03 Желтоқсан, 2011

«Арай» алған асулар

340 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ресейдің «Лукойл» мұнай компаниясы соңғы 5 жылдан бері Қазақстанда «Арай» әлеуметтік жобасын жүзеге асырып келеді. Бұл жоба ең жоғарғы баға – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылғы ең үздік әлеуметтік жоба сыйлығын, сондай-ақ 2009 жылы өткен Қазақстан Аза­маттық форумының «Таным» сыйлығын алып та үлгерді. Оның есесіне Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының жүздеген тұрғындары өз істерін бастауға мүмкіндік берген гранттарға ие болды. «Арай» бағдарламасы әдетте жер қойнауын пайдаланушылар төлей­тін салық төлемдерінсіз және келісімнен тыс негізде Қазақстан үшін әзірленген арнайы жоба болып табылады. Тек қана ауылдықтарға арналған бұл жоба «Лукойл» ком­паниясы арқылы тікелей Мәскеуден қаржыландырылады. 2010 жылғы қанатқақты жоба Ақ­төбе облысындағы Мұғалжар ау­данын қамтыды. «Осының нәти­же­сінде өтініш берген 453 адамның 57-сі тегін грантқа ие болды. Сөй­тіп, ауданда тігін және ұста ше­бер­ханалары, наубайханалар, шаштараз, автосервис салондары, жы­­лы­жай­лар мен шағын фермалар, ауыл­дар­да қызмет көрсету орталықтары аш­ылды», дейді Мұғалжар ауданы эко­но­мика, бюджеттік жоспарлау және кә­сіпкерлік бөлім бастығының орынба­сары Талғат Өтемұратов. Осындай грантқа ие болған көп балалы ана Гүлмира Алтыбаева «Ар­ай­дың» арқасында Ақкемір ауылын­да өз ісін бастағандығын айтады. «Мен бала өсіріп отырған үй ша­руа­сындағы әйел едім. «Арайдың» 530 мың теңге гран­тын ұтып алып, оған балапан өсіретін өнеркәсіптік инкубатор сатып алдым. Сөйтіп, менің өз кәсіпорным пайда болды. Ақшаның бір бөлігін қыс кезінде тауықтар тұ­ратын орын салуға және жазда құс­тар жайылатын алаң орнатуға жұм­садым», дейді ол. Гүлмираның тағы бір ауылдасы Сәли Айқожаев табиғатынан бағбан екен. «Бұл – менің ісім, – дейді ол. – Сондықтан өткен жылы «Арайдың» гранты 800 мың теңгеге ұзы­ны 20, көл­денеңі 15 метрлік жы­лы­жай ор­наттым. Онда қияр, қы­за­нақ, бұрыш, қырық­қа­бат, баклажан өсіремін. Сер­гу үшін гүл де отырғы­замын. Әрине, осының бәрі аз шаруа емес. Бірақ пайдасы да зор. Сон­дықтан бастапқы капиталға қолым­ды жеткізген «Арайға» шын жүре­гімнен алғысымды білдіремін». Биылғы жылы конкурсқа келіп түс­кен 386 өтінімнің 35-і мақұл­дан­ды. Басымдық негізінен неғұрлым халық­тың әлеуметтік жағдайы күр­делі бөлі­гіне қарата жасалынды. «Өз бизнестерін дамыту үшін қосымша қаржыға кө­бінесе көп балалы ана­лар­дың, жұмыс­сыз­дардың, мүгедек­тер­дің, оралман от­басылардың не­ғұр­лым мүдделі келетіндігі түсі­нік­ті. Өйткені, мұндай жандар өзде­рін­де кепілдік зат бола бермейтіндіктен, банк кредиттеріне қол жеткізе ал­­­­май­ды. Осындай жандарға «Арай­дың» кө­мекке келуі мемлекет пен әлеумет­тік жауапкершілігі зор бизнес ынты­мақ­тастығының жарқын мы­салы бо­лып табылады», дейді Ақтөбе облы­сы әкімінің орынба­са­ры Роза Кемалова. Мұның сыртында, жергілікті билік өкілдері «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры өңірлік филиалының маманда­ры­мен бірлесе отырып, Ақ­төбе облысында бизнес жүргізуді оқы­ту ісін ұйым­дас­тырды. Жыл ішін­де кәсіпкерліктің тео­риясы мен практикасы жөніндегі шеберлік сы­ныптарын белгілі бизнесмендер жә­не жаттықтырушылар жүргізді. «Ме­нің жерлестерім оқу арқылы тегіс байып кетеді деп айта алмаймын. Дегенмен, олар осы арқылы өздерін тексеріп, өз күштерін байқап көрді. Әрбір кез­дері жаңа бір дүниені ашу, бұрын­ғыны қайта қайталамау ауыл бизнесінің бір ерекшелігі болып та­былады. Сондай жағдайда ғана жақ­сы тиімділікке жете аламыз», дейді Мұғалжар ауда­ны­ның әкімі Серік Шанғұтов. 2010 жылы «Арай» бағдарла­ма­сы­ның аясында бөлінген 47 миллион тең­ге тегіс игерілді. Жобаға деген қызы­ғу­шылықтың үлкен екенін ескере оты­рып, «Лукойл» компаниясы «Арайдың» аясын тағы да екі ау­данға кеңітіп, осы тізімге Байғанин және Темір аудан­дарын қосты. Ал қаржыландыру көле­мін 58 миллион теңгеге дейін арттыр­ды. «Бұл бағ­дарлама ауылдық аудандар тұрғын­да­рының жағдайын жақсартып, олар­дың іскерлік және шығармашылық белсенділігін ынталандыруға, жаңа жұ­мыс орындарын ашуға, шағын кәсіп­керлікті дамытуға, әлеуметтік инфра­құ­ры­лымдарды қалыптас­ты­руға қызмет ету­де», деп атап көр­сет­ті Роза Кемалова. Жобаның ауыл үшін қажет екендігін Астанадағы «Лукойл Оверсиз Сервис Б.В.» филиалы бас дирек­то­рының ор­ын­басары Владислав Михайлов та ай­тады. «Бізге 1080 өті­ніш түсті. Яғни, 1 грантқа 11 өті­ніш­тен айналды. Сөйтіп, конкурс үшін тартыс күшейіп келеді. Әрине, ол өтініштердің барлығы қар­жы­­лан­ды­рылуға лайықты. Бірақ бағ­дарлама ресурстары да шексіз емес. Сон­дықтан 95 адам ғана жеңімпаз деп танылды. Біздің мақсатымыз адам­дарға балық беру емес, сол балықты ұстайтын қармақ беріп, оны пайдалану жолдарын үйрету», дейді ол. Қазіргі уақытта «Арай» грант­та­рына ие болған адамдар өз арман­да­рын шын мәнінде іске асыру үс­тінде. Олардың жоғары экономи­ка­лық белсенділігі тіпті тәжірибелі кә­сіпкерлердің өзін тәнті етуде. Өйт­кені, ауылда бір сәттің өзінде мал шаруашылығы бойынша 15 жоба, 14 шаштараз, 13 тігін цехы, 7 аяқ киім жөндеу шеберханасы, 4 нан-тоқаш жә­не кондитерлік цех, осыншама құс ша­руашылығы мен компьютерлік орта­лық, 2 шағын диірмен, дәрі­х­ана және малдәрігерлік емдеу орны ашылып жұмысқа кірісті. «Арай» бағдар­ла­ма­сын үйлестіруші Гаухар Борашеваның айтуы бойынша, кейбір ауылдарда сол өңірге тән емес жалюздер, пластикалық және көмір күлінен блок дайындау өндірістері, массаж кабинеті, ағылшын тілін оқы­ту орталықтары, тіпті қуыр­шақ театры да ашылыпты. Осылайша, «Арай» бағдарла­ма­сы ауылдағы тірліктің нығайып, жаңа істердің басталуына игі әсерін тигізуде. Ләззат ЕГІБАЕВА. Ақтөбе.