Солақай саясаттың кесірінен жазаға ұшыраған азаматтарды еске алу мақсатында Жамбыл облысының мемлекеттік архивінде саяси қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарының қатысуымен «Қасіретті жылдардың ызғары» атты дөңгелек үстел өтті. Аталған шараға әйгілі Иманжүсіп Құтпановтың немересі, философия ғылымдарының докторы Раушан Иманжүсіп Астана қаласынан арнайы келіп қатысып, тарихи тұлға жөнінде әңгімеледі. Қазақ руханиятында айтарлықтай орыны бар ақын әрі балуан Иманжүсіптің қуғында жүріп, өмірінің соңғы сәтінде Жамбыл облысының Мойынқұм ауданы, Құмөзек ауылында болғанын, сонымен қатар Иманжүсіптің тұяғы, өзінің әкесі Нұрхан Иманжүсіпұлының Өзбекстанның Наманган қаласындағы балалар үйінде өткен тағдыры туралы әңгімеледі.
Бұдан бөлек, аталған шараға қатысушы азаматтар да өздерінің естеліктерімен бөлісті. Кезінде Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде жүріп саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Сақыпкерей Құрамысовтың ұлы, бұл күнде Жамбыл облысының құрметті азаматы Шапай Құрамысов әке туралы тебірене сөз қозғады. Ал отызыншы жылдары былғары зауытының қызметкері бола жүріп бай ретінде қудаланған Сатыбалды Итеновтің қызы, «Алтын алқа» иегері Тоқтакүл Арқабаева, Тұрар Рысқұловтың үзеңгілесі болған, аштыққа қарсы күресте белсенділік танытқаны үшін құрбан болған әулиеаталық азамат Жүнісбек Дүрімбетовтің немересі Марат Дүрімбетов, сонымен қатар Социалистік Еңбек Ері, кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, елуінші жылдары КарЛаг-та азапты күндерді басынан кешкен Дариға Жантоқованың келіні Сәуле Иманбердиева сияқты азаматтар естелік айтып, жазықсыз құрбандарды есте сақтау үшін атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Осы орайда өлкетанушы Мәскеу Ноқрабеков, Қазақстанның құрметті журналисі, жазушы Мақұлбек Рысдәулет және архив ардагері Сатыбалды Досымбеков архив деректеріне сүйене отырып өз ойларымен бөлісті.
Қызыл империяның солақай саясатының кесірінен отызыншы жылдары елімізде 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраса, олардың 25 мыңнан астамының атылғаны белгілі. Ал, Әулиеата өңірінен «халық жауы» деген жалған жаламен 5 мыңнан астам адам жазаға тартылып, оның ішінде 845 адам атылған. Олардың қатарында Қабылбек Сарымолдаев, Сыдық Абланов, Мақсұт Жылысбаев, Әшір Бүркітбаев, ағайынды Нұршановтар сияқты белгілі азаматтар да болған. Ал белгілі экономист, академик Түймебай Әшімбаев, Социалистік Еңбек Ері Дариға Жантақова да сол уақытта қуғынға ұшырап, кейін көзі тірісінде ақталған азаматтар. Бұл күнде Жамбыл облыстық мемлекеттік архивінің қызметкерлерінің құрастыруымен ашаршылық қасіретін қамтыған «Жан қайғы» және сталиндік террор құрбандарына арналған «Жазықсыз жазаланғандар» атты кітаптар жарық көрген.
Аталған дөңгелек үстелге архив құжаттарының арнайы көрмесі әзірленді. Құжаттар көрмесінде архив қорында сақтаулы Тұрар Рысқұлов пен оның үзеңгілестерін «халық жауы» ретінде айыптау өкімдері мен тұтқынға алынғандардың анкетасы қойылды. Сонымен қатар бірқатар азаматтардың партия құжаттары арасынан алынған ақталу туралы құжаттары да осы көрмеден орын алды.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы