02 Желтоқсан, 2011

Валентин ДВУРЕЧЕНСКИЙ: Президенттің аграрлық саладағы еңбегі үшін ғана қандай атақ берсе де жарасады

320 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
«Журналистикадағы жолы қиын шаруаның бірі – блиц-сұхбат. Сөйлесетін адамыңмен әңгіменің тақырыбын алдын ала келісе алмайсың, оның сенімен сұхбатқа қанша уақыт бөлуге мүмкіндігі бар екенін де білмейсің, оны айтасыз – кейде тіпті сұхбат беретін-бермейтінін де біл­­­мейсің. Өзіміз блиц-сұхбат алудан аулақтап жүретінімізді жасырмаймыз» – бір жолы осылай жазғанымыз бар еді. Әйтсе де, біз кеше блиц-сұхбат алуға өзіміз ұмтылдық. Сөйлесетін адамымыз­­­дың бізге сұхбат беретіндігіне де шүбә келтіргеніміз жоқ. Аграрлық саланың ірі маманы, кезінде совхоз директоры, аупарткомның бірінші хатшысы, Орталық комитеттің ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша хатшысы, рес­­­­пуб­ликаның Ауыл шаруашылығы министрі қызметтерін атқар­ған елімізге белгілі тұлға Валентин Иванович Двуречен­скийдің бізге екі кештің арасында өте керек бола қалатын жөні бар. Сенат Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық Қа­һарманы» атағын беруге мүмкіндік жасайтын заңды қабылдағанда есімізге алдымен осы кісі оралған еді. Олай болатын себебі – Президентке осы атақты беру жөніндегі бастаманы алғаш рет Вален­тин Иванович көтерген болатын. Сонымен, телефондағы әңгімемізге құлақ түрелік. – Валентин Иванович, Президент Әкімшілігіндегі сектор меңгерушісі Болат Қалиян­бе­к­ов­тен қалтафон нөміріңізді ал­ғаныма екі-үш сағат болға­ны­мен жаңа ғана хабарласып отыр­мын. Сіздің «Хабар» ар­на­сына сұхбат беретініңізді  естігеннен кейін сондағы сөзде­рі­ңізді естігім келген. Бірақ ар­на­дағы сөзіңіз тым қысқа қай­ы­рылды. Газет үшін ойыңыз­ды толығырақ айтсаңыз. Бұл ұсыныс сіздің көңіліңізде қашан пісіп-жетіліп еді? –  Көп болды. Талай жыл­дар­­дан бері. Бұл жайында бейресми жағдайда біраз адам ай­тып та жүрді ғой. Мен де айтып жү­ре­тінмін. Ана жылы Бәйкен Әшім­ұлы да Елбасы еңбегін бағалау жөнінде бір сұхбатында айтқан. – «Казахстанская правдадан» оқыған шығарсыз. Ол сұхбатты мен алып едім. – Иә, «Казправдадан» оқыған­мын. Осыдан үш-төрт жыл бұ­рын Президентпен бір мереке кезінде кездесіп қалдым. «Нұр­сұл­тан Әбішұлы, жұрттың бәрін марапаттап жатасыз. Сіздің өзі­ңіз­дің еңбегіңізге баға берілмейді. Бұл әділдік емес. Сізді қалай ма­рапаттауға болады?», дедім. Ол кісі әдеттегідей әзілге басып, «Немене, атағым аз ба? Өзіме өзім награда берейін бе енді?» деп, әңгімені басқа арнаға ауыс­тырып жіберді. Мына 20 жылдық қайта-қайта көтеріліп, басылып қалып жүрген ұсынысқа қозғау салып жіберді. – Нұрсұлтан Әбішұлын осы биік атаққа лайық дегенде сіз ол кісінің қандай еңбектерін ескеріп айтасыз? – Өмір бойы қазақтармен бірге келе жатырмын десем де артық­тығы жоқ. Бұл халықтың небір тамаша перзенттерімен жақын таныс болдым, атқарған жауапты жұмыстарыма байланысты та­лайы­мен араласып-құраластым. Солардың ішінде өзіме ең ерекше әсер еткен тұлға – Нұрсұлтан Әбішұлы. Ол кісінің өмірін, өнегесін, сан салалы қызметін, еліміздің ішкі саясатын, сыртқы саясатын қалыптастырудағы ең­бе­гін айтып жатуға қазір уақыт аз. Мен олардың бәрін онша жетік білмеуім де мүмкін. Сон­дықтан өзім жақсы білетін са­ла­ға, ауыл шаруашылығына байла­нысты айтайын. Өзіңіз де хабар­дарсыз ғой, Нұрсұлтан Әбішұлы 1984 жылға, яғни Министрлер Кеңесінің Төрағасы болғанға дейін ауыл шаруашылығымен еш­қа­шан тікелей айналыспаған. Оған дейін мамандығы да, бас­қар­ған саласы да тек таза өнер­кәсіпке қатысты еді. Үкімет ба­сына келісімен Нұрсұлтан Әбіш­ұлы ауыл шаруашылығындағы істің жағдайына тез қанығып, аграрлық саланың техникалық тұрғыдан жарақтандырылуына қатты көңіл бөлді. Мен сонау 1962 жылдан сов­хоздың бас агрономы болып істеп едім. Бұрын қалай еді? Өлсең де, тірілсең де, қандай шығынмен болса да, қалайда астық алу керек. Қазақстанның астығын жи­науға бүкіл Совет Одағы жұмыл­ғандай болатын, армияның көлі­гіне дейін, студенттерге  дейін сол науқанға тартылатын. Сонау алыстағы республикалардан ком­байн­шылар алдыртылатын. Миллиард пұт астық тапсырған жылы аупарткомның хатшыларына дейін өңіріне орден тағатын. Онда­ған адамдар Социалистік Еңбек Ері атанатын. Сонда да гекта­ры­нан 5 центнердің маңайында өнім алынатын. Әйтеуір  мол астық алу үшін жерді әбден оңды-солды жыртып тастадық сол кезде. Кейіннен біздің Қостанай облысында гектарынан 10 центнер астық алуға қол жеткіздік. Кейінгі он жылда 13-14 центнерден алып жүрміз. Тұрақты түрде. – Дегенмен, Қазақстан бидай өндіру үшін тәуекелшіл ай­маққа жатады ғой. Құр­ғақ­шы­лық жылдары қалай болып жүр? – Соны айтқалы отырмын ғой. Мысалы, 1975 жылы біз әр гектардан 2,5 центнерден ғана астық алдық. Тұқымға дән жинай алмай қалдық. Дәл сондай құрғақшы­лық өткен жылы қайталанды. Сол 2010 жылы біз Қостанай облысында гектарынан 9 центнерден астық  алдық. Айырмасы жер мен көктей емес пе? – Ал бұл айтқаныңызды Пре­­зидент қызметімен қай қы­рынан байланыстырып тұрсыз? – Нұрсұлтан Әбішұлы біздің жалпы жерге деген көзқарасы­мыз­ды түбірінен өзгертіп жіберді. Тіпті төңкеріп түсірді десек те болады. 1994 жылы, Тыңның 40 жылдығын атауға сол кездегі Це­линоградқа келіп, сөз сөйле­ге­нін­де талай адам ол кісіні тіпті тү­сін­беген еді. Расы керек қой. Кол­хоздарды, совхоздарды таратса, тоз-тоз болып, құрып кететіндей көріп едік. Жерді жеке меншікке беру деген тіпті ақылға сыймай­тындай нәрсе сияқты болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы солай ету керектігіне ақыры жұрттың бәрі­нің көзін жеткізді. Президентіміз бізге жерді жеке меншікке де берді, 49 жылға арендаға да берді. Сөйтіп, жерге қожайынды оралт­ты. Жердің иесі пайда бо­ды. Жердің иесі шыққаннан кей­ін-ақ іс басқаша жүріп берді. Жа­нармай да, жағармай да, техника да, бәрі де есептелуге ай­налды. Ар­тық шығын жойылды. Бұрын­ғыдай «астық үшін бүкіл­ха­лық­тық майдан» ашу қойыл­ды. Қазір баяғы миллиард пұт астық алу кәдуілгі жайға айнал­ды. Биыл,  мысалы, пұтқа шақ­қан­да екі мил­лиардқа жуық ас­тық жиналды. Қазір диқандар басқа республика тұрмақ, басқа облыс тұрмақ, бас­қа ауданнан да көмек сұрамайды. Табысынан айырылатынын біледі. Ал бұрын ше? Қанша еңбек етсе де тұ­рақ­ты айлықтан артық ештеңе ал­май­тын еді ғой. Ауыс­палы қы­зыл тудан басқа. Президенттің Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамта­ма­сыз етудегі еңбегі оның мал шаруашылығына қамқорлығынан да көрінеді. Елбасы бүгінгі мал шаруашылығын өндірістік негізге ауыстыруды тікелей қадағалап отыр. Мықты жем-шөп қоры жа­салатын болды. Асыл тұқымды мал көптеп әкелініп жатыр. Оның нақты нәтижесін көріп те келеміз. Мынаған қараңыз. Бұрын әр сиырдан жылына орташа 1800 литр сүт сауылатын. Қазір ше? Қазір әр сиырдан жылына 5-6 мың литр сүт сауылады. Айыр­масын аңғарып тұрсыз ғой? Бұл үлкен істің басы ғана. Прези­де­н­ті­міздің  Қазақстанды ауыл ша­руа­шылық өнімдерінің ірі экс­порт­тау­шы­сы­на айналды­ра­ты­ны­на сенемін. Мен Президент туралы көп айта алатын адаммын. Қатарлас та жұ­­мыс істегенмін. Министр ре­тін­де Нұрсұлтан Әбішұлы бас­қа­ратын Үкіметтің мүшесі де бол­ғанмын. – Ғафу етіңіз, дәл қазір ұзақ әңгімеге уақыт та, сол әңгімені қағазға түсіре қалғанда сала қоя­тын газетте орын да болмай тұр. – Сондықтан телефонмен мы­на жанталас әңгімеде сізге ол кі­сі­нің тек бір еңбегін – ауыл шаруа­шы­­лы­ғы­ның ерен реформатор тұл­­­­ғасы ретіндегі еңбегін ғана ай­тып отыр­мын. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы аграр­лық саланы тү­бегейлі өзгер­тіп, қа­тып-семіп қал­­ған са­на­ны сын­ды­рып берген адам. Пре­зи­денттің  аг­­рарлық са­ладағы ең­бе­гі үшін ғана қандай атақ берсе де жарасады. –   Валентин Иванович, қа­лай ойлайсыз, Президент Сенат қабылдаған заңға қол қой­май жүрмей ме? Осыған ұқсас жағдай бұрын да болды ғой. – Меніңше, қол қоюға тиіс. Бұл жағдайдың жөні бөлек. Бұл шешім елдің ұлы тойының қар­са­ңында қабылданып отыр. Тіпті, өзінің кісілік кішіктігіне байла­ныс­ты Заңға қол қоюдан бас тарт­са, заңның тиісті  бабы іске қосы­ла­ды. Онда Заң  Президентке қол қоюға берілгеннен кейін бір айдан соң күшіне енеді. Қан­дай жол­мен болса да біз үшін Ел­ба­сы­мыздың еңбегі лайықты б­а­ға­ланғаны маңызды. – Әңгімеңізге рахмет. Біз де солай ойлаймыз. Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ.