06 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздіктің 20 жылдық тойына тартуымыз – 20 инновация

472 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым МҰТАНОВ:

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 20 ЖЫЛДЫҚ ТОЙЫНА ТАРТУЫМЫЗ – 20 ИННОВАЦИЯ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің 75 жылдығы тұсында қара шаңыраққа арнайы келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сондағы интерактивті дәрісінде бүгінгі таңдағы Қазақстан иннова­циялық «сілкіністі» талап етіп отыр­ғандығына тоқтала келе, иннова­ция­лық идея жаршылары, инновация жа­саушылар замананың дәріпті ерлері болуы тиістігін атап көрсеткен-ді. Мемлекет басшысының Қазақстанда интеллектуалды ұлт құру туралы салиқалы ойы алғаш нақ осы арада жария етілуі де тегін емес еді. Себебі, елдің жоғары біліміндегі көшбасшы университет барлық уақыттарда, әсіресе Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында өзекті ғылыми-технологиялық ба­ғыт­­тарды зерттеудің, инновациялық жобаларды іске қосудың және ұлттың интеллектуалды әлеуетін жоғары сападағы адам капиталымен то­лық­тырудың алғы шебінде келеді. Осы орайда атқарылып жатқан жұмыстар, білім ордасының бүгінгі уақыт талабына үндескен тыныс-тіршілігі хақында айтып беруді біз университет ректоры, техника ғылым­дарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының ғылымы мен тех­ни­касына еңбек сіңірген қайраткер, Ғалым Мұтановтан өтінген едік. – Ғалым Мұтанұлы, еліміздің жоғары оқу орындары тәуелсіздік жылдарында қалай дамып келеді? Қандай сатылардан өтті, қандай биіктерге жетті? Жалпы бағыт-бағдар қандай? – Тәуелсіздіктің 20 жылында еліміздің жоғары білімі жаңа биіктерге көтерілді. Еліміздің жоғары мектептері әлемдік трендтерді, дүниенің төрт тарабында болып жатқан оң нышанды өзгерістерді жатсынбай, өз тірші­лігі­нің қантамырына дұрыс қабылдап, сіңіріп жатыр. ТМД елдері арасында бірінші болып Болон үдерісіне кіргенімізді негізгі жетістіктердің бірі ретінде бағалар едім. Ол дегеніміз – әлемдік білім берудегі жаңа деңгейдің, жаңашыл өзге­рістердің көрінісі. Мы­салы, Еуропа мен АҚШ, дүниенің көп­теген оза дамыған өркениетті елдері білім беру­дің үш сатылы жүйе­сінде. Бұл жүйе бойынша бакалавр, магистр, PhD док­торы даярланады. Қазақстан осы озық жүйені де ТМД елдері арасында бірінші болып енгізген ел. Осы айтылған жетістіктер арқылы біз әлемдік интеграцияға кіріге қо­сылып жатырмыз. Экономикаңызды, саясатыңызды жасайтын да, бір-бірімен үйлестіретін де адамдар, оның ішінде жоғары білікті мамандар. Әр елдің осындай мамандары бір-бірімен селбесіп үлкен жобалар жасаған кезде сәйкестік болмаса түсініспеушілік орын алар еді. Қазіргі жаһандану кезінде біз осындай сәйкестікке, интеграция үдерісіне табиғи түрде қосы­луға дайын болуымыз керек. Істеп жатқан ісіміз, дайындап жатқан ма­ман­дарымыз, алып жатқан білім-білік пен мәртебеміз сол әлемдік деңгейдегі талап биігінен табылуы тиіс. Міне, нақ осы тұрғыдан алғанда жетістіктеріміз күмәнсіз. Кредиттік оқыту жүйесіне көшу өз деңгейінде өтіп жатыр. Ол не үшін десеңіз, шетелде қалыптасқан дәстүр бойынша студенттер өзіне, болаша­ғы­на қажет деп білген пәндерді таңдап, соны оқиды. Төлемақысы да сол таңдаған пәндеріне, алған білімдеріне сәйкес төленеді. Кредиттік жүйе сту­денттердің өзіне нақты керегін таңдап алғанға таптырмайтын қажеттілік. – Сонда студент: «Мен мына пәнді таңдаймын, ақшаны соған ғана төлеймін, ал ана пәннің керегі жоқ» дей ме? – Ол қай бағыттағы маман болып шыққысы келсе, соған орайлас сабақ­ты таңдайды. Студенттердің өздерінің жеке жобалармен жұмыс істеу мүм­кіндігі де арттады. Олардың өздеріне керекті пәндерді таңдауына еркіндік беріледі. Бірақ мұның белгілі бір жиынтық нормасы белгіленген. Ол норматив орындалмаса, яғни студент талапқа сәйкес қажетті кредитті жинай алмаса, келесі курсқа өте алмай­ды. Мұны да біз ТМД-да бірінші болып енгіздік. – Демек, студенттердің шектен шығып кетуіне жол берілмейді дейсіз ғой. – Ол жағы да бар. Негізгі талап­тардың бірі сол, біздегі кредиттер шетелдегі кредиттермен сәйкес болуы керек. Себебі, қазір біздің экономи­камыз ашық. Елімізде қаншама шетелдік компаниялар жұмыс істеп жатыр. Өздеріне жұмысқа орналасушы жастардан олар: «Сен қандай пәндерді оқыдың? Мынадай пәндер болды ма?» деп сұрайды. Сол кезде біздің берген біліміміз, студенттеріміздің алған білігі әлемдік оқу жүйесімен сәйкес келмесе бәрі еш болады. Міне, осы жағы­нан Қазақстан әлемдік стандарттар деңгейіне жақсы көтерілу үстінде. Бұл да бір Қазақстанның әлемдік қоғам­дас­тықтың толыққанды мүшесі бо­луына ақ жол ашатын тетік. – Енді тәуелсіздік жылдарын­дағы ҚазҰУ-дың алған асу-белестеріне, қазіргі хал-ахуалына тоқтал­саңыз. – Әлбетте, әлемге танылып отыр­ған тәуелсіз еліміздің өмірінде ҚазҰУ-дың алар орны ерекше. Қазір­де ат үстінде жүрген азамат­тардың дені кезінде осы университеттен қанат қаққандар. Білім орда­сының өркен­деп, дамуына кеңес заманында да мемлекеттік деңгейде көңіл бөлін­генін білесіз. Мына үл­кен ҚазҰУ қала­шығы соның бір дәлелі десем, қа­сиетті қара шаңырақ тәуелсіздігіміз тұсында одан әрі зорайып тұлғалана түсті. Иә, жетпіс бес жылдық тарих жолы­нан абыроймен өткен білім орда­сына ең бірінші кезекте уақыт талабына сай, заман ағымына сәйкес білікті мамандар даярлау жүктелген. Елбасы эко­номи­каны әртараптандыру, минералды ре­сурстарға тәуелділікті азайту, жаңа бағыттағы инновациялық экономика құру міндетін алға тартып отыр. Соны­мен бірге, осы орайдағы қандай да бір мүмкіншіліктердің бәрін пайдалану керектігін жалықпай айтуда. Міне, осы үдерістің бір субъектісі болу – біздің университеттің айқын мақсаты. Өйт­кені, инновациялық экономика – ол білімге, жоғары технологияға бағыттал­ған. Қазір­гі заманда ондай экономиканы жасай­тын – негізінен алғанда, университеттер. Шетелдегі өркениетті елдердің тәжірибесіне қарайықшы. Америка неге керемет алға кетті десеңіз, ол ғаламат табыстарына негізінен өзінің университеттерімен қол жеткізіп отыр. Дамыған елдердің бәрі солай. Оксфорд, Гарвард, Кембридж, Массачутет, тағы басқалары өз елдерінің зор қарқынмен қарыштап алға басуына негізгі ықпал етіп отырған университеттер. – Адам капиталын жасау арқылы ма? – Ең алдымен адам капиталын қалыптастыру арқылы. Сонымен қатар жаңа технология, жаңа білім, жаңа ғылымды тікелей өздері кәдеге жарату арқылы. Ендігі университеттер студенттерді оқытумен бірге зерттеушілік бағытқа бет бұрып, ғылым жетістіктерін жасауға өздері тікелей қатысатын болды. Сондықтан университеттің мәр­тебесіне, олардың қоғамдағы орнына басқаша көзбен, неғұрлым жоғары өреден қарауымыз керек. Университеттер, білім-ғылым ордалары мемлекетті дамытушы күшке айналғанын мойын­дайтын кез жетті. Осы жағдайларды пайымдай келе, «Университет және қоғам­ның дамуы» деп аталатын жаңа жоба әзірлеудеміз. Неге десеңіз, университет әсіресе, адам капиталы арқылы қоғамның дамуына барлық жағынан ықпал етеді. Ертеңіміз қалай болады десек, ол келешекте билік басына келетін адамдарға, адам капиталына байла­нысты. Қара шаңырақтан болашақ мамандар қандай қасиет, қандай біліктілік, өркениетке сай қандай құндылық алып шығады? Мұнда кім қалыптасады? Мә­селе, сайып келгенде, осыған тіреледі. Тағы бір жәйтті зерделесек, ең маңыздысы экономика, нақты көрсет­кіш деп жатамыз. Ғалымдар ежелден ғылым­мен айналысады. Ал оның пай­дасы, нақты көрсеткіші қайда? Ха­лық­қа, қоғамға содан келіп жатқан қандай пайда бар? Яғни, қазіргі талап басқаша қойылады. Осы орайда әсіресе гума­нитарлық салада жаңа менталитет орнық­тырып, жаңа құнды­лықтар қа­лып­тастыруға күш сал­ғанымыз абзал. Сондай жағдайдың негізгі гене­раторы, идеялардың қайнайтын қара қазаны осы біздің университеттер болуы керек. Қазіргі әлемдік үрдіс осылай. Біз соған ұмтылуымыз керек, содан қалып қоймауымыз керек. – Ғалеке, сіздің сөзіңізден есіме түсіп отыр. Нарықтың алғашқы жылда­рын­да ғой деймін, «Троллейбус жүргізуші­сінің жалақысы акаде­мик­тің жалақы­сынан жоғары екен. Бұл қалай?» деп біреуге сұрақ қойса, ол: «Себебі, троллейбус жүргізушісінің еңбегінен нақты пайда бар», – деп жауап берген көрінеді. Сол кезде бұған баспасөзде «Ал, трол­лей­бусты кім ойлап тапты екен?..» деген уәж айтылып еді. – Ғылым мен техника дамиды, троллейбус жаңарады. Қазір сағатына 500 шақырым жылдамдықпен зымырайтын жүрдек пойыздар шығып жатыр. Метро және бар. Осының бәрін ғалымдар ойлап табады. Ғалымның еңбегін елемеуге, рөлін төмендетуге болмайды. «Дү­ние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» деп арғы ғасырда Абай да айтқан. Ендеше, бізге күнделікті тір­шіліктің бір көрінісі болатын ғана емес, болашаққа бағыт жасайтын, ерте­ңі­міздің өрлеуіне септігін тигізетін ғылым керек. Болашақтың ғылымы даму үшін университеттерге, онда оқитын жастар­ға білім-ғылым меңгеретін ин­вес­ти­цияны қазір салуымыз керек. Біздің елімізде солай жасалып та отыр. – Осы жылдың басында «Қазақ­стан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына – 20 инновация» жобасын жария еткен едіңіздер. Міне, жыл аяқталып келеді. Тәуелсіздік тойының қоры­тын­дыла­нуына да аз уақыт қалды. Осы жоба жайында кеңірек айтып берсеңіз. – Бұл жобаға Елбасымыздың Қа­зақстан халқына арнаған Жолдауы қоз­ғау салды. Жолдаумен танысқаннан кейін «Университет қоғамға не берді?..», «Ғылым, білім, жаңа технологиялар шығаратын орын ретінде біз не бітірдік, елге не бердік?..» деп өзімізге сұрақ қойдық. Тәуелсіздіктің нығаюына септігін тигізу, тәуелсіздіктің тірегі болу университеттің бір миссиясы. Олай болса, жаңағыдай сұрақ қоюымыз заңды еді. Ғылыммен қанша жыл ай­налысып келе жатқанда еліміз содан пайда көруі, одан нәтиже күтуі де заңды емес пе?! Содан жасалып жатқан екі жүздей ғы­лыми жұмысты сараптай отырып, со­ның ішіндегі ең бірегей деген жиыр­масын таңдап алдық. Осынау инновациялық жобалар нано және биотехнология, дәстүрлі және бала­малы энергетика, қоршаған ортаны қорғау, медицина, ақпараттық технологиялар және қауіпсіздік сияқты салаларда жаңа ғылы­ми-технологиялық бағыт­тарды игеріп, осы орайдағы жаңашыл идеяларды әзірлеп, өндіріске енгізуге бағытталды. Мұндағы басты мақсат – ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар­дың нәтиже­лерін ғылымды көбірек қажет ететін технологияларға, одан әрі өндіріске конвертациялау болғаны сөзсіз. Міне, мұның өзі еліміздің индустриалдық-инно­вациялық және әлеуметтік-эконо­микалық дамуына қосылар елеулі үлесі болып табылмақ. «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына – 20 инновация» жобасы ая­сындағы кейбір жобаларға тоқтала кетсек, мәселен, Алматы қаласы ЖЭС алауында тозаң көмірдің жануын тұрақ­тандыру және ұстап қалу, қазанды мазутсыз жағуға арналған отынды плаз­малық жағу жүйесін енгізу жобасы. Ол қаланың экологиялық жағдайын жақ­сартуға және экономикалық тиімділікті арттыруға демеу болады. Бұл жүйенің жалпы Қазақстан бойынша экономи­калық тиімділігі жылына қомақты қаржымен бағаланып отыр. Жаңа жоба­лардың қатарында мұнаймен ластанған топырақты және жасанды топырақты био­ремедиациялауға арналған микроб­ты препарат өндіру, микробал­дырларды пай­даланып, ағынсуды биологиялық тазалау технологиясын өңдеу жобаларын ерекше атауға болады. Тәуелсіздікке арналған жобалардың біршамасын қол­данысқа енгізіп те үлгердік. Ендеше, 20 жылдыққа тарту етілер 20 иннова­циямыздың әлеумет үшін кәдеге асар пайдасы да, экономи­калық тиімділігі де өте зор. – Ұлық мереке қарсаңында білім ордасының ұжымының көңіл күйі қалай? – Осында басшылыққа келгеннен бергі алға қойған мақсатым – бір тілекке жұмылған ұжым жасау, ынтымақты қарым-қатынас қалыптастыру, бірлікті орта ұйыстыру болды. Әр факультетте, әр кафедрада, әр корпуста бірге жұмыс істейтін адамдардың жәй жиынтығы емес, бір-біріне тілекші ұжым жасау. Шетелде мұны «корпорация» дейді. Корпорация дегеніміз, бір бағытта жү­ретін, бір мақсатқа жұмылған ұжым. Ол мақсатқа жетудің жоғары көрінісі. Сон­дықтан, «ҚазҰУ-дың корпоративті кодексін» қабылдадық. Сонымен бірге, студенттердің «Ар-ождан кодексі» қа­был­данды. Студенттерге «өздерің үшін оқисыңдар, көшіру, плагиат болмасын, аға-көкені шақырмаңдар, ақша ұсын­баңдар» деп жиі айтамыз. Оқыту­шы­лардың да белгілі бір тобына домалақ арыз жазуды қойдырдық. Өкпе-наз болса, Әдеп комиссиясына айтың­дар дедік. Жүйелі басқарудың жоғары деңгейі – ұжымның өзін-өзі реттеуі, үйлес­тірілуі. Біз өз жұмысымызды сол бағытта жүргізудеміз. – Олай болса, еңбекақы сол талапты орындау деңгейіне қарай берілетін болар? – Еңбекке ақы төлеу түпкі нәтижеге бағдарланады. Әр қызметкердің еңбегі рейтингтік жүйемен бағалануда. Оны бағалаудың нақты өлшемдері бар. Соған қарап, мысалы, рейтингі жоғары оқы­тушы жалақысына қоса ай сайын 50 мың теңгеге дейін үстеме қаражат алады. Еңбекақы жөнінен жоо-лар ішінде ең алдыңғы қатардамыз. Оқу орны үшін бұл да бедел, абырой. Талапқа ілесе алма­ғандармен келесі жылдарда қош айты­самыз. Қазір осы жүйені кіргіздік. Бұл да үлкен пайдалы жаңалық саналады. – Тәуелсіз мемлекетіміз нығайып, экономикасы өскен сайын ҚазҰУ-дың, басқа жоғары оқу орын­дары­ның жағдайы жақсарып жатқаны да шындық. Мемлекет тарапынан, Ел­басы тарапынан қасиетті қара ша­ңыраққа қандай қамқорлықтар, қан­дай жақсылықтар жасалуда? – Біріншіден айтарым, Елбасының бастамасымен «Ғылым туралы» жаңа Заң қабылданды. Жақында ғана Мемлекет басшысы «Білім туралы» Заңға қол қойды. Оң нышанды өзгерістер екеуінде де мол. Айталық, ғылымды қаржы­ландыру ілкімділік деңгейіне көтері­луде. Соның нәтижеге бастар жаңа нобайы қолданылуда. Мұны гранттық, базалық, мақсатты-бағдарламалық деп жіліктейміз. Бұлар ғалымдардың қай-қайсысына болсын қолжетімді. «Білім туралы» Заң орайында айтсақ, мұнда ұлттық зерттеу университеттерін қа­лып­тастыру мүмкіншілігі кеңінен қа­рас­тырылған. Осы ретте «Назарбаев университеті» үлгісінің бағытында үл­кен дайындықтар жасап, сондай мәр­тебе алу үшін жұмыла іске кірісудеміз. Зерттеу университеті мәртебесін иеленсек, көп мәселелерді өзіміз дербес билігімізбен шешіп отырар едік. Мұның жақсы жақтары көп. Жаңа көкжиектер, үлкен мүмкіндіктер ашылады. Соңғы кезде мемлекеттің тарапынан жеткілікті қаржының бөлінуінің арқасында кө­біне-көп магистранттар мен докторанттар даярлауды қолға алудамыз. Шетелден дәріс оқуға профессор, ғалымдарды шақыруға да аса зор мән беріліп, оған да қомақты қаржы бөлінуде. Бұл мүмкіндікті тәуір пайдаланып жатыр­мыз. Сонымен қатар студенттерге, ма­гис­транттар мен докторанттарға бір ай, бір семестр, бір жыл шетелге барып оқып келуге мүмкіндіктер туғызылуда. Осының бәрі түгелдей әрі тікелей Елбасының ғылым мен білімге жасап жатқан ұшан-теңіз қамқорлығы. – Зерттеу университетіне айнал­ғанда құрылымдық, кадр даярлау бағ­­дарында өзгерістер болатын шығар? – Қазірдің өзінде миссиямызбен сәй­кеспейтін, керек емес мамандық­тардан іргемізді ажыратып жатырмыз. Өйткені, мұғалімдерді, педагогика ма­ман­дық­та­рын әр өңірдегі педагогика­лық институттар даярлайды. ҚазҰУ-дың олармен жарысып несі бар? Оның орнына эко­номиканың дамуына байла­нысты жаңа мамандықтар ашып, магистрлер мен докторанттардың үлесін арттырудамыз. Сонымен, қазір университетте жалпы саны 180, негізгісі жүзге тарта маман­дық меңгерілуде. – Әлеуметтік, қоғамдық, мәдени-тұрмыстық өмірі, спорты, басқасы бар, бұрқ-сарқ қайнап жатқан сол тыныс-тіршілік жайында бір ауыз айтып өтсеңіз. – Әрі білім, әрі тәрбие ордасы бол­ғандықтан, біз мұнда өркениеттік құн­дылықтарды насихаттауымыз керек. Біріншіден, саламатты өмір салты, екіншіден, ұлттық, патриоттық тәрбиенің назардан қағыс қалмағаны абзал. Ұлтым деп соққан жүрегі бар, халқым деп ойлауға қабілетті жас ешқашан ешкімнен кем болмайды. Бізде адами дамудың клубтық жүйесі құрылған. Ол жүйе бойынша қабілет-дарынды көте­руге барлық мүмкіндіктер жасалып отыр. Талантың тасып жатса, ән мен күй клубтарына барып танытуға бола­ды. Спорт түрлері бойынша отыз шақты секция бар. Олар өз жұмыстарын түске дейін де, түстен кейін де студенттердің уақытына бейімдеп құрады. Осы жүйеге көшкеннен бері біздің спорттық көр­сет­кіштеріміз де бұрынғыдан әлдеқайда көтерілді. Республика универсиада­сын­да қатарынан екінші рет жеңіс тұ­ғырынан көріндік. Одан қала берді, студенттік радио торабымыз, өзіміздің жергілікті телехабар тарататын орталығымыз бар. Оның желісі барлық корпустарға қосылған. Студент­тердің өздері бағдарламаларын жасап, күнделікті университеттің ты­ныс-тірші­лігінен телехабарлар көрсе­теді. Университет газеті аптасына бір рет шығады. Мы­салы, ректоратта қан­дай мәселелер талқыланды, оның шешімі қандай болды? Аптаның айшықты оқиғалары қандай? Өз телеарнамыз бен газетімізден мұны ұжым­ның әрбір мүшесі көріп, біліп, хабардар болып отырады. – Жиырма мыңға тарта студентті тәрбиелеп, мамандандырып отырған қара шаңырақта болашақ кадрларды рухани байыту жайы қалай өрбіп отыр? – Көшбасшы білім ордасының ға­лымдары мен оқытушылары студенттерді кәсіби маман ретінде даярлап қа­на қоймай, рухани бай, көзі ашық, кө­кірегі ояу жастарды дамытуды өз міндеттеріне алған десек болады. Осы орайда біз оларға бағыт-бағдар болсын деп ақыл­даса келе, оқылуға тиіс кі­таптардың тізімін жасадық. Толстой, Достоевский, өз Абайымыз, Әуезовіміз бар. Махамбет, Дулат, Ақтам­бер­ділер. Сондай-ақ Мағауин, Кекілбаев сияқты бүгінгі көзі тірі классиктеріміз. Оның ар жағында Алаш арыстарын түгел оқып шықса, содан кем болмайды. Мағ­­­жандар импе­рияның түбінде құ­лай­тынын да білді, айтып та кетті. Төрт жылда осы құн­дылықтарды оқып шығуға міндеттейміз. Көркем әдебиет оқыған рухани бай адам мүлдем басқа өреде сөйлеседі, оның жан дүниесінің парасаты да мол болады. Жастарға тәрбиелік зор мәні бар жоба ретінде биыл «Өнегелі өмір» атты кітаптар се­риясы шыға бастады. Бұл кітап­тардың негізгі кейіпкерлері біздің университетке қатысы бар тұлғалар. – ҚазҰУ халықаралық байла­нысы сан-салалы университет. Енді осы турасында айтып өтсеңіз. – ҚазҰУ бүгінде 400-ден аса әлем­дегі ірі университетпен тығыз бай­ланыс орнатқан. Еуропа, Азия, Сол­түстік және Оңтүстік Америка елдеріндегі жоғары оқу орындарымен ын­ты­мақ­тастық келісім-шарттарына қол қой­ған. Жақында Білім және ғылым ми­нистрлігінің қолдауымен ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығына арнап «Зерттеу университеттерін қалыптас­тыру және олардың Қазақстан Рес­публи­касының инновациялық да­муына қо­сатын үле­сі» тақырыбында өткен ха­лықаралық форум университет беделін жоғары дәрежеге көтерді. Әлемнің 30 елінен келген жүзге тарта уни­вер­ситеттің профессорлары мен ғалым­дарына елімізді дәріптедік, тә­уелсіздік жыл­да­рында қол жеткен жетістіктерімізді мерейлене айттық, Қа­зақ­стан­дағы ғы­лым-білімнің да­муын көрсет­тік. Со­нымен бірге, шетелдіктер пікіріне құлақ түріп, ғылым­дағы ин­но­ва­циялық-технологиялық жобала­ры­мыз­дың жайын кеңінен талқылап, ақыл­дастық. Осындай байланыс негізінде жақында ҚазҰУ делегациясы АҚШ-та болып, осы елдің Колумбия, Стэн­форд, Мерилэнд, Калифорния университеттерімен және де «Силикон алқа­бындағы» жоғары технологиялық компаниялармен білім, ғылым, инновация бағыттарында бірлесе отырып, жұмыс жасауға қол жеткізіп қайтты. Олардан үйренеріміз көп, шетелдік әріптес­теріміздің озық тәжірибелерін пайдалану бізді жаңа, жоғары деңгей­лерге жеткізетіні анық. – Осының өзі тәуелсіз ел өмі­ріндегі университет тұғырнама­сы­ның белсенділігін танытпай ма? – Әрине, көшбасшы университет болғаннан кейін бізге жүктелген жауапкершілік те жоғары. Сол орайда, қо­ғамдық-саяси, мәдени мәселелерде де басқа әріптестерімізге үнемі үлгі, өне­ге болуымыз керек-ақ. Жаңағы фо­румды өткізуіміздің бір себебі де содан туындайды. «Тәуелсіздіктің 20 жыл­дығына – 20 инновация» жобасын қалай аяқтағанымыз – елімізге беретін есебіміз болмақ. Соңғы айлардың бір қуанышты хабары сол, ҚазҰУ QS рейтингісінде де үздік секіріс жасап, әлем­дік топ-университеттер сапында бірден 200 орынға жоғарылап, биыл 401-450 дәрежеге кірді. Бұл ретте біз­дің қара шаңырағымыз әлемдік үздік университеттердің бел ортасы­нан ойып орын алған Орталық Азиядағы тұңғыш университет. Классикалық университеттен зерттеу университетіне айналу жолындағы ұжымның тынымсыз еңбегі алғашқы нәтижелерін беріп жатыр. Бүгінде жаңа­шылдық университеттің барлық құрылымына тың серпін берген. Факультеттер кластерлік негізде қайта жасақталып, кафедралар іріленді. Тиімді менеджмент, әр қызметкер еңбе­гінің рейтингтік жүйемен бағалануы, инновациялық инфрақұрылымдардың заманауи тұрғыдан жетілуі, әлеуметтік серіктестік, корпоративті мәдениеттің жақсаруы және білім ордасының тұтастай келбетінің жаңғыру-жаңаруы бүгінгі негізгі бағыт-бағдарымызды айқындайды. Осының бәрі, бұрынғы кеңес кезінде болмаған жағдайлар, тек Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген жетістіктер. Бас хатшы Пан Ги Мунның бас­тамасымен құрылған Біріккен Ұлт­тар Ұйымының «Академиялық ық­пал» бағ­дарламасына біздің университет еліміз бойынша мүше болып қабыл­данды. Біз үшін бұл үлкен мәртебе. Мұны да уни­верситеттің ел Тәуел­сіздігін ны­ғай­туға қосқан бір үлесі деп орынды ба­ғалауға болады. Соған шүкіршілік етіп, ел игілігі жолын­дағы еселі ең­бегімізді жал­ғас­тыра бермекпіз. Сон­дықтан, егемен­дігі­міз­дің мерейлі тойы тек жеткен жетістігімізді мақтана көр­сететін ша­ра емес, өт­кенімізді сара­лайтын әрі алдағы жиырма жыл­дыққа кең бағыт-бағдар беретін меже болсын деген тілек айтамын. – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ.

Алматы.