03 Желтоқсан, 2011

Шаруаларға көмегі көп корпорация

293 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Бүгінгі уақыт талабы мемле­кеттің рынокқа тікелей араласуын көтермейді. Бүгінде үкімет те, мемлекет те тіршілігіңе қолдау көрсетіп отырады, ал әркім өзі талпынып өмір сүруі шарт. Сол сияқты әрбір үлкен компания, корпорациялар да өз күнін өзі көруі керек. Бірақ мемлекет ры­нокқа тікелей араласпаса бол­май­тын жағдайлар да кездеседі. Ак­циясы жүз пайыз мемлекеттікі саналатын «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ осы күн­дері бидай рыногындағы негізгі «ойыншылардың» қатарында. Сөй­тіп бидай рыногына тікелей әсер етіп әрі араласып отыр. Елімізде бидай рыногы нарық заңын басшылыққа ала отырып жақсы дамыған әрі көңіл көнші­тер­ліктей жұмыс істеп тұр. Статистика агенттігінің мәліметінше, өткен жылы астық егетін жер 16,6 миллион гектар болған, оның 14,3 миллион гектарына бидай егілген. Ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер біздің астықты астық экспорттайтын елдердің онды­ғы­на кіргізді. Қазақстан бидайы жо­ғары сапасымен де ерекшеленеді. Анықтап айтсақ, біздің бидайдың құрамында 12,5 пайыз протейн және 23-28 пайыз клейковина бар екен. Бұл ұнның сапасын жоға­ры­лататын факторлар. Сондықтан әлемдік рыноктарда біздің бидай да, ұн да жоғары сұранысқа ие. Ал ұнды экспорттау жөнінен еліміз көшбасшы мемлекеттердің үштігіне кіреді. Сонда астық ры­ногына, оның ішіне бидай рыно­гына мемлекет не үшін араласуы керек деген заңды сауал көлде­неңдейді? Оған хал-қадерімізше жауап беріп көрейік. Ауылшаруашылық өндірісі тәуекелі көп, оның үстіне бірнеше табиғат факторларына тә­уелді өндіріс. Құдай бетін аулақ қылсын, ондай факторлар бола қалса мемлекеттің де, диқанның да қолынан түк келмей қалады. Ол біріншіден, құрғақшылық. Құр­­ғақшылық орын алса, еккен асты­ғың шықпай қалуы кәдік. Шықса да күткеннен аз жиналады. Ал­ыс­қа бармай-ақ, былтырғы жыл­ды алайық. Былтыр құрғақшы­лық­тың зардабынан диқандар егіс даласынан 13 миллион тонна ас­тықты әрең жинап алған. Ал биыл жаңбыр көп жауды. 30 миллион тоннаға жуық астық орыл­ды. Оның 25 миллион тоннасы би­дай. Иә, ауа-райының кірпияз­ды­ғымен талай рет бетпе-бет келіп жүрген диқандардың айы оңынан туған­дай. Десе де «бірақ» дегізетін мәселелер де бар. Рынокта бидай тоннасының көптігі, не аздығы оның бағасына тәуелді болмақ. Бидай аз болса – баға жоғары, ал көп болса, баға төмендейді. Бұл қалыпты нарық үдерісі. Бірақ бағаның төмендеуі «егіннен егінге дейін» тіршілік қылатын диқандардың қалтасына қиындық түсіреді. Егер ірі компаниялар өздеріндегі қордың арқа­сында ондай жағдайларға төтеп беріп, кейіннен жағдайын түзеуге мүмкіндік алатын болса, қатар­да­ғы қарапайым фермердің қолынан бұл үдерістен қиналмай шығу келмейді. Өйткені елімізде ауыл шаруашылығы – дамудың жолына енді ғана түсіп келе жатқан сала. Сондықтан да мемлекетке астық рыногына араласып отыруға тура келеді. Азық-түлік келісім-шарт кор­порациясы – Үкіметтің «астық реттегіш» өкілі. Ол жыл сайын реттегіш, тұрақтылық қызмет­те­рін атқарып, шағын фермерлерді банкроттықтан, ал халықты нан бағасының күрт көтеріліп кету қаупінен сақтап отырады. Мыса­лы, өткен жылы компания ауыл­шаруашылық тауарларын өнді­ру­ші­лерден мемлекеттік астық қо­рына бидай сатып алып, оны сақ­тап қойды. Содан астық таусыла бастағанда бидайдың бір тоннасы 55 мың теңгеден сатыла бастады. Сол кезде корпорация бидайдың тоннасын 26500-ден босатып, елдегі нан бағасының тұрақтылы­ғын қамтамасыз етті. Ал биыл Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы алдына қо­йып отырған міндет тіпті бөлек. Ол елдің ішкі рыногын артық астықтан «құтқаруы» керек. Тағы да статистикаға жүгінейік. Еліміз жыл сайын 9,5 миллион тонна астық тұтынса, оның 8 миллионы бидай. Ал биыл 30 миллион тон­наға жуық астық жиналғанын ескерсек, экспортқа шығаруға тиіс астықтың мөлшері ұлғайғаны шын­дық. Біздің ел астық экспорт­тайтын елдердің ондығына кіретінін жоғарыда айттық. Егер экс­порт мәселесінде қиыншылық бол­маса, бестікке ілігуі де мүмкін еді деген дәме де жоқ емес. Неге деңіз? Еліміздің географиялық орналасуы, яғни теңізге жеткізетін төте жолдың жоқтығы әлемдік ірі трейдерлерден бізді біршама төмендетіп отыр. Біз астықты экс­порттау үшін өзге мемлекеттерді транзит арқылы басып өтеміз. Содан кейін ғана Қара теңіз портына шығамыз. Ол жерде тағы да қиыншылық туындайды. Өйткені ол портта біздің астық сақтайтын қоймамыз да, терминалымыз да жоқ. Келешекте бұл мәселе де өз шешімін табар. Бірақ, біздің экспортымыз да осал емес екенін баса айтып қояйық. Бұл жылы тіптен күшейетін сыңайы бар. Себебі АҚШ пен Еуроодақ елдері ауа райының қолайсыздығынан биыл көп астық, оның ішінде бидай жинаған жоқ. Біздің негізгі бәсекелесіміз саналатын Ресей мен Украина елдерінің де астық қамбасы орта құрсақ күйде. Сондықтан АҚШ және Еуроодақ елдерінен босаған рынокты биыл Қазақстан алады деп күтілуде. Осы жылы «Азық-түлік келі­сім-шарт корпорациясы» АҚ ау­ыл­­шаруашылық тауарларын өн­ді­ру­шілерден 5 миллион тонна би­дайды 25 000 теңгеден сатып ала­мыз деп, кейінірек тағы да үш миллион тонна бидай қосымша сатып алатынын жариялады. Қо­сымша сатып алу бағасы тонна­сына 16 500 теңгені құрайды. Әрине бұл әлемдік бидай рыно­гындағы бағадан төмен, бірақ фермерлерге қолайлы баға. Өйт­кені фермерлер астық тасы­ма­лы­на ақша шығарып әуре болмайды. Сонымен түптеп келгенде Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы шаруалардан жалпы қоса алғанда 8 миллион тонна астық сатып алады. Корпорация ең алдымен ша­ғын және орта шаруалардан ас­тық сатып алуды жоспарлаған. Өйт­кені бұл шарулар өз мүм­кін­діктерімен әлемдік рынокқа та­­уарларын шығара алмайды. Бар­лық шығынды жабатындай олар­дың өнімдері де көп емес. Бұл бір жағынан орта жолдан сатып ала­тын алыпсатарлардан да қор­ғай­тын төте жол. Мемлекетпен, яғни Азық-түлік корпорациясымен са­лыстырғанда алыпсатарлар екі есе төмен баға ұсынады! Кор­по­рацияның бүгінгі қойып отырған бағасы өте тиімді. Осы бағаға фермерлер ауылшаруашылық тех­никасын жаңалап әрі табыс та­буына болады. Азық-түлік келісім-шарт кор­порациясының басқарма төрағасы Бейбітхан Қабдрахманов барлық фермерлерге жасалған жағдайдың бірдей екенін айтады. Астықты сатып алу егістік көлеміне тең. Десе де шағын фермерлерге ба­сымдық берілген. Айтпақшы, осы жылы корпорация екі миллион тонна бидайды шағын фермерлерден сатып алды. Ал қазір сатып алу ірі компаниялардан жүргізіліп жатыр. Қорыта айтқанда, Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы мем­лекеттің экономикалық дамуы мен халықты тұрмыс-тіршілігінің жақ­­саруына зор үлес қосуда. Ди­қандардың да көңілінде алаң болмай, төккен терінің төлемін то­лық­тай көріп отыруы осындай кор­порациялардың сапалы қыз­мет­терінің арқасы деуге болады. Мереке ТАҢАТАРОВ.