02 Желтоқсан, 2011

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Тәуелсіздік тұрақты даму арқылы нығаяды

435 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік шежіресі

«Егемен Қазақстан» 1995 жыл. Сенбі, 16 желтоқсан.

«Егемен Қазақстанның» осы­дан 16 жыл бұрынғы, яғни 1995 жылдың 16 желтоқсандағы нө­мі­рі Мемлекет басшысының га­зеттің екі бетіне берілген осын­дай тақырыптағы мақаласымен ашылған. «Тәуелсіздік күні біз­дің күнтізбемізде қызыл түске боялған. Бірақ бұл 1991 жылғы Қазақстанның өзі Мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланған күнді жай еске салып қоймайды. Қа­зір­гі дүние құрылымындағы көп­теген оқиға тарихтың бедерлі белгілерін сақтап қалған. Жа­ңадан бірқатар елдің тәуелсіздік алуы,  сөз жоқ, тап осындай оқиғалар қатарына жатады. Ол елдердің қай-қайсысы да өз азаттығына ұзақ та соқтықпалы жолмен жетті. Ал, бұл жолды ақырына дейін түгел жүріп өтті деп, шамасы, ешкім де сеніммен айта алмайтын болар. Әсіресе, дүниежүзілік қауымдастыққа жаңа ғана енген біз осылай дей алмаймыз» деп басталыпты мақала. «Бірақ біз ұмытшақ емеспіз, бәрі де есімізде – қазіргі Тәу­елсіздігіміз қазақ ұлтының өз тағдырын өзі шешуге деген сан ғасырлар бойғы ұмтылысының жемісі екенін жақсы білеміз. Бұл ұмтылыс қоғамдық ой-пікірдің қалыптасуымен, халықтың жан жүрегімен қалаған қажырлы іс-әрекетімен нығайтылып отырды. Біз 1986 жылдың желтоқ­са­нын­да Қазақстан жастарының тота­ли­тарлық тәртіпке жүрек жұт­қан әрі теңдесі жоқ ерлікпен қас­қайып қарсы шыққанын ұмыт­паймыз. Оның үстіне, біз бос­тан­дық көп ұлтты респуб­ли­ка­мыздың азаматтары жасап жат­қан қазіргі тарихтың мазмұнына сай келгенде ғана нақты шын­дық­қа айналатынын айқын сезінеміз» депті Мемлекет бас­шысы. Мұнан кейін Президент қазір мемлекетімізге де, бүкіл халқы­мыз­ға да қиын тиіп жатқан­ды­ғына, өйткені шикізат өңдеуге ғана негізделген орасан зор ауыр да икемсіз бұрынғы эконо­ми­каны оның құрылымын жетілдіру көп уклатты нарықтық қаты­настарды орнату жағына қарай бұрып әкете қою тіпті де оп-оңай нәрсе емес екендігіне, оның үстіне, жаңа әлеуметтік ортаға бейімделу де қиын тиіп тұрғандығына тоқталады. «Бірақ біз күш-жігерімізді барынша жұ­мылдыра отырып, бәріне де төздік. Және бұдан әрі ілгері болуымыздың алғышарттарын жасай алдық» дейді. Осының үлкен бір мысалы ретінде еліміздің ақшаның шектен шыға құнсыздануы сияқты экономикалық ауыр дерттен не­бәрі бір ғана қаржы жылы ішінде айыға алғандығын ай­тады. Соның арқасында отандық эко­номикамыздың бет-бейнесін ай­қындайтын, экспорттық сек­тор­ды қалыптастыратын, дүние­жү­зі­лік рынокқа алып шығатын жолдарды ашатын жетекші кә­сіп­орындарымызды экономика­лық тұңғиық құздың терең түк­піріне қарай құлдыратудан аман алып қалғандығымызды атап көрсетіпті. Президенттің осы мақаласы ел өмірін, оның алға қойған мақсаттарын кеңінен қамтитын бірнеше тақырыптардан тұрады. Соның біріншісі «Демократия­лық дамудың өктем талаптары» деп аталады. Президент мақала­ның бұл бөлігінде Қазақ­стан­да­ғы саяси өмірдің жағдайына аме­рикалық немесе еуропалық демократия өлшемдері тұрғысы­нан баға бергенде кез келген сая­си категория дегеніміз әлде­бір қатып қалған және барлық уақытта бірдей жарамды мәңгі нәрсе емес екендігін ескере бермейтіндігімізді айтыпты. «Тоқ­са­нын­шы жылдардың үлгі­сін­дегі еуропалық демократия мен ғасырдың бас кезіндегі демо­кра­тияның арасында аспан мен жердей айырмашылықтар бар екенін ойлаймыз ба?» деп сұрақ қойыпты. «Иә, біз демократиялық өз­герістер жолына біржола түстік. Бірақ демократизмді өзіміздің өркениеттілігімізді бүкіл әлемге дәлелдеу үшін ғана орнық­ты­р­май­мыз. Бұл ретте өзімізге жан-жақты қолдау көрсетілуін күте­міз. Жоқ, біз бұл жолға өзіміз ынтық болып ұмтылып отырған қымбат қазыналардың нақты үл­гі­сі болатын демократияны жақ­тағандықтан түстік. Бірақ бұл рет­те уақыттан озып кетуге, оқи­ғаларды жасанды түрде шап­шаңдатуға тырыспаймыз. Өйт­ке­ні, егер барлық азаматтарға лайықты тұрмыс жағдайлары қамтамасыз етілмесе, онда саяси бостандық туралы әңгімелер бос сөздерге, тіпті қауіп-қатерлі сөз­дерге айналатынын ұмытпай­мыз» дейді. Демократияны ор­нықтыру үшін сөзсіз екі түрлі алғышарт – экономикалық тепе-теңдік және қоғамдық тұрақ­ты­лық қажет екендігін, егер біз экономикалық тепе-теңдікке енді ғана ұмтылып отырсақ, онда Қазақстанның бүгінгі таңда демократиялық қазыналар жасаумен ғасырлар бойы айналысып келген Еуропа елдерімен бой теңестіріп, қатар тұруға әзір екендігі жөніндегі пайымдауға бару социализмді түпкілікті ор­нату жөнінде кезінде жасалған жөн-жосықсыз мәлімдемеден өзге ешнәрсеге болып табыл­май­тындығын айтады. «Мен Қа­зақстанның экономикалық дербестігі неғұрлым күшейген сай­ын елімізде демократиялық бос­тандықтарға деген қажеттіліктің үсті-үстіне арта түсетіндігіне кәміл сенемін» дейді. Біздің елімізде заң шығару қызметі бұдан былай жүйелі сипат алатын­ды­ғын және оның сапасы да артатындығын айтады. Мақаланың «Тұрақтылық – мемлекетті дамытудың кепілі» деген тақырыпшамен берілген бөлігінде мемлекетіміздің сырт­қы  саясат саласында атқарып жатқан істері қамтылған. Семей полигонын жабу және ядролық қарулардан бас тарту жөніндегі шешімдер, ядролық қаруларды таратпау жөніндегі шартты ұзар­туға бағытталған инициативаға бір жола батыл қолдау көрсету біздің елімізді дүниежүзілік қау­ымдастықтың сый құрметіне бөлеп қана қоймай, сонымен қатар қауіпсіздігімізді нығайта түскендігі туралы айтылады. Осыған байланысты Ресей, АҚШ, ҚХР, Ұлыбритания, Фран­ция тарапынан берілген тиісті кепілдіктер арқасында аумақтық тұ­тастығымызды қамтамасыз еткендігіміз сөз болады. «Азиядағы өзара бірлестік және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру идеясын бүгінгі таңда Азияның көптеген елдері қолдап отыр. Бұл кеңесті әзірлеу жөніндегі арнаулы жұмысшы тобының мәжілісіне қазірдің өзін­де 15 мемлекеттің өкілдері қатысып үлгерді» дейді Президент. Егер екіжақты қарым-қа­ты­настар арасында өзіміздің бірінші кезектегі маңызды шара­ларымыз туралы айтатын бол­сақ, онда Қазақстан үшін Ресей Федерациясымен қарым-қаты­нас­ты одан әрі дамыта түсудің маңызы өте зор екендігіне, Қа­зақстан – өзінің қарым-қаты­насын Орталық Азияда дүние жүзінің ең үлкен мемлекеті – Америка Құрама Штаттарымен әріптестік дәрежесіне дейін көтерген бірден бір мемлекет екендігіне, біздің стратегиялық әріптестеріміздің бірі – күшті қарқынмен дамып келе жатқан, орасан зор өнеркәсіптік, әскери және ақыл-парасат мүмкіндік­тері мол Қытай Халық Респуб­ли­касы болып табылатын­ды­ғына, ал Еуропада Қазақ­стан­ның Германиямен, Ұлыбри­та­ния­мен, Франциямен, Еуропа­лық одақтың басқа да елдерімен қарым-қатынасының жақсара түскендігіне тоқталған. Осы мақалада «Респуб­ли­ка­ның интеграциялық ұсыныс жасау артықшылықтары» атты та­қырыпшасында Елбасы интегра­ция­ны әлдебір шешімнің, дек­рет­тің күшімен жүзеге асыру мүмкін еместігіне, мұның өзі бірте-бірте пісіп-жетілуі және содан кейін ғана адамдардың ақыл-ойына қонымды эволю­ция­лық процеске айналуы тиістілігіне тоқталған. «Қазақстан халықтардың тал­қысына Еуразиялық одақ құ­рудың жобасын ұсынды. Содан бері екі жарым жылға жуық уақыт өтті. «Енді ол идея өзін-өзі ақтамапты-мыс, өйткені, оны іс жүзінде іске асыруға мүм­кін­діктің сәтті түспепті-міс» деген дауыстарды да естуге тура келіп жүр. Бұл пайымдаулармен келісу қиын. Өйткені, интегра­ция­лық процестердің бірте-бірте жүзеге асырылуы әбден заңды. Сондықтан да ТМД шең­бе­рін­де­гі әрбір мемлекеттің саяси және әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін мейлінше мұқият ескеретін бұл Еуразиялық жобаны іске асыру алғашқы кездің өзін­де-ақ кезең-кезеңімен, салыс­тыр­малы түрде алғанда ұзақ уақыт бойы жүргізілетіндігі белгілі» дейді Президент. (Елбасының осы сөзі тарихи шындыққа айналғанды­ғын біз бүгін көріп отырмыз. Елбасының осы мақаласынан бес жылдай уақыт өткеннен кейін барып, үш ел арасында Кеден одағының құрыл­ған­ды­ғы, қазір бұл үрдістің ТМД аясында тереңдеу сипатына ие болғандығы белгілі. Демек, аталған мәселені Елбасы кө­ре­генділігінің бір қыры десе болар. (ред.). Мақаланың «Біздің ортақ үйімізде татулық пен келісім болсын» деген тақырыпшамен берілген бөлігінде Президент елімізде Қазақстан халық­тары­ның ассамблеясы құрыл­ған­дығына, себебі біздің ортақ үйіміздегі татулық пен келісімді нығайтпайынша, алға қарай жылжу мүмкін еместігіне тоқ­тал­ған. «Біздің республика­мызда 500-ден астам қоғамдық бірлестіктер тіркелген. Олар­дың толысуына ең жақсы сын­шы – уақыт. Терең идея­ларымен бағ­дар­ламалары жоқ саяси ұйым­дар қоғамның өз талап етпеген ұйым ретінде сахнадан кетеді. Олардың орнына Атажұрт тағ­дыры үшін жауапкершілік басты нәрсе болып табылатындар келеді» дейді Президент. «Мәдениет пен иманды­лық­ты түлетейік» деген тақырып­шада Президент мәдениет қоғам ішіндегі, халықтар мен мемлекеттер арасындағы қатынас­тар­да өзекті факторға айналып келе жатқандығына тоқталған. «Де­мо­кратиялық мәдениеттің әмбе­бап формуласының бір қыры төзімділік болып табылады. Ал толеранттылық ұғымы, әлбетте, кеңірек, әр елде, аймақта оның нәсілдік, ұлттық, діни өз реңктері бар. Бұл тұрғыда жүз ұлыстың ғана емес, сонымен бірге көптеген діни нанымдары елі болып табылатын Қазақстан үшін діни наным бостандығы проблемасының көкейкесті си­паты бар» депті Мемлекет бас­шысы.   Намысымды жаныған желтоқсан! «17 желтоқсан – Демо­кра­тиялық жаңару күні» деген айдармен берілген осы мақалада оның авторы Расылхан Құдайбергенов желтоқсан оқиғасы кезінде өзі көріп, куә болған бастан өткерген жағдайларын және оқиғаға белсенді қатысушы ретінде түрмеге қа­малғандығын, көп қиындықтардан кейін барып Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шахановтардың көмегімен Ресей түрмесінен босап шық­қан­дығын жазыпты. «Ол кезде мен Алматы кинотех­ни­кумында оқитынмын. Жатақханамыз алаңға жақын болған соң, шыдамай, өзімді қоярға жер таба алмай, көңілді жеген күйініштерді баспақ болып, сол 16 желтоқсан күні қараңғы түсе алаңға  қа­рай беттедім. Алаңда тұрған 300 қаралы адамды көріп, өзімнің жалғыз еместігімді, қаны бар, ұлттық рухы әлі сөнбеген қазақтың бар екенін көріп, қуандым» деп жазыпты. Мұнан кейін Расылхан алаңға екінші күні және барған. Бұл күні алаң бейбіт шеруге қатысушыларға лық толған. Оқиға ушығып, әскерилер алаңды қор­шау­ға алып, қақтығыстар басталған. «Қайта-қайта есімді жисам, лық толған мәшиненің үстінде келеді екенмін. Қала­дағы адамды қамайтын жердің бәрі толық болған соң, бізді Талғарға шығар жолдағы тау жаққа апарып тастады. Енді қайта бас көтеруге шамалары жетпесін дегендей, шалбарымызды жыртып, аяқ-киімдерімізді шешіп алды да, бізді қорқытпақ болып, үстімізден асыра оқ атып, кетіп қалды. Тұла бойымыз дірілдеп, жаяу-жалпылап, қалаға әзер жеттік. Содан суық тиіп, үш күн бойы бар денем қызып жанып, ауырып жатып қалдым. Тек, 23 желтоқсанда мені іздеп жүргенін естіп, басқа жатақханаға ауысып едім. Одан да ертеңінде екі милиционер тауып алып, іштен теуіп құлатып, қолыма кісен салды. Сөйтіп, 1987 жылы наурыз айында сот болды да,.. 5 жылға бас бостандығымнан айырылып кете бардым» деп жазыпты Расылхан. Жазықсыз, соттың бір жақтың кесімімен сотталған Расылхан тек 1989 жылғы маусым айында ғана еркіндікке шығады. Оның түрмеден кештеу босауына Ресей асырылып, Иркутск қаласына жіберілгендігі әсер етеді. «Желтоқсан оқиғасы мені дүниеге қайта әкеліп, мына өмірге деген көз­қарасымды өзгертті. Сол бір ызғарлы күндер мен намысты тасқа қашаған түндер көз алдымнан ешқашан кетпек емес. Халқымыздың тәуелсіздікке ұмтылысын ең алғаш жанған осы Желтоқсан болатын» деп аяқталыпты мақала.   Газеттің жаңа құрылтайшысы Бұл хабарда ҚР Үкіметі қаулысына байланысты газеттің ендігі құрылтайшысы жаңадан құрылған Баспасөз және бұқаралық ақпарат істері жөніндегі ұлттық агенттік болып табылатындығы айтылады. Осыған байланысты «Егемен Қазақстан» газетінің редакциялық алқасы, еңбек ұжымы ұзақ жылдар газеттің құрылтайшысы болған. Қазақстан Республикасының министрлер кабинетіне, яғни Республика Үкіметіне ризашылық сезімін білдірген.   Нан тапшылығы болмайды «Егемен Қазақстанның» Батыс Қазастан облы­сын­дағы тілшісі Темір Құсайын осы шағын хабарында сол жаздың аптап ыстық бо­луы­на байланысты ел ара­сын­да нан тапшылығы болады-ақ деген қауесетті жоққа шығарған. «Алаңдайтын негіз жоқ. Облыстық астық қа­был­дау кәсіпорнында өт­кен жылдың егінінен түс­кен бидай жеткілікті. Оның сақталу сапасы да ойдағыдай. Бұл қор облыс халқын нанмен қамтуға то­лық жетеді» деп хабар­лай­ды тілші. Бетті әзірлеген  Сұңғат ӘЛІПБАЙ.