02 Желтоқсан, 2011

Жұлдызды жиырма күн. Жетінші күн (2 желтоқсан): Дәстүр

559 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін

Дәстүр тірегі – тіл Тәуелсіздіктің Жетісу жеріне тартуының бірі – Тіл сарайы. Тіл сарайының ашылуы – тілімізді төрге шығарғанымыз, құді­ре­тін арттырғанымыз деуге болады. Тіл сарайы Елбасының «Тіл­дер­дің үш тұғырлылығы» мә­де­ни жобасын жүзеге асыру бағ­дар­ламасымен өмірге келді. Сарайда заманауи технологиялармен жаб­дық­талған 3 мемлекеттік тілді, 1 ағылшын тілі, 1 орыс тілін оқы­татын кабинеттер жұ­мыс істейді. Талдықорғанға келген сапарында Мемлекет бас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаев «Үш тұғырлы тілді дамыту керек. Ол – уақыт та­ла­бы. Талдықор­ған­дағы «Тіл сарайы­ның» жұмы­сы­на көңілім толды», деп жоғары баға берген-ді. Бұл баға туған тілімізге деген ынта-ықыласты арттырумен қа­тар, алдағы қоғамдық-көпші­лік жұмыстарға үлкен бағдар бергенін көреміз. Сән салтанаты жа­расқан ғимаратта мемлекеттік тіл­ді насихаттайтын ауқымды ша­­­ралар, өзге ұлт өкілдерінің қы­­зы­ғушылығын арттыратын бай­­қау­лар мен кездесулер өт­кі­зіліп, ру­ханият орталығына ай­нал­ғанын айтуға болады. Тәуелсіздік мерейіне орай Қа­зақстан халқы тілдерінің ай­лығы аясында облыстық дең­гей­де жиырмадан астам шара ұйым­дастырылыпты. «Тіл – та­ту­лық тірегі» – өзге ұлт өкілдері жас­та­ры­ның форумы, «Тіл­да­рын-2011» олимпиадасы, «Асыл сөз» зияткерлік телебайқауы, «Қазақш­а­ңыз қалай?» атты мемлекеттік тіл­ді оқыту орталығының және «Айналайын» балалар үйінің ашық есік күні, ақын-жазу­шы­лар­дың басқосуы, жаңа кітап­тар­дың тұсаукесері, пікірсайыс, жиын­дар – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге жол ашты. Облыс бойынша жо­ғарыда аталған бай­қау­ларда бар­лығы 412 үміт­кер бақ сынаса, түрлі шара­ларға 5000-ға жуық тіл жана­шыр­лары мен өзге ұлт өкілдері қатыс­ты­рыл­ған. Өңірде қазақ тілді мектептер мен балабақ­шалар саны жыл сайын өсіп келеді. Жалпы орта білім беретін мектептер саны 740 болса, оның 397-сі таза қазақ мек­тебі, 153 балабақ­ша­­ның 82-сі қазақ бала­бақ­шасы. Биыл облыстағы 14 орта­лықтың 85 тобын­да мыңнан астам тың­дау­шы мемлекеттік тілді оқыту курсын бітірді. Мемлекеттік, бюджеттік қыз­мет­керлер қатыс­қан топтардың ұлт­тық құ­ра­мы әр алуан. Және 96 сағаттық бағ­дарлама бойын­ша 231 тың­дау­шыға сертификат, 620 тың­дау­шы­ға куәлік тапсы­рыл­ған. Ор­та­лықта ағылшын тілін оқыту курсы бойынша жүз­де­ген тың­дау­­шы тілді меңгерсе, оларға куәлік, сертификат тап­сы­рылды. Орыс тілі курсында тілдік дағ­дыларын жетілдірумен бірге сер­тификат және куәлік алған­дар қатары да өскен. Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма алдағы кезде де мемлекеттік тілді оқыту стандарт­та­рын жетілдіруге, мемлекеттік тіл­дің қолданылу көрсеткішін көтеруге, ономастика мәселе­сін біріздендіруге, көрнекі ақ­па­­рат­ты заң талаптарына сәй­кес­тен­діру­ге, сондай-ақ нәти­же­лердің тиімділігіне мониторинг жүр­гізу жүйесін енгізуге ба­ғыт­­талған жұмыстарды алға қойып келеді. Өңірде қазақ тілін оқып-үй­рену­ге, мемлекеттік тілде іс қағаз­дарын жүр­гізуге қажетті жағдай­лар осы­лай өрістетілуде. Әр буынның өзі өмір сүрген кезеңдегі адамзатқа ортақ білім көздерінен сусындауы қажет десек, еуропалықтар ең кемі үш тіл үйренетін көрінеді. Біріншісі – ана тілі, екіншісі – ата-бабалар сөйлеген бағзы тіл, үшіншісі – әлемдегі дамыған елдердің бірі­нің тілі. Нәти­жесінде ұлттық даму ойдағыдай қарқын алған. Адамзаттық интел­лектуалдық ақ­парат банкін өз тілінде қалып­тастыруға күш салған ғылыми аударма жүйесі де қойылған. Тәуелсіз кемелденуімізді қамта­ма­сыз ету үшін біздің де осы тәжі­рибеге жүгінгеніміз жөн. Себебі, ұлт­тық тілді жетілдірмей, ұлттық даму өрістей ал­май­ты­ны ақиқат. Өз Жолдауында мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіру және оны жетілдіру жайына арнайы тоқ­талған Мемлекет басшысы 2017 жылы мемлекеттік тілді меңгер­гендер саны 80 пайызға жетсе, 2020 жылы 95 пайыз отандас­тары­мыздың мемлекеттік тілді меңгеретіндігін атап көрсетті. Осы ретте, алдағы он жыл ішінде мектеп бітірушілер мемлекеттік тілді 100 пайыз мең­герсе, орыс тілін және қазақ­стан­дық этнос өкілдерінің де тілдерін өз дең­гейінде дамыту қа­жеттілігі алда тұр. Бұл тіл дәстүрін өріс­тетуге кең жол ашады.   Өткеннің өнегесі Әлкей МАРҒҰЛАН. Ғұндар, үйсіндер, қаңлылар – өте ескі дәуірден Қазақстан сахарасын Отан етіп, онда көп жойқын қалалардың үйін­ді­сін қалдырған елдер. Олардың жасаған қала­сы­ның іздері Жетісуда, Іле, Шу, Талас өзен­дерінің бойында, Қаратауда, Сыр­да­рия өлкесінде, Арал теңізінің жағасында өте жарқын түрде суреттеліп отырады... ...Ғұндардың ең сұлу дүниесінің бірі – алтынмен зерлеп жасаған әсем киімдері, әдемі өрнекпен кестелеген қамқа шапандар, алтынмен зерлеген биік телпектер (Есік, Қотанды). Мамық ішіктер, қым­бат­ты көркем тондар, ешкінің тақыр терісінен тіккен кафтандар, кестеленген шалбарлар, көмкерілген кигіз байпақтар, жібек байпақтар, әдемі омыраушалар, тағы толып жатқан көп, мол дүниелер. Адольф ЯНУШКЕВИЧ. ...Айтыс басталды. Тылсым тыныш­тық қайтадан орнады. Олимп ойын­дарын­дағы­дай-ақ екі ақын бір-бірімен сайысқа түсті. Бірі шумақпен атқылай бастаса, екіншісі дереу жауап қайтарады: біріншісі батыл шабуылдайды, екіншісі шебер қорға­на­ды. Екеуі де қыза-қыза айтысты қатты шиеленістірді. Бұл бір аса қызық көрініс еді. ...Өзім ойға қалдым. Осының бәрін мен дүниежүзі тағы және жабайы санайтын далада көшіп жүретін халықтың ортасында өз құлағыммен тыңдадым ғой! Бұдан бірнеше күн бұрын өзара жауласқан екі партияның арасындағы қақтығыстың куәсі болған едім. Сонда Демосфен мен Цицерон туралы ғұмыры естімеген шешендерге таң қалып, қол соққанмын. Ал бүгін, оқи да, жаза да білмейтін ақындар менің алдымда өнерлерін жайып салды. Олардың жыры жаныма жылы тиіп, жүрегімнің қылын қозғады, сонысымен өзімді тәнті етті. Сонда бұлар тағы, жабайылар болғаны ма? Бүкіл болашақтан мақұрым қалған маңдайына түкке тұрғысыз бақташы болудан басқа ештеңе жазылмаған халық осы болғаны ма? Жо-жоқ! Имандай сырым! Тәңірім бойына осыншама қабілет дарытқан халық цивилизацияға жат болып қалуы мүмкін емес, оның рухы қазақ даласына аспандай көтеріліп, жарқырап сәуле шашатын болады. Әуелбек ҚОҢЫРАТБАЕВ. Малдың төлі болса, адамның баласы бар. Оларды ойлы, тілді етіп, еңбекке баулу – халықтың үлкен қуанышынан санал­ған. Әйел бала туса, оған шілдехана жаса­ған. Шілдеханаға жастар жиналып, өлең айтқан. Шам қырық күнге дейін жанып тұрған. Жас бала өсе келе әжелерден ертегі, аңыз, жұмбақ, жаңылтпаш үйреніп, ойы мен тілін дамытқан. Ертегі, мақал, жұмбақ, жаңылтпаш білмеген, білгенін айта алмаған баланы «мылқау» деп, оған жұрт күліп қараған. «Ти десем тимейді, тиме десем тиеді» деген жұм­бақ бала­ның тілін, әрбір дыбыстың қай­дан шы­ға­тынын білдірсе, саусақтарға «бас бар­мақ, балалы үйрек, ортан терек, шүлдір шүмек, кішкене бөбек» деп ат қойғызу, баланы санға үйреткен. Ақселеу СЕЙДІМБЕК. Қыз туса, үйге тұтқа болсын деп кіндігін от орнына көмеді. Ұл туса, түзге тұтқа болсын, елдің қорғаны болсын деп, кіндігін алты қырдан асырып тастайды. Жаңа туған нәрестені ауыздандырарда жеті жұрттың тілін білсін десе сауыс­қан­ның тілімен, күйші болсын десе домбы­раның құла­ғымен, бай болсын десе қойдың құйрығымен ауыздандырады. Қаз басып жүре бастаған баланың тұсауын кесерде үш түрлі тілекпен кеседі. Бірінші, баланың тұқымы өсіп-өніп, шөптей көп болсын деп аяғын шөппен тұсап кеседі. Екінші, малды, майлы бол­сын деп, аяғын тоқ ішекпен тұсап кеседі. Үшінші, адал болсын, біреудің ала жібін аттамайтын шыншыл болсын деп, бала­ның аяғын ала жіппен тұсап кеседі. Құрманбай ТОЛЫБАЕВ. Отау – қазақ дәстүрі бойынша тұңғыш ер баланың үйленгеннен кейін өз алдына шаңырақ көтеріп, өз үйінің түтінін түтетуі, жеке қазан асуы. Қазақ өмірінде баласына отау тігіп, бөлек үй қып шығару – ата-ананың борышы саналады және жүзеге асқан адамдық арманы. Қазақ салты бойынша жеке отау тігіп, бөлек шығару – әкенің баласына арнайы енші бөліп беруін де қамтиды. Енші алып, жеке ша­ңырақ көтерген үй отау аталады. Үлкен үйдің балалары, ауыл-аймақ бұл үйді осы­лай атайды. Бұдан кейінгі бала­лары жеке отау тігіп жатса да осы тұң­ғыш отау өзінің үлкен отаулық қалпын сақтайды. Тағы бір ерекшелігі – үлкен үйден, яғни әке отырған үйден кейінгі беделді үй саналады. Сондықтан тұңғыш отаудың иесі өзінен кейінгі інілеріне үлгі көрсетіп, қамқорлық жасайды. Салт бойынша бұл да бірінші отаудың өтеуге тиісті міндеті. Қазақ өміріндегі бала өсіріп, тәрбиелеу ісінің мақсаты ұрпағының қызығын көрумен бағала­на­ды. Отау – сол мақсаттың орындалуы.   Тойлар өтті ішімдіксіз-ақ дүрілдеп Қостанайдағы сәулетті мейрамханаларда жұма сайын той өтіп жатады. Облыс орталы­ғы­ның іргесіндегі Жамбыл ауылы­ның тұрғыны Бақытбек пен жұ­байы Сара да екінші ұлы Аслан­ның үйлену тойын Қостанай қа­ласындағы салтанатты мейрамханада өткізді. Құда-жекжат, туыс-бауыр, дос-жаран – бәрі осында. Ән әуелеп, жұрт­шы­лықтың құлақ құрышын қанды­ра­ды. Жастар кү­йеу мен қалың­дық­ты ортаға алып, дөңгелене билеп кетеді. Күйеу мен қалың­дықтың той салта­на­тына киген киімінің өзі ерекше. Ерекшелігі –киімнің ұлттық на­қы­шында. Жастардың той киімінен өте білікті дизайнердің қол­таң­басы кө­рініп тұр. Қалың­дық­тың үс­тінде-етегін де, жағасын да, же­ңін де желбезектеген ақ көйлек, белін қынаған қысқа камзол. Етегін аққудың түбітіндей үл­піл­деген жасанды қауыр­сын­мен көмкеріп, төбесі үкіленген сәу­келе қалыңдықты ақ ботадай сүй­кімді ете түскен. Табалдырық аттаған келіннің иығы төсіне дейін жартылай жалаңаш тұратын еуропалық үлгідегі ақ көйлекті Алматай келін киген мына киім әр қазақтың тойынан өзге үлгіні ығыс­­тыратын түрі бар-ау. Қазақ қы­зы­ның кәдімгі сахнадан көріп жүретін ұлттық киімін сол кү­йін­ше көшір­мей, оның элементтерін ғана алып, нағыз той көйлегін жа­са­ған дизай­нер­дің шеберлігіне жас отауға тілегін ала келген әркім риза болып отырды. Дизайнер күйеу жігітті де қара костюм, ақ көйлек киетін қалыптасқан, қасаң үлгіден алып шы­ғыпты. Ол киген ақ шалбар мен жеңін, қал­та­сының құлақшасын алтын жіппен оюлап зерлеген ақ сюртуктің, жа­ғасы көрініп тұрған ақ жейденің жарасымы да көздің жауын алардай. Жас жұбайлардың сұлулығы да, сәні де көлдегі қос аққуды көз алдыңа әкелгендей. Дастархан түрлі тағамдардан ма­йысып тұр. Бірақ графиндерге құ­йылған қымыз бен минералды сулар, жеміс шырындарынан басқа «ұ­зынды-қысқалы» шампан, коньяк, түрлі винолар мен арақ түр­лері көзге көрінбейді. Дастар­ханға табақ-табақ ет тартылды, етпен бірге ақсақал­дар жаққа бас кетті. Тойды қызды­ратын асабаның орны тіпті бөлек. Аслан мен Алматай­дың тойындағы асабалар Бақытбек Байғожин мен Төленді Әлғожин көпшілікті аузы­на қаратты. Әсіре­се, Бақытбек Бай­ғожиннің суырып салатын ақын­дығы да бар екен. Екі жасқа тілек айтқысы келгендердің барлығын әзіл-қалжыңы аралас бір ауыз өлең­мен таныстырды. Тойшы қауымның күлкіден езуі жиыл­ма­ды. Тәрбие-тағылымы мол тілектер айтылды, ақсақалдар бата берді. Дастархан арасындағы үзілісте асабалар «Қыз алып қашу», «Си­қырлы тақия», «Ат қай кезде қалай кісінейді?» деген ойындар ойна­тып, жұрт­ты қыран-топан күлкіге батырды. Негізі ішімдіксіз той Қос­та­най өңірінде жиі өтетін болған. Бұл да Тәуелсіздік әкелген сана­ның жаң­ғыруы деп білеміз. Жас жұбайлардың той киімін ұлттық нақышта тіккізу де салтқа айналып кеткелі қашан. – Қалыңдық пен күйеудің той киіміне сұраныс көп түседі. Мен дизайнер ретінде олардың сәнін, стилін сызудың оңай емес екенін сезінемін. Өйткені, жастар өз­дері­нің киімінің сәні қайта­лан­ғанын қаламайды, ерекше бол­ғы­сы келеді, – дейді Қостанай қаласындағы «Ханым» сән ательесінің дирек­торы, көптеген байқаулардың жүл­­дегері Татьяна Тайшықова. Міне, бұл да салтымыздағы жақсы көрініс екенінде дау жоқ. Ата дәстүр де салтанат құра береді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.  

«ШЕРХАНТАНУ»: Ұрпақтар сабақтастығы

«Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығындағы Шерағаның мұра­ға­тын ақтарып отырып, қолыма 1992 жылғы «Жалын» журналы түсті. Журнал беттерін парақтай отырып, Ә.Кекілбаевтың «Ақырып теңдік сұраған» атты мақаласын көзім шалды. Мақала соңында берілген Әбіш ағамыздың мына сөз­дері маған үлкен ой салды: «Неге екенін қайдам, оның даусын естісем болды, есіме Махамбет түседі: «Қарағайға қарсы бұтақ біткенше, еменге бір иір бұтақ бітсейші, қы­ранға тұғыр қыларға?! Ханнан қы­рық туғанша, қарадан біреу тусай­шы, халықтың кегін қусайшы, артымыздан біздердің ақырып теңдік сұрарға!». Ақырып теңдік сұрайтын сол «біреу» – осы біздің Шерхан Мұр­таза бауырымыз ғой. Бар бол, батыр-екесі! Шал бол, Шер-ағасы!». Әбіш ағамыздың бұл мақаласы Шерағаның 60 жылдық мерей­тойы­на байланысты жазылған екен. Аға­мыз Шерағаға «шал бол!» деген тілекті шын пейілімен айтқандай. Қа­зақ мәдениетінің тойы тарқамасын, барша қазақ жұртын алдағы жылы үлкен дүбірлі той күтіп тұр. Қазақ­тың атпал азаматы сексеннің сеңгі­рі­не шықпақшы. Тәубе! Кенен дарындарды зерттеп-зерделеу – үлкен міндет, сезіну – үл­кен бақыт. Әсіресе, әдебиет айды­нын­да талай тарихи зобалаң­дар­дың куәсі болып, кез келген туын­ды­сын ішкі жан-тәнімен сезіне жазып, болашақ ұрпаққа мұра етіп отырған тарландарды зерделеу әр заман перзенттерінің еншісінде. Осындай үлкен зерттеу орталығы ретінде, Тараз қаласындағы «Шер­хан­тану» ғылыми-зерттеу орталы­ғы Тараз инновациялық-гумани­тар­­лық университетінде 2009 жыл­­дың 22 сәуірінен бастап өзінің жұмысын жүргізуде. Универ­си­тет­тің ұжымы және ректоры Қайрат Байжановтың ұйытқы болуы­мен ашылып, тұшымды еңбек жүр­гізіп отырған ғылыми-зерттеу орта­лығының жоспарлы түрде атқарып жатқан үрдісті жұмыстары бар. 2009 жылдың өзінде-ақ орта­лыққа Шерхан Мұртазаның біршама мұрағаттық дүниелері әкелінді. Халық жазушысының қолжазба­лары сканерден өткізіліп, электрон­ды нұсқалары сақталуда. Жазу­шы­мен байланыс орната отырып, шы­ғармашылық лабораториясына қа­тысты мұрағаттық материалдар жи­нақталуда. Олар тақырыптық жү­йеге келтіріліп, сұрыпталды. Со­ны­мен қатар, жазушының фото­га­ле­рея­сы да дайындалу үстінде. Университетке жиі келіп, про­фес­сор-оқыту­шы­лар құрамымен, студенттермен жүздесіп, лекциялар оқып жүрген Шерхан Мұртазаның дауысы да ар­найы кассеталарға жазылуда. Ор­та­лықта жазушының әр жылдардағы түр­лі баспаларда жарық көрген шы­ғармалар жинақ­тары да бар. Мұның бәрі кейінге қалдырар мұра. Ғылыми-зерттеу орталығының мақсаты – туған өлкеміздің түлегі, ел мақтанышы, Халық жазушысы Ш.Мұртазаның шығармашылығын насихаттау болып табылады. Ғы­лы­ми-зерттеу орталығының басты міндеттерінің бірі – жазушы Ш.Мұртазамен нақты байланыс орната отырып, оның шығармашылық зертханасына қатысты маңызды материалдарды жинастыру, сон­дай-ақ мүмкіндігіне қарай қалам­гер­мен әңгіме-сұхбаттар өткізіп, танымал туындыларының жазылу жайына, жазушылық еңбегіне, шеберлік-ізденіс жолдарына бай­ла­ныс­ты өзге де тың мәлімет­тер алу және оны уақтылы қағазға түсіріп, мұрағаттық құнды дереккөзіне ай­налдыру, екі жылда бір рет дәс­түр­лі республикалық «Шерхан Мұр­та­за оқуларын» өткізу. Осы арада «Қазақтың Шерағасы» атты жи­нақ­тың 2010 жылы «Тұран» бас­па­сынан 1000 данамен жарыққа шық­қанын да айта кетсек дейміз. Бұл кі­тапты студенттер, магистр­лер ар­наулы курстарда оқу құралы ретінде пайдалана алады. Қазіргі уа­қытта «Қазақтың Шерағасы» жи­на­ғының 2 кітабы дайындалу үстінде. 2011 оқу жылының қараша айын­­да ғылыми-зерттеу орталы­ғын­да «Шераға» атындағы әдеби бірлестік Шерхан Мұртазаның өзі­нің қаты­суы­мен салтанатты түр­де ашылып, жұмысын бастады. Әде­би бірлестікке қаланың жиыр­маға жуық мектептерінен, колледждері мен университеттерінен оқушылар мен студенттер мүшелікке кірді. Әдеби бірлестік отырысы айына бір рет, бекітілген жоспармен жүр­гізіліп келеді. Әрбір отырыста Шер­хан Мұртаза­ның шығар­машы­лы­ғына байланыс­ты зерттеу, талдау жұмыстары жүр­гізіледі. Соны­мен қатар, университет оқыту­шы­лары мектеп оқушы­ларын Шерхан шығармалары бо­йын­ша ғылыми жобалар жазуға дағ­дыландырып, қалалық, облыстық, респуб­ли­ка­лық айналымдарына дейін жеткізу көзделіп отыр. Сәбит БАУБЕКОВ, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ғылым және инновациялық жұмыстар жөніндегі проректоры, профессор.   Өрмектегі өрнектер 1988 жылы Қазақ елі күллі түркі халықтарының жаңғыру мерекесі Наурызбен қайта қауышты. Осыған орай облыс орталығындағы мекеме-кәсіпорын ұжымдары киіз үй тігу тәжірибесімен тұңғыш рет беттесті. Ашығын айтқанда, олардың ара­сын­да аты бар да, заты жоқ сұрық­сыз киіз үйлер көп болды. Соларды аралап, көңіліміз құлазыңқырап келе жатқан кезде сәні мен салтанаты келіскен, шебер қолдың іздері бірден байқалып тұрған киіз үйге тап бол­дық. Оны жабдықтаған сол кездегі Жымпиты ауданы, Жосалы совхозы­нан келген қолөнер шебері Дәмелі Құсайынқызы болып шықты. – Түсініп, ұғына білген адам ою-өрнектерде сыр тұнып тұрға­нын бірден аңғарады. Мұнда хал­қы­­мыздың өмір сүру дағдысы, кү­йініші мен сүйініші, ата кәсібі – мал өсіруге қатысты нақыштар, тіп­ті қажет десеңіз, алға қойған мақ­сат-мұраттары да сырын ішіне бүгіп тұрғандай әсер береді. Тек соны ішкі дүниеңмен, сезімтал жү­рекпен терең түйсіне білсең бол­ғаны. Менің ойымша, бұл өте бір сиқырлы әлем. Әлеміне бір еніп кетсең, қызығына қанбайсың. Ол сенің қиялыңды көкке қалық­татып, жігеріңді жаниды. Сөйтіп, күндіз-түні шарқ ұрасың. Іздеге­нің­ді тап­қан кезде бір ғаламат күй кешесің, – дейді Дәмелі Құсайынқызы. Күні бүгінге дейін Дәмелі Құ­са­йынқызы қазақтың ұлттық ою-өрнектерін нақышына келтіре әр­леп, әдіптеп, бұрыннан қалып­тас­қан барлық үлгілер мен салт-дәс­түрлерге сай етіп төрт киіз үй тігіпті. Мұның біріншісін Ақсай қа­ла­сындағы «Ақсайгазсервис» АҚ аттай қалап сатып алған болса, екін­шісі соғыстан оралмай, өмір бойы аңсап күткен әкесіне және бар­лық соғыс ардагерлеріне арнал­ған. Ал үшіншісін Дәмелі апамыз Елбасыға деп арнап тігіп, оның төріне өзі шығарған төмендегідей жыр шу­ма­ғын кестемен өрнектеп жазыпты. «Әйтеке ме, Төле ме, Қазымысың, Халқың үшін арнал­ды жазы-қы­сың. Күй толқыса кеудеде күмбір­леген, Нұрғисадай әуен­нің сазы­мы­сың?!». Бұл Елба­сын жалаң мақтау емес, сырлы көкіректен шыққан ғазиз сөз ғана осылай өрілер. Қолөнер шебері Сырым елінің атынан төртінші киіз үйді Қазақ­стан­ның халық жазушысы, бір ауыл­да қатар өскен құрдасы Қадыр Мыр­за Әлінің 75 жасқа толуына байла­ныс­ты арнап тіккеніне өзіміз куә бол­дық. Бұл өткен 2010 жылдың қа­ра күзі еді. Қадекең кешегі қатар өс­кен құрбы­сы­ның, бүгінгі ақ жау­лықты әженің өзіне деген ілтипа­ты­на, ең бастысы –  қазақтың ұлттық қолөнерін XXI ға­сырға жігін де, жымын да білдірмей жалғай білген жарасымды еңбегіне дән риза бол­ды. Бұл поэзия патриар­хы­на қарапа­йым халық өкілі тара­пы­нан көзі тірісінде көрсетілген ең соң­ғы құрмет­тердің бірі деуге бола­ды. Қадыр ағамыз осы оқиғадан соң екі ай өткенде дүние салды. Дәмелі Құсайынқызы он бала тәрбиелеп өсірген ардақты ана. От­ағасы, марқұм Шапай Қажыға­лиев­тің бабын тауып, қонақтарын кү­тіп, сонымен бірге өрмекпен де, өлең­мен де өрнектер тігу әйел затына аз іс емес. Соның бәріне қалай үлгеріп кел­діңіз деген сауалға ол: «Мен со­ның бәрінен де үлкен ләззат, қанағат аламын. Қай-қай істі де жүрегімнің қалауымен орындаймын. Уақыттың жетпейтіні рас. Бірақ жүректің әмі­рі­мен істелген іс адамды ешуа­қытта шаршатпайды», деп жауап берді. «Менің қазіргі басты мақса­тым, ұлттық қолөнеріміздің қадір-қасиетін келешек ұрпаққа аманат етіп қалдыру. Бұл тұрғыда тек бір ауданда құрылған ісмерлік мектеп тым тарлық етеді деген ойдамын. Тек бір өңірде ғана емес, бүкіл еліміз бойынша ұмыт бола бастаған киіз үй тігу, оның барлық нақыш­та­ры мен ою-өрнектерін егемендік талаптарына сай жаңғыртып, түр­лен­діре түсу қажет. Тек сонда ғана халқымыздың ұлттық төл дәстүрі­нің өрісі кеңейе түседі», – деп түйін жасады Дәмелі Құсайын­қызы. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы.   Қыран баптаған жұртпыз Жер басып жүрген адамдар бірі­нің сөзін бірі сыйлай алмай жүр­ген­де, аспанда ұшқан құстың тілін табу оңай ма? Ол үшін қара күш емес, терең ақыл, ойлы әдіс керек. Тілі жоқ демесең, құстың да ақыл-ай­ла­сы осал соқпайды. Одан асып түсуің керек. Иә, оны баптау деген –  құді­рет­ті өнер. Қай іске де бап керек, әнші де, ақын да бап тілейді. Жүйрік аттың бабын келтіре алма­саң, бағын байлайсың, жабы қылып тынасың. Қыран құс та солай. «Бопамдап» отырып қыбын таппасаң, қы­раның қарға болады. Бабын кел­тір­сең, қас­қыр алады, бұғы, маралға түседі, бабын келтір­месең, қоянға да жетпей қор болып, отырып қалады. Мұның бәрі мен шығарған тә­лім емес. Ата-бабалардан қалған тәмсіл. Менің аталарымнан, әкем­нен, нағашыларымнан естіген әңгі­мем – көл-дария. Білгір қария Жа­ғ­да Бабалықұлымен де көп сыр­лас­тым. Әкем Байжүніс пен нағашы атам Тоқтасынның құсбегілік тура­лы айтқан әңгімелері құлағымның түбінен әлі күнге дейін кетпейді. Қазақта аты аңызға айналған қы­ран баптаушылар көп болыпты. Со­лардың ішінде жалайыр Шо­ра­ны, найман Тінейді ерекше атай­ды. Олар туралы ел аузында мы­нан­д­ай сөз бар «Тінейдегі қасиет – ұялас екен Сарықұспен, Шора­да­ғы қасиет – тілдес екен бар құс­пен» делінеді. Бұл кісілер құстың тілі білген, сөйлесе алған деседі аңыз-әңгімелерде. Кеңес заманы қазақтың осы қасиетінен айыра жаз­дады, бірақ біздің ел­дің үл­кендері өмір бо­йы бірлі-жарым бүр­кі­тін қолынан түсірген емес. Тәубе, сол кеңестің шегесі босап, босағасы сықырлай бастағанда, өткен ғасырдың 80-жыл­дарының соңына қарай құсбегілік дәстүр қайта жаңғырды. Алма­ты­ның қақ ортасындағы стадионда «Сонар-89» деп аталатын тұң­ғыш бүркітшілер шеруі өтіп, жа­рыс ұйымдастырылды. Оған Сәр­сен­бек Дәулетбақұлы, Байжүніс Көде­кұлы, Әбен Тоқтасынұлы, Мо­лдажан Мә­метұлы, Шәкен Ошан­байұлы, Айтбай Жетібайұлы, Әбіл­хақ Тұрды­байұлы, тағы басқалар қатысты. Қырандардың қалқыға­нын, құйы­лып келіп түлкіге түскен сәтін көр­ген жұрт бір жасап қалды. Ұлты­мыз­дың ұлы дәстүрі оралды деп ұрандатып жатты. Менің риза болатыным, біздің Сөгеті ауылында Бағдат деген қарын­дасымыздың ұйытқы болуы­мен «Қыран» федерациясы біраз жылдан бері жақсы жұмыс істеп келеді. Мүлік деген ініміз ауылы­мыз­дың қақ төрінен құсбегілік дәстүрге арнап мұражай ашты. Он­дағы құндылықтар өзімізді қо­йып, алыс-жақын шет ел азамат­тары­ның назарын өздеріне аударып, сан ғасырларды қамтитын жәдігерлер көз жауын алуда. Құсбегілік арқасында осыдан бір-екі жыл бұрын Ұлыбритания елінің астанасы Лондонға барып қайттым. Ол елдің азаматтары қы­ран құсымызға таңданыс білдіріп, мұражайымыздағы жәдігерлерді суретке түсіріп жатты. Бұл неткен керемет десті, айналып үйірілді. Тәуелсіздік ұлттық дәстүрдің түр-түрін қайта ортамызға әкелді. Соның бірі осы – құсбегілік. Менің алдымдағы үлкендердің көбі кетті. Біз олардан қалған үлгіні жалғас­ты­рып жатырмыз. Халқымыздың қы­ран ұстап қырда жүруінің өзінде үл­кен мән-мағына жатыр. Үй­кү­шік болмай сергек жүруге, таби­ғат­ты, ұлттың ұлағатын танып-білуде бұл дәстүрдің орны ерекше. Оны өзің біліп қана қоймай, кейінгіге сабақ етіп қалдыру парызың. Мен осы тұрғы­дан келгенде, аталар жолын, бабалар кәсібін талап­ты жастарға жалықпай үйретемін. Бір ғана мысал, әкем құс­бе­гілік дәс­түрді маған сеніп тапсы­рып еді. Мен Бауыржан деген ұлыма бер­дім. Ол қазір Аян деген бала­сын баулып жүр. Біздің аталары­мыз ұлт­тық дәстүрді осылай жал­ғас­тырған. Менің бір арманым бар. Тәуелсіз елдің құсбегілік өнерін бір кездері әлемдік биікке көтеріп, халықара­лық дәрежедегі жарыс өткізіп жа­т­сақ, қане! Сол жарыста қазақтың бүр­кітші ұлдары мен қыздары қы­ран салып, алдыңғы толқын төре­ші­лік жасаса, төбеміз көкке бір жетер еді-ау! Сейітжан БАЙЖҮНІСҰЛЫ, бүркітші. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы.   Киіз үйлер қоймада қалып қойған жоқ Сонау жетпісінші жылдардың соңы, сексенінші жылдардың ба­сын­да Моңғолия деген елдің Ұлан­батыр атты астанасында әскери борышты өтеген едік. Сонда жүк көлігінің қорабында келе жатып үлкен қала ішіндегі биік ғимарат­тар­дың ара-арасына «қоныстан­ған» киіз үйлерге таңғала қарай­тынбыз. Таңғалатын себебіміз, ол кезде біздің Алматы, Шымкент, Қа­рағанды, т.б. үлкен қалалары­мыз­дың төрі тұрмақ, шетіндегі ша­ғын аудандардан да киіз үй тігіп отырған қазақты көрмейтінбіз. Көр­се, қала балалары, мұра­жай­лардан ғана көретін. Өйткені, хал­қымыздың жаз жайлауға, күз қыс­тауға көшетін дәстүрі ұмытылып, киіз үй деген жәдігеріңіз ауыл­дағы құнтты үйлердің ғана аула­сынан шошаятын. Өткен ғасырдың сексен бесінші жылынан бермен қарай «сең» бұзылды. Еліміз Наурыз атты төл мейрамымен сағыныса қауышты. Наурыз мейрамымен бірге қала­ның ортасындағы алаңдарға, бас­ты-басты деген көшелерге шаға­ла­дай аппақ киіз үйлер қаптай тігіліп, көздің жауын алатын болды. Оған өзге ұлт өкілдері ғана емес, сонымен бірге, ілгерідегі аталары «қалалық қазақ» атанып, олардың ана тілі мен салт-дәстүрін ұмыта бастаған ұрпақтары да қызыға, тамсана қарады. Одан кейін тоқсан бірінші жыл келді. Бодан ел бостан болды. Кеу-кеулеген жұрт, кеуделей келген на­рықтық экономика... осы алағай да бұлағай кезеңде киіз үйде өзінің жығып, тігу, тез орын ауыстырып, көшіп-қону деген артық­шы­лық­тары­мен халқына тағы да қол ұшын берді. Іске икемі бар ауыл қазақтары қала адамдары көп шо­ғырланатын жерге әп-сәтте киіз үй тігіп, саудасын қыздыра бас­та­ды. Міне, осы тұста ойы озық кейбір кәсіпкер азаматтар қаланың сая­бақ­тары мен көшенің көрнекті тұс­тарынан жер телімін алып, қазақы киіз үйдің сәулеттік нақышын негізге ала отырып «мини» мейрамханалар сала бастады. Олардың маң­дайшаларына «Мирас», «Ақ отау» деген әшекейлі жазулар пайда бол­ды. Бұлар кешегі ата-баба­ларымыз көшіп-қонған алты қанат ақбоз үйдің жиырма бірінші ғасыр­дағы жаңғырған бейнесі еді. Сөйтсек, қазақ халқы барда оның киіз үйі де өмірін жалғастырып, өзгеріп, өр­кен­деп, өсе бермек екен ғой. Киіз үй үлгісіндегі бұл шағын мейрамханалардың ішкі көрі­ніс­тері де сыртқы сән-салта­натына сай бо­лып келеді. Төріне шығып, дастар­қан мәзіріне үңілсеңіз, өзіңізді тура бір жайлауда ет жеп, сорпа ішіп отырғандай көңілді сезінесіз. Жазда салқын, қыста жылы. Келген, кеткен қонақ та разы, дәм-тұз ұсынған мейрамхана иесі де мәз. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегенде айтайық дегеніміз, ал­дағы уақытта еліміздегі қала­лар­дың көрнекті жерінен киіз үйдің үлгісі­мен осындай мейрамханалар мен дәм­ханалар көбейе түссе деген тілек. Оған қазақ кәсіпкерлерінің ақылы да, ақшасы да әбден жетсе керек. Тараз. Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған Сүлеймен МӘМЕТ.