Ауқымы жыл сайын артып келе жатқан додаға биыл қарағандылықтар мен еліміздің басқа да облыстарынан келген қонақтар ғана емес, Беларусьтен, Қырғызстан мен Украинадан келген желаяқтар да қатысты. Кеншілер қаласының орталығындағы Тәуелсіздік алаңында басталған марафонға қатысушыларды Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов құттықтап, сәт-сапар тіледі.
Тілек білдірушілер әртүрлі қашықтықтағы төрт аралыққа жүгірді. «Балапан» деп аталған алғашқы екі шақырымдық қашықтық 8 бен 14 жас аралығындағы балаларға арналған. Ал қалған 7 шақырымдық «Достық», 15 шақырымдық «Спутник» және 21 шақырымдық «Арманға жол» дистанцияларында ересектер жүгірді.
Таңертеңгі сағат 8-де алдымен балалардың екі шақырымдық бәйгесі басталды. Қыздар арасындағы жарыста бірінші болып Виктория Шарова, одан кейін Виктория Шимпф пен Наталья Лабецкая келді. Ал ұлдар арасындағы бәсекеде мәре сызығын алдымен бірінен соң бірі жеткен Степан Спасский, Дәулет Берікбол және Владлен Иванов қиды. Жеңімпаз, жүлдегер балаларға 30-50 мың теңге аралығында ақшалай сыйлықтар үлестірілді.
Ал Беларусьтен келген спортшы Владислав Прямов 21 шақырымнан астам қашықтықты 1 сағат 6 минутта жүгіріп өтіп, жартылай марафонның бас бәйгісі бір миллион теңгені еншіледі.
– Жеңіл атлетикамен жиырма жылдан бері шұғылданып келемін, кәсіби спортшымын, – дейді В.Прямов. – Бұрын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болдым. Қазір Минскіде әуесқой желаяқтарды жаттықтырамын. Осы марафон туралы қарағандылық белгілі спортшы, облыстық жеңіл атлетика федерациясының президенті Дмитрий Карповтан естідім. Биыл ол мені Қарағандыға арнайы шақырды. Мұнда жүгіру бағытындағы жолдар мен көшелердің бәрі жақсы әрі таза екен. Бәсекелестер де осал болған жоқ.
Ал әйелдер арасында негізгі жүлде Қырғызстаннан келген Виктория Полюдинаға бұйырды. Ол да кәсіби спортшы, марафоннан халықаралық дәрежедегі спорт шебері екен.
– Марафон бәріміз үшін үлкен мереке болды. Бұл жартылай марафон мен үшін биыл Джакартада өтетін Азия ойындары алдында өз-өзімді сынап алуыма жақсы болды, – дейді ол.
«Арманға жол» жартылай марафонын біраз ел қазірдің өзінде Қарағандының спорттық бренді деп атай бастаған. Ұйымдастырушылар бұл жарыстың әуесқойлар үшін ғана емес, кәсіби жеңіл атлеттер үшін де тартымды болуына күш салуда.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ