02 Желтоқсан, 2011

Жұлдызды жиырма күн. Сегізінші күн (3 желтоқсан): Болашақ

486 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін
«Елін шын сүйетін жандар қашанда ерен істерді атқаруға қабілетті болады». Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.   Тәуелсіздік сыйы Тәуелсіздік жылдарында еліміз әр түрлі салаларда және ең алдымен, білім саласында таңқаларлық жетістіктерге жетті. 1993 жылдан бастаған «Болашақ» бағдарламасына биыл, міне, 18 жыл толып отыр. Иә, аз уа­қыт емес. Еліміз тәуелсіздігін жаңа­дан алып, барлық заңдық норма­лары­мыз өзгеріп жатқан кезде шекара асып, шетке білім іздеп кеткен жастарымыз өздерінің мойындарына жүктелген міндетті орындап шықты деуге бола­ды. Бағдарлама алғашқы жылдары елге қажет болған құқықтық саладағы мамандарды даярлады. Сол бір кезеңде мемлекетіміз үшін, алдымен заңнамалық құжаттарымызды жасау мен ел эконо­ми­касын көтеру мақсаты тұрды. Осыған орай, экономика мен қаржы саласындағы мамандар даяр­ланды. Бұл алғашқы жіберілген түлектер. Кейіннен индустриалды дамуды қолға алдық. Елімізде инженерлік мамандықтар тапшылығы білінді. Осы салада әлемнің ең озық оқу орындарында студенттер даярлау қажет болды. Міне, екінші кезеңде «Болашақ» стипен­диясы арқылы инженер-технолог мамандар даярланды. 1994 жылдан бері 7914 стипендиат 33 елде білім алса, бүгінгі таңда 25 елде 2045 стипендиат және 16 елде 49 стипендиат ғылыми тағылымдамадан өтуде. Ал қа­зір­гі таңда бағдарлама бойынша оқуларын тәмам­даған түлектер саны 3316 адам болып отыр. Білім беру саласы – ел дамуының негізгі тірегі болғандықтан, қай мемлекетте болсын түйінді мәсе­ленің бірі. Елдегі білім беру жүйесінің бәсекеге қабі­леттілігі қандай болса, сол мемлекеттің экономи­касы­ның деңгейі де сондай болмақ. Біздің ел де сол сүрлеу­мен келеді. Оның дәлелі осы «Болашақ» бағдарламасы деп айтуға болады. Бұл бағдарлама бойынша оқитын студенттердің оқу қаражаттары, шәкіртақылары мемлекет қазынасынан төленеді. Мемлекет бір стипендиаттың білім алуына жылына он мың доллардан аса қаражат жұмсайды. Тіпті, әлемді дүр сілкіндірген дағдарыс кезінде де біздің студенттер қаржылық жағынан еш тапшылық көрмеді. Жасыратыны жоқ, қомақты қаржымен оқитын студенттерге қойылатын талаптар да баршылық. Келісім-шарт бойынша, «Болашақтың» түлектері елге қайтып оралып, кем дегенде бес жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеуі тиіс. Ол әрине, тәуелсіз еліміздің өз ұландарына жасаған үлкен жақсылығы мен қамқорлығын түсініп, ел алдын­дағы борыштарын өтеу деген сөз. Бүгінде Елбасының сарабдал саясатының арқасында «Болашақ» бағдарламасы арқылы шет елдің озық университтеріне жіберу жүйесі құрылған. Сөзсіз, бұл ауқымды шара өз жемісін беруде. Балабақша мәселесі республика көлемінде кешенді түрде шешілуді қажет ететін өзекті мәселенің біріне айналған еді. Күні кеше мектепке дейінгі бала тәрбиесі­мен қамту 35 пайызды ғана құраса, ал оны 100 пайызға жеткізу – «Балапан» бағдарламасы арқылы ғана жүзеге асырылатыны сөзсіз. Халық: «Бала тәрбиесі – бесіктен» деп бекер айтпаған. Ата-бабаларымыз шыр етіп сәби дүниеге келген күннен бастап, оның тәрбиесі мен мінез-құлқының дұрыс қалыптасуына айрықша мән бергені белгілі. Бұл мәселе қазіргі заманда да маңызын жойған жоқ. Біз мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің әріп танымаса да, ойы жан-жақты жетілгенін қалайтындығымыз рас. Яғни, «Балапан» бағдарламасы арқылы алғыр, білімге құштар бала тәрбиелеп шығару мақсаты тұр. «Назарбаев интеллектуалды мектебі» уақыт талабына сай, жас жеткіншектер арасындағы ең талантты, математикаға ерекше қабілетті бала­лар­ды даярлап отырған жөні бөлек мектеп бо­лып табылады. Интеллектуалды мектептерде жас­тар орта білім негіздерімен қатар, терең­детілген физика-математика, химия-биология пәндері бойын­ша жүйелі ғылыми бағытта білім алады. Жалпы, бұл мектеп оқушыларының тек қана орта білім алып қана қоймай, ғылыми еңбекпен айналы­суына да мүмкіндіктері мол. Міне, осыдан кейін, жоғары оқу орнына келген студент қай бағытта, қандай ғылыммен айналысатынын нақты біліп және соған даяр келеді. 1996 жылы «зияткер ұлт» идеясы аясында жас да­рын иелеріне арналған мектеп желісі, «Дарын» бағдар­ламасы құрылды. Бүгінгі таңда бұл мектептер мыңдаған оқушылар арасынан оза шапқан дарын иелерін анық­таудағы ең тиімді жүйе болып отыр. «Дарын» бағдар­ла­масы арқылы көптеген қазақстандық оқушылар халық­аралық олимпиадаларда көк туымызды желбіретіп, жүл­демен оралып жүр. Ал ендігі кезекте Қазақ елі үшін, толыққанды мектептің ең жаңа жүйесі бойынша білім алған жастарды оқытатын әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орны ауадай қажет еді. Жалпы, жоғары оқу орындарының сапасы жөнінде сөз қозғағанда, елімізде аса беделді, жан-жақты, ғылы­ми орталықтары бар, бір сөзбен айтқанда, шет мемлекеттерден іздейтін білім негіздерінің барлығын алуға мүмкіндік жасалған жоғары оқу орнын жасамай тұрып, сапаны арттыра алмайтынымыз шындық. Ал Назарбаев университеті дәл осы аса маңызды міндетті арқалаған білім ордасы болып табылады. Алғашқы студенттерін қабылдап, әлемнің үздік университтерінің профессорлық құрамын жинап үлгерген бұл университет түлектері еліміздің ең білімді жастары болары сөзсіз. Осыған орай, биылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы шет елдерге «бакалавриат» бойынша студенттер жіберуді тоқтатты. Себебі, айдан анық. Елімізде әлемдік деңгейдегі университет бой көтеріп жатса, оқимын, білемін деген жандарды шекара асырудың еш қажеттігі болмай қалды. Ендігі кезекте «Болашақ» бағдарламасы арқылы магистратура, докторантура «phd» мамандарын даярлау, жекелеген мамандар арқылы ғылыми жұмыстар мен тәжірибелер алмасу, ғылыми тағылымдамалар саласын­да қарым-қатынас орнату жоспарланып отыр. Назарбаев университетінің ашылу салтанатында Президент Н.Назарбаев “Болашақ” халықаралық бағ­дар­ламасының жақсы жұмыс істеп жатқанын, талап­керлер төрткүл дүниедегі белді де беделді оқу орын­дарын бітіріп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүргенін, ендігі жерде мұндай үрдіс өз мемлекетімізде де орнығатынын, түлектер Отанымыздың өркендеуіне атсалысатынына сенім білдіретіндігін қадап айтқан болатын. Жоғарыда атап өткен, «Балапан» бағдарламасы, «Дарын» бағдарламасы, «Назарбаев интеллектуалды мектептері», «Назарбаев Университеті» – қазақстандық жастарға озық үлгідегі, терең ғылыми негіздегі білім берудің жүйелі түрде жасалынған үлгісі. Білімнің терең нәрімен сусындаған жастар кәсіби біліктілігін арт­тыру­ға немесе арнайы бір сала бойынша ғылыммен айна­лысу үшін «Болашақ» бағдарламасы арқылы шет елге, яғни сол ғылымның ең жақсы дамыған, ауқымды ғылыми- зерттеу орталығы бар университетке жол тартады. Біз әлемде жалпы білімнен он төртінші орындамыз. Ал төртінші сыныпқа дейінгі аралықта төртінші орында екеніміз белгілі. 18 жылдың ішінде 7,5 мыңнан аса студент даярланды. Жалпы білімге, дамуға құйылған қаржы еш уақытта қысқа мерзімде нәтижесін бермейді. Болашақ түлегі ең алдымен, сырттан алған озық білімінің негізінде елдегі белгілі бір қызметтерге араласа отырып, әбден пісіп-жетілген соң ғана өз нәтижесін көрсете бастайды. Екіншіден, біз көп ескере бермейтін дүние – «бола­шақтықтардың» алып келген әлеуметтік капиталы. Айта­лық, біздің студенттер шет мемлекеттердің ең озық университеттерінде білім алып жатыр делік. Ал, онда кімдер оқып жүр деген сұрақтың қойылуы заңды. Әлемдік элита­лардың балалары, ең білімді жастар оқиды. «Гарвард» университетін алайық. Бұл оқу орны – дүние жүзіндегі игі жақсылар мен жайсаңдардың үмітін арқалап келген студенттер оқитын жер. Яғни, әлем элиталарының ізбасар­ларымен біздің студенттер парталас болады деген сөз. Ендеше, сол бірге оқыған, жан-жақтан келген студенттердің әрқайсысы ертең өз елінде белгілі бір белестерге көтеріле бастайды. Енді ойлаңызшы, кез келген үлкен бір мәселені шешу үстінде әлгі бірге оқыған екі адамның бір-біріне деген көзқарасы қандай болмақ? Міне, бұл да алдағы күндерге үміт шоғын үрлей үңілуімізге мүмкіндік береді. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында-ақ, «зияткер ұлт» идеясының алғашқы қадамдары жасалына бастады. Сонау 1993 жылдары, еліміз үшін ауыр бір кезеңде, Ел­басының тікелей басшылығымен қолға алынған «Бола­шақ» бағдарламасына көпшіліктің сенімі аз болғандығы рас. Алайда уақыт көрсетіп отырғандай, жасалынған жұ­мыс­тардың барлығы ұлт болашағы үшін теңдесі жоқ істер еді. Жалпы әлем бойынша дәл осы «Болашақ» сияқты бағдарламалар тым аз, кейбір мемлекеттерде ғана мұндай жобаларды кездестіруімізге болады. Ұлыбритания елінде «мемлекеттік шәкіртақы» арқылы жылына әр елден 5-10 студентті жинап алып, Ұлыбританиядағы бір университетте оқытады. 1,5 миллиард халқы бар, Қытайға келетін болсақ, жылына бірнеше мың адамды әлемнің ең ірі оқу орын­дарына ғана жібереді. Көбінесе, мемлекеттік қызметкер­лерді қысқа мерзімді, 2 айлық, 4-6 айлық, әрі кетсе 1 жылдық курстарға жібереді. Ресей енді ғана қолға алып жатыр. Сол сияқты басқа да елдерде аз студенттерді оқытумен айналысатын ұйымдар бар. Ал, біздің еліміз жыл сайын 3 мың студентті 87 мамандық бойынша 32 елдің айтулы білім ордаларында білім алуларына мүмкіндік туғызып келеді. Тәуелсіздік біз үшін, қазақтың әрбір азаматы үшін, көк тудың желбірегенін көріп, кең тыныстайтын, шетел асып, білім алатын барлық жастар үшін тым қымбат. Қыран бүр­кіт асқар таудың шыңынан кең далаға қарай қанат қағып, қалықтап ұшқанда өзін қалай еркін сезінсе, бүгінгі егеменді елдің жастары да өздерін сондай еркін, асқақ сезінеді. Қалай дегенмен де, 20 жылдық тәуелсіздік тарихын­да көптеген игі істер жасалынуымен, тарихи ма­ңыз­ды науқандарды атқаруымен әлем алдында өзінің шынайы бейнесін қалыптастырып үлгерді. Бүгінгі Қазақстанда қарқынды дамушы, экономи­ка­сы тұрақты, саясаты салиқалы, іргесі берік егеменді ел деп біледі өзгелер. Ал, осы жылдар ішінде «зияткер ұлт» идеясын қалыптастыру мен дамыту жолында үлкен істер атқарылғанына жұрт куә. Енді сол игілікті істердің жемісін көрер сәттер де алыс емес... Саясат НҰРБЕК, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті.   Алаулаған жас жігер Қазақ елі Егемен ел атанып, Тәуелсіздігін алған тұста қазақ халқының бойын шаттық билеп, қуанышы қойны­на сыймады. Сол Тәуелсіздік алған тұста дүниеге келген нәресте бүгін 20 жасқа толған азамат атанды. «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы мен «Жас Отан» Жастар қанаты және «Қазақстан жастар Конгресі» осы Тәуелсіздікпен қатар дүниеге келген «Тәуелсіздік құрдастарын» назардан тыс қалдырмай, не бәрі 20 жаста болса да Елбасына көмекші болып, ел үшін қосқан еңбектерін елеуде. Мәселен, елдің қауіпсіздігін ойлаған,  ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапат­талған Ербол Отарбаевты, спорт саласынан конькимен сырғанаушы Екатерина Айдованы, білім, ғылым бо­йын­ша физикадан бірнеше дүркін халықаралық олимпиадалардан жеңімпаз атанған Ли Вячеслав пен ауыл­ды гүлдендіріп, жас та болса егін шаруашылығының білгір маманы Мәди Жұмабеков сынды Тәуел­сіз­дік құрдастарын мақтанышпен айтамыз. Сондай-ақ, бірер күн бұрын ғана қазақ халқының төбесін көкке жеткізіп, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына ерекше сый­лық жасаған Илья Ильиндей ерлеріміздің еңбектерін атамай кету мүмкін емес. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Сайып келгенде, бұл жетіс­тіктердің барлығы жастарына қолдау көрсетіп, жағдайын жасап отырған нар тұлғамыз Ұлт көшбас­шысының еңбегі. егемен елде ержеттік Нұрлан ӨТЕШЕВ, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшысы. Егемен елде ержеттік Тәуелсіздік – қасиетті ұғым. Тек қазақтарға ғана емес, қазақ жерін мекендеген, онда кіндік қаны тамып, бірге қайнап бітіскен, туған топырағым деп қасиеттеген басқа ұлттар мен ұлыстардың да ортақ игілігі. Ұлтымыздың Ұлық мерекесі – Тәуелсіздігімізге 20 жыл толды. Еліміз Тәуелсіздік туын көтерген тұста, Тәуелсіздік таңымен таласып жарық дүние есігін ашқан сәби, жиырмаға келді. Бұл – ержеткендігіміз. Бүгінде Қазақстан озық ел, озат мемлекет атанып, әлем картасына өзінің мәңгілік белгісін, Тәуелсіздік таңбасын салды. Жұмыр жердің иен бөлігін иемденіп, жер көлемі жағынан дүние жүзі бойынша тоғыздыққа табан тіреген Қазақстан Тәуелсіз Қазақ­стан Республикасы деген мәр­тебелі атақты бұдан аттай 20 жыл бұрын күллі адамзат­тың санасына құйды. Жиырма жыл ішінде Тәуелсіз Қазақстанда не тындырылды деген сұраққа әркім әр түрлі жауап беруі мүмкін. Бірақ бір ақиқаттың беті ашық, Тәуелсіз Қазақ­стан төрткүл дүние түгел мойындаған, беделді мемлекетке айналды. Бүгінгі гүлденген Қазақстанның жеткен биігі –  Елбасы Н.Ә.На­зарбаевтың ерен еңбегінің жемісі. Аға буын өкілдерінің қажырлы қайраттарының, төккен маңдай терлерінің нәтижесі. Ендеше ұлы көшті әрі қарай жалғастырушы ұрпақ ретінде кезек жастарға келді. Жас ұрпақ тәуелсіздіктің тағылымдарын танып, қастерлеп, құрметтеп отыруымыз керек. Тәуелсіздік бізге бәрінен де қымбат. Сондықтан да бәріміз еліміз үшін еңбектенеміз, Отанымыз үшін қызмет етеміз. Шахмардан Байманов, «Қазақстан жастар Конгресінің» атқарушы директоры.   Оқу мен өндіріс – егіз  Бүгінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен құрылған «Болашақ» бағдарламасы үлкен қолдауға ие. Оның аясында жастарымыз шетелдің алдыңғы қатарлы университеттерінде білім алып, сапалы оқумен қатар ой-өрісі жаңаша қалыптасқан үлкен лекті құрап отыр. Қазақстанның өркениетті мемлекеттермен теңесуге ұмтыла отырып озық технологиялар үрдісін жедел игеріп жатқанын ескерсек, мұндай білімді жастарға деген сұраныстың арта түсері сөзсіз. Әрине, бүгінгідей ақпараттар тасқыны, заманауи технологияларды игеру тек біліммен шектелуі жеткіліксіз. Өскелең өмір талабы білім мен өндірістік тәжірибені қатар ұштастырып, жан-жақты мамандық иесі болуды талап етері анық. Мемлекет әрбір жасқа осындай мүмкіндік тудырып, жан-жақты қолдау жасап келеді. Болашақтықтардың ертеңгі болашағы тіпті жарқын, кемел. Бүгін шетелдерде халықаралық стандарттарға сай білім алып, ақыл-ой көкжиек­терін кеңейтіп жатқан жастарымыз ертең еліміздің игілігі үшін қызмет етеріне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан да әрбір білімді маманның бас­ты мақсаты – Қазақстанның экономикасын гүлдендіруге жеке үлес қосу­мен ғана шектелмей, сонымен қатар, мемлекеттік басқару құрылым­дарын­да, салт-дәстүрлерімізді, мәдениетімізді, тілімізді дамыту бағытын­да қазақ­стандық патриотизм үлгісін таныта білгендері жөн. Бауыржан БАЙБЕК,  «Болашақ» халықаралық стипендия иегерлері ассоциациясы кеңесінің төрағасы.   100 күн, 100 игі іс Оңтүстіктің жастары Тәуелсіздік тойына осындай тарту жасауда Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Келешегі. Оған мысалды көнекөз тарихтың өзі талай мәрте дәлелдеген. Мәселен, Жапония. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң екі қаласына атом бомбасы тасталып, өзі де сау-тамтығы қалмай қираған жапон мемлекеті сол бетімен кетсе әлемдегі ең азусыз, кедей елдердің бірі болар еді. Ертеңді бағамдаған ел ақса­қал­дары жапон мемлекетінің басшысына келіп: “Мейлі, біз аштықты, суықты көрейік. Мейлі, біз он, он бес қабат үйге электр энергиясы болмаса жаяу-ақ көтерілейік, бәріне төземіз. Мына елдің еңсесін көтеру, эконо­ми­касын нығайту үшін жастарды оқытуымыз керек” дейді. Екі жақ осы бәтуаға келіп, әркім өзінің асыл дүниелерін, алтын-күміс бұйымдарын ортаға үйіпті. Елдегі талантты жастарға: “Міне, жапон елінің бар қазынасы. Осы ақшаға шет елдің ең іргелі мемлекеттеріндегі ең мықты оқу орындарында оқып, жапон мемлекетін тұс-тұстан көтеріңдер. Ал, адал ақшаға қиянат жасап, өнер-білім игермегендер елге қайтпаса да болады” дейді. Сол талапты жастар жапон мемлекетін санаулы жылдарда дүние жүзі санасатындай, осы елге қарап бой түзейтіндей биікке көтерді. Көп ақшаның буы ұрып, шет елде сайрандағандары да болыпты. Олар да қайтыпты елге. Кемеден жағалауға келіп түсіп, ары ұзамапты. “Ұлы жапон халқы, мен сіздердің үміттеріңізді ақтамаған сормаңдай ұлмын. Келмесем, мені ешкім таппас еді. Бірақ, өзімді өмір-бақи кешіре алмаған болар едім. Кешірім сұраймын сіздерден” деп басын ақ орамалмен шарт буып, кеудесін жалаңаштап өзін-өзі жарып тастаған. Бізге, әрине, екіншісі емес, біріншісі керегірек. Қазақ жастары жаңа инновациялық технологиялар арқылы Қазақстанның көкжиегін айқындап жатса, одан артық қандай қуаныш бар. Жастар қабілетін көбік сөзбен емес, нақты іс-әрекетімен көрсетуі қажет. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік универси­теті­нің жастар ісі жөніндегі комитетінің ұйымдастыруымен “Тәуелсіздік мерейтойына 100 күн,  100 игі іс” атты марафон ашылғанда, салтанатына қатысқан едік. Бұл күз мезгілі еді. Одан бері не атқарылды, не жаңалық бар? Осы сауалды ОҚМУ-дің Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Береке Дүйсебековке қойған болатынбыз. – Атап айтатын болсақ, жастарды, қала тұрғындарын жағымсыз қылық­тардан арылтып, саламаттылықты насихаттау мақсатында темекі шегуге қарсы «Никотин орнына – витамин» атты акция ұйымдас­тырыл­ды, – дейді комитет төрағасы. – Бұл акцияның ұйымдастырылу себебі, жастарды темекі шегуден арылту, оның орнына денсаулыққа пайдалы дәрумендер пайда­лануды кеңінен насихаттау болатын. Сондай-ақ, акция аясында көптеген қала тұрғындары мен жастар аталмыш акцияның жиі-жиі ұйымдас­тырылуын сұрады. Акция соңында екі қорап темекі жиналып, орнына 10 кг алма, 10 кг алмұрт, 30 дана банан, 7 кг конфеттер мен витаминдер тара­тыл­ды. Алдағы уақытта мұндай акцияны тағы да ұйымдастыру жоспарланып отыр. Тәуелсіздік мерейтойының қарсаңында университет аумағын, қала аумағын гүлдендіру, абаттандыру жұмыстарын ат­қарып жатырмыз. «Гүлдене бер, Тәуелсіз Қазақстан!» атты ұранмен эколо­гия­лық акциялар мен сенбіліктер ұйымдастырылды. Саламатты өмір салтын қа­лып­тастыру мен бұқаралық спортты, дене шынықтыруды дамыту мақсатында жаппай таңғы дене шынықтыру акциясын өткізіп жүрміз. Бұл күні уни­верси­теттің барлық студенттік жатақханаларында тұратын студенттердің қатысуымен спорттық жаттығу жасалады.  «Тәуел­сіздік құрдастары» атты 21 түрлі бағытта факультет­ара­лық студенттердің шығармашылық, өнер байқауы өткізілді. Студенттер арасында «Біз Тәуелсіз елдің жастарымыз!» деген ұранмен факуль­тет­аралық көңілді тапқырлар сайысы, «Тәуелсіз Қазақстан жастар көзімен» атты фотокөрме ұйымдастырылды. Ең маңыздысы, қала көлемінде «Тәуелсіздік алауы» атты эстафеталық жаяу жүгіру марафоны болды. Бұл марафон барысында арнайы «20 жыл­дық» символы бейнеленген алауды қаланың орталық көшелерімен алып өтіп, 1991 жылдан бастап эстафеталық тәртіппен әрбір бекетке жеткізу ар­қы­лы 2011 жылға дейін еліміздің жеткен жетістіктері мен көрсет­кіштерін бейнелеу қала тұрғындары мен қонақ­тарына, жастарға тәуелсіздік құн­дылықтарын кеңінен түсіндіруге септеседі деп ойлаймыз. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.   Дерек пен дәйек 1993 жылғы 5 қара­шада Қа­­зақстан Респуб­ликасының Пре­зиденті Н.Ә.Назар­баев­тың қау­лы­сымен «Болашақ» халықара­лық сти­пендия­сы тағайын­дал­ды. 1994 жылы бір топ қазақ­стан­дық студенттер тұң­ғыш рет шетелдік жоғары оқу орын­д­арына жіберілді. * * * 1994-2004 жылдар ара­лы­ғында «Болашақ» бағдар­ламасы аясында барлығы 785 студент әлем­нің 13 елінде білім ал­ды. Бүгінде олардың де­ні мемлекеттік және халықара­лық ұйым­дар­да, акционерлік құрылым­дарда жауапты қыз­мет­тер атқарып, ел Тәуел­сіз­дігінің нығаюына өз үлестерін қосуда. * * * Мемлекет басшысы­ның 2005 жылғы халыққа Жол­дауын­­да ай­тылған «Болашақ» халық­аралық стипендиясының иегер­лері­нің са­нын арт­ты­ру жө­нін­дегі баста­ма­сын іске асы­ру мақ­сатынд­а ҚР Прези­денті­нің «Болашақ» халық­ара­лық сти­пен­диясына конкурс өткізуді ұйым­дас­ты­ру үшін Қа­зақ­стан Рес­публикасы Үкі­метінің 2005 жыл­ғы 4 сәуір­дегі № 301 қаулы­сы­мен «Ха­лықаралық бағ­дар­­лама­лар ор­талығы» акционерлік қоғамы құрылды. * * * «Болашақ» бағдар­ла­масы бо­йынша ма­ман­дарды даярлау жыл са­йын Шетелде кадр­лар даярлау жө­ніндегі рес­пуб­лика­лық комиссия бе­кіте­тін Басым ма­ма­н­­дық­тар тізбесіне қа­таң сәй­кестікте жүр­­гізі­леді. * * * 2005 жылы шетелде оқуға арналған елдер тізімі өсіп, үміт­керлер АҚШ, Ұлыбри­та­ния, Германия, Ресей, Австралия, Австрия, Венгрия, Дания, Жаңа Зеландия, Жапония, Израйль, Испания, Италия, Канада, Қы­тай, Малайзия, Нидер­ланды, Норвегия, Оң­түстік Корея, Польша, Сингапур, Финляндия, Франция, Чехия, Швеция, Швейцария сияқ­­ты өркениетті ел­дер­­дің оқу орындарынан өз­деріне ыңғай­лы­сын таңдау құқына ие болды. Білім – келешектің кепілі Әлібек ҚУАНТЫРОВ, Анн-Арбор қаласы Мичиган университетін қолданбалы экономика магистрі бойынша 2008-2010 жылдары бітірген. Сондай-ақ Томск мемлекеттік университетінің «Қаржы және несие», экономика және қаржы факультетінде, Бизнес жоғары мектебінде оқыған.   – Әлібек Сәкенұлы, Прези­денттің «Болашақ» бағдар­ла­масы сіздің өміріңізге қанша­лық­ты өзгеріс әкелді? – «Болашақ» стипендиясы менің жоғары білімді маман атануыма үл­кен септігін тигізді. Және мем­ле­кет­тің осындай қамқорлығын сезіну адамның иығына үлкен жауапкершілік жүктейтінін білдім. Өзіңді шет елде оқып жүргенде туған жеріңнің сондағы бір бөлшегі ретінде ұстауға тиіссің. Өйткені, ондағы жұрт сен арқылы еліңнің, халқыңның бет-бейнесін таниды. Содан да өзіңнің ғана мақсатыңа өмір сүру деген ұғымдар мүлде са­наң­нан біртіндеп сызылып қалып жатады. Қашанда намыс дейтін отты сезім жаныңды қамшылап тұра­ды. Шынын айтқанда, бұл Қазақстанның және өзім­нің бұдан әрі дамуыма ора­сан мүмкіндік берген сү­йікті жобама айналды. Жастардың кеудесіндегі біле түссем деген шоқты үрлей түсетін бағдарлама болғандықтан сандаған за­ма­ндастарым секілді мен де осы арқылы өзіме керекті бағытымды таптым. Елбасының шет елде бала оқы­ту идеясы өзінің жемісін беріп жа­тыр деп есептеймін. Және де осы бағдарлама бойынша білім алған жастар келешекте мемлекеттің сол үмітін толықтай ақтап шығады деген сенімдемін. – Шет елде алған сол білімді қалай ел игілігіне айналдыруға болады? – Мен макроэкономика және фискалдық саясат са­ла­сында жұ­мыс істеймін. Бі­лімімді тікелей өз тәжі­ри­беме қолданып жүр­мін деу­ге толық негіз бар. Ал­ған тео­риялық білім мен тә­жірибем өз саламдағы көп­те­ген түйт­кілдерді тал­дау­ға, мұны әр­мен қарай дамытуға мүм­кін­дік беруде. АҚШ-та білім алу «батыстық» па­йым­мен дү­ниета­ны­мымды әжептәуір байытты деуге бо­лады. Жер­гілікті жердің ерекшеліктерімен санаса отырып, әлемдік деңгейді бағындырудың жолы білім алудың осы жүйесімен әжептәуір қалыптасып қалғаны рас. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына белгілі бір деңгейде үлес қосу деген сөз өмірден өз орныңды табу дегенмен бара-бар ұғым емес пе? Қазақстанды көркейтуге бар қа­жыр-қайратымды жұмсай беретін боламын. Қуаныш ЕРҒАЛИЕВ, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің емдеу ісі факультетін бітіріп, Жаңа Орлеан қаласында Тулейн университетінде магистратураны қоғамдық денсау­лық сақтау мамандығы бойынша тәмамдаған. – Қуаныш Асылханұлы, бағ­дар­лама сіздің өмірлік жолы­ңызды табуға қаншалықты әсер етті? – Шынымды айтсам, мен өзім сол сырт жақта жүргенде елге, жерге деген сезімдерге қатысты көпте­ген беймәлім сырларға қанықтым. Туған жердің, Отанның қадірін бөтен жұрттың арасына түскенде анық бағам­дайды екенсің. Сол себепті де, ең алдымен, саған бұл бағ­дар­лама не берді дейтін болса,  «Бо­ла­шақ» халықаралық стипен­диясы өзімнің Отан алдын­дағы жауапкершілігімді нығайтуға әжеп­тәуір сабақ болды және әрдайым оған адал бо­лып қалуға үндейтінін сезіндім. Жиған-терген білімді енді өз халқыңның игілігіне айнал­дыру үшін мен мемлекеттік қыз­метте жұмыс істеуге бел будым. Шет елде оқып жүргенде мен Қазақстаннан барған жастардың білім сапасы, ой-өресі басқа дамыған елдердегі құрдастарынан қалыс­пай­­тынын көрдім. Оларға тек ал­да­ры­­на қойған мақсаттары мен идея­ларын жүзеге асыруға толық мүм­кін­дік туғызсаң жетіп жатыр. Бағ­дар­лама, міне, сол игі қадамның бір көрінісі болып табылады. Та­лант­ты, интеллектуалды жастарға қам­қор­лық көрсетіп, әлемнің ең ірі оқу орындарында білім алуына жағ­дай жасау арқылы Елбасы осын­дай ма­ңызды істі тиянақты жүргізіп отыр. – Америкада оқып келген білімің­ді өз елімізде қалай кәдеге жаратып  жатырсың? – Қоғамдық денсаулық сақтауда магистр дәрежесін ала отырып, ең­бек жолымды Денсаулық сақтау министрлігінде бастадым. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласын­да менеджментті дамыту басқар­ма­сының бас­шысы қызметін атқару­да­мын. Мемлекет басшысы қабыл­даған Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға ар­налған «Саламатты Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасының шең­­бе­рінде кәсіптік менеджерлер инс­ти­тутын және қазіргі заманғы басқару технологияларын қоса ал­ғанда бас­қару­дың транспаренттік түрлерін енгізуге тікелей қатысудамын. Сабина ДҮЙСЕКЕЕВА, Монтерей институтын мемлекеттік бас­қа­ру магистрі бойынша тәмамдаған. Қазақстан тарихы бойынша көп­теген олимпиадалардың жеңімпазы. – Сабина Сұлтан­ға­ли­қызы, «Бо­лашақ» бағ­дар­ламасы жас­тар­дың өмір­лік идеяларын жү­зеге асы­руда құнды жоба болып табылатыны белгілі. Сен өзің қандай жетістіктерге қол жет­кіздің? – Мұның, әрине, жас­тардың шет елде білім алып келуіне жасалған үл­кен қамқорлық екені түсі­нікті. Бірақ сыртта оқыған түлек тек білім алып қана қайтады десек, жеткіліксіз сияқты. Мұны санадағы бұл­қы­ныс дейміз бе, әлде бетбұрыс дегеніміз дұрыс бола ма, абзалы әлеу­мет­тік және саяси өзгеріс­тер­ге бар­­лық аза­маттардың қатысуы елімізге қанша­лық­ты ма­ңыз­ды екенін, бой­да­ғы ен­жар­лықтан ары­лу жас­тар­дың бола­ша­ғын оң өзгерістерге бас­тайтынын жете түсі­не­сің десек, әлде­қай­да ұғы­нық­­ты болар. Ме­нің қазір­гі мониторинг пен баға­лау, қоғамдық ұйым­дар мен ме­диасалалардағы жа­сап жат­қан барлық істерім осы «Бо­лашақ» бағдар­ла­масы бо­йынша білім алып ке­луім­нің арқасында жүзе­ге асуда. – Нақтырақ айтқанда, бұл қандай идеялар? – Өткен 20 жылда елі­міздің экономикалық дамуы бағытында көптеген істер атқарылды деуге толық не­гіз бар. Еліміздегі ең ірі үкіметтік емес ұйым бо­лып табылатын Қазақ­стан­ның Азаматтық альян­сы­ның идеялық рухтан­дыру­­шы­сы және азаматтық қатысу бағ­дар­ламасының жетекшісі ретінде мен де өзімнің алған білімімді барынша осы салаға жұмсауға күш салып келемін. Мұндағы әріптестеріммен бірге мемлекеттік қызмет көрсету сапа­сын және бағдарламалардың нәтижелерін мониторингілеуге, баға­лауға азаматтарды қатыстыра отырып жұмыс істеудеміз. Жинаған тәжіри­бем мен білімімді елімізде азаматтардың саяси-әлеуметтік істерге белсене қатысу мәдениетін қалыптастыруға арнаймын. Бірақ бір кемшілікті бәріміз мойындауы­мыз керек. Қоғамдық сана әлі де болса көп оқиғаларға селт етпейтін халден түпкілікті арыла қойған жоқ. Азаматтар мен билік тұрақты нәтижесі болатын сапалы өзгерістерге тек өзара бірлесіп қимыл жасағанда ғана жететінін түсіну маңызды. Осы бағытта бізге алда көп тер төгуге тура келеді. Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған  Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.