01 Желтоқсан, 2011

«Әркім өз саяси алаңында жүруі керек»

281 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Астанада Қазақстан Коммунистік халық­тық партиясының хатшылары Владислав Косарев пен Жамбыл Ахметбеков журналистерге баспасөз мәслихатын өткізді. Баспасөз мәслихатын өткізудегі мақсатымыз мынау – біздің сайлауалды тұғырнамамыздың алғаш­қы нұсқасы партия съезі бекітпей жатып-ақ, бұқа­ралық ақпарат құралдарында жария етіліпті. Әрине, мұны біз жаман деп отыр­ғанымыз жоқ. Себебі, кейбір азаматтар тұғыр­намамен танысқан да болар. Алайда, бұл сай­лау­алды бағдарлама басылымдарда басылып, әр жерде, кейбір партия арасында талқыға түсіп жатқанға ұқсайды. Біз мұндай әңгімелерді тізгіндегіміз келеді. Себебі, мұндай әрекет­терді Орталық сайлау комиссиясы, я болмаса билік үгіт-насихат жұмысы деп бағалауы мүмкін. Осы орайда мынаны мәлім­дейміз: біз сай­лауалды тұғырнамамыз бен бағдар­ламамызды әдейі таратқан жоқпыз. Бұл тұғыр­наманы біздің партия атынан де­пу­таттыққа түсетін кандидаттар үшін үгіт-насихат жұмыстары басталған кезде ғана тарататын боламыз, деді В. Косарев. Біз қазіргі қоғамның түйткілді сауалдарына қара­пайым адамдардың мұң-мұқтажын ескере отырып жауап іздеуге ұмтылдық. Бірақ, басқа азаматтар да, саяси партиялар да сайлаушылардың ұсыныстарын ескере отырып, өздерінің сайлауалды тұғырнамасында біз көтеріп отырған мәселелерге ұқсас идеяларды алға тартқан. Мәселен, әлеуметтік салаға қатысты. Сон­дықтан, саяси партиялар өзара келісіп, өздерінің саяси ұстанымдарын айқындап алуы керек. Әркім өз алаңын айқындап, сол жерде жұмыс істеуі тиіс. Мәселен, біз әлеуметтік сала бойынша жұмыс атқарып келеміз. Болашақта да осы алаңда жұмыс атқарғымыз келеді, сол себепті өзгелердің біздің алаңға бас сұғып, біздің мәселелерімізге араласуларын қаламаймыз. Бұл ретте, қандай да бір партияның атын атап, түсін түстегенді жөн көрмейміз. Біз тек ескертеміз, деді В.Косарев. Ал ҚКХП хатшысы Жамбыл Ахметбеков біздің Коммунистік халықтық партия өзінің тұғырна­ма­сында ең алдымен әлеуметтік мәсе­лелерді назарда ұстағысы келеді. Бұл ретте, өзге партиялар да өздерінің бұрыннан келе жатқан идеяла­рында тұрып, өзгенің алаңына ауыспаса екен дейміз. Себебі, әлеуметтік мәселелерді шешу – олардың түпкілікті көздеген мақсаты емес. Бұл – тек сайлау алдындағы ұпай жинаудың бір көрінісі, деді. Журналистердің: «Сіздердің партияларыңыз алда­ғы Парламент Мәжілісі сайлауында қанша дауысқа ие болады деп ойлайсыздар?» деген сауалына В.Косарев: «Егер ондай мүмкіндік болса, өзім де біреуден сұрап алар едім. Бірақ, бұрынғы сайлаулармен салыстыр­ғанда жоғары дауыс жинаймыз ғой деп ойлаймыз. Біздің көздеген мақсатымыз да осы. Партиядан сай­лауға ұсынылған 23 азаматтың әрқайсысы депутат­тыққа лай­ық. Арасында 3 ғылым докторы, 6 жұмыс­шы, 6 әйел азаматша, 4 кәсіпкер бар. Съезде олардың кандида­турала­рын ешбір кедергісіз бекіттік», деп жауап берді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.