01 Желтоқсан, 2011

Жиддадағы үлкен жиын

446 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы­ның (ИЫҰ) төрағасы ретінде бірқатар жұмыстар атқаруда. Елі­міз­дің Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов осы ұйымдағы төрағалық шеңберінде Жидда қаласына келіп, ИЫҰ штаб-пә­терінде министрлік деңгейіндегі Атқарушы комитеттің кеңей­тілген отырысын өткізді. Жақсыбай САМРАТ –  Жиддадан. Сауд Арабиясы – батысында Қызыл теңіз, солтүстік-шығы­сын­да Парсы шығанағымен шай­ы­латын Араб әлеміндегі жер көлемі жағынан ірі мемле­кет­тердің бірі. Ол Иордания, Ирак, Кувейт, Катар, БАӘ, Оман және Йемен мемлекеттерімен шектеседі. Бұл елді «Екі мешіттің елі» деп те атайды. Өйткені, мұнда Мекке мен Медине секілді Исламның екі қасиетті қаласы орналасқан. Жыл сайын 4 млн.-ға жуық адам қажылық парызын өтеуге келеді. Сауд Арабиясының атауы басқарушы әулеттің (Саудиттер) есімінен алынған. Қазір әлемде басқарушы әулеттің атауын алған Саудиядан басқа Иордания Хашимиттік корольдігі және Лихтенштейн ғана бар. Сауд Арабиясының аумағын­да мұнайдың әлемдегі аса ірі қоры шоғырланған. Соның ар­қасында Саудия мұнай экспорты бойынша әлемде ең алдыңғы орындардың бірін алады. 2009 жылы мұнай өндіру мен экс­порттау бойынша әлемде Ресейден кейінгі екінші орынды иеленді. Мұнай экспорты сыртқа тауар шығару балансында 95 пайыздық үлесті қамтып отыр. Сонымен бірге, ол ел кірісінің 75 пайызын құрайды. Жидда – Сауд Арабиясының батыс бөлігінде орналасқан аса ірі қаланың бірі. Оның халқы 3,6 млн. адам. Елдің астанасы Эр-Риядтан кейінгі үлкен қала осы. Қызыл теңізге шығатын ең үлкен портты қала да осы. Жыл сайын Мекке мен Мединеге қажылық парызын атқаруға кемемен келетін миллиондаған мұсылман ал­дымен осы қалаға түседі. Мекке мен Жидданың арасы 75 ша­қырым. Мұның өзі қала бюд­же­тінің кіріс бөлігін еселеп арт­тырады. Жидда Алматы қала­сымен бауырлас шаһар болып табылады. Екі қаланың арасында тығыз ынтымақтастық орнаған. Әлемде БҰҰ-дан кейін екінші халықаралық ұйым болып та­бы­латын Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының штаб-пәтері осы қа­лада орналасқан. ИЫҰ мұсылман әлемінің мүддесін халықаралық аренада қорғайтын жалғыз ай­мақтық ұйым болып табылады. Қазір ол Азия, Африка, Еуропа және Оңтүстік Америка елде­рінің 1,6 млрд. халқы бар 57 мемлекетінің басын қосып отыр. Ұйымның өзі 1969 жылы құ­рыл­ған. Қазір оның түрлі функциялар ат­қаратын институттарының саны 26-ға жеткен. Құрылған кезінен 2011 жылы Қазақстанда бол­ған Сыртқы істер министр­лерінің 38-сессиясына дейін ұйым Ислам Конференциясы Ұйымы деп атал­ды. Осы сессияда оның атауы Қазақстан Пре­зидентінің ұсынысымен Ислам Ынтымақ­тас­тығы Ұйымы деген жаңа атау алды. Бүгінгі күні ИЫҰ қарас­тыра­тын негізгі мәселелер қатарында араб-израиль кикілжіңін реттеу, «созылмалы сырқаттардың» емін табу, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, жаппай қырып-жоя­тын қаруларды таратпау, адам құ­қын қорғау секілді проблемалар бар. Сондай ақ, Африканың кедей елдеріне экономикалық көмек, олар­­дың орта және шағын бизнестерін қолдау, туризм мен көлік саласын дамытуға жәрдем беру сияқты мәселелер қарас­ты­ры­лады. Қазақстан төрағалығы шеңбе­рінде 2011 жылғы 17 тамызда Ыс­тамбұл қаласында Сомали мәсе­лелеріне арналған Атқару коми­тетінің отырысы болып өтті. Ал 19 қыркүйекте Нью-Йоркте Атқа­ру­шы комитет мүшелерінің бейресми кездесуі , ал 22 қыр­күйекте осы қалада ИЫҰ – ЕО шең­бе­рінде отырыс болды. 29 қыр­­күйек пен 1 қазан аралығында Астанада ИЫҰ-ға мүше-мемлекеттер Ден­­­­саулық сақтау ми­нистр­лерінің 3-ші конференциясы өтті. 2011 жылдың 17-20 қазаны аралығында ИЫҰ Экономикалық және сауда жөніндегі Тұрақты ко­ми­тетінің 27-сессиясы шеңбе­рін­де Ыстамбұл қаласында Қазақ­стан­ның төрағалығымен Орталық Азиядағы ынтымақтастық жөнін­дегі Іс-қимыл жоспарын іске асы­руды талқылаған 1-ші отырыс болды. ИЫҰ шеңберінде азық-түлік қауіпсіздігі жүйесін құру жөнін­де­гі Қазақстанның баста­ма­сы та­быс­­ты іске асуда. Осы орайда Аз­ық-түлік қауіпсіздігі жөнін­дегі ке­ңес құру туралы тиісті құ­жат­тар­ды әзірлеу жұмыстарының сапа­лы жүргізілгенін атап айтқан абзал. Қазақстанның ұйым шең­бе­рінде энергетика саласы бойынша инвестициялық және техноло­гия­лық ынтымақтастық орнату, Ша­ғын және орта бизнесті дамыту қорын құру, Ислам банкингін да­мыту жөніндегі ұсыныстары Ислам Даму банкі тарапынан қолдау тапты. Сонымен бірге, Президент Н.Назарбаевтың қазақстандық төрағалық шеңберінде мұсылман экономикасының он жетекші елі­нің үнқатысу алаңын құру, ИЫҰ G20 форумына ИЫҰ қатысуы жөніндегі бастамалары іске асы­рылуда. Ал алдағы уақытта қазақ­стан­дық төрағалық шеңберінде дін­ба­сылардың халықаралық форумы, «Исламның ТМД елдеріндегі рө­лі» атты конференция, Ислам Ғы­лым академиясының отырысы сияқты бірқатар шаралар өтеді. Сонымен бірге, Африка мен Таяу Шығыс елдері мәселелерінің тұ­рақтануы, Сомалиге гумани­тар­лық көмек беру секілді мәселелер де назардан тыс қалмайды. ИЫҰ Атқарушы комитетінің Жиддадағы кеңейтілген отырысы туралы келесі нөмірде хабар­лай­тын боламыз.