02 Желтоқсан, 2011

Қазақстан шетелдіктер көзімен

1269 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Осы халықтың бел баласындай болып кеттім Йылдыз СИНАН, Айша бибі атындағы қазақ-түрік қыздар мектеп-интернатының директоры. Мен 1974 жылы Түркия мем­елекетінің Адана облысында дү­ниеге келдім. Адана қаласын­дағы мектепті бітіргеннен кейін, Малатия қаласындағы  «Инөнү» университетінің математика факультетіне түсіп, оны 1996 жылы бітіріп шықтым. Қазақ елі тәуелсіздік ал­ған­­нан кейін 5 жылдан соң, яғни 1996 жылы Қызылорда  қаласы­на келіп, дарынды ер балаларға ар­налған қазақ-тү­рік мектеп-ин­тер­натына математика пәнінен дәріс оқи бас­тадым. Ал 1999 жылы Тараз қаласындағы Жам­был қазақ-түрік экономикалық коллед­жіне математика пәнінің мұ­ғалімі болып ауыстым. 2009 жылы Айша бибі атын­дағы да­­рынды қыз балаларға ар­нал­ған қазақ-түрік мек­теп-интернатына директор болып тағайын­далдым. Менің осында жүріп көріп, білгенім қазақтар – өте қонақ­жай, ақкөңіл, сауатты және мәдениетті халық болып келеді екен. Өнерге құштарлығы да керемет. Салт-дәстүрге деген адал­дығы Наурыз мерекесінен басқа уақыттарда да байқалады. Со­сын білім мен ғылым саласына және спортқа өте ынталы. Әсі­ресе, мені ағылшын тілін білуге деген құштарлықтары шексіз қуа­нтады. Көріп жүрмін ғой, қазақ бауырларымның ұл-қыз­дары жан-жақты іздене білетін, жаңалық­тарға жаны құмар, тап­сырмаға тиянақты. Біздегі сабақ негізінен ағылшын тілінде жү­реді. Соған қарамастан, мектеп-интернаттағы оқушылар қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілін өте жақсы меңгеруде. Біздің мектеп-интернат ұлт­тық бірыңғай тестілеудің қо­рытын­дысы бойынша соңғы 5 жыл бойы республикалық 100 мектеп­тің қатарына еніп, об­лыс бойын­ша алдыңғы 3 мек­тептің сана­тында ІІ, ІІІ орынды иеленіп жүр. Соның арқасында облыс әкімі Қанат Бозым­баевтың «Алғыс хатымен» жә­не бағалы сыйлы­ғымен мара­патталдық. Бүгінде мен өзімді қазақтың бел баласындай сезінемін. Өйт­кені, туған-туыстарым менің ар­қамда қазақ қардаштармен құда-жекжат болды. Сондай-ақ, айна­ламдағы қоршаған қарапайым ортаның құрметі мен көзқарасы да көңілімді көтеріп, Қазақстан халқымен мәңгілік дос, жолдас болуға құлшындыра түсуде. Тараз.   Адал еңбекке жағдай жасалған Али КАЗИМОВ, Әзербайжан азаматы. Менің Қазақстанда тұрып жат­қаныма сегіз жыл болды. Алға­шында туған ағама келіп, содан осы ел ұнағандықтан, қоныс­танып қалып қойдым. Балаларым ержетіп, азамат қатарына қосы­лып жатыр. Олар үшін Қазақстан өз отаны іспетті. Маған қазақ­стандықтар керемет ұнайды. Ха­лықтың пейілі кең. Және біз түбі бір түркілер болғандықтан, мен үшін қазақ тілін ұғыну еш қиын­дық туғызған жоқ. Әрине, қазақстандықтардың бар­лы­ғының орыс тілін білгенінің пайдасы мол, бірақ қазақтардың өзінің ана тілдерінде сөйле­меулері сырт көзге әбес-ақ. Мы­са­лы, әзербайжандар да бұрын қазақтар тәрізді бодандықта бол­ды, алайда, қазір онда әзербай­жанша сөйлеу кәдімгі сәнге ай­нал­ған. Бұл менің ел тәуел­сіздігі қарсаңында қазақ бауырларыма айтқан базынам. Ал, жалпы, қазақтар қазір өз­дерінің табыстарымен мақтана алады деп ойлаймын. Бүгінде Қазақ елін әлем таниды, осында ірі-ірі халықаралық саммиттер өтуде. 20 жылда елдің жеткен жетістіктері айтарлықтай. Мен қарапайым ғана ас­пазбын. Өзіміздің дәмха­на­мыз бар. Мұндағы ас мәзірі ха­лал үлгісінде, біз арақ-ша­­рап сат­паймыз. Келген мейман адал ас ішіп аттанады. Осы­ның өзімен біз еңбек етіп, қоныс теуіп жатқан елге құрмет көр­сету­деміз деп ой­лаймын. Өйт­кені, осы жерде біздің табыс табуы­мызға, адал еңбегіміздің жемісін жеуімізге мемлекет тарапы­нан жағдай туғызылып отыр.   Бұл ел менің жүрегімде қалады Даниел Джером Бэлласт, АҚШ азаматы, Өскемендегі Қазақ-Америка еркін университетінің  вице-президенті. Алғашқы рет Қазақстанға 1993 жылы келдім. Содан бері 18 жыл өте шығыпты. 1994 жылдан Өскемендегі Қазақ-Америка еркін университетінде жұмыс істеп келемін. Бұл оқу орны Елбасы Н.Назарбаевтың келісімімен ашылған. Қазіргі жастар білімді де білікті болумен бірге, бірнеше шет ел тілдерін меңгерулері тиіс. Қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде білім беретін оқу орнын  Ғылым академиясының толық мүшесі Ережеп Мәмбетқазиев ұзақ жылдар бойы басқарып келеді. ҚАЕУ-де экономика теориясы, макроэкономика пәндерінен дәріс беріп жүр­генде байқағаным, қазақстандық жастар терең білім алуға құштар. Олар бірнеше тілді еркін меңгерген. Біздің университеттің ерекшелігі – жоғары оқу орнын аяқта­ған жастар екі мемлекеттің дипломдарын алып шығады. Жастар АҚШ-та тағы­лымдамадан өтеді, өркениетті елдің жетістіктерін өз көздерімен көріп, Қазақ­станның да алға басуы үшін қолдан келген мүмкіндіктерін жұмсайтын болады. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың көреген саясаты нәтижесінде тәуелсіздік алған 20 жылда адам сенгісіз жетістіктерге жетті. Қазақстанда тұрып, қызмет еткен соң, сол елдің тілі мен мәдениетін жетік меңгергенге не жетсін! Тіл үйрену оңай емес. Оны өз тәжірибемнен анық білдім. Алайда, мақсат қойып, қиындықтарды жеңу үшін ерінбей-жалықпай ізденсең, табысқа жетуге болады екен. Қазір қазақ тілінде еркін сөйлей аламын, қазақ жастарымен мемлекеттік тілде әңгімелесемін. Бізде жасырып-жабары жоқ, ана тілінде шорқақ сөйлейтін, өз ойын жеткізе алмайтын қазақ жастары кездесіп жатады. Оларға мемлекеттік тілді меңгерудің маңызды екенін айтамын, намысын жанимын. Қазақ елі қарыштап дамып келеді, оның жетістіктеріне баршамен бірге қуанамын, шаттанамын... Өскемен.   Дарқан мінез тәнті етті Холгер Нумрих, «ЖайықТрубТех»  ЖШС-нің бас директоры. Мен Қазақтанға 2000 жылы келдім. Бұл кезде мен Америка құбыр өткізгіштері компаниясы жобасының аға менеджері бо­лып қызмет жасадым. Біздің басты мақсатымыз, Қарашы­ға­нақ кен орнын одан әрі да­мытуға кәсіби тұрғыдан көмек көрсету бо­ла­тын. Әрине, ал­ғаш­қыда бұл жер­дің климаттық ерекшелігіне үйренісе алмай жүрдік. Әлі есімде. Сол жылдарда кеншілер қаласы – Ақсайда ыстық су күніне екі рет қана берілетін. Соған қарамастан, қазақ халқының қонақжайлығы, кім-кімді де жатырқамай айқара құшағына алатын дархан мінезі мені тәнті етті. Біз олармен дос болып кеттік. Осындай өзара түсіністік арқасында жұ­мы­сымыз да жақсы жүрді. Сөйтіп, Қара­шығанақ өңдеу кешені – Атырау тұрба құбырлары өнімдерін экспорт­тау ісі оң жолға қойылды. 2004 жылы кен орнындағы миссиям аяқталды. Сондықтан да Дубайдағы үйіме оралуым керек болатын. Әйтсе де мені қазақ жерінің тартылыс күші мұнда әлі де біраз уақыт бола тұруға итермелей түсті. Сөйтіп, Қазақстанда қала беремін деп шеш­тім. Мен мұнда қазақ досым Ғабит Ермеков екеуміз қазақ жастары мен инженерлеріне мұнай-газ өндірісінің қыр-сырын үй­ре­туді қолға алдық. Осы мақсатта Жайық тұрба құбырлары компаниясын құрдық. Мұндай ойға келуіме осы кезге дейін Қазақстанда отандық кәсіби құ­быр­лар компаниясы жоқ екені себебші болды. Міне, осыдан кейбір батыстық компаниялар Қазақстанға келіп өзіне үлкен пайда табуды көздегенін жасырып қалғым келмейді. Осы ниетпен олар Қазақстанға өз мамандарын жіберіп отырды. Мен мұн­дай жолды қаламадым. Ме­нің басты ойым әлемдік дең­гейдегі технологияны Қазақ­станға әкеліп қажетті өнім шығару болды. Бұл іске қа­зақстан­дық жастарды тарту болды. Жұмысты бастаған кезде компанияда 5 адам болса, қазір 25-ке жетті. Мұның 24-і, яғни менен басқасының бәрі қазақстандық мамандар. Мен бұл деректі мақ­таныш сезіммен айта ала­мын. Қазақстанда жасалған құбырлардың сапасы өте жо­­­ға­ры. Осы арқылы олар ба­тыс­тық стандарттардың деңгейіне жетіп отыр. Тіпті, кейбір критерийлер бойынша сапа­лық тұрғыдан озық түскен тұстары да бар. Қазақ топырағындағы он бір жылдық өндірістік өмірімде бұл ел менің екінші отаныма айналды. Тәуелсіздік алғанына не­бәрі жиырма жыл толған мемлекетте эконо­мика мен әлеуметтік стандарт­тардың озық жобалары іске асуы таңқал­дырмай қоймайды. Менің жанымды әркез ризашылық сезімге бөлейтін тағы бір фактор – Қазақстан мем­лекетінің бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қол жеткенге тоқмейілсімеу қажеттілігін ұдайы алға тартып отыратындығы. Иә, қазақстандықтар бұдан да биік нәтижелерге қол жеткізуге тиіс. Оған ешқандай күмәнім жоқ. Жас мемлекеттің бүгінгі ұрпағы осы жауапкершілікті жете сезіне біледі деп санаймын. Батыс Қазақстан облысы.   Өз отанымда жүргендей сезінемін Йигит ЯЗЫДЖ,  «Ақтөбе-Мәртөк-Ресей шекарасы» жобасының жетекшісі. Мен осы елге келіп, жұмыс істеген жылдарымды ең ба­қытты кезеңге бағалаймын. Түбі бір түркі жұрты Қазақстанның тәуелсіздігін әлем мемлекет­терінің арасында бірінші болып таныды. Бұл біздің ізгі ние­тіміздің, риясыз ілтипаты­мыз­дың белгісі дер едім. Осы жыл­дарда туысқан екі елдің арасында барыс-келіске жол ашылды. Түркия өз тара­пынан жас тәуелсіз мемлекетке қолдау көрсетті, экономикалық байланыстардың арнасын кеңейтті. Екі ел арасындағы экономикалық байланыстар екі жақты тиімді жағдайда өрбіді. Қазақстанда 140-қа жуық ұлттар мен ұлыстардың татулықта, бірлік пен ынтымақта өмір сүріп жатқанының өзі мемлекет құраушы ұлт – қазақтардың ба­уырмалдығы мен бейбітсүйгіш қа­сие­тінің молдығы дер едім. Азғантай ға­на уақытта кешегі Кеңес Одағының құ­рамынан шығып, тәуелсіздік алған егемен елдің экомикадағы, әлеуметтік мәсе­лелерді оңтайлы шешудегі бүгінгі қол жеткен табыстары, саясаттағы ұс­танған сара бағыты әлемді мойындатып отыр. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» дегендей, мен осында келгелі еңбекқор елді, халқының қамын ойлаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекет бас­шысы ретіндегі сарабдал саясатын кө­ріп, тәнті болдым. Елдегі саяси тұрақ­тылық, экономикалық даму үрдісі мұнда келуге шетелдік инвес­тор­ларды қызық­тырып отыр­ғаны сөзсіз. Сондықтан да Қазақ­станға келіп, өз қар­жыларын са­луға, жа­ңа технологияларын ұсынуға ынталы мем­­лекеттер қа­тары жыл сайын көбейіп келеді. Біздің «ДЖЕНГИЗ ИНШААТ» компаниясы «Ба­тыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі бойында тас жол салумен айналысады. 2010 жылы «Ақтөбе – Мәртөк – Ресей шекарасы» жобасы бойынша 102 шақырым жолға қатты жамылғы тө­сеуді бастадық. Бүгінгі таңға оның 45 шақырымы бітті. Бұл жоба 2013 жылы аяқталады. Ынтымағы жарасқан, татулығы тұ­рақты және тыныштығы берік Қазақ­стан­ның бұдан да биік белестерді бағын­дыруға мүмкіндігі мол. Тәуелсіздіктің бағасын білетін халық қана осылай ұйымшылдық пен бірліктің өнегесін көрсетсе керек. Бұл бағытта Қазақ еліне, қазақстандықтарға болашақта да сәт­тіліктер тілейміз. Мұндай мемлекетте тұру әр азаматтың бойында еліне деген мақтаныш сезімін ұялататыны сөзсіз. Қазақстан – мақтануға да, мақтауға да тұратын мемлекет. Біз ынтымағы жарас­қан елді көріп, көңіліміз марқайып қалды. Мұның бәрі, әрине, тәуелсіздіктің жемісі екені даусыз. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы құтты болсын, туысқандар. Ақтөбе облысы.