Руханият • 19 Наурыз, 2018

Солтүстік Қазақстанда айтыскер ақындардың аламан бәйгесі өтті

793 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әз Наурыз мейрамы және Мұхамедқанапия Баhрамұлыныңы/Сегіз сері/ 200 жылдығы құрметіне Петропавлда республикалық аламан бәйге өтті.

Солтүстік Қазақстанда айтыскер ақындардың аламан бәйгесі өтті

Жыр додасын Республика жыршы-термешілер одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі мұрамыздың жанашыры Жүрсін Ерманның жүргізді. Қазылар алқасына «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай жетекшілік етті.

Айтыс шымылдығын бірінші болып алматылық Қазырет Бердіхан мен шымкенттік Қалижан Білдәш ашты. Екеуі де ә дегеннен алымды да шалымды ақындар екенін танытып, оралымды жыр шумақтарын төгілдірді . Сахнаға екінші ь\болып көтерілген Ринат Зайытов пен Біржан Байтуов қоғамда орын алған небір түйткілдер мен келеңсіз жайттарды аяусыз түйреуімен, ұтымды уәж айтуларымен ерекшеленді. Семейлік Серік Қуанғанмен жұп құраған петропавлдық Мұхаммед Қоңқаев өз бабында екенін танытып, көрермендерді бір серпілтіп тастады.

Қарағандылық Мақсат Ақанов пен семейлік Әсем Ережеқызы арасындағы тартыс құда мен құдашаның қалжыңы ретінде өрбіді. Оралдық Жансая Мусина мен солтүстікқазақстандық Жарқын Жұпархан қыз бен жігіт айтысының әдемі үлгісін көрсетті.

Еліміздің әр түкпірінен жиналған 16 ақынның ешқйсысы жүлдесіз қалмады. Қазылар алқасының шешімімен 6 ақынға шабыттандыру сыйлықтары табыс етілді. Қазырет Бердіхан, Әсел Ережеқызы, Болатбек Оразбаевқа /3-ші орын/– 300 мың, Жансая Мусина, Жарқын Жұпархан /2-ші орын/–500 мың, Мақсат Ақанов /1-ші орын/–1 миллион теңгені иеленді. Бас бәйгеге тігілген шетелдік жеңіл көлікті Ринат Зайытов ұтып алды. Т. Кәкішев, М. Жұмабаев, Ерік Асқаров атындағы арнайы сыйлықтарын «айтыстың ақтаңгері» Айбек Қалиев, Мұхаммед Қоңқаев, Қалижан Білдәш еншіледі.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы