03 Желтоқсан, 2011

Сыртқы саясат қадамдары

306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Осындай тақы­рып­пен сол кездегі Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Сырт­қы істер министрі Қасымжомарт Тоқаевпен газет тіл­шісі Мейрамбек Төлепбергеннің сұхбаты берілген. Тілшінің тәуел­сіз­діктің бес жы­лын­да Қазақстан­ның сыртқы сая­са­тының қалыптасу процесін қалай ба­ғалайтындығы жөніндегі сұрағына Сыртқы істер министрі: «Біздің сыртқы саясат тақырыбында әңгімеміз Президент Нұрсұлтан Назарбаев елімізден алыста, Үндістан мен Австралияда сапар шегіп жүрген кезде өтіп отыр. Маған бұл айрықша нышан секілді сезіледі. Бір жағынан алып қарағанда бұл жағдай біздің сыртқы байланысымыздың кеңейе, Қазақстанның сыртқы саясатының үдей түскенін, біздің дүниежүзілік аренадағы қадамдарымыздың салмақты екендігін көрсетеді... Бүгінгі күндері Қазақстан жалпы дүниежүзілік, сондай-ақ аймақтық істерге де тікелей тартылып отыр. Еліміздің қауіп­сіз­дігі мәселелері принципті жағдайда шешілді. Біздің сыртқы сая­сатымыздың басты бағыттары айқындалды. Шетелдерде диплома­тия­лық инфрақұрылым жасалды. Қазақстандағы қайта құрулар үшін сыртқы қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілді. Бұл дегеніміз – өткен бес жылдың басты қорытындылары болып табылады. Н.Ә.Назарбаевтың өз маңыздылығы жағынан тарихи міндетті орындағаны туралы ашық айтуымыз керек» деп жауап беріпті. Сондай-ақ Қасымжомарт Тоқаев сол уақытта Қазақстанды әлем­нің 117 мемлекеті танығандығын, олардың 106-сы мен дипло­матия­лық қатынастар орнатылғандығын, әлемнің 28 елінде Қазақ­стан­ның елшіліктері ашылғандығын, қоса міндет атқару практикасы бойынша 40-тан астам елде өкілдіктеріміз жұмыс істеп жат­қан­ды­ғын, Алматыда 60-қа жуық шетел елшіліктері мен халықаралық ұйымдардың миссиясы жұмыс істейтіндігін, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан ТМД елдерінің ішінде Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында тұрғандығын атап көрсеткен. Министр көптеген елдермен, өңірлермен, халықаралық  ұйым­дармен Қазақстан орнықты қарым-қатынас орната алғандығын, алдағы уақытта осы процесті үдете беру қажеттігін айтып, сыртқы саясаттың негізгі бағыттарына тоқталыпты. ТМД мемлекеттеріне қатысты саясатымыз келесі жылдары едәуір белсенді жүргізілетіндігін, Қазақстанның тұңғыш ғаламдық сыртқы саяси проблеманы шешуі – Семей полигонын жабуы АҚШ-пен, басқа да ядролық державалармен қарым-қатынасын жақсартуға негіз қалағандығын, осы жағдай Батыс елдерімен қарым-қатынасын нығайтуға мүмкіндік беретіндігін айтқан.