. Бұл талап ор­ын­далып жатыр. Мәселен, Алма­тыдағы химия-биология бағытындағы мектептің 883 оқушысының 130-ның тек анасы бар, 110 бала көп балалы отбасыдан, 100-ден аса бала ауылдан келген, аз қамтылған отбасылардан, ата-анасы мүгедек, немесе жақындарының қамқорында жүргендер де жоқ емес. 

2014 жылдан бері біздің бұл мектептеріміз сапалы білім беріліп жатқанын растайтын ха­лық­аралық аккредитациядан өтіп жатыр. Осы мерзімде бұл мектептерге жүзден аса халық­ара­лық сарапшы келген екен. Қазір он мектеп бұл сыннан өткен. Қал­ғандары алдағы екі жылда өтуі тиіс. 

Соңғы жылдары мектеп бі­тір­­ген 5560 түлектің бәрі дер­лік жоғары оқу орындарында оқуын жалғастыруда, 21,3%-ы Назарбаев Университетінде, яғни әр бесіншісі, шетел универ­си­тет­терінде 11,2%, яғни әр оныншысы, ал 67,4% -ы өзіміздің жетекші жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Бұл мектептердің сапалы білім беріп жатқанының тағы бір көрсеткіші Назарбаев Университетіне және шетелдік университетке барғандарға бір жылдық тіл үйрену қажеттілігі жоқ, олар бірден негізгі курстардан бастай береді. 

Бұл мектептерде ұлттық тәр­бие­ге мән берілген. Айталық Қазақ хандығының 500 жылды­ғы­­на байланысты «Туған елге тағ­зым» өлкетану-зерттеу экспе­дициясы ұйымдастырылған екен. Қызылорда, Өскемен, Атырау, Талдықорған, Шымкент қа­ла­ларындағы зияткерлік мек­тептердің оқушылары Жошы хан, Алаша хан, Тоқтамыс, Едіге батырлар жүріп өткен қасиетті Ұлытау жеріне барған. Семей, Ақтөбе, Көкшетау мектептерінің оқушылары Сауран, Сығанақ өңі­рінде зерттеу жұмыстарын жүр­гізген. Ал астаналықтар «Тараз – ғасырлар куәсі» бағы­ты­мен арғы ғасырлардан бері сақ­талған ескерткіштермен та­нысып, «Тараз өңіріндегі мә­дени мұралар», «Әдет-ғұрып, салт дәстүрлердің аймақтық ерек­шеліктері», «Жамбыл обл­ы­сының жер-су аттарының та­ри­хы», «Құсбегілік – ұлттық өнер» тақырыптарына зерттеу жо­­баларын жазыпты. Жалпы осындай экспедиция барысын­да оқушылар 152 тарихи, геог­рафиялық, индустриялық, мә­дени нысандармен танысып, тақырыптық зерттеулер жүр­гіз­ген, 15 нысанда далалық зерттеу жұмыстары жасалған.

Бірнеше жылдан бері зият­кер­лік мектептер Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» кино­сту­диясы және Президент те­ле­радиокешені дайындаған қазақ тарихына арналған 100 фи­льм топтамасын алып, оны оқу процесінде пайдаланып жүр. Көңілге қонымды және бүгінгі өзекті мәселенің бірі «100 кітап жобасы», оның алпысы-қазақ әдебиеті классиктерінің шы­ғар­­малары. Барлық мектепте күнде 20 минут әдеби кітап оқу жақсы дәстүрге айналған. «Қоғамға қызмет ету» жобасы дұрыс ойластырылған. Балалар же­тімдер үйіне, қарттар үйіне барып тұрады. «2 апта – ауылда» жобасы арқылы ауыл өмірімен танысады. Жалпы, бұл мектептер­де осы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Оған дәлел олардың жазған шығармалары, жа­саған видеофильмдері. Әри­не, бұл шаруаның басында Кү­ләш Ноғатайқызы тұр. Оның ұстаздарға жиі айтатын «Тіліміз бен ділімізді, салт-дәстүрімізді сақтау бізге ата-бабамыздан бе­рілген аманат. Оны келесі ұр­пақ­қа жеткізуіміз керек», дегені жай сөз емес екен ғой дейсің. 

Бұл мектептерге ер адамдар, магистратура бітірген жастар, шет­елде «Болашақ» бағдар­ла­масымен оқығандар келе бас­тады. Мәселен, Алматыдағы хи­мия-биология бағытындағы зияткерлік мектебінде қазір 146 педагог еңбек етуде. Оның жартысына жуығы ер адамдар, бес жылға дейінгі еңбек өтілі бар жастардың саны 29, оны жартысы жас жігіттер. Ұстаз мәртебесі туралы заң қабылданып, олардың әлеуметтік жағдайы жақсарса, басқа мектептерге де білімді жастар, жалпы білікті мамандар, сөз жоқ, көбірек келер еді. 

Елбасының: «Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мек­тептерді Назарбаев зият­кер­лік мектептеріндегі оқыту дең­гейіне жеткізу керек» – де­ген сөзі бар. Осы тапсырманы орындау мақсатында Кү­ләш Ноғатайқызы кей облыс әкім­дерімен меморандумға қол қой­ыпты. Алдағы уақытта жалпы білім беретін мектептердің материалық базасы, оларды бі­лік­ті педагог-кадрлармен қам­та­масыз ету жаңа сапаға көшеді деген үміт бар. Ал ДББҰ-ның Кэмбридж университетімен бір­лесіп әзірлеген республи­ка педа­гог кадрларының білік­ті­лігін арт­тырудың деңгейлі бағ­дар­ла­малары негізінде жалпы орта білім саласындағы қосымша дайындықтан өткізуі құптарлық жағдай. Себебі өмірімізге көп жа­ңалықтар толассыз келіп жат­қанда оқу процесінің жаңа әдіс-тәсілдері керек-ақ. Осыдан бір ғасыр бұрын алғашқы «Пси­хология» оқулығының авторы Жүсіпбек Аймауытовтың: «Мұ­ғалімнің айналысатыны үне­мі қозғалып, өзгеріп, өсетін, өркендейтін тірі адам (тұлға) болғандықтан, біркелкі әдіске табан тіреп шектеліп қалуға болмайды. Сабақ беру үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жа­ңа­дан жаңаны табатын өнер» де­­гені әлі де өз өзектілігін жой­ған жоқ. 

Осыдан екі ғасыр бұрын қазақ жерінде бірлі-жарым ашылған мектептер «начальная школа для инородцев», «русско-киргизские», «ауыльные», «старшинские», «участковые» деп аталған екен. Байқасаңыздар, өз жерінде отырған жергілікті халықтың аты мүлдем аталмайды. Бүгін қазақ жерінде ел Тәуелсіздігінің арқасында қазақ мектептерінің саны көбейіп, ұлттың болашақ зияткерлік қорын баптап отыр­ған Назарбаев зияткерлік мек­тептерінің дүниежүзілік бі­лім кеңістігіне белгілі бола бас­тағанына мен ұстаз ретінде қуанамын. Осы өрелі істерде қазақтың қайраткер қызы К.Шамшидинова ханым және жал­пы ұстаздар қауымының қо­мақты үлесі бар. 

Қазақта тектілік деген ұғым бар. Ол аттестатпен немесе университет дипломымен бірге тапсырылмайды. Ол атаның қанымен, ананың сүтімен берілетін қасиет шығар. Сол тектілік Күләшта бар. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу оның болмысына тән. Ренжісе де ешкімнің артынан шам алып түспейді. Басқаның жақсы ісіне қуанады. Жұмысты талап ете біледі. Көңіліне жақпаса, намысына тимей тура сөйлей алатын ірі­лігі де бар. Бірақ ешкімнің со­ңы­нан сөз жүгіртпейді. Жал­пы сөз қадірін түсінеді. Мүм­кін анадан келген қасиет шығар. Жас кезінде анасының: «Үлкендердің сөзін тыңда, артынан ойлан, сол сөздерді түсінуге тырыс. Тек үлкендердің сөзін бөлме, бұл әдепсіздік болады» – дегенін еске алып отырады. Күләш Ноғатайқызы – істің адамы. Сондықтан қай қызметте жүрсе де, жақсы із қалдырады. Біз де соны көрсетуге тырыстық. Сонымен негізінен өзінің еңбегімен елге танылған қазақтың қайраткер қызының бүгінгі жеткен биігі, тағылымы мол дара жолының жастар үшін берері аз емес. Бақытын халқына қызмет етуден табатын бүгінгі кейіпкеріміз – Күләш Ноғайтайқызына сол бақыты баянды болсын, еңбегінің ізгілігін көрсін деймін. 

Шәмша БЕРКІМБАЕВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері