01 Желтоқсан, 2011

Дәуірге тең дара дәурен

326 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы қарсаңында біздің көз алдымыздан қысқа, бірақ шын мәнінде дәуірге татырлық жыл­дар­дың ең жұлдызды сәттері ерек­ше ашықтықпен өтіп жа­тыр. Және осы  қас-қағым сәт­тердің ішінде 1 желтоқсан елдің жаңа та­рихының Алғашқы Күні, Ұлы Күні ретінде айрықша орын алады. Нағыз көшбасшының ұлы­лы­ғын бәрінен де ұлы істер жақсы ашып көрсете алады. Осы тұр­ғы­дан келгенде, жаңа мемлекет құ­ру­дан артық ұлы істі табу әсте қиын болар. Мыңжылдықтар тоғысында, көш­пелілер ұрпақтарына жер құш­қан империяның қирандыларынан өзінің тәуелсіз мемлекетін құру міндеті тұрды. Қысымы жөнінен теңдессіз, жауапкершілігі жөнінен ойға алып болмайтын осынау ұлы тарихи миссияға 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен алғашқы бү­кіл­халықтық сайлауда қазақ­стан­дық­тар өзінің Тұңғыш Президенті етіп сайлаған Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік жасады. Міне, хал­қы­мыздың осы бір­ауызды дана таңдауы Тәуелсіз Қазақстанның өткен 20 жылдағы ғана емес, сондай-ақ бола­шақ­тағы сенімді де дәйекті дамуына негіз қалаған парадигмаларды айқындап берді. Бүкілхалықтық сайланған Мем­­­­­лекет басшысы өткір шы­найы­лықпен былай деп мәлімдеді: «Біздің ақылман ата-баба­ла­ры­мыздың дәстүрлері бойынша осы салтанатты сәтте мен өзім­нің сө­зім­ді бірінші кезекте қа­сиет­ті жерімізге, туған халқыма арнаймын! Бүгінгі күн қазақ жерінің жылнамасына мәңгілікке енеді. Біз тарихтың көптеген тар жол, тайғақ кешулерінен өтіп, осы күндерге жеттік. Халқымызға көп нәрсені басынан өткеруге тура келді. Жаратқанға рахмет, біршама кешіксек те аяғымыздан тұрып, егемендіктің туын тіктік. Халқымыздың Қазақ Республикасының Президентін сайлауы осы жолдағы аса биік шептердің бірі болды. Өз тағдырларыңызды маған бірауыздан сеніп тапсырғандарыңыз үшін сіздерге шын жүректен шыққан ризашылығымды білдіремін. Отаным үшін, халқым үшін, менің Қазақстаным үшін тарихтың кез келген сынақтарына дайынмын. Осы жолда мен бірінші кезекте біздің дана халқымызға, оның бостандықсүйгіш және дархан болмысына, ата-бабалардың рухына арқа сүйейтін боламын. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін. Сенімнен айырылмайық, бауырларым!». Осы жиырма жыл бедерінде Ұлт көшбас­шы­сы өз халқына алғаусыз қызмет етудің жарқын үлгісін көрсете отырып, берген антына адалдық танытып келеді. «Тарихты жазу емес, жасау маңызды», дейді Бисмарк. Бірақ бұл, адамзаттың мыңдаған жылдық тәжірибесі көрсетіп келе жатқанындай, екінің біріне  бұйырмаған енші. Ұлы тарихты шын мәнінде ұлы адамдар жасайды. Ондай тұлғалар жағдайдың стратегиялық жағын, оның дамуының тиімді жолдарын алдын ала болжап білетін, өткір сараптамалық ақыл-ойы мен ғажайып жады, қажымас-талмас жұмыс қа­білеті, өзінің дұрыстығына талассыз сенімі мен белгіленген мақсаттарына жетуде жеке басының орасан ерік-күші және сирек қарымы сияқты ерекше қасиеттерге ие. Ондайлар ең батыл да оң ой-мақсаттар көп жағдайда оларды нақты жүзеге асырудан алшақтата түсетін орындаушылықтың шалағайлығы секілді мінездерден ада. Шын мәніндегі жасампаз-көшбасшының Құ­дай берген   осындай және басқа да қасиеттері ғасырлар шебінде, тектоникалық өзгерістер дәуірінде өз халқының тағдырына тарихи жауапкершілікті мойнына алған, оның үстіне әлемдік үдерістерге айтарлықтай ықпал жасауға қол жеткізген Н.Ә.Назарбаевқа толық көлемінде тән. 1991 жылдың 8 желтоқсанында Беловежье ор­манында  славян республикалары басшылары­ның сепаратистік шешімдеріне жауап ретінде Орта Азия республикаларының басшылары 13 желтоқсанда Ашғабадта өзінің бірлестіктерін құру ниетімен бас қосқаны белгілі. Осылайша КСРО-ның этностық, діни, тілдік белгілер бойынша  бөлінуінің нақты қатері туындады. Тек Қазақстан Президентінің жоғары беделі мен стратегиялық көрегендігінің арқасында одақ­тас республикалардың басшылары алғаш рет Мәскеуге жалтақтаусыз Н.Назарбаевтың шақы­руы­мен 21 желтоқсанда Алматыға жиналды. Міне, дәл біздің Президенттің бастамасымен және көшбасшылығымен осында тарихи Алматы декларациясы қабылданып, іс жүзінде КСРО бейбіт таратылды және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылды. Ұлы державаның күйреу қуаты құрлықтың алтыдан бір бөлігінде толық ауқымды азамат со­ғы­сына алып келмегеніне   Нұрсұлтан Әбіш­ұлының аса зор жеке үлес қосқанын тарихтың әлі лайықты бағалайтынына сенімдімін. Империя қирандыларынан жаңа тәуелсіз мемлекет құрудың өзі аса қиын іс. Қазақстанға қатысты айтатын болсақ, мүлдем күрделі шаруа еді. Тәуелсіздікке қол жеткізуінің қарсаңында біздің республикамыз өзінің егемен өмір сүру мүмкіндігіне қатысты аса пессимистік болжамдар үшін айтарлықтай объективті аргументтер бергені белгілі. Мәселен, ел экономикасы негізінен Орталық­тың шикізаттық шылауы болса, оның екінші бөлігі КСРО-ның әскери-өндірістік кешеніне жұмыс істеді. Қазақстан экономикасының 93 пайызы Одаққа тікелей бағынып, тек 7 пайызы ғана өз қажеттіліктерімізге жауап берді. Қоғамдық сана-сезімге тікелей және ауыспалы мағынасында алғанда қолдан жасалған екі экологиялық апат аймағы – Арал теңізі мен Семей ядролық полигоны ауыр салдарымен ерекше әсер еткен еді. Оның үстіне, осы уақытта бірқатар кеңестік республикаларды көптеген этносаралық жанжалдар жайлап, қан төгіліп жатқан-тын. Осы орайда көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстан да объективті тұрғыдан айтарлықтай осал болатын. Көпке белгілі Збигнев Бжезинскийдің 1993 жылы «NPQ» журналына берген сұхбатында Қазақстандағы христиан мен мұсылман діндерін ұстанатындар арасындағы қарсы тұрушылық Югославия сценарийін қайталауы ықтимал деп мәлімдеуі кездейсоқ емес. Және америкалық саясаткер Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына қатысты осындай пессимистік болжам­дарында жалғыз емес болғанын айта кету керек. Осындай аса күрделі жағдайда Президенттің әр қадамы аса дәлдігімен ерекшеленуі тиіс болатын. Бірінші кезекте Нұрсұлтан Назарбаев біздің көпұлтты үйімізде бейбітшілік пен келісімді, бірлік пен өзара түсіністікті қамтамасыз ете алса, осы жылдар бойы бұл байлықты көзінің қарашығындай сақтап келеді. Президенттің бастамасымен ұлтаралық тату­лық пен келісімді қамтамасыз етудің ғажайып институты – Қазақстан халқының Ассамблеясы құ­рылып, табысты жұмыс істеу үстінде. Осы­лайша, Н.Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның тұ­рақ­тылығы мен дамуының сенімді іргетасын қалады. Осыған байланысты біздің Мемлекет басшысына Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчер былай деп әділетті жазды: «Тәуелсіздіктің елең-алаңында-ақ Сіздің үлгі тұтарлық саясатыңыз халқыңызды бостан­дыққа бастап жүрді. Пессимистер этностық және рухани әртүрлілік Сіздің еліңіздің азаматтарын тығыз жақындастыра алмайды деп өздерінің жорамалдарынан келте қорытынды шығарды және бұл Қазақстанды әлсіретуге әкеледі деп долбар жасауға негіз болды. Алайда Қазақстан өз халқының мәдени көпқырлылығының арқасында жыл өткен сайын өркендей түсіп келеді. Ал этностар дәстүрлерінің әртүрлілігі мен әртүрлі сенім-наным өзінің оң зарядталған энер­гети­касымен мемлекеттің қуатын толықтырып тұр. Сіз еліктеу үшін лайықты үлгі болдыңыз». Тұрақтылық пен қоғамдық келісімге, ха­лықтың жоғары деңгейдегі сеніміне арқа сүйеген біздің Мемлекетіміздің басшысы шешімді, жеделдетілген экономикалық реформаларға саналы түрде барып, елді экономикалық және саяси жүйе ауысуының ауыр транзитті кезеңінен басқа бұрынғы одақтық республикалардан айтарлық­тай ерте және табыстырақ алып өтті. Президент осы жылдардың бәрінде елге біздің табысты дамуымыздың «жол картасы» болып отырған анық та ұтымды «Қазақ­стан-2030» даму стратегиясын жасап, ұсынды. Президент, өзінің Стратегиясын жүзеге асыра отырып, қазақстандықтардың басты құқы – лайықты өмірге құқын берік және дәйектілікпен қамтамасыз етіп келеді. Оның әлеуметтік-эконо­микалық саясатының тиімділігі аса ауыр әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан тіпті өте дамыған елдердің өзінде әлеуметтік шығын­дар қысқарып, кәсіпорындар жабылып, жұмыс­сыздық өсіп отырған жағдайда  ерекше жарқын көрінді. Қазақстанда, керісінше, жаңа жұмыс орында­ры құрылып, кәсіпорындар, тұрғын үйлер са­лынуда, стипендиялар, еңбекақылар, зейнетақы­лар мен жәрдемақылар көбейтілуде. Жастар үшін білім гранттарының саны ұлғайып отыр. Отан­дық білім беру мен денсаулық сақтау салалары ырғақты дамып, олардың деңгейі мен сапасы арта түсуде. Өзінің Тұңғыш Президенті  Н.Назарбаевтың Тәуелсіздіктің 20 жылындағы ғаламат көшбас­шы­лы­ғымен қол жеткізілген Қазақстанның тамаша табыстарын айғақтайтын аса жарқын да сенімді кейбір цифрлар төмендегідей. Біздің еліміз тұрғындар әл-ауқатының жаһан­дық рейтингінде әлемдегі аса дамыған 50 мем­лекет­тің қатарына енді. Жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі биылғы жылы 10 мың АҚШ дол­ларынан асып түсетін болса, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан жақын көршілерімізді айт­пағанның өзінде  Украинадан екі еседен астамға озып кетті. Оның үстіне біз бүгінде бірқатар Шығыс Еуропа елдерінің алдында тұрмыз. Тек соңғы төрт жарым жылда тұрғындардың ақша­лай кірісі, бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы, студенттердің стипендиялары 2 есе өсті. Зейнетақы төлемдері мен баланы бағып-күтуге арналған жәрдемақы 2,6 есе көбейді. Білім беру, ғылым мен денсаулық сақтау шығындары 2 есе ұлғайды. Республика бойынша 4 мың жаңа балалар бақшасы ашылып, 350 мектеп, 50 колледж са­лынды. Жаңа Назарбаев Университеті, болашақ­тың Интеллектуалдық мектептер желісі құры­лып, 150 шақты жаңа емхана, аурухана мен медицина орталықтары тұрғызылды. Қазақстан­дықтардың өмір жасының ұзақтығы біршама артып, ана мен бала өлімі айтарлықтай азайды. Бүгінде Қазақстан ең жедел өсіп отырған әлем экономикасының үштігіне кірсе, біздің алдымызда тек Катар мен Қытай ғана тұр. 2018 жылы республикамыз тұрғындарының табыс деңгейі жоғары елдер қатарына енуі тиіс. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Мемлекет басшысы халық үшін күнделікті тіршілікке қажетті нәрселермен қатар, елдің рухани жаңғыруына ерекше назар аударды. Белгілі эко­номикалық қиындықтарға қарамастан, Президент халқымыздың дәстүрлері мен мәдениет­терінің қайта өрлеуі мен дамуына қуатты серпін берген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдар­ла­масын қабылдады. Біздің қазіргі буынға Ұлы даланың баға жеткізгісіз қазынасын – рухани және материалдық ескерткіштерді қайтарды. Әсіресе, соңғы жылдары отандық мәдениеттің тек Астанадағы ғана емес, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлеріндегі  материалдық-техникалық арқауы кеңейіп, сапалық жағынан нығая түсті. Президенттің берік те дәйекті саясатының, оның Тәуелсіздік жылдарындағы даналығы мен ер­лі­гінің арқасында көмескі тартып, аяққа басылған қазақ тілі жоғары биікке көтеріліп, бүгінде көпұлтты Қазақстан халқын біріктіретін қуатты факторлардың біріне айналды. Заңдық тұрғыдан ресімделмеген шекара болмай тұрып, мемлекеттің егемендігі мен тәуел­сіздігі туралы әңгіме қозғау мүмкін емес. Бұл, әсіресе, өзінің көпғасырлық азапты тарихында, осы сөздің толық мағынасында, мемлекеттік ше­карасы болмаған қазақ халқы үшін өткір де тағ­дыр­шешті мәселе еді. Дәл шекара туралы мәсе­лені шешу біздің Президент үшін маңызды ба­сымдық болды. Өйткені, Қазақстан шекара­сы­ның үлкен бөлігі ұлы державалар – Ресеймен және Қытаймен байланысты екенін ескерсек, мақсатқа қол жеткізудің қаншалықты қиындыққа түскенін нақты түйсінуге болады. Оның үстіне не патшалы Ресей уақытында, не кеңестік ке­зеңде Мәскеу мен Пекин арасындағы шекараны реттеудің сәті түскен жоқ. Бірақ 1995 жылдың қаңтарында орасан күш-жігер жұмсаудың нәтижесінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойылса, ал 2002 жылы Астана мен Пекин арасындағы мемлекеттік шекараны халықаралық құқықтық ресімдеу аяқталды. Осылайша қазақтардың көптеген ұрпағының көпғасырлық арманы орындалып, олардың қа­сиет­ті жері әлем таныған мемлекеттік шекараны иеленді. Және бұл тарихи табыс бірінші кезекте біздің Тұңғыш Президентіміздің орасан ерік-жігерінің, сирек кездесетін адами харизмасы мен жоғары дипломатиялық талантының арқасында мүмкін болды. Қазақ мемлекеттілігін іргелі түрде нығай­тудың тағы бірі жаңа тәуелсіз мемлекеттің жаңа астанасының дүниеге келуі болды. Мұндай батыл да теңдессіз қадамға Нұр­сұлтан Әбішұлын бүгінде белгілі геосаяси және экономикалық сипаттағы себептер, оның сирек кездесетін стратегиялық пайымы ғана емес, өз халқының жасампаз әлеуетіне деген, тәуелсіз Қазақстанның болашағына деген зор сенімі де итермеледі деп ойлаймын. Бүгінде біз ел Көшбасшысының ойға алған­дары­ның толық көлемде және тіпті алға оза оты­рып өмірге еніп жатқанына көзбе-көз куә болып жатырмыз. Ескі оң жағалаудағы бөлікті қайта жаңғыртудан басталған қала Есіл өзенін аттап өтіп, бас-аяғы бірнеше жылдың ішінде сол жаға­лауда, іс жүзінде ашық далада жарқын да арман сияқты болашаққа ұмтылған Астана бой көтерді. «Ақорда» Президент резиденциясы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, «Бәй­терек» және «Қазақ елі» монументі, «Хан Ша­тыр» сауда-ойын-сауық орталығы, Сулы-жасыл бульвар және басқалар сияқты державалық, таң­ғажайып архитектуралық құрылыс ғимараттары әлемнің кез келген қаласына абырой әкеледі. Бүгінде «Қазақстан» және «Алатау» спорт сарайларын, Қазақ ұлттық өнер университетінің тамаша «Шабыт» ғимаратын, Назарбаев Университеті ғылыми-білім беру кешенін, 3,5 мың орындық таңғажайып «Қазақстан» кино-концерт залын, 30 мың орындық «Астана арена» стадио­нын астаналықтар заңды түрде мақтан етеді. Ұлт­тық опера ғимаратының, Оқушылар сарайы­ның және Телерадиокешеннің құрылыстары аяқ­та­лып келеді. Осы жаңа құрылыстардың бәрі Астананың қайталанбас архитектуралық бейнесін біте қайнаса толықтыра отырып, қаланың одан әрі дамуы мен өркендеуіне, мәдениеттің, білім беру мен спорттың гүлденуіне жағдай жасайды. Жаңа Астананың таңдай қаққызарлық бейнесін жасауға Кисе Курокава, лорд Норман Фостер және Манфреди Николетти сияқты әлемдік архи­тектураның мэтрлері атсалысты. Қазіргі Астана – тастан, темір мен шыныдан тұрғызылған ғимараттар ғана емес, сонымен бірге, өзіне тән жанға да ие қала. Біздің Астанамыз­дың ерекшелігі сол, таңғажайып құрылыстар мен ғимараттар өздеріне арнап салынған адамдарға деген жылылық пен қайырымдылыққа толы. Технологиялық, архитектуралық және құрылыс­тық шешімдермен қатар мұнда рухани және мә­дени құрамдастар да назардан тыс қалған емес. Президенттің, осынау таңғажайып архитек­тура­лық құрылыс кешенін туындатушының сирек кездесетін жасампаз таланты мен пайымы арқасында біздің астанамыз – архитектурада жиі айтылатындай тынып қалған емес, жанды да бейнелі музыканың қаласы. Бүгінде Еуразияның дәл кіндігінде маңғаз­дана қанат жайған ару Астана тәуелсіз Қазақстан мен оның көшбасшысының жасампаз қуатының таңғаларлық символы ғана емес, сонымен бірге сенімді түрде әлемдегі неғұрлым беделді астана­лардың біріне айналып келеді. Біздің Мемлекет басшысының белсенді де жемісті сыртқы саяси қызметі, оның өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бірқалыпты  тынымсыз күш-жігері халықаралық қоғамдастықтың барған сайын өсе түскен құрметі мен қолдауын тауып келеді. Осылайша Н.Назарбаевтың кемеңгерлігі мен ерлігі арқасында еліміз әлемдегі қуаты жағынан төртінші ракеталық-ядролық арсеналдан бас тартты және Семей ядролық полигонын жапты. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун әділ түрде мәлімдегендей: «Ондаған жылдар бойына Семей «қырғи-қабақ соғыстың» эпицентрі болып келді. Президент Н.Назарбаевтың батыл шешімінің арқасында осыдан 20 жыл бұрын Семей үміттің қуатты символына айналды. Ол – барлық ядро­лық сынақтарды түбегейлі тоқтатуға деген үміт. Ол – ядролық қарудан тыс әлемге деген үміт». Біздің планетамызды ядролық Дамокл семсерінен құтқаруға деген үміт алауын қазақ халқының ұлы перзенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаққанын жер тұрғындары әр кезде де алғыс сезімімен есте сақтайтын болады. 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 29 тамыз, Семей полиго­ны­ның жабылған күнін Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялаған қа­рар қабылдауы оның нақты айғағы болып табылады. ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елдің бірауыздан 2010 жылы Қазақстан Республикасының осынау беделді халықаралық Ұйымға төраға болуы туралы шешім қабылдауы Қазақстан мен оның Көш­басшысының елдің әлеуметтік-экономикалық, қо­ғам­дық-саяси дамуындағы таңғажайып табыс­та­рын, біздің мемлекетіміздің әлемдік аренадағы өсіп келе жатқан рөлін халықаралық қоғам­дастықтың объективті мойындауы және жоғары баға беруі болып табылды. Осылайша Қазақстан посткеңестік, азиялық елдер ішінде бірінші болып әлемнің нағыз дамыған демократиялары құрған, негізінен Еуроатлантикалық болып табылатын ұйымға басшылық жасады. 56 мемлекеттің 11 жылдық үзілістен кейін осын­дай бірауызды шешім қабылдауына, ең ал­ды­мен, жаңа Қазақстанды құру жөніндегі қажыр­лы жасампаз қызмет, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бірізді және тиімді күш-жігер, Президент Н.Назар­баевтың шынайы халықаралық жоғары беделі басты дәйектер болып табылды. Біздің Президентіміздің 2010 жылдың 14 қаңтарындағы ЕҚЫҰ қоғамдастығына қазіргі заманғы сынақтар мен қауіп-қатерлерге талдау жасау тереңдігі жағынан кең ауқымды, ұйымды одан әрі дамыту жолдарын бейнелеуде страте­гиялық сипатқа ие бейнеүндеуі Қазақстанның жоғары жауапкершілігін ғана емес, сонымен бірге, ЕҚЫҰ-ға Төраға лауазымындағы қомақты мүмкіндіктерін де көрсетіп берді. «Әр кезде де ең қиын жолды таңдаңыздар – онда сіздер бәсекелестерді кездестірмейсіздер», деген Шарль де Голль. Н.Назарбаев ЕҚЫҰ-ның төраға елінің басшысы ретінде 11 жылдық үзілістен кейін Астанада 2010 жылы Ұйымның Саммитін өткізуді ұсына отырып, дәл осындай күрделі таңдау жасады. Н.Назарбаевтың жеке өзінің осынау тамаша бастаманы табандылықпен және белсенді алға бастыруы арқасында халық­аралық қоғамдастықта біздің халықтарымыздың алдында тұрған қазіргі заманғы сынақтар мен қатерлерге сәйкес келетіндей жауаптар қалып­тас­тырудың мейлінше қажеттігіне деген түсінік айтарлықтай өсе түсті. Нәтижесінде ЕҚЫҰ-ға мүше елдер 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында біздің астанамызда Ұйымның Саммитін өткізу туралы бірауыздан шешім қабылдады. Халықаралық қарым-қатынастар тарихын­да­ғы осынау нышандық форумның осы күнді біздің мемлекетіміздің тарихы мен оның Көш­басшысының өміріндегі екінші рет дәуірлік күн ете отырып, дәл 1 желтоқсанда өтуінің сим­вол­дық мәні терең. 1991 жылдың дәл 1 желтоқ­санында алғашқы бүкілхалықтық Президент сай­лауында көпұлтты Қазақстан Нұрсұлтан Назар­баевты өзінің Тұңғыш Президенті етіп сайлап, оған дәуір бетбұрысында өзінің қазіргі және болашақ тағдырын сеніп тапсырған болатын. Жоғары дәрежелі Астана кездесуі Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының тәжіне, ХХІ ғасырдың бірінші он жылдығындағы ең ірі халықаралық оқиғалардың біріне айналды деп еш қоспасыз-ақ айтуға болады. ЕҚЫҰ-ның 2002 жылдан кейінгі бірінші саяси құжаты – Астана декларациясының қабыл­дануы Президент Н.Назарбаевтың саяси ерік-жігер танытып, «өздерін сайлаған халықтардың игілігі мен өркендеуі жолында қызметтестік пен қауіпсіздікті нығайту үшін жұмыс атқаратын» өзінің тікелей міндетін орындау жөніндегі үн­деуіне үн қатқан Ұйымға мүше барлық мемлекеттер көшбасшыларының ортақ табысы болып табылады. Дегенмен, біздің ЕҚЫҰ бойынша әріптес­тері­міздің бәрі астаналық серпілісті қамтамасыз етудегі Қазақстан Президентінің орасан зор рөлін әділ түрде атап көрсетті. Шынымен де Астана форумының және бү­тіндей алғанда Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға­лы­ғы­ның тарихи табысы ең алдымен Н.Назар­баевтың стратегиялық көрегендігінің, мызғымас саяси жігерінің, таңданарлық энергетикасы мен сирек кездесетін жеке бас харизмасының арқа­сында мүмкін болды. Қазақстандықтар өздерінің осынау теңдессіз халықаралық табысын заңды түрде мақтан етеді. Бұл шынымен де Қазақстанның жұлдызды саға­ты, Н.Назарбаевтың еңбекпен келген жеке салтанаты, қазақ халқының ұлылығының жарқын көрінісі, біздің қоғамымыздың бірлігі мен топтасқандығы болды. Әлемде түрлі басшылар болған және бар – олар революционерлер мен жаңашылдар, арман­шыл­дар мен прагматиктер. Біздің Президент Батыстың инновацияларына деген динамизм мен тынымсыз ұмтылысты  және Шығысқа тән дәс­түрлерге, көп ғасырлық құндылықтар мен қоғам салттарына құрметті өз  бойында біте қай­нас­тыра білген Құдай жаратқан жасампаз-көшбас­шы. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Әбішұлы әр кез өз халқының төл перзенті болған және болып қала береді. Біздің мемлекетіміздің басшысы өз кредосын, бәлкім табыстарының ең басты құпиясын да тәуелсіздіктің елең-алаңында «халықпен бірге өмір сүру және халық үшін өмір сүру» деу арқылы өзі дәл анықтап берді. Сондықтан да Қазақстан қып-қысқа 20 жылда өзінің танылған, өз халқы сүйіспеншілікпен және жоғары құрметпен Елбасы атаған Көшбас­шы­сының тамаша көшбасшылығымен дәуірге парапар жолды жүріп өтті. Бүгінде экономикалық қуатты, дамыған және еркін, демократиялық мем­лекетке, халықаралық қоғамдастықтағы құр­метті де беделді әріптеске айналып отыр. АҚШ президенті Д.Буштың 2006 жылдың қыркүйегінде біздің мемлекетіміздің басшысына АҚШ Әкімшілігінің негізгі мүшелерінің көзінше Ақ үйдің Сопақша кабинетінде АҚШ-тың Тұңғыш Президенті Джордж Вашингтонның портретінің алдында тұрып: «Джордж Вашингтон Америка үшін қандай болса, Сіз Қазақстан үшін сондайсыз» деген сөзімен келіспеу қиын. «Мемлекеттің негізін қалаушы адамдар іс жүзінде әркезде де өзгеге ұқсамайтын тұлғалар болып келеді, Нұрсұлтан Назарбаев толық дәрежеде осындай топқа жатады. Президент Назарбаев Қазақстанды қазіргі тұрған жеріне жеткізу үшін өжеттік пен сақтықтың үйлесімін пайдалана білді» деп мәлімдеген әлемдік неғұрлым беделді саясаткерлердің бірі, «темірдей леди» Маргарет Тэтчер де Н.Назарбаевтың айрықша тарихи рөлін растап берді. «Қазақстан үшін Нұрсұлтан Назарбаев – тарихи ерекше тұлға. Қазақтарда бүгінде қалып­тасып жатқандай мемлекеттік құрылым, осы мағынадағы мемлекет болған жоқ. Ол Қазақ­станның Тұңғыш Президенті ғана емес, ол қазақ, қазақстандық мемлекеттілікті құрушы», деп ай­рықша атап көрсеткен болатын Ресей көшбас­шысы Владимир Путин. Н.Назарбаевтың Жаңа Қазақстанның негізін қалаушы тұлға ретіндегі баға жетпес рөлін әлемдік көшбасшылардың бұлайша мойындауы қазақстандықтардың, олардың замандастарының жүректерін заңды мақтаныш сезіміне толтырады. Болашақ ұрпақтың да өзінің Тұңғыш Президентін дәл осылай мақтан тұтарына сенімім мол. Бүгін – 2011 жылдың 1 желтоқсанында Н.На­зарбаевты бірегей серпіліспен өзінің Тұңғыш Президенті етіп сайлай отырып, қазақстандық­тар­дың нағыз тарихи таңдау жасаған 1991 жыл­дың 1 желтоқсанындағы есте қаларлық күнге 20 жыл толып отыр. Осы 20 жылдың бәрінде де Ұлт Көшбасшысы өз халқының сенімі мен үмітін толықтай ақтап, туған Қазақстанын сілкініссіз және толқуларсыз, бір қалыпты және сенімді түрде жаңа биіктерге бастап келеді. Тарихи өлшем бойынша 20 жыл – бір сәт қана, бірақ біздің еліміз үшін жаңғырулардың тереңдігі мен түбегейлілігі жөнінен ол, әділ түрде Қазақстанның алтын ғасыры деп атап жүргендей, шынымен де дәуірге тең кезең болды. 1991 жылдың 1 желтоқсаны әрқашан да біз­дің тарихымыздың Бірінші Күні, Ұлы Күні болып қала береді, барлық уақыттарда да Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев есімімен тығыз байланыста болады. Қазақстан азаматтарының 1 желтоқ­санды жалпыұлттық мереке – Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті Күні деп жариялау туралы көптеген өтініштері оған нақты айғақ болып табылады. Ізгі ниетті отандастарымның жүректен шыққан осынау әділ тілектеріне бүкіл жан-тәніммен қосыламын және бұл Күннің біздің халқымыздың бүгінгі және болашақтағы ең сүйікті мерекелерінің біріне айналатынына берік сенемін. Қанат САУДАБАЕВ, Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік хатшысы.
Соңғы жаңалықтар