03 Желтоқсан, 2011

Жұлдызды жиырма күн. Оныншы күн (5 желтоқсан): ҒЫЛЫМ

392 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Бүгінгі таңда жан-жақты дамыған ғылымсыз өркениетті елдердің қатарына қосылу мүмкін емес екені жалпыға бірдей ақиқат. Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. Зерделі  зерттеу – ел игілігі Қазақстан ғылымының асқар тауы Қаныш Сәтбаевтың үлкен бір арманы – Қарағандыда ғылымның академиялық орталығын құру еді. Сол үшін химия-металлургия институтының негізін қалап кетті. Онда талантты ізбасары Евней Бөкетов Орталық Қазақстан аймағында алғашқы іргелі ғылыми мектеп қалыптастырды. Одан соң Органикалық синтез және көмір, еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар, «Фитохимия» институттары ірге көтеріп, өңір өндіріс­тің ғана жүрегі емес, ғылым мен білімі дамыған еліміздің екінші шаңырағына айналды. Сол кезде жұмысы дәуірлеп тұрған «Қараған­ды­көмір» бірлестігінің шахталары мен кеніштері, метал­лургия комбинатының кокс-химия өндірі­сі, жа­ңа­дан ашылған Шұбаркөл мен Майкүбі энер­­гетикалық отын кешендері ғылыми зерттеулерді дамыта түсуді талап етті. Біздің институт осы бағытта жұмыс істеуді қолға алып, мінеки, ширек ғасырдан астам жалғастырып келеді. Бұл уақыт аралығында аймақ көмір кені көздерінің химиялық-технологиялық бағасы, түрлі химия­лық үдерістегі реакциялық қабілеті зерттелді, катализдік гидрогенизацияның, тотығу деструк­ция­сының, көмірді химиялық түрлендіру мен оның құрамындағы гуминдік заттардың химия­сының іргелі негіздері жасалды. Сондай-ақ, көмірді өңдеу өнімдерінен жаңа бағалы органи­калық заттар шығарудан алынған өнімдерді халық шаруашылығына қолдану аясын арттыру жөнінде ғылыми іргетас қаланды. Табиғи ресурстарды кешенді пайдаланудың , қоршаған ортаны ластанудан қорғаудың, көмір шикізаты­нан қалдығы аз өндірістер жасаудың жолдары қалыптасты. Облыстың жетекші кәсіпорындары инсти­ту­т­ымыздың өндірістік химия саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулеріне зер салып оты­ра­ды. Осыған сәйкес өзара байланыс тамыры терең. Мәселен, Еуразия өнеркәсіп қауым­дас­тығы Шұбаркөл көмірін гидрогенизациялау жө­нін­дегі жұмысқа ықылас білдіріп, ғалым­дары­мыз тапсырысты орындап шықты. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев облысқа жұмыс сапарларының бірінде институтта болып, жаңа, жоғары тиімді биологиялық белсенді қосындылар жасаудың іргелі негіздері жөніндегі ғылыми ізденіске оң баға берді. Бізде ісікке қарсы « Метотриссат» дәрілік препара­тын жасауға қолданылатын 2,4,5,6 –тетраиминпиллидин алу технологиясы, сондай-ақ, терең мұнай ұңғыларын бұрғылауда пайдаланатын көмір-сілті реагенті өндіріске үлкен пайда тигізді. Халькогендер мен халькогенидтер химия­сы мен технологиясы жөніндегі зерттеулер ғылыми жұртшылық тарапынан мойындалып, бірқатар металлургия кәсіпорындарында қол­данылады. Институт ғалымдарының «Қазақстанның та­биғи шикізатының негізінде жаңа техно­ло­гия­лық белсенді заттарды, металл қосын­ды­ларын және олардың ультрадисперсті ұнтақ­тарын алудың электрхимиялық әдістері мен технологиялары жұмыстары үшін» Отаны­мыз­дың Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Бұрнағы жылы ұжымға ғылымдағы белсенді жұмысының лайықты бағасы ретінде «Сапа үшін халықаралық жұлдыз» жүл­десінің алтын медалі табыс етілді. Мұның өзі институт жетістіктері әлем ғалымдарына мә­лімдігін дә­лел­дейді. «Көмір химиясын дамы­тудың жағ­дайы және перспективалық бағыт­тары», «Ор­ганикалық қосылыстардың моле­ку­ла­лық спек­тро­скопиясы және кван­ттық химия», «Газ және сұйық ортадағы физикалық-химиялық процестер», «Органикалық синтез, электрохимия және катализдің осы заманғы проблемалары»атты та­қы­рыптарда өткен ғы­лыми форумдарға қатыс­қан шетелдік әрі­п­тестеріміз ізденістерімізге ­зор қызығушылық танытты. Бірер жылдан кейін институтымыздың құ­рылғанына 30 жыл толады. Тәуелсіз еліміздің ғылымы халықаралық талап-талғамға сай өркендеуіне сүбелі үлес қоса түсуді мақсат еткен ғалымдарымыз бен мамандарымыз іргелі ізденістерді, терең зерттеулерді жетілдіре беруге күш салып отыр. Әрине, олардың әлем­дік деңгейден көріне алуға қабілет-мүм­кіндіктері жеткілікті. Бір академик, 10 ғылым докторы мен 12 кандидатының қызметі соған жұмыл­ған. Құра­мында көмір химиясы, полимерлер химиясы, молекулалық спектроскопия, электр­лік катализ және кванттық химия зертханасы, қолданбалы жұмыстар, аэроион­дық зерттеулер тобы бар мамандандырылған жетекші ғылыми мекеме ретінде сол биіктен көріне беру басты мақсат. Зейнолла МОЛДАХМЕТОВ, Органикалық синтез және көмір химиясы институтының директоры, ҰҒА академигі. Қарағанды.   Қамқорлық қанаттандырды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай,  Алматыда ел ғалымдарымен жүз­десуінде ғылымның дамуы жай­лы жан-жақты талдау жасады. Шы­нында ғылым ел дамуының  басты бағыттарының біріне айналды. Бұл сала Елбасы Н.Ә. Назар­баев­тың үнемі назарында. Соның бір дәлелі жоғарыда айтқан алқалы жиын дер едім. Президент 2009 жылдың 4 қыр­күйегінде ғылым мәселелері бо­йын­ша өткізілген кеңесте нарық­тық қа­ты­нас талаптарына жауап беретін және Қазақстан экономи­ка­сының бә­се­кеге қабілеттілігін арт­тыруға ба­ғытталған жаңа ұлттық ғылыми жүйені құруға қажетті құқықтық негіздерді қалыптастыру туралы міндет қойған болатын. Мұнда «Ғылым туралы» жаңа заң қабылдау қажет­тілігі туралы әң­гіме қозғалған еді. Міне, осының нәтижесінде биылғы жылдың ба­сында  «Ғылым туралы» жаңа Заң қабылданды. «Ғылым туралы» Заңның негізгі ерекше жаңалығы алғаш рет әкімшілік және сараптамалық (таза ғылыми) қызметтер жеке жүргізі­ле­тін болады. Ендігі жерде ғылы­ми бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру бойынша шешімдерді ғылыми қауымдастықтың өзі қабылдай алады. Бұл үшін Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-тех­ни­калық комиссияның (ЖҒТК) қыз­мет аясы кеңейтілді, жаңа құры­лым­дар – Ұлттық ғылыми кеңес­тер (ҰҒК) және Мемлекеттік ғы­лы­ми техникалық сараптама ұлт­тық орта­лығы (МҒТС ҰО) құрылды. Осы жылдың сәуірінде республика Премьер-Министрінің төр­аға­лығымен ЖҒТК мәжіліс өт­кі­зілді, онда 2011-2013 жылдарға арналған ғылымды дамытудың 5 басым бағыты анықталды. Республика Үкіметінің қаулы­сы­мен ұлттық ғылыми кеңестердің құ­ра­мы бекітілді. Оларға ерекше орын берілді, өйткені олар ғылыми жоба­лар­дың конкурстық сұрып­тауын жүр­гізіп, оларды жүзеге асы­ру ту­ра­лы соңғы шешім қа­был­дайтын бола­ды. Басым бағыттарға сәйкес 35 ірі ғалымнан тұратын 5 кеңес құрылды. Олардың 26-сы отандық, 9-ы шетелдік ғалымдар. Мемлекеттік  ғылыми-техникалық сараптама ұлттық орта­лығы өз жұ­мысын бастап кетті. Мұн­да сарап­таманы отандық және шетелдік тәуелсіз ғалымдар жүргізеді. Со­­ны­мен, ғылымның тағдырын ға­лым­дардың, осы саланың жетекші ма­мандарының өздері шешетін бо­лады. Бұл ғылымды басқару жүйе­сін демократизациялау және оның кәсі­би­лігін арттырудағы өте үлкен қадам. Заңның түбегейлі әрі елеулі т­а­ғы бір жаңалығы ғылымды қар­жы­лан­дырудың базалық, гранттық, жә­не бағдарламалық-мақсаттық сияқ­ты жа­ңа формаларының енгізілуі бол­ды. Базалық қаржыландыру мемлекеттік ғылыми ұйымдар мен жоо инфрақұрылымын, коммуналдық тө­лемдерін, әкімшілік шығын­да­рын қызмет көрсетуші құрамның еңбек­ақы­сын төлеуге, ақпараттық қамсыз­дануын, т.б. қамтамасыз етуге мүм­кін­дік береді.  Тек 2011 жылы ғылы­ми мекемелердің база­лық қаржы­лан­дыруына 2,5 млрд. теңге қарас­ты­рылды. Ал ғылыми-зерттеулер грант­тық және бағ­дар­ламалық-мақ­сат­тық жүйе бойынша қаржылан­дырыл­мақ. Осы күні ғы­лыми-зерт­теу­лерді гранттық қар­жыландыруға байқау өткізу бо­йын­ша толық кө­лем­дегі жұмыс басталды. Байқауға берілген өтінімді рә­сім­деу бойынша талаптар да жа­ңар­ды. Өткен жылдармен салыс­тыр­ғанда, өтінімді рәсімдеу барын­ша оңтай­лан­дырылды. Өтінімді қа­зақ, орыс, ағылшын тілдерінде беру оңай талап бола қоймас. Дегенмен, сарапта­ма­ны тек отандық ға­лым­дар ғана емес, шетелдік ға­лым­дар да   жасайтынын ескергеніміз жөн. Гуманитарлық са­ла­дағы және ұлттық қауіпсіздік мүд­де­­лері­не қатысты жұмыстар бойын­ша сараптаманы   тек қазақстандық ға­лымдар жүргізетінін ашып айта кетуді міндет санаймын.  Жобалар­ды таңдау кезінде басты міндеттерге мыналар алынады: ғылыми жаңа­лық, ғылыми-техникалық деңгей, бо­ла­шақтағы тиімділігі, бұған дейінгі зерттелу дәрежесі, қолданы­ла­тын әдіснама, күтілетін нәти­же­лер, қар­жы­ландырылу көлемінің эконо­ми­калық негіздемесі, мате­риал­дық-тех­никалық қамтамасыз етілуі. Қазіргі кезде ғылыми ұйымдар, жоо және жеке тұлғалардан 2 мың­нан астам өтінім түсіп отыр. Бай­қауға ғылыми ұйымдармен қатар жекелеген ғалымдар да, ұжымдар да қатыса алады. Республикалық бюджетте 2011 жылға гранттық қар­жыландыруға 5 млрд. теңге бө­лін­генін де айта кетсем деймін. Жалпы алғанда, ғылымды қар­жы­­­ландыру үздіксіз өсіп келеді: 2011 жы­лы ғылыми-зерттеулерді қаржы­лан­дырудың жалпы көлемі 28,8 милрд. теңге, ал 2012 жылы бюджет жо­басында 41,8 млрд. теңгені құрамақ. Заңда көрсетілгендей, жоо ғы­лы­ми және инновациялық қыз­мет­тер­мен де айналыса алады. Ел үшін жа­ңа құрылым болып табы­латын зерттеу университеттері  ғы­лыми қыз­мет­ке қажетті маман­дарды дайындау мен иннова­ция­лық экономиканы жетілдіру орындарына айналмақ. Бақтыбай ҚАСЫМБЕКОВ, Білім және ғылым  министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы   Аграрлық ғылым алға басты Қазақ аграрлық ғылымының бүгінгі таңдағы басты жетістіктері жайында айтар болсақ, қазір «Қаз­Аг­роИнновация» АҚ құрамында 43 ұйым, яғни 23 ғылы­ми-зерттеу институты, 6 маман­дан­дырылған орталық және 14 тәжірибе шаруашы­лы­ғы бар. Олардың қызметі ғылыми идеяның туын­дауы­нан бастап, өндіріске енгізуге дейінгі ара­лықты қамтиды. Қолданбалы зерттеулердің үш жылдық бағдар­ла­масы  2009 жылы басталған болатын. Біз осы бағдар­ла­маның екінші жылын табыспен аяқтадық. Бағ­дар­ламаға өсімдік шаруашылығы, мал шаруа­шы­лығы, табиғат ресурстарын басқару және агро­өнеркәсіп кешені экономикасы салаларындағы 36 ғылыми жоба бойынша 32 ғылыми-зерттеу ұйымы қатысып отыр. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, өсім­дік шаруашылығы саласындағы зерттеулер нә­ти­же­сінде ғылыми-зерттеу институттары 51 жаңа сортты сы­нақтан өткізді. Бұл 2009 жылдың деңгейімен са­лыстырғанда 45% жоғары. Тек 2010 жылдың өзінде ғана біз зияткерлік мен­шікке арналған   66 инновациялық, 11 өнер­тап­қыш­тық және 54 селекциялық жетістікке патент алдық. 2011 жылы аграрлық ғылымның бюджеті 6,0 млрд. теңгеден жоғары болса, келесі жылдарда мемлекет қолдауымен ғылым саласына «ҚазАгроИн­новация» АҚ арқылы 2014 жылға дейін жыл сайын 6,5 млрд. теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр. Ғылыми қызметкерлерді тұрғын үймен қам­та­масыз ету де өз шешімін табуда. Бір сөзбен айтқанда, аграрлық ғылым алға басып, әлемдік даму жолына бет алып келеді. Самат БАЙМАХАНОВ,  «ҚазАгроИнновация» АҚ баспасөз хатшысы.   Дерек пен дәйек * 2011 жылғы ақпанда «Ғылым туралы» Заң қабылданды. * Биотехнология, фитохимия, нанотехнология саласындағы халықаралық деңгейдегі бірқатар маңызды нәтижелерге қол жетті,  отандық мобильдік компьютерлерді,  A/H1N1 шошқа тұ­мауына қарсы вакциналар, нанотехнологиялар негізінде туберкулез және  АИВ жұқпалы аурулар құртына қарсы жаңа препараттар; жүрек қан тамырлары аурулары (атеролид) үшін жаңа фитопрепарат жасалды.  Мұнайды қайта өңдеу жаңа аса тиімді  катализаторларды алу тех­но­логиясы әзірленді. * ДЦ-60 ауыр иондарын үдеткіш базасында ғылыми-зерттеу кешені құрылды. * Профессор У.Өмірбаев атақты жапон математигі М.Нагатаның есебін шешті және ол үшін аме­ри­калық Математика қоғамының сыйлығына ие болды. * Академик Серғазы Әдекенов бастаған ғалымдар қатерлі ісікке қарсы қолданатын «Арглабин» дәрісін өндіріске енгізді. * Гуманитарлық ғылымдар саласында «Мә­дени мұра» бағдарламасы шеңберінде отандық және әлемдік ғылыми ойлау, мәдениет және әдебиет басылымдарының сериялары әзірленді, «Түрік академиясы» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. * Жалпы, түрік мұражайы және түрік кітапханасы, Ғылым ордасы ашылды. * «2007-2009 жылдарға арналған ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастық» ғылыми-техникалық бағдарламасы шеңберінде 92 бірлескен жоба орындалды, 2011 жылы 27 халықаралық жоба орындалу үстінде. * 2011-2013 жылдарға арналған ғылымды дамы­ту­д­ың 5 басым бағыты анықталды. Олар -  энер­ге­тика; шикізат және өнімдерді терең өңдеу;  ақ­параттық және телекоммуникациялық технологиялар; өмір туралы ғылым;  елдің зияткерлік әлеуеті. * Ғылымды қаржыландырудың базалық, гранттық және бағдарламалық жаңа нысан­дары енгізілді. * Ғылымды қаржыландыру 2012 жылғы жобада 41,8 миллиард теңге деп белгіленген. 2014 жылы ЖІӨ-нен ғылыми зерттеулерге орта есеппен 1 % жұмсау көзделіп отыр.   Талапқа талғам таразы Биыл табиғат жомарттық жа­сады, Қостанай облысы 8 миллион тоннадан аса астық жинап ал­ды. Ал біздің «Заречный» шаруа­шы­лығы гектар түсімін 37 центнерге жеткіздік. Облыста бұрын-соңды гектар түсімі мұндай көр­сет­кішке жеткен емес. Мұның сыры өзім көп жылдан бері ай­на­лысып жүр­ген ылғал сақтау тех­но­логиясында болатын. Биыл осы технологияны бұрнағы жыл­дар­ға қарағанда бөл­шек­темей, ғылыми қағидалардың барлығын сақтай отырып, тұтас пайда­лан­дық. Иә, бұл ғылыми еңбек бір жыл­дың жемісі емес. Жер өңдеудің өзім жасаған жаңа тәсіліне Интел­лектуалдық меншік жөніндегі ұлт­тық комитеттен төрт патент ал­ған­мын. Олардың бағалағанына ри­за­мын. Мен бұл еңбегімнің бағал­а­ну­мен қатар, осы жүлде арқылы жаңа технологияның елімізде насиха­т­та­латынына қуандым. Бұл технология қазір астық державалары – ка­надалық, аргентиналық, австра­лия­лық ғалымдар мен диқандар тарапынан мойындалған. Әлемдік стандартқа сай келеді. Қазақ­стан­дық технология туралы менің ең­бектерім Австралия мен Канадада ағылшын тілінде басылып шықты. Бүгінге дейін 150-ден аса мақала жазыппын, екі кітапты осы салаға арнадым. Адамзат соқаны ойлап тапқалы жердің қыртысын аударып, топы­рақ­тың құнарын құртумен келеді. Қазақстанда тың көтерілгелі 50 жыл ішінде топырақтағы органи­ка­лық заттардың 30 пайызын жо­йып жібердік. Топырақта 7-8 па­йыз органикалық заттар болады, қазір оның мөлшері 4-5 пайыздан аспайды. Жер бетіндегі 1 сантиметр қарашірік қалыптасуы үшін жарты ғасыр уақыт керек. Ол қа­лай пайда болады? Өсімдіктің са­ба­ғы, жапырағы, тамыры орнында қалып, шіріп, жер астындағы түрлі микроорганизмдермен өзара әре­кет­тескенде қалыптасады. Біз, адам­дар, соқамен топырақты бірнеше сантиметр тереңдікте ауда­рып тастағанда, ондағы тірі ор­га­низмнің барлығы да жердің, күн­нің әсерінен жойылып кетеді. Ал топырақ сол тірі организмдердің арқасында топырақ болып тұр. Со­қа­ны адамзат өркениетінің көрінісі деп қабылдадық. Ал 1850 жылы Чарльз Дарвин: «Адам соқаны ой­лап тапты, бірақ топырақты соқа қопсыта ма, құрт-құмырсқа қоп­сы­та ма, оны әлі өмір көрсетер» деген екен. Сол Дарвиннің айт­қа­ны дұрыс. Жердің қыртысының астаң-кестеңін шығарғандықтан да ол «азып» барады. Мен ылғал сақтау техно­ло­гия­сын жүзеге асыру үшін соқаның бір тісіндей ғана, өзі жұқа, тұм­сы­ғы үшкір құрал ойлап таптым. Ол «сошник» деп аталады. Осы құ­рал­ды сеялкеге тіркеп, жерді те­рең­дігі 2 сантиметрден аспайтын етіп, іреп сызып, оған дән тастап оты­рады. Сонда топырақтың фло­расы бұзыл­май, ертең өсетін би­дай­ға, басқа да дақылға керекті азық­тың барлығы да топырақтың өзінде қалады. Қайталап айтайын, ең бастысы – топырақтың құнарын өзінде қал­дыру болмақ. Бұрын диқандар мен мамандар арасында жерден қанша мол өнім алсаң, жер сонша азады, оған үстеме минералдық тыңайт­қыш­тар беру керек деген түсінік бар еді. Ал жерді ылғал сақтау тех­нологиясымен өңдегенде жыл бойы топырақ өсімдік қалдық­тары­мен жабулы жатады. Ол қал­дық­тардың барлығы да жауын-шашын және микроорганизмдер әрекетімен қарашірікке айналып, топырақты органикалық заттармен байыта түседі. Қысқасын айтқан­да, дайын тыңайтқышқа айналады. Ол осы жерден орып алған ас­тық­ты өсірген құнардың барлығын да қайтадан орнына келтіреді. Сонда мынадай түсінік шығады. Күзде бітік астық орған сайын, топырақ азбайды, қайта құнарлы бола түсе­ді. Өйткені, жақсы өскен астықтың топырақта қалатын сабағы мен жа­пырағы, тамыры да мықты, топы­рақ бұрынғыдай тозудың орнына орга­никалық заттармен құнарлана түсе­ді. Мен аузым тынбай айтып жүрген ылғал сақтау немесе нөлдік тех­но­логияның бар сыры осы ғана. Бұл технологияның басты ар­тық­шылығы-химиялық тыңайт­қыш­­тарды керек етпейді. Сон­дық­тан топырақ химиямен ластан­бай­ды. Ал ондай жерге еккен бидай­дың сапасы да жоғары. Біздің өндірген бида­йы­мыз халықаралық көрмелерде эко­ло­гиялық тазалы­ғы­мен, сапа­сымен жоғары бағала­нып жүр. Құнарлы топырақ – са­па­лы азық. Ол халқы­мыз­дың, кейінгі ұрпақтың денсау­лық кепілі деген сөз. Жақында ауылшаруашылығы қыз­меткерлерінің форумында Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев кеудеме Алтын жұлдыз тақты–Қазақ­стан­ның Еңбек Ері атан­дым. Сол жолы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы менің ылғал сақ­тау техно­логиясын жүзе­ге асыр­ғанымды да айта кетті. Қос­танайға келген сапарында Ел­ба­сыға осы технология туралы жар­ты сағаттай әңгімелеп бергенімде, ол кісі сөзімді бөлмей тың­даған еді. Озық ғылыми технология еліміз диқандарының кә­десіне жараса, азық-түлік мол­шы­лы­ғына мұ­рындық болса менің мақсатым­ның орындалғаны. Валентин ДВУРЕЧЕНСКИЙ, «Заречный» ғылыми-тәжірибе институтының директоры, Қазақстанның Еңбек Ері. Қостанай облысы, Қостанай ауданы.   Дарындылар тартуы Жас ұрпақты зерделі зерттеулерге баулимыз. Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев қашанда жас ұр­пақ­тың білімді де, білікті болуы үшін барлық мүмкіндікті жасап келе жатқаны мәлім. Сондай қамқорлықтың бірін Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-прак­ти­ка­лық орталығына жасап келе жатыр. Он жылдан аса уақыттан бері жүздеген талантты жастар өздерінің ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарымен отандық және ха­лықаралық олимпиадаларға, ғы­лы­ми жобаларға қатысып, елі­міз­дің абыройын асыруда. Тәуелсіздігіміздің 20 жыл­ды­ғы­на тартар тартуы ретінде ары­ға бармай, биылғы жылы жүзден жүйріктер арасында өткен ха­лық­аралық олимпиадаларда мектеп оқушыларының ғылыми-зерт­теу еңбектері бойынша қол жеткізген жетістіктеріне тоқта­лар болсам, соның өзінен-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Мыса­лы, Мәскеуде өткен халықаралық Менделеев олимпиадасына қа­тыс­қан оқушылардың біреуі ал­тын, бесеуі күміс, үшеуі қола медаль алса, Румынияда математикадан өткен Балкан олим­пиа­да­сында бір оқушы алтын, үшеуі кү­міс, екеуі қола медальға ие бол­ды. Ал химия пәнінен Түр­кия­ның Анкара қаласында бол­ған білім сайысына қатысқан үш үміткердің бірі алтын, екіншісі күміс, үшіншісі қола медаль­дар­ды омырауына тақты. Сол секілді Банг­кок қаласында физикадан өт­кен халықаралық олимпиадаға бар­ған бес оқушының үшеуі ал­тын, біреуі күміс, біреуі қола медаль алып, мемлекетіміздің мәр­тебесін аспан­дат­ты. Бұл секілді жетістіктеріміз ондап емес, жүз­деп саналады. Мен мұның бәрін Тәуел­сіздігіміздің 20 жылдығына оқушылардың тартқан тартуы деп білемін. Шолпан ҚИРАБАЕВА,  «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры.   Тәуелсіздік жемісі Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығының қарсаңында мен ерекше бір жақсылықты атап айтсам деймін. Ол Қазақ ұлттық инженерлік акаде­миясының ірге бекіткені еді. Бұл ғылым орда­сының негізін айтулы ғалым Өмірбек Жолдасбеков қаласа, қазіргі жетекшісі елге танымал азамат, белгілі оқымысты Бақытжан Жұмағұлов. Бұл академия тәуелсіздікпен түйдей құрдас. Себебі, біздің академияның құрылғанына да жиырма жыл толып отыр. Осы уақыттың ішінде ғалымдарымыз бес ғылыми жаңалық ашып, жүзден аса зерттеулеріне патент алды. Жалпы ғылыми жетістіктер ғалымдардың санымен емес, ашқан жаңалығы, оның халыққа тигізген пайдасымен өлшенетіні белгілі. Біз алған патенттер қандай деген сұраққа келетін болсақ, ол күн мен жел қуатын пайдалану, мұнай өнімділігін арттыру, судан да мол пайда табуға болатынын дәйектеу болып есептеледі. Қазір  табиғатты таза сақтау үшін күн мен жел, су қуатының тиімділігі артып отыр. Бұл арқылы мұнай қуатын пайда­лануды қысқартуды ұсыну­дамыз. Бізге ең қажеті табиғат ананың тазалығын сақтау. Осыдан елу жыл бұрын бір тонна мұнайды шығару үшін сол мұнайдың 1 кило қуаты жұмсалатын. Қазір 1 тонна мұнай алу үшін 1 тонна мұнай жұмсайтын болдық. Бара-бара мұндай шығынмен мұнайдың пайда­сынан зияны көп болатыны сөзсіз. Себебі, оған кететін шығын артып, ауаны ластай беретін болады. Біз осыны тиісті орындардың алдына мәселе етіп қоюдамыз. Болашақта жүздеген патенттеріміз өндіріске еніп, іске асып жатса, мол пайдаға кенелер едік. Мұны лауазымды азаматтар, қаржы бөлетін орындар білуі керек. Осындай қамқорлықты біздің бес жаңалық пен 100 патент күтіп жатқанын айта кетсем деймін. Тағы бір айтайын дегенім, мұнай алу ісі бес мың метрге дейін тереңдеп бара жатыр. Осы тереңдіктегі қою мұнайды шығару үшін жылы су, жылы ауа, қышқыл айдайды. Сонда ғана барып, мұнай жер бетіне шығады. Біз осындай қыруар қаржыны үнемдеудің жолын ұсынып отырмыз. Ол былай: адам өкпемен қалай демалса, жер де солай демалады. Оның да өзіндік заңдылығы бар. Егер қысылып дем шығарғанда ішіндегі мұнай, су, газ болсын – бәрі сыртқа шығады. Ал ауаны ішке тарт­қанда жылы су, жылы ауа, қышқыл құйсаң да мұнай шықпайды. Біз жоғарыда ашқан жаңа­лығымызды өндіріске енгізер болсақ, қуатты кем жұмсар едік. Әрине, бұл жаңалығымыздың арнайы патенті қолымызда тұр. Болашақта іске асады деген сенімдеміз. Бір сөзбен айтқанда, біздің Ұлттық инженерлік академия ашқан жаңалықтар осы күндері көптеген әлем оқымыстыларының назарын аударып отыр. Нәдір НӘДІРОВ,  академик.       Тың қадамдар жасалуда Адам денсаулығынан артық ештеңе жоқ екені белгілі. Тәуел­сіздік жылдарында осы салаға зор мән беріліп отырғанына көп­теген мысалдар келтіруге бола­ды. Әсіресе, ғылым саласындағы тың өзгерістер соның дәлелі деп ойлаймыз. Қазір еліміздің медицина саласында жүрген ғалым­дар 400-ден аса ғылыми талдаулар жасап, соның 123-і өз нәти­жесін беріп отыр. Мұндай игі істерді дамыту Елбасы бекіткен «Саламатты Қазақстан» бағдар­ла­масында да дәйектелген еді. Ғылым жетістерін тиімді пайдалана алсақ, адам денсаулығын жақсартуға болатынын көріп отырмыз. Бұған Отанымыздағы туберкулез, ВИЧ/СПИД кесел­дері­нің азая бастағаны дәлел бола алады. Сол секілді ғылымда дәйектелген жоба бойынша адам ағзаларын ауыстыру жұмысы да жақсы орындалып келеді. Ұлт­тық кардиологиялық ғылыми ор­та­лық­та жүрекке ота жасау да оң нә­тиже беруде. Көз аурулары ғылыми зерт­теу институтында адам жана­ры­на операция жасау­дың жаңа жолдары ашылып, ол мыңдаған адамдардың жанарына жарық сәуле сыйлап отыр. Ға­лым­дары­мыздың ерекше із­де­ні­сінің нәти­же­сінде қатерлі ісік ауруына қол­данатын «Арглабин» енгізілді. 2014 жылы отандық дәрі өндіруді 50 пайызға көтеру жоспарлануда. Қазір ел ғалымдары төрткүл дүниедегі медициналық мекемелермен тығыз қарым-қа­ты­нас жасап, атақты оқымыс­ты­лармен пікір алмасуды жақсы жолға қойды. Әрине, заман өз­гер­ген сайын ғылым да алға да­мып келеді. Соның бастысы, адам денсаулығына қатысты ғы­лы­ми зерттеулерді жетілдіру бүгінгі күннің басты талабына айналуда. Бұл істе қазақ ғалым­дары ерекше ынта танытып отыр. Олардың ашқан жаңа­лық­тары, өндіріске енгізген дәрілері қазір үлкен сұранысқа ие. Біз қазір бұрынғыдай емес, тәуелсіз­д­іктің арқасында өзіндік ізденістерімізді дамыту мақсатында өз­ге ел ғалымдарымен де байл­аныс жасауға ұмтылудамыз. Адам ден­саулығын жақсарту жолындағы ғылымда шекара болмайтыны белгілі. Сондықтан да жақсы ғы­лыми жетістіктерді өз Отаны­мыз­ға алдырып, соны ұлттық менталитетімізге сай қолданысқа енгізіп келеміз. Алма СЫЗДЫҚОВА, Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адам ресурстары департаменті директорының орынбасары.   Жастар ізденіс үстінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев алдағы күні ғалымдармен дидарласқанда жастардың ғы­лым­­ға ден қоя бастағанын айтып, олар­ға зор үміт артқан еді. Шы­нын­да соңғы жылдары ғылым адамдары қартайып бара жатыр деген әңгімелерді жиі естиміз. Әйт­се де дүниенің тегершігі ғы­лым­да жатқанын кім де болса жоқ­қа шығармайды. Ғылыми негізі мықты қаланған жұмыстың баянды болатынын қоғам дамуы көрсетіп отыр. Мен де соңғы жыл­дары экономикалық ғылыми зерделеулерге ден қойып жүрмін. Ғылым мен білімді ұштастыру қашанда нәтижелі болады. Бұған Елбасының «Болашақ» бағдар­ла­ма­сымен Жапониядағы Токай уни­верситетінде оқып жүріп, көз жеткіздім. Енді сол алған жоғары білімімді, ғылыми ізденістерімді Отаныма келгеннен кейін жалғас­тыру үстіндемін. Экономика бірде өрлеп, кейде төмендеп отыра­тыны мәлім. Ал оны мызғы­мастай ғы­лы­ми тұрғыдан бекіту оңай болмаса керек. Дегенмен, алға болжам жасап, келер күннің кемелді істеріне негіз қалап отыру ғылым жолында жүрген адамдардың басты міндеті деп білемін. Жаратқан ием қазақты бодан­дықтан құтқарып, тәуелсіздігіне қол жеткізді. Соның арқасында біз төрт­күл дүниеге танылдық. Жиыр­ма жыл ішінде Прези­дент­тің дара сая­сатының арқа­сын­да атқарған жұмыс ұшан-теңіз. Алда тұрған міндеттер де аз емес. Сол міндеттерді орын­дау­ға менің за­- ман­дас­тарым отан­шыл­дық рухпен, сергектікпен үлес қосуы тиіс деп санаймын. Азамат ТАЙЖАНОВ, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің қызметкері.   Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған  Сүлеймен МӘМЕТ.