02 Желтоқсан, 2011

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Қазақстанға бұрынғы кеңестік республикалардың ұлттық ғылым академиялары енді үлгі бола алмайды

403 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Парламент Сенаты Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық Қаһарманы»  атағын беруге мүмкіндік жасайтын заңдарды қабылдады. Бұл – халық бағасы. Бұл – уақыт сынынан өткен баға. Сондықтан да  баянды баға. Кеше Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан ғалымдарының Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған форумы өтті.  Ғалымдардың жиыны бүгінде «Ғылым ордасы» деген атауға ие болған  Ұлттық ғылым акаде­мия­сының күрделі жөндеуден өткен тарихи ғимаратында өтті. Мемлекет басшысы алдымен сирек кездесетін кітаптардың тұ­рақты көрмесі мен қазақстандық ғылыми мектептің шетелдерде та­нымал болған таңдаулы еңбек­те­рін көріп шықты. Ұлттық ака­демияның ұзын дәлізін алып жат­қан көрменің бір бөлігі «Қа­зақ­стан тәуелсіздігінің 20 жылдығы – ғылымның жаңа стратегиясы» деп аталады. Білім және ғылым министрлігі «Қазақстан Республикасының ғылыми жетістіктері» көрмесінде Елбасына ғалымдарымыздың өн­ді­ріске енгізілген және енгізуге дайын ғылыми әзірлемелері мен абсолюттік инновацияларын көр­сетті. Мысалы, Қ.Сәтбаев атын­да­ғы Геология институтының ға­лымдары іргелі зерттеулердің және минералдарды нано деңгейде зер­делеу мен таратып түсін­ді­ру­дің әзірленген жаңа әдістері негізінде 20-дан астам жаңа минералдар ашқан. Ел мерейтойы қар­са­ңында институт ғалымдары Қа­зақ­станның тұңғыш Президенті мұражайына жаңа 10 минералды сыйға тартты. Ал жақында ашылған ғылыми  жаңалықтың бірі – көмірсутек кластерінен алынған жаңа минерал. Оның медицина және химия саласындағы жоғары технологиялар үшін перспективалық ғылы­ми-тәжірибелік маңызы зор көрі­неді. Бұл минералды ғалымдар Тәуелсіздіктің 20 жылдығына ар­напты және оны НУРНАЗЕН деп атауға ұйғарған. Ендігі жерде еліміз халықаралық Минералогия­лық қоғам жанындағы Жаңа минералдар және олардың атаулары жөніндегі комиссияға (Канада) ұсыным беруде. Елбасына ғалымдарымыз  көр­сеткен жаңалықтың келесісі – Ұлт­тық биотехнологиялық орта­лы­ғының қатерлі ісікті жасу­ша­лық емдеуде қолдану үшін дің жа­сушаларынан ісікке қарсы лим­фоциттер алудың жаңа тех­но­логиясы. Бұл абсолютті инновация болып табылады. Елбасы ел ғалымдарының есеп­ті көрмесін аралап шық­қан­нан кейін Қазақстан ғалым­дары­ның форумы өтетін залға келіп кірді. Мемлекет басшысын ғы­лым­ның барлық саласының белді өкілдері қошеметпен қарсы алып, төрге оздырды. Осы арада Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев «Ғасыр ғұламасы» жо­ғары атағына ие болғанын айта кетелік. – Кеше еліміздегі ірі ғалым­дар бірлестіктерінің басшылары қауымдастығы мен Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының төралқа отырысы болып өтті. Онда бірауыздан: «Әлемдік ғылым­ды дамытуға қосқан және мем­ле­кеттің даму стратегиясының ғы­лыми негізін қалап, жүзеге асырғаны үшін Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Елба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевқа «Ғасыр ғұламасы» жоғары атағы берілсін» деген  шешім қа­был­данды, – деді Білім және ғы­лым министрі Бақытжан Жұмағұлов. Оны Мемлекет басшысына  Ұлттық ғылым академиясының пре­зиденті Мұрат Жұрынов та­быс етті. Нұрсұлтан Әбішұлы өз кезегінде: «Нақты ғылымда ешқан­дай жаңалық ашқан жоқпын, бірақ біздің тарихта болмаған жаңа мемлекетті құрудағы әрбір қадамымызды, жолымызды, әр­бір шешімімізді қабыл алуға бо­лады. Жалпы менде халықаралық деңгейдегі көптеген сыйлықтар бар. Алайда оның ішіндегі ең мәртебелі марапат осы деп есептеймін», – деп алғыс білдірді. Осыдан кейін  Білім және ғы­лым министрі Бақытжан Жұма­ғұлов есептік баяндама жасады. Ал Елбасы өзімен жүздесуді көптен күткен ғалымдарымызбен кездесу сөзін былай бастады: – Біз бүгін ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында жүзде­сіп отырмыз. Бұл – Қазақстан ға­лымдарының алқалы басқосуы­ның мән-маңызын арттыра түсе­ді. Осыдан 5 жыл бұрын Ұлттық ғылым академиясында өздеріңіз­бен кездескен едік. Осы мерзім ішінде біздің еліміз өркендеп, ғылымымыз ілгерілей түсті. Ғы­лым ордасы түгелдей күрделі жөн­деуден өтті. Қайта түлеген қасиетті қара шаңырақ тәуелсіз еліміздің ғылымын дамытуға мол үлес қоса беретін болады. Бар­шаңыз білесіздер, біздің ғылыми әлеуетіміз тамырын тереңнен алады. Әр дәуірде қазақ топырағы­нан шыққан әйгілі ғалымдар аз емес. Әл-Фараби, Абай, Шоқан сияқты тұғырлы тұлғалар ғылым­ға өлшеусіз үлес қосты. Кеңестік кезеңде де Қазақстаннан дүние жүзін мойындатқан ғұламалар шықты. Соның бірі – академик Қаныш Сәтбаев. Менің ұсы­нысым бойынша, ЮНЕСКО-ның Бас ассамблеясының шешімімен 1999 жыл академик Қаныш Сәт­баев жылы деп жарияланғанын білесіздер. Біз Тәуелсіздік алғаннан бері ғылымды өркендетуге күш салып келеміз. Елдігімізді дамытуға ға­лым­дар үлкен үлес қосуда. Олар ғылымды дамытып, жаңа мектептер қалыптастырды. Сондықтан, тәуелсіздік жылдарындағы біздің басты жетістіктеріміздің бірі – ғылыми әлеуетімізді сақтап қа­луымыз болды. Елімізден әлемге танымал ға­лымдар көптеп шығуы үшін оларға барлық жағдайды жасау керек. Тәуелсіздіктің 20 жыл­ды­ғы – бір белесті артқа тастап, дәуірді қорытындылайтын ерекше кезең. Осы биік белесті ба­ғын­дырып тұрып, тәуелсіз Қа­зақ­стан ғылымының жиырма жыл­ды­ғын екшеп, таразылай аламыз. Жиырма жылда біз ұлан-ғайыр істер атқардық. Соның ішінде ғы­лым мен білім саласында үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. «Ғы­лым туралы» жаңа заң қа­был­дадық. Ол біздің отандық ғылым­ды дамытуға тың серпін беруі тиіс. Елімізде инновациялық-ин­дус­триялық дамудың іргетасы қаланғаны өздеріңізге белгілі. Оны дамыту үшін талантты ға­лымдардың күш жұмылдырғаны жөн. Әрбір ғылыми жаңалық еліміздің тұғырын бекіте түсуге арналуы керек. Сонда ғана біз мәртебелі мемлекет боламыз. Бұл форумның маңызы Қазақстан ғылымының дамуын айқындау мен оның Тәуелсіздікті нығайтудағы рөлін­де, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Президенттің айтуынша, Қа­зақ­стан 20 жылдың ішінде ғы­лыми ұйымдар желісін 11,6 есе ұлғай­тыпты. Қазір елде 400-дей ғылыми мекемелер, ғылыми ор­та­лықтар мен құрылымдар бар. Сондай-ақ Ғылым академиясы жүйесі қайта құрылып, университеттік білім беру жүйесінің рөлі көтерілді. Біздер  Ұлттық ядролық орта­лығын жасақтадық, деген Елбасы  Қазақстанға бұрынғы кеңестік республикалардың ұлттық ғы­лы­ми академиялары енді үлгі бола алмайтынын алға тартты. – Бізге ешкім жайдан-жай өз технологиясын бермейді, біз өз ғылымымызды өзіміз үшін құ­рып, енгізуіміз керек. Осы күнге дейін елімізде да­рынды балаларға арналған 20 ин­теллектуалдық мектеп салын­ға­ны белгілі. Олардың бірқатары қазірдің өзінде табысты жұмыс істеп жатыр. Бұлар да келешектегі жаңа университеттердің ірге­та­сы деді Елбасы. Осы арада Елба­сы­ның Жолдауына сәйкес Қазақ­станда 9 технопарк, 5 ұлттық және 15 аймақтық лабораториялар жасақталып, 9 венчурлық қор және 3 конструкторлық бюро құрылғанын айта кетелік. Мұнан өзге де тәуелсіздік жыл­дарының бедерінде тын­ды­рыл­ған істер аз емес. Ғылыми қыз­метті басқарудың жаңа әдіс­те­рі, ғылымды қаржылан­ды­ру­дың базалық, гранттық және мақ­сатты-бағдарламалық тәрізді жаңа түрлері енгізілді. Жалпы, 2012 жылы ғылыми зерттеулер сала­сын­дағы мемлекеттің шығы­сы 42 миллиард теңгені құрайды. Бұл өткен 3 жылғы көрсеткіштен орташа алғанда 2 есе көп. Таяу үш жылда ғылымға бөлінген шығыс 118 миллиард теңгені құрайтын болады. Қазақстан ғылымға еш­қашан мұнша қаражат жұмсаған емес деді Елбасы. Президент қазіргі кезде ғы­лымды Қазақстан экономикасы мен қоғамын дамытудың локомотивіне айналдырудың негізгі ба­ғыттары мен тетіктерін анықтау маңызды екенін атап көрсетті. XXI ғасырда «ғылым» мен «инновация» біртұтас ұғымға ай­налды. Қазақстан ғылымын да­мы­ту мәселесінің маңызды жағы – ол ғылыми-инновациялық жұ­мыс­тар мазмұнында әлемдік ин­но­вациялық трендке сәйкестілік болуы. Қазақстандық іргелі ғы­лым жаһандық деңгейдегі зерт­теу­лерге теңесуі маңызды. Энерге­ти­када, ұлттық аэроғарыштық зерттеулер бағдарламаларында, жеке меншік әзірлемелер мен жаңа медициналық технологияны ендіру саласында инновацияны дамыту қажет. Сондай-ақ еура­зиялық деңгейдегі халықаралық инновациялық жобалардың үлкен мүмкіндіктері бар. Сонау 1997 жылдан бері ға­лым­дарымыздың жалақысы 10 есе көбейген.   Соған сәйкес қа­зақ­­стан­дық оқымыстылардың ха­лық­аралық деңгейдегі жарияла­ным­да­рының белсенділігі 3 есе ұлғайған. Біздер ғылыми диссертация­лар­ды қорғау мен ғалымдардың квалификациясын көтерудің халықаралық жүйесіне көштік, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Отан­дық жоо-лардың халықара­лық деңгейде аккредиттеу процесі де ырғақты өсу үстінде. Осыған қарамастан, Елбасы ғылыми диссертацияларды қор­ғау­ға қатысты кемшіліктердің бол­ғанын жасырған жоқ. – Мен диссертацияларды қор­ғау тәжірибесі туралы мәселе бойынша сындардың болғанын білемін.  200 ғылыми кеңес ғы­лым кандидаттары мен доктор­ла­рын қолдан жасады. 60 ғылым кан­дидатының 1-еуі ғана және 40 ғылым докторының 1-еуі ғана ғылымға барды. Есесіне барлық шенеуніктер мен депутаттар ғы­лым докторы атанып алды. Ғы­лымда мұндай профанацияға жол бермеу керек. Осылайша Мемлекет басшы­сы осы егемендіктің 20 жылында ғалымдарымыздың жасаған орасан зор еңбегін жоққа шығармай-ақ, орын алған кемшіліктерді де назардан тыс қалдырған жоқ. Ашығын айтсақ, ғылымды кадр­лармен қамтамасыз ету жа­ғынан жетекші ғылыми державалар саналатын Швеция, Жапония, АҚШ пен Германиядан ай­тарлықтай артта келеміз, деген Елбасы төмендегідей көрсеткі­ш­терді алға тартты. Біздің елімізде бұл көрсеткіш 1 миллион тұрғынға шаққанда 1 мыңнан аз болса, Украинада – 1800, Ресейде 3300-ден астам, Жапонияда 5300-дей екен. 2010 жылы елімізде ғылыми зерттеу саласында жүргендер саны бар болғаны 17 мың адамды ғана құраған... Қазақстандағы ғалымдардың орта жасы да шамамен 55-терде. – Биылдан бастап бұл кеңес­тер өз жұмысын тоқтатты, – дей келіп Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрлігіне ғы­лым­дағы жалғастықты сақтап қа­луды және оны жастармен толық­тыруды табыстады. – Бұл біздің қасиетті пары­зы­мыз. Қараңыздаршы, бүкіл әлем­де жарияланған жарияланымдар­ бойынша қазақстандық авторлар бар болғаны 0,02 пайызды ғана құрайды. Бұл – нөл пайыз! – деді Елбасы. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл көр­сеткішті өзге елдермен салыс­тырып шығып, мұны ғалым­да­рымыздың жұмысына бағыт үшін атап отырғанын жеткізді. Сол сияқты елімізде бір ғана журнал ғаламдық ғылым рейтингісіне кіреді екен. Елбасы осы жайтты айта келіп, ғалымдарға: – Тәуелсіздіктің 20 жылында 26 интеллектуалдық меншікті бекітуге берілген  26 мың өтінім қанағаттандырылыпты.  Осының тәжірибе жүзіндегі қайтарымы қандай? – деген сауал тастады. Үстіміздегі жылдың басында 2020 жылдың соңына дейін «100 қазақстандық инновация» атты жалпыұлттық жобаны жасау мен жүзеге асыру  идеясын ұсынған болатынмын. Егер де біз осы 100 жобаның ішінен ең болмаса 10 абсолютті инновацияны жасай алсақ, онда ол үлкен жеңіс болар еді, деді Елбасы одан әрі, Білім және ғылым министрлігі де, Ұлт­тық академия да, толып жатқан ғылыми ұйымдар да әлі күнге дейін осы мәселе бойынша өзде­рі­нің концептуалдық ұсыныстарын бере алмағандығын тілге тиек етті. Ал мемлекет тарапынан ғы­лым­ды қаржыландырудың нақты бағыты бар. Бұл тұрғыда Нұрсұл­тан Әбішұлы Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында 2014 жылы ғылым­ды қаржыландыру елдің ІЖӨ-нің  1 пайызына жеткізу міндеті анық­талғанын атады. Одан кейін де ғылымды қаржыландыру кө­лемі көбейе бермек. Сол сияқты Елбасы ғылымға жеке бизнестен де инвестиция салынуын қамтамасыз ету қажет­тігін, дамыған елдердің ғылымы­на құйылатын қаражаттың басым бөлігі жеке сектордан келетінін тілге тиек еткен. Мемлекет бас­шы­сы мұны да өркениетті елдер­дің нақты көрсеткішіне сүйеп айтты. Өйткені, бұл елдерде ғы­лыми жаңалықтар бизнестің кәдесіне жарайды. Қалай десек те,  қазіргі заман ғылыми жаңалықтарды нақты бәсекеге қабілетті тауарға айнал­дырып отыр. Бұл Елбасының сөзі және уақыттың шындығы. Бізге ғылыми зерттеулерді коммерциялаудың тиімді жүйесі ауадай қажет деген Нұрсұлтан Әбішұлы Үкімет пен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына 2012 жылдың 1 ақпанына дейін «Бизнес және ғылым-2020» жол картасын жасауға нақты тапсырма берді. Осы арқылы биз­нес-қауымдастықтың ғылыми жұ­мыстарға қатысын анықтай­тын боламыз деген Мемлекет бас­шысының қадау-қадау тап­сыр­малары мұнымен шектелген жоқ. Ғылымның қазіргі жетістіктері де назардан тыс қалмады, кем­шіліктері де жаба-бүрке­ме­лен­беді. Бітпеген тірлік ғы­лым­ның сала-саласы бойынша сарап­қа салынып айтылды. Отандық ғылымның болашақтағы табыс­та­ры баянды болуы енді тек ға­лымдарымызға аманатталған ар­дың ісі. – Ғұлама Жүсіп Баласағұн бабамыздың «Білім мен ізгілік қана мұратқа жеткізеді» деген қанатты сөзі бар. Бүгінгі бас­қо­суда сіздермен бірге тәуелсіздік жылдары ғылымда қол жеткізген жетістіктерді қорытындыладық. Баршаңызға  ғылымда зор табыс­тар мен шығармашылық жетістіктер тілеймін. Біздің ғалым­дары­мыз тәуелсіздікті нығайтуға сүбелі үлес қосып келеді. Сон­дықтан, бүгін менің Жарлығым бойынша бір топ ғалымдар елі­міздің жоғары наградаларына ие болды, – деп сөзін қорытын­ды­ла­ған Елбасы одан әрі. – Әрине, бір жиналыста оның бәрін айтып шықпай-ақ үш адамға ғана тап­сырайын. Басқалары Тәуелсіздік қарсаңында  шығатын Жарлық­тар бойынша тапсырылатын бо­лады, – деді. Иә, өтпелі кезең, өліара мезгілде отандық ғалымдарымыз ғы­лымды сақтап қалуға күш салды. Қиын-қыстау жылдарда ұлттық ғылымның іргесін шайқалтпауға ұмтылып, оған қалтқысыз қызмет еткен жандар арамызда жеткілікті. Мемлекет басшысы мерейлі белесте бұл жәйтті де өз сөзінде келтірді. Сонымен форум Қазақстан­ның жетекші ғалымдарына мемлекеттік наградалар тапсырумен аяқталды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «М.­А.Айт­хо­жин атындағы молекулярлық биология және биохимия инс­ти­туты» МКД директоры Нағима Айтхожинаға, Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұ­рат Жұрыновқа III дәрежелі «Ба­рыс» орденін табыс етті. «Құр­мет» ордені Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Математика институты» РМК компьютерлік моделдеу бас ғы­лы­ми қызметкері Иван Пакке тапсырылды. Форум кезінде ҚР ҰҒА академиктері Өмірзақ Айтбаев пен Нағима Айтхожина ғылымға ұдайы қолдау көрсетіп, қамқор­лық жасағаны үшін Президентке ел ғалымдары атынан алғыс айт­ты. Ал ҚазҰУ-дің филология магистрі Анна Данченко  шұрайлы қазақ тілінде ғылымды неге таңдағанын майын тамыза айтып берді. Одан кейін сөз алған Дублин университетінің (Ирландия) PhD докторанты Азат Абдуллаев­тың да айтары аз емес екен. Осы­дан 10 жыл бұрын Елбасының қабылдауында болған қаршадай бала бүгін «Болашақ» бағдарла­масының стипендиаты. 14 жа­сында физика-математика гим­на­зия­сын бітіріп, 18 жасында Ұлт­тық университеттің дипломын алған дарынды жас қазіргі таң­да оптикалық коммуни­кация­дағы ла­зерлер бойынша зерттеулер жүр­гізіп жатқанын мәлім­деп, мыңдаған магистранттар, жүз­де­ген PhD докторлары аты­нан Қазақстан ғылымы жойы­лмайды, болашағы жар­қын деп сендірді. Алматы.