02 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік түлеткен өңір

474 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
Бөрлінің  бүгіні мен ертеңі Бөрлі – Үкіметтен қаржылай көмек, субвенция алмай­тын республика­да­ғы саусақпен санап аларлықтай нәр­­­лендіруші аудандардың бірі. Бұл өңір әр жыл сайын республика бюджетіне үш жүз миллиард теңгеден астам қа­ра­жат құяды екен. Әрине, мұндай салық түсімдері мен қаржы ағынын Қара­шы­ғанақ кен орнын игерумен бай­ла­ныстыра қараған орынды. Тәуелсіздік жылда­рын­да өңі­р­­­­дің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуы жаңа са­па­лық деңгейге аяқ басты. Бөрлі ауданының әкімі Болат ШӘКІ­МОВ­ПЕН газет тілшісінің әңгімесі осындай өрелі өзгерістер төңірегінде өрбіді. – Болат Әдиетұлы, Тәуелсіздіктің жиыр­ма жылы Бөрлі өңіріне не берді? Аймақ бұрын қандай еді, бүгін қандай? Ең алды­мен осы бір сауал аясында, сонау тоқса­ныншы жылдардың бас кезіне ойша бір шолу жасап қайтсақ қайтер еді? – Иә, тоқсаныншы жылдарға дейін Бөрлі егін егіп, мал өсіріп, өзімен-өзі бұйығы, тома­ға-тұйықтау жатқан өңір еді. Кейіннен әлем кар­­тасында Қарашығанақ кеніші нүктесінің пайда болуына байланысты осы жым-жырт тыныш­тық­тың тас-талқаны шығып, өңір дүр сілкініп сала берді. Қазақстан картасынан Ақ­­сай атты әсем де айшықты кеншілер қаласы ойып тұрып орын алды. Тәуелсіздік таңымен бірге Бөрлі бой­ына инвесторлар келді. Инвес­тициялық қа­ражат бұл өңірдің тамырына қан жүгіртіп, өсіп-өркендеуіне даңғыл жол ашты. Біз бұл жетістіктерді, ең алдымен, Елбасының алысты болжай білетін көреген саясатының нәтижесі деп тү­сінеміз. Кеніштің игерілу тари­хында 1997 жылы шетелдік инвесторлармен қол қойылған өнімді өзара бөлісу жөніндегі келісімнің орны ерекше. Осынау қомақты инвестицияның көмегімен жаңа Қарашығанақ кешені өмірге келді. Бүгінде Бөрлі ауданының үлесіне тұстастай республикада өндірілетін газ-конденсат шикі­за­тының қырық тоғыз және мұнайдың он сегіз пайызы тиеді. Немесе бұл жылына он бес миллиард текше метр газ және он екі миллион ал­ты жүз мың тонна мұнай шикізаты өндіріледі деген сөз. Салыстырмалы түрде алғанда, бұл Польша, Венгрия секілді шағын мемлекеттер бір жыл бойына тұтынатын жер қойнауы өні­міне парапар. Ойымды әрі қарай тарқата түсер болсам, шикі мұнайдың елу пайызы Каспий Тұрба құ­бы­ры консорциумы арқылы шетелге асады. Қал­ған елу пайызы Атырау-Самара газ құбы­ры бойымен жөнелтіледі. Ал газ іргедегі Ор­ын­бор облысындағы газ өңдеу зауытына жіберіледі. Шикізат сонда терең өңделгеннен кейін республика тұрғындарының игілігіне жұмсалады. Бұдан бірнеше жыл бұрын республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақжайық өңіріне келген сапарында Қарашығанақ-Орал ма­гис­тральды газ құбыры құрылысын бастап, аяқтау жөнінде жергілікті атқарушы органдарға тап­сыр­­­ма берген еді. Осынау тап-таза әлеуметтік жо­ба өткен жылы ойдағыдай іске асты. Сол ар­қы­лы облыстың Бөрлі, Теректі, Сырым және Қа­ратөбе аудандарының елді мекендеріне кө­гілдір отын жеткізудің мүмкіндіктері туды. Келешекте Қарашығанақ газын республиканың оңтүстік және орталық өңірлеріне жеткізу жөніндегі өмір­шең жобалардың ойластырылып жатқан­ды­ғы да тек тәуелсіздіктің нәтижесі деп түсінеміз. – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында барлық жердегідей Орал өңірінде де жабайы урбанизациялық үрдіс орын алды. Атап айт­қанда, Сырым, Қаратөбе және Шыңғырлау аудандары тұрғындарының үлкен легі об­лыс орталығы мен кеншілер қаласы Ақсай маңына қарай ағылды. Өзіміз куә бол­ған­дай, мұнда оларды «нағашылары» күтіп тұр­ған жоқ еді. Жабайы урбанизация жаба­йы үй салу дағдысын тудыра бастады. Ол жерлерде инженерлік-коммуникациялық жү­йе­лердің он екіде бір нұсқасы болмайтын. Осындай жөн-жосықсыз, ешқандай архитектура мен қала құрылысының қалыбына сыймайтын ұсқынсыз құрылыстар мекені «Шанхай» деп аталғанын да білетін едік. Сол «Шанхайдың» бүгінгі жай-күйі қандай? – Дұрыс айтасыз. Осы жылдарда өзіңіз айтқандай стихиялық көріністер орын алғаны шындық. Жан-жақтан ағылып келіп жатқан ағайындарымызға тоқтау салудың ешқандай жоқ екенін де терең түйсінгенбіз. Сөйтіп, жөн-жосықсыз, жаппай жүріп жатқан жерге электр энергиясы мен су, газ құбырларын тарту жоба­лары белгіленді. Сонымен бірге «Шанхай» көшелеріне қиыршық тас жолдар төсеу жұ­мыс­тары қолға алынды. Бүгінгі күн биігінен қа­рағанда, бұл бағыттағы істер жаңа тұрғын­дардың көңілінен шыққанын айтудың өзі бір мәртебе. Ақсай қаласы мен оның маңайының бас жоспарына сәйкес, «Шанхайдың» болаша­ғы бұдан да жақсы болмақ. Айталық, Қытай­дағы Шанхай қаласы әлемдегі ең мықты да­мып келе жатқан қалалардың бірі. «Ондай бол­мақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деп Абай атамыз айтқандай, дәл қытай қаласындай болмағанымен, Бөрлі «Шанхайы» тасада еш қалмақ емес. Оның дамуы әркез назарымызда. Бүгінде жабайы урбанизация, яғни ағай­ын­дарымыздың алдын ала әзірліксіз, жоспарсыз көшуі күрт пышақ кескендей тыйылды. «Ар­қада жыл жақсы болса, арқар ауып несі бар» деп осындайда айтылса керек. Яғни, бұл кө­рініс қай жерде болсын ел тұрғындарының өмір сү­ру деңгейі жақсарып келе жатқандығын аңғар­тады. «Өтпелі кезең» деп аталатын жаңа на­рықтық қарым-қатынастар туғызған күрделі кезең де тарих қойнауына кетіп барады. Бүгінгі ел тұрғындарының еңселері биік, көңілдері көтеріңкі. Өйткені олар тәуелсіздіктің алғаш­қ­ы нәтижелері мен уыз дәмін тата бастады. – Қалай ойлайсыз, кешегі өткен бү­кіләлемдік қаржылық-экономикалық дағ­да­­рысты өңір тұрғындары сезінді ме? – Қандай қоғамдық құбылыс болсын, оның теріс әсерімен қатар, пайдасы да болмай қал­майды. Әлемдік дағдарыс ауанына да осындай көзқарас тұрғысынан келсек, қазақы ұғымға сайғанда, ол босап кеткен айылдар мен белбеулерді қайта бір қынай тартып алуға септігін тигізді деуге болады. Бұл арада Елбасының ұшқыр ойынан туындап, әлеуметке орасан зор пайдасын тигізген «Жол картасы» бағдар­ламасының шапағатын қалайша айтпай қала аламыз?! Осы арқылы мәдениет үйлері мен балалар бақшалары, білім беру мен денсаулық сақтау нысандары, басқа да әлеуметтік-тұрмыстық нысандар қайта жаңғырды емес пе?! Әрі осы арқылы республиканың мыңдаған тұрғындары табыс тауып, отбасылық бюджеттерін толықтырғандығын қайда қоямыз. Бір сөзбен айтқанда, бұл дағдарыс тұсында та­был­ған тамаша тактика болғаны анық. Сондай-ақ осы арқылы республикадағы тұралай бастаған бірқатар шағын өндіріс орындары мен фирмалар төрт аяқтарынан тең басып кетті. Өйткені, олар мемлекет тарапынан тиісті тапсырыстар алып, қаржы жағдайларын әжептәуір түзеді. Тағы бір айтайын дегенім, тәуелсіздік тұ­сында барлық жердегідей Бөрлі бойында да ипотекалық және арендалық үй құрылыстары кеңінен қанат жайды. Сөйтіп, егеменді ел КСРО өзінің жетпіс жылдан астам тарихында шеше алмаған тұрғын үй құрылысын оңтайлы жол­ға қойды. Тәуелсіздік жылдарында аудан ор­та­лығы Ақсай қаласында ғана емес, соны­мен бірге ауылдарда да тұрғын үй құрылысы бұрын болып көрмеген биік деңгейге көтерілді. – Бөрлі ауданының бүгінгі дамуы мен оның келешектегі өсіп-өркендеу жолына тән басты бағыттар қандай деп есептейсіз? – Өңірде о бастан ауыл шаруашылығы өнді­­рісін өркендетуге қолайлы факторлар қа­лып­тасқан болатын. Қарашығанақ кенішінде мұнай-газ шикізаты өндірілуіне байланысты осы бір ата кәсібіміз тасада қалып қойғандай немесе екінші-үшінші кезекке ысырылып қал­ғандай күй кешіп келгеніміз рас. Бүгінде осы екі тізгінді тең ұс­тауға бағыт ұстап отырмыз. Бұл ба­ғыт­­­та­ғы міндеттерді жақында өткен ауыл шаруа­шы­лығы қызметкерлерінің респуб­ли­калық ке­ңе­сінде Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев белгілеп бергені мәлім. Қазір Бөрлі аймағында күрт қысқарған егіс көлемі де, мал саны да өсіп келеді. Ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін өңдеу ісіндегі қолға алынған істер өз алдына бір төбе. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Темір ҚҰСАЙЫН. Суретте: Бөрлі ауданының әкімі Б.Ә. Шәкімов.   Басты мақсат – сапалы өнім шығару – дейді «НазТур» ЖШС жетекшісі Лесбай Елеусінов  Жұмсақ жиһаз – кез келген үйге немесе кеңсеге көрік беріп тұратын тұрмысқа қажетті мүліктердің бірі. Ақсай қаласындағы аталмыш кәсіп­орын сәнді де сапалы жиһаздар шы­ғарумен айналысып келеді. Таяуда біз осы ұжымның басшысы Лесбай ЕЛЕУСІНОВПЕН кездесіп, онымен өз өндірісі жөнінде пікірлескен едік. Ол бізді кәсіпорын ауласында жылы шыраймен қарсы алып, өн­діріс орнын аралатып таныстыр­ды. Ең алдымен жиһаздарды құ­растыру цехына бас сұққаны­мыз­да, он шақты жігіт қайнаған жұ­мыс үстінде екеніне куә болдық. Олардың біреулері жиһаздың қаң­қасын құрастырып жатса, келесі тобы оны паралонмен қаптап, сырт­қы «киімін» кигізумен айна­лысуда. Кәсіпорын жанындағы ар­­найы ашылған салонның бір шетіне жиналған дайын өнім – әр­түрлі үлгідегі дивандар мен креслолар көздің жауын алып тұр. – «Жиһаздың дизайны жаса­лып, бекітілген соң, сол үлгі бой­ынша қаңқасын құрайтын ағаш­тар ұстаханада кесіліп-жонылса, пішу цехында берілген өлшем­дерге сәйкес қаптаушы материалдар дайындалып, олар тігін це­х­ында құрастырылады, паралон цехында жиһаздың жұмсақ негізі кесіледі. Дайын болған құрамдас бөліктердің сапасы техникалық ба­қылау бөлімінің бастығы Н.Куб­да­­­­новтың қатаң сұрып­тауынан өте­ді. Сөйтіп, барлық бөлімшелерде өн­дірілген өнімдер құрастыру це­хына келіп тоғы­сады да, осы жерден әдемі жиһаз болып шығады. Содан соң сәндік және сырлау це­хына жол тартқан өнім дүкендер­­ге таратылады», – деді кәсіп­ор­ында атқарылатын істің мән-жайын кеңінен түсін­дір­ген Лесбай Жексенұлы. Дайын жиһаз Ақсай қаласын­дағы «Әдемі» сауда үйіне, Орал қаласындағы әмбебап дүкеніне сауда-саттыққа шығарылады. Бұ­дан басқа республиканың Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Шым­кент, Көкшетау қалаларына да жөнел­тіледі. Жиһаз жасауға пай­да­ланылатын ағаш, мата, пара­лон­ды, тіпті жіп, сырма, жап­сыр­ма, түйме секілді уақ-түйектің өзі Ресейден сатып алынады екен. – Отандық өндіріске қолдау көр­сету мақса­тында бастамасында Қа­зақстанда шығарылатын мате­риалдарды да алып көрдік. Алайда олар Қытай­дан әкелінген са­пасыз тауар болып шықты. Ал Ресейден алатын тау­арларымыз еу­ропалық стандарт­тарға сай болып келеді. Басты мақ­сатымыз – са­палы өнім шы­ғару болғандықтан, Ресеймен іскерлік қарым-қа­ты­нас­тамыз, – дей­ді өз ісінде өнім сапасына баса мән беретін серіктестік басшысы. Дегенмен, бәсекелестікке қа­бі­летті елу елдің қатарына енуді межелеп отырған қазақстандық өн­дірушілер де өнім сапасын арт­тыруға мойын бұрған сыңайлы. Бұған дәлел – «НазТурға» жеткізілген жиһаздық ағаштың соңғы партиясы Өскеменнен алыныпты. Өзімізде өнім шығарудың жергілікті тұрғындар үшін бір артық­шылығы – көңілің қалаған жи­һаздың түр-түсіне, дизайны мен үлгісіне өз қалауыңша тапсырыс беруіңе болады. Мұндағы шыға­рылатын жиһаздың 30-ға тарта үлгісі бар, сондықтан патша кө­ңілді тұтынушының таңдауына мүмкіндік мол. Әңгіме барысында ерлі-зай­ып­ты Лесбай және Қарлығаш Елеу­сіновтер өз өндірістерін да­мы­ту ісінде мемлекеттің қолдау­ын ұдайы сезініп отырғандарын айтып берді. Атап айтқанда, олар республикадағы ағаш өңдеу са­ласында істейтін өндірісшілерге арналған «Даму-өндіріс» бағдар­ламасының көп пайдасын көр­ген­дерін ризашылық сезіммен жеткізді. Бұдан ұққанымыз, «Сам­ұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қаржыландыратын бұл несиелік қаражаттар небары сегіз пайыздық өсіммен беріледі екен. Бұл біз үшін өте тиімді. Ком­мер­циялық несие мен өндірістік мақ­сатқа берілетін несиелерді бір-бірімен теңгеруге болмайды. Осы орайда өндірістің әр саласы бой­ынша несие берудің нақты тұт­қалары белгіленгендігі отандық өн­дірісті алға дамытудың басты ал­ғышарты болып табылады дейді олар. Нарық заңдылықтарын жетік меңгерген кәсіпкерге «Осы сала­ны таңдауыңызға не себеп бол­ды?» деген дәстүрлі сауалды қой­ған едік. Әу баста кәсіпкерлікті Ре­сейден жиһаз әкеліп сатудан бастаған Лесбай Жексенұлы өзге жиһаздарға қарағанда, тасы­мал­дау кезінде жұмсақ жиһаздар кө­бірек бүлінетіндігін айтады. Сон­дықтан «Даладан тасығанша, неге өзіміз шығармасқа?» деген ойға бекіпті. Сөйтіп, 2004 жылы қала шетінен бой көтерген ғимаратта жаңа нысанның негізі қаланды, қажетті құрал-жабдықтар мен материалдар сатып алып, іске кірісті. Бастапқы кезде, әрине, қи­ындау болды. Жаңа іс, тәжірибе аз. Дегенмен, «көз қорқақ, қол ба­тыр» емес пе? Өз қызметін 15-20 адаммен бастаған кәсіпорындағы жұмыс орны бүгінгі таңда 140-қа жетті. Жалақы уақытында беріледі, қызметкерлердің тұрмыстық жағдайларын шешу барысында серіктестік басшысы үнемі қол­дау көрсетіп отырады. Жұмысқа деген ынталарын арттыру үшін олардың кәсіби санаттарын көте­ріп отыру енгізілген, соған орай жалақыға да үстеме қосылып оты­рады. Кәсіпорында өздеріне тапсырылған жұмыстарын жауапкершілікпен атқарып жүрген жи­һаз жасаушылар Өтеғалиев Тимур, Төлемісов Хайдар, Есмағұлов Тілектес, Жұмабаев Мұрат, балта­шылар Салекешов Нұрболат, Қа­зекенов Кенже, Тастеміров Ғизат, тігіншілер Иманғазиева Толқын, Нұрабалина Қамария, Құсанова Айгүл, Барсаева Айгүлдердің ес­ім­дерін атап өткен абзал. Осын­дай жандардың арқасында ұжым­ның өнімі 2005 жылы респуб­ликалық көрмеде ІІ орын алып, «Сәтті дебют», «Жоғары сапа» аталымдары бойынша марапатталса, бұдан кейінгі жылдары бірнеше дүркін осы көрменің бас жүлдесін жеңіп алды. Сөйтіп, бөрлілік өндіріс­ші­лер қазақстан­дық жұмсақ жиһаз жасаушы­лардың алдыңғы қата­ры­нан кө­рініп келеді. Жылдан-жылға қанат жайып, өркендеп келе жатқан «НазТур» ЖШС-нің болашақта жүзеге асы­руды жоспарлап отырған орамды ойлары баршылық. Табысқа апарар жолын анықтап, дұрыс ба­ғыт­ты таңдай білген ұжымның әлі та­лай асуларды бағындырары анық. Айгүл АХМЕТОВА, Бөрлі аудандық «Бөрлі жаршысы» газеті редакторының орынбасары. Суретте: «НазТур» ЖШС ди­ректоры Л.Елеусінов.   Шағаладай жаңа ауыл – тұрмысы төмен отбасылар үшін Орал өңірінде от ауызды, орақ тілді, тіліп тұрып айтатын, кесіп тұрып айтатын Нығмет Нағымов есімді айтыскер ақын болған еді. Өмірден ертерек кетіп қалды. Сол Нәкең сонау жетпісінші жылдар­дағы айтыстарының бірінде өз қар­сыласына: «Тереңкөлдің үйле­рі шағаладай, Ешкім де кете ал­майды бағаламай», – деп төгілдіре жырлағаны бар. Ол кісінің Те­рең­көл деп отырғаны, сол кезде жа­ңа­дан құрылған шаруа­шы­лықтың жа­ңадан бой көтерген орталығы бола­­тын. Бөрлі ауда­ны­ның Бөрлі ауы­­лын­да сап түзеген сәнді де сапалы жаңа үйлер мен көшелерді көрген­де, Нығмет аға­мыздың осы бір өлең жолдары ойымызға оралып еді. Коттедж үлгісінде бой көтер­ген бұл үйлер өз қоныс­та­ну­шы­ларын қарсы алуға әзір. Ақсай- Орал тас жолының бойында ор­на­ласқан бұл үйлер кез келген ж­о­лаушының көз құртына айналды десе де болады. Жалпы саны ал­пыс үйдің әрқайсысының жалпы кө­лемі 71 шаршы метрді құрайды. Жаңа қоныс төрт бөлмеден тұрады. – Осынау айырықша да ерекше құрылысқа қазіргі заманғы жа­ңа технология мен құрал-жабдық­тар пайдаланылды. «НазТур» ЖШС тұрғызған бұл баспаналар тұруға ыңғайлы, сапалы әрі мықты бо­луы­мен ерекшеленеді. «Жұмысп­ен қамту – 2020» мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында тұрғызылған арнайы құрылысқа республи­ка­­лық бюджеттен 294 миллион тең­ге бөлінді. Бүгінгі күні бұл қо­мақты қаражат толықтай игерілді, – деді бізге Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Талғат Сидық. Аталған бағдарлама респуб­ли­каның 2020 жылға дейінгі Стра­тегиялық даму жоспарына сай қабылданғанын айта кеткен жөн. Сонымен бірге, бұл іс үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен де өзара үн­дестік таба алады. Тарқата айтар болсақ, жоғарыда аталған бағ­­дар­ламалық құжаттарға сәйкес, та­бы­­­сы төмен, жұмыссыз жүрген тұр­ғындарды оқытып, жаңа кә­сіп­ке бейімдеу, жұмысқа орналас­ты­ру істері де өзек болған екен. Ос­ын­­­дай міндеттер тізбегіне ауыл­дық жерде кәсіпкерлікті өрістету, ең­­­­­­бек ресурстарын топтастыру си­яқ­­­ты кешенді шаралар да кіреді. Бұл бағыттар 2011 жылы қа­нат­қақты жоба ретінде белгіленген. Ал ал­дағы жылдан бастап атал­ған жобалар толықтай жүзеге асы­рыл­мақ. Бұл мәселе жөнінде бізге Бөрлі аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Бауыр­жан Балмолдин айтып берді. Бөрлі ауданының Бөрлі ауы­лындағы жаңа алпыс үй жоғарыда көрсетілген бағыттар мен міндеттерді іске асыру мақсатында тұр­ғызылған. Бұған облыс аудан­да­рын­дағы болашағы жоқ, құрып бара жатқан елді мекендердің тұр­ғындары қоныстанады деп кү­тілуде. Әрине, бұл іс белгіленген нормативтер мен тиісті тәртіп бой­ынша жүргізілмек. Сонымен қатар, жоғарыда айтылғандай, жа­ңа тұрғын үй иелерін еңбекпен қамту, жаңа мамандыққа бейімдеу шаралары қоса атқарылмақ. Бұл іс Тәуелсіздіктің жиырма жылдық мерекесі қарсаңында ел­дің тұрмысы төмен тұрғындары үшін жасалған баға жетпес, үлкен қамқорлық екені белгілі. Суретте: Бөрлі ауылында бой көтерген 60 үйдің сырт­қы көрінісі.   Светлана Бөрлі ауданындағы «Нұр» шаруа қожалығының жетекшісі С.Маутеева ер-азаматтар көтере алмайтын ауыр жүкті нәзік иығымен арқалап жүрген арулардың бірі. Қазақ ару­­­ла­рына тән ибамен сәл ғана жымиып, нұрлы жүзіне қызыл шырай жүгіріп, күміс күлкінің шуағы шашылып тұратын нәзік жанды, ұяң да сұлу келіншекті бір көргенде, бизнес тізгінін ұстап, үлкен шаруашылықтың ісін дөңгелентіп отырған жан деп ойлай қоймайтыныңыз анық. Светлана Бұрханқызы өз ісіне мығым болғанмен, сөзге сараң боп шықты. Сары майдан қыл суырғандай суырт­пақ­тап сыр тартқанда, көңілге түйген кейбір жайттар тө­мен­дегідей. «Кәсіпкерлікпен айналысам» деген ой кез келген қазақ әйелі сияқты, балаларын бағып, отағасының бабын тауып, үй шаруасында жүрген Светлананың ба­сына кіріп те шықпаған еді. Тоқсаныншы жылдардың аяғында жұбайы «Омаров Е» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің іргесін қалап, нарықтық қатынастарға алғаш қадам басқанда, оны қолынан келгенінше қолдаған Светлана есеп-қисап жұмыстарын жүргізеді. Кейін отбасына тіреу болған азаматы өмірден өткенде, ашық күнде жай түскендей болды. Қайғы-қасіреттен бас көтере алмай қалды. Алайда қазадан кейін есін жиып, айналасына көз салғанда, марқұм ерінің ісін жалғастыру қажеттігін түсінді және оны жұбайының рухының алдындағы парызы деп есептеді. Табиғатынан білмекке құмар, қайсар жан шаруа­шы­лық тізгінін өз қолына алды. Ұжымдағы қызмет­кер­леріне сенім арта отырып, өзінен де, өзгеден де жоғары жауапкершілікті талап ететін Светлана Бұрхан­қы­зы­ның ұйымдастырушылық қабілеті осы жерде анық байқалды. Бүгінде өз атауын «Нұр» шаруа қожалығы деп өз­гертіп, 300-ге тарта адамды жұмыспен қамтып отыр­ған кәсіпорын құлашын кеңге жайып, Орал өңірінде кондитерлік өнім өндіруден алдына жан салмай келеді. «Нұрдың» балбармақ мамандарының қолынан шық­­қан дәмі тіл үйіретін тәтті тоқаштар мен бөлкелер, бә­ліш­­тер мен торттар халық сеніміне ие болғаны қа­шан?! Бұл өнімдер сатылатын дүкендерге бас сұқ­­қан адам оның тұрақты тұтынушысына айналады. Мұнда өн­дірілетін 100-ден аса өнім түрлері Ақсай қаласында «Ассорти», «Гүлжауар», «Зеленый», «Наурыз», «Салтанат» дүкендері арқылы халыққа ұсынылады. Дәл ос­ындай кондитерлік цех пен екі дүкеннен тұратын сау­да желісінің жұмысы Орал қаласында да жолға қойған. Сондай-ақ, бірнеше жылдан бері «Ақсай» дәмха­насы қала тұрғындарына қызмет етіп келеді. Әр отба­сының өмірінде болатын той-томалақтары мен жаназа-садақаларын өткізуге қамданған ақсайлықтар негізінен осы дәмхананы таңдайды. Өйткені, бұл жер­дің тағамы дәмді, қызмет көрсету деңгейі жоға­ры, ба­ға­сы да аса қымбат емес. Айнадай жарқыраған ғима­раттың ішкі безендірілуі де көңілден шығады. «Біздің міндетіміз – халыққа қуаныш сыйлау. Сон­­дықтан олардың сұ­ранысын қанағаттандырып, та­лапқа сай қызмет етуге тырысамыз. Мүмкіндігімізге қарай өз қалауымызша интерьерді өзгертіп отыра­мыз. Ең бастысы, сапа жа­ғына көп көңіл бөлеміз. Сондықтан да дәмхананың ас мәзі­ріне пайдала­ны­ла­тын азық-түліктің экологиялық жа­ғы­нан таза болуы үшін кейінгі жылдары ептеп ауыл ша­руа­шылығымен айналыса бастадық. Сөйтіп, дастар­қан­ға қойылатын қазы-қарта, ет-сүт тағамдарын, астық өнім­дерін, көк­өністерді өз шаруа қожалығымыздан ала­мыз», – дейді кәсіпкер ару. Өйткені, С.Маутеева ас­тық өндіру­мен, асыл тұқымды мал басын көбейтумен, көк­өніс дақылдарын өсірумен де шұғылданады. Өндіріс иесінің тағы бір айта кететін әлеуметтік жобасы – қаладағы «Ардагер» дүкені. «Аға ұрпақты сыйлау – қастерлі парызымыз» деп есептейтін жү­ре­гі жұмсақ, жаны нәзік Светлана Бұрханқызы дағда­рыс кезеңінде қарияларымызды қолдау мақсатында әлеуметтік дүкен ашу туралы аудан әкімінің ұсы­ны­сын облыс бойынша алғашқылардың бірі болып қол­даған еді. Мұнда ардагерлер мен зейнеткерлерге күн­де­лікті тұрмысқа қажетті бірінші кезектегі азық-тү­лік түрлерін арзан бағамен сатылады. Жалпы, С.Мау­теева қайырым­дылық жасамайтын сала кемде-кем. Тұрмысы төмен отбасылар мен мұқтаж жандарды айтпағанның өзінде, аудандағы мұсылмандар мешітіне, мәдени, спорттық шаралардың өткізілуіне, білім ошақтарына әркез демеу­шілік жасап отырады. Өмір бір орында тұрмайды. Әсіресе, бәсекелес­тікке бағыт алған бизнес әлемі күн санап өзгеріс үс­тінде. Жаңалыққа жаны құмар басшы соның бәрін қалт жібермей бақылап отырады және қоғамдық та­мақ­­тан­дыру саласындағы жылт еткен жаңалықты, өз­гері­с­тер­ді өн­діріске енгізуге тырысады. Осы мақ­сатта еліміздегі, Ресейдегі, шетелдердегі ірі комбинаттарда болып, олардың іс-тәжірибесімен танысып қайтты. Маман­да­рын да әртүрлі курстарға жіберіп, оқытып алды. Швециядан жаңа үлгідегі екі пеш сатып әкелді. Германиядан әкел­ген жабдықтардың көмегімен неміс техноло­гиясы бойынша дәмі бал татыған торттар шығара бастады. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, 2004 жылдан бастап «Нұрдың» аспаздары әртүрлі дең­гейдегі байқауларға қатысып, бақ сынап келеді. Кә­сіпорын басшысы кеңсесінің қабырғаларына ілінген ау­­­­дандық, облыстық, республикалық, әлемдік деңгей­де­гі әртүрлі алғыс хаттар мен грамоталар, дипломдар мен кубоктар Светлана ханым басқарып отырған ұжым­ның жарқын жетістіктерінің куәсі. Сонымен бірге, Светлана Бұрханқызы – өңір және ел деңгейінде өткізілген «Жыл адам», «Жер иесі» аталымдарының да иегері. Күнделікті қым-қуыт тірліктің қазанында қайнап жүрген кәсіпкердің әр сағаты мен әр минөті есептеулі. Оның күн сайынғы ісі апта бұрын белгіленіп қой­ы­лады. Әйтсе де ол өз перзенттеріне аналық жүрегінің шуағын түсіруге әркез уақыт таба біледі. Ұлы Рахат жоғары оқу орнын аяқтап, қазір екінші мамандық алуда. Ал АҚШ-тағы беделді университеттердің бірінде білім алып жатқан қызы Рабиға үздік оқуымен қуан­тып келеді. Ол анасының бойындағы еңбекқорлық пен табандылық секілді тамаша қасиеттерді бойына сіңірген. Тәрбиелі бойжеткен шетелде тек оқумен шектелмей, мамандығы бойынша қызмет атқарады. «Ана көрген тон пішер» деген осы да. Малика БЕЙБІТҚЫЗЫ. Суретте: «Нұр» шаруа қожалығы­ның жетекшісі С.Маутеева. Беттің материалдарын ұйымдастырған «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі Темір ҚҰСАЙЫН. Суреттерді түсірген Станислав ЛАРИН.