02 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздікпен бірге жаңарған өнер ошағы

271 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаев Алматы қаласына кезекті жұмыс сапары барысында күрделі жөндеуден өткен Республика сарайында болып, ғима­рат­ты аралап көрді. Бұдан 41 жыл бұрын, анығырақ айтқанда, 1970 жылы салынған аталған ғима­рат­қа сол уақыттан бері алғаш рет жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы қарсаңында Республика сарайының қайтадан түлеп, сәулеті мен сәнінің асқақтауы алматылықтар үшін ғана емес, оңтүстік астананың қонақтары үшін де үлкен тарту болғаны айдай ақиқат. Оңтүстік астанадағы ірі де еңселі ғимарат – мәдениет пен өнер ошағын қайта жарақ­тан­ды­ру жұмыстарының өте жоғары деңгейде әрі сапалы жүргізіл­ген­дігі бірден аңғарылады. Ұзақ жыл­дар ешқандай жөндеу көр­ме­ген Республика сарайын қай­та­дан жаңғыртып, жаңарту жұмы­сы өткен 2010 жылы қолға алын­ған болатын. Алматыдағы құры­лыс-монтаж кәсіпорнының бас директоры Владимир Ахма­диев­тің айтуынша, «жөндеу жұмыс­тары жаңа жобамен жүргізілген ғимараттағы жүйелер түгелдей дерлік жаңартылған». – Жасыратыны жоқ, қазіргі таң­да ең алдымен қауіпсіздік жүйелерін одан әрі жетілдірудің маңызы зор. Соған орай, ғи­мараттағы барлық қондырғылар монтаждалып, ішіне «антитеррор» жүйесі орнатылды. Хал­қы­мыз «өрт – тілсіз жау» деп бекерден-бекер айтпаса керек. Соған орай бірқатар ықпалды іс-ша­ралар қолға алынды. Мәселен, сахна өртке қарсы шымылдықпен де жабдықталды.  Көпшілікке бел­гілі, ең алғашында конференциялар мен съездер, бір сөзбен айтқанда, ресми жиындар өт­кізу­ге арналып салынған кешеннің бүгінде қызмет көрсету аясы кеңейе түсті, мәдениет пен өнер орталығына айналды. Сондықтан да мұнда опералық концерттерден басқа өнер кештерін өткізуге толықтай жақсы  жағдай жасал­ған, – дейді Владимир Шәкен­ұлы. Шын мәнісінде, ірі шаһар­дағы мәдениет пен өнердің ірі ор­талығының сыртқы келбеті то­лық­тай өзгертіліп, ерекше көрік­ке еніп, жарқырай түскені айқын аңғарылады. Жөндеу-жабдықтау жұмыстары барынша сапалы ат­қарылған Республика сарайында сейсмикалық қауіпсіздік іс-ша­ра­лары да жүзеге асырылуы құп­тар­лық жәйт. Бүгінгі күннің жо­ғары талабына сай қайтадан жарақтандырылған нысанда реконструкциялау барысында елеулі өзгерістер жасалған. Мәдениет пен өнер ошағының қазіргі заман архитектурасына сай жасақталуы да көңілге қуаныш ұялатады. Мә­селен, терезелер мен есіктер және витраждар толықтай жаңар­тылған. Және олардың барлығы сапалы әрі мықты материалдан жасалыпты. Сондай-ақ, сарайдың сыртқы қанаттары, баспалдақтары, блок­тары да жаңартылып, әрлеу жұ­мыстарының барлығы жоғары эстетикалық талғамға сай жүр­гізілгені бірден байқалады.     КазНИИСС РМК-ның нұсқауы бойынша, қабырғалар мен бө­ліктер қатайтылыпты. Республика сарайындағы келесі бір жағымды жаңалық – үш көтерме механизмі мен оркестр отыратын орын. Ең бастысы, бұл ғимаратта мүмкіндіктері шектеулі жан­дардың қозғалысы да ескерілген. Жаңа санитарлық талаптарға сай азық-түлік блоктары да қайта жоспарлануда әрі оларды пайдалану сапасы да арта түспек.  Әкім­шілік және қосымша бөл­мелер де түгелдей өзгертіліп, сахнаға қызмет көрсететін орын қарастырылған. Қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында жаңадан қосымша бөлмелер, елу орындық конференц-зал, әсемдік салоны, аудиокиоск, гүл дүкені, дыбыс жазатын студия да пайда болыпты. Реконструкция бары­сын­да ғимараттың алдындағы алаң мен паркинг те абаттан­дырылған. Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.