Жекпе-жек • 05 Маусым, 2018

«Бар қазақ мейбуканшы болса дейміз!..»

512 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Бұғанасы қатпаған балаларды қанша мық­ты болса да ондай жарысқа қоспай­мын. Алдымен жас шамаларына қараймын, ме­ні қарсыластардың әлем чемпионы деген атақтары қорқытпайды.

«Бар қазақ мейбуканшы болса дейміз!..»

СУРЕТТЕ: қазақ мейбуканшы­лары – сэнсей Нұрлан керім­баев, Ермек абақов және Бақ­тияр түрікпен.

Лифт ішінде төртеуміз. Ермектің жүзіне барлай қарадым. Сабырлы. Қаннен-қаперсіз тұрғандай... Басына тұтқиылдан қауіп төнсе, оның табан астында күллі денесімен адам танымастай жиырылып өзгеруі лезде-ау деп таңдана түстім. Іске білек, шынтақ, саусақ кіріседі... Бір сөзбен айтқанда, мейбукан-годзю-рю каратэшілер қас-қағым сәтте, айналуға мұрша бермейтін қуықтай құжыраның ішінде ең қатерлі деген қарсыласын тұқырта алады. «Лифт ішінде» тармағы мейбуканшылар жарғысында жазылған, годзю-рюдің өзге жауынгерлік ұрыстардан іс-қимыл ерекшелігі де осында. Бұл жігіттердің саусақтары суық қару саналады. Тасемен боп біткен аяқ-қолдың спорт залдағы көз ілеспес жылдамдықпен сермелгенін көрсеңіз... Осы Ермек Абақов еді мені  сэнсей Нұрлан Керімбаевпен таныстырған. «Сэнсей» – жапон тілінен аударғанда жасы үлкен адамға, ұстазға, тәлімгерге айтылатын сөз. Біздің сөз қолданысымызда көп пайдаланатын «аға» сөзіне жақындығы да жоқ емес. Нұрлан – Қазақстан мейбукан год-зю карате-до федерациясының президенті. Ал Ермек – вице-президент. Жаттығуда тек қана «аға» сөйлейді. «Ағаның» айтқаны талқыланбайды. Сұхбаттасуда да солай екен. Әңгімені Нұрлан КЕРІМБАЕВ бастады. 

– Каратэнің отаны – Окинава аралы. Онда 1865 жылға дейін Рекю императорлығы салтанат құрған. Жапонияға күштеп қосылғанның өзінде, окинавалықтар 1921 жылға дейін каратэні сырт көзден таса, құпия ұстаған. Қорлық көрсетіп, дүниелерін тартып алған самурайларды қолмен ұрып, өлтіріп қояды екен. Олардың саусақтары суық қару саналған, сондықтан қару алып жүруге рұқсат етіл­меген. Жапон императоры алғаш рет бұл өлкеге ат басын бұрғанда арал­да каратэнің гойше-рю, год­зю-рю, шорен-рю, шита-рю атты төрт мектебі жұмыс істейтін. Оки­нава мектебі түлектерінің ойын-өнерін тамашалаған император Токиодан мектеп ашуды талап етеді. Мектептердің басшысы Тедзюн Мияги Токионың алыстығын сылтау етіп, бірінші мектепті Осакадан ашады.

– Әңгімеңізді тыңдаушыны қызық­ты­рып бастайды екенсіз. Сіздің тарих­қа тереңдеп үңілуі­ңізде бір сыр бар-ау...

– Мен Жапонияда жеті рет болдым... Әсіресе камикадзелер ең көп туған Окинавадан алған әсерім өлшеусіз. Олар импе­ра­торға адалдығын көрсету үшін сондай әрекетке барған. Балық құсап қырылып қалған ел. Жанын аямай соғысқан еркектері әйелдеріне «Америкалықтардан жақсылық күтпеңдер!» деген уағыз айтқан. Содан қыз-келіншектері жаудың қолына түскенді қорлық санап, биік жардан құлап өле берген. «Қыз құлаған жар» деген жерге мені ұстаздарым сан рет ертіп барды. Қарап тұрып өжеттік саба­ғынан дәріс алғандай боласың. Әлгі Тедзюн Мияги ғой годзю-рюдің негізін қалаған. Ұрып-тебу – го (қатты), көз шұқу, қол қайыру, лақтыру – дзю (жұмсақ). Бір сөзбен қатты мен жұмсақтың қосылуы деген мағынаны білдіреді. 30-шы жылдары годзю-рю алғаш патент алады. Соғыстан кейін Тедзюн Мияги бойтұмардай болған қара белбеуді шәкірті Мейтацу Ягиға тапсырады...

– Саусақтары суық қару са­налатын мейбуканды таң­дауыңызға жоғарыдағы тарихи оқиғалар себепші екен де...

– 1990 жылы Қазақстанға Хари де Спа есімді 6 даны бар гол­­лан­диялық шақырылып, бізде тұңғыш каратэ мектебі ашылды. Содан КСРО тарар алдында Ал­матыға атақты Морио Хи­гаонна келіп, годзю-рюден Одақ­тық алғашқы чемпионат өткізді. Ол 1991 жылы күзде Окина­ва­дағы Дүниежүзілік жарыс­қа ұласты. Күншығыс еліне жолдың ашылғаны да сол жылдар. Окинавада ұстаздар көп екен. Қайсысын таңдарымызды біл­медік... Бұрын мейбуканда тек қана адам сұлбасындағы белгілі нүктелер арқылы оқыстан ұрып-соғу, қарсыласын сұлатып салу, өлтіру болса, қазір оның өзгеше бағытпен дамығанын түсіндік. Жапонияға алғашқы сапарым есімде, Морио Хигаоннаның жаттығу залына бардық. Адам көп. Зал тар. Көптің бірі болып жүрдік. Үш жыл үйрендім. Менталитеті, кіріп-шығуы, жүріс-тұрысы мүлдем басқа. Тізерлеп отырады. Бет алды сөз айту жоқ. Үлкен кісіге құрметі ерекше. Алдынан қия баспау деген бізде де бар ғой. Менің ол ортаға тез бейімделуіме елдегі ұқсас әдет-ғұрып әсер етті.

Алматыға оралған бойда интернет арқылы жоғарыда айтқан Мейтацу Ягидің дерегін таптым. Қуанышымда шек жоқ. Сэнсейдің өзімен скайп арқылы сөйлестім. Жасы 80-90-нан асқан жапон ақсақалдары-ұстаздар ағылшын тілін білмейді. Окинава аралы тұрғындарының өзі ескі диалектімен сөйлейді екен. Амалын тауып тілдестік. Менің інім ағылшынша, келінім жапонша сөйлейді. Армандай болған бейтаныс ұстазға сырымды аштым: «Мейбуканнан жекеше отау құрып, бағымызды сынап көрейік деген ойым бар, шәкіртім жетерлік, Хигаоннаның залы тар, кісі көп...» дегенді де айтып салдым. Түсінді. «Саған бірден жекеменшік мектеп аша алмаймын, алдымен кел көрейік, кім екеніңді» деді. Содан не керек, он баланы алып, қолы ашық бір ағамыздың демеушілігімен Окинаваға ұштық та кеттік. Бұл 2011 жылдың 1 тамызы еді. Оки­на­ваның Наха деген бас қала­сында бір ай жаттықтық. Мейтацу Яги­дің атасы 2003 жылы 93 жасында дүниеден озған кісі. Жапон импе­раторының қолынан «Аты аңызға айналған адам» деген елдегі ең мәртебелі орденді алған. Ягилер әулетімен осылай табыстық...

– «Көрмеген жердің ой-шұ­қыры көп дегендей», тіл табысу, өзге ел дәстүріне бейімделу оңай болмаған шығар?

– Бір қызық айтайын... Бірде менің үш шәкіртімді Яги ұстаз үйіне алып кірді. Аудармашымыз ағылшын тілді канадалық қыз еді, бірге кірді. Кейін айтқаны: «Осы мектепте 5 жылдан бері аудармашылық қызмет етемін, ұстаздың үйіне бірінші рет бас сұқтым». Жапон дәстүрі қызық. Қонақты далада күтеді. Біз бар­ғанда шапанымызды ұмытпай, оған қоса әр шәкірт өз атынан ұстазға бір-бір кәдесый алып барғанбыз. Енді қызық болғанда ұстазымыз әр балаға, жеке-жеке кәдесый жасады. Ат-тонымызды ала қашсақ, қоймады. Ол ол ма, тамақты мейрамханадан ішеміз. Бірде «Ұстаз, менің есептеуімше сіз­дің бүгінге дейін берген дәрі­сіңіз төленген қаражаттан асып кетті, мейрамхана бізге, тіпті, артық» десем, «Жоқ, сендер қо­нақ­сыңдар» деп бірімізді қалдыр­май мейрамханаға апарады. Бөтен жұртты үйіне де кіргізбейтін ха­лық­тың бірегей өкілінің – аты аңызға айналған мейбукан ше­берінің бұл әрекеті бізді таңғал­дырды. Менің балаларымның сыры өзіме мәлім. Америкаға, Үндістанға, Еуропаға барсақ алдымен таңсық тамағын, ащы-тұщысын көп болса үш күн жейді де, тыжырынады. Содан үйден үйіп-төгіп апарған қазының бір тілімін кесіп берсем, нанға қосып қасқырша қарпиды. Бірақ солар­дың ешқайсысы да 74 жаста­ғы сэнсей Мейтацу Ягидің мейрам­ханасының дәмі мен қонақжай­лығын әлі ұмыта алмай жүр.

– Сіз аттай қалап алған мейбуканның Қазақстандағы қазіргі жай-күйі қалай?

– Мейбуканды Қазақстанда мен басқаша жолмен дамыттым. Шәкірттерім негізгі тәсіл-айласы бойынша әскери самбоға, қоян-қолтық ұрысқа, жиу-житсиға, аралас жекпе-жекке өздерін батыл қарсы қоя алатын дәрежеге жетті. «Мынау қандай каратэ?» деп таңданғандар көп. Корейлердің каратэсін мысымызбен-ақ басып тастаймыз. Оған оңай жолмен жеткеніміз жоқ, әрине, әу баста қарсыластарымызды лақ­ты­райық десек, бізді лақтырып жібереді, ұрайық десек алдымыз­ды алады, тырп еткізбеді. Каратэнің тарихының өзі де солай басталған. Жанын аман алып қалу үшін жа­пондар барлық амал жасаған ғой! Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін каратэ АҚШ-тағы даму барысында «...көзден шұқиды, бұттан тебеді, саусақ сындырады, құлаққа ұрады...» деп амал-тәсілдерді қысқартып, барынан жұрдай еткен. Алла тағаламның бізге берген бір ілтипаты шы­ғар, Оки­навада мейбуканның таза түрін­дегі, саф күйіндегі сабақ­тары­нан дәріс алдық. Әліп­песін үй­рендік. Соғыстан соң амери­ка­лық базалар Окинавада қоныс­танғанда әскерилер жаппай каратэ годзю-рюді үйренеді. Одан АҚШ-қа таратады. Әскери жекпе-жектің АҚШ армиясында өте жақсы дамуының негізі содан. Аме­рикалықтар әлі күнге дейін оки­навалық ұстаздардың қыр соңы­нан қалмайды. Ол үшін қаражатын аямайды, білесіз бе? Барлығы 6 жылдың ішінде Қазақстан бойынша он облыстан өз мектебімді аштым. Соңғы төрт жыл бойы мейбукан годзю-рюден Қазақстан чемпионатын өткізіп жүрмін. Алматы мен Астана қалаларын қосқанда 12 командамыз бар.

– «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» дейді. Түу ит арқасы қияндағы Күншығыс еліне бармай-ақ, мынау көрші жат­қан Ресей спортшыларынан үйренудің реті келмеді ме? Каратэден орыстардың да жетіс­тіктері жетіп артылады...

– Дұрыс айтып отырсыз... Сіз бі­лесіз бе, Ресейдің арнаулы «Боец» телеарнасын жүргі­зе­тін­дердің барлығы да годзю-рю­шілер?! Алғашында Жапонияда біз олармен бір залда жаттығу жа­садық. Ағаш ұрамыз, тас ұрамыз, ауырды лақтырамыз. Сонда жа­пондық ұстаз менің балаларымды үш сағат «қуалап» шаршата алмай қойған, қатты риза болып, сынаққа шыдай алмай қашып кететіндер туралы айтты. Залға кірсеңіз ылғал. Саунада жүргендейсің. Оның үстіне елдің табиғаты да ылғалды. Көп спортшының ащы тері шыққан соң, жүректері қы­сы­лып қалады. Орыс спортшылары екі сағаттан соң шыдай алмай залды тастап, сыртқа шығып кетеді. Екі сағаттан кейін төбелес басталғанда ғой біздің балалар жарау аттай жүреді де, әлгілер... орта жолда қалады. Бірақ соған қарамастан орыстар годзю-рюге өз стильдерін қосты. Кейбір тә­сіл­дерді ішіне бүгіп жасырып тұра­ды. Ал біз өз жолымызды іздедік, таптық.

– Жапондарды таңдандыра алдық па?

– Катаны көп жаттау жадты шынықтырады. №140 мектепте оқитын менің екі балам да Мақатаевтың күллі өлеңін жаттап алған, мәнерлеп оқудан бірінші орын алды. Мысалы, біздің атақты Тайқазанымыз бір ғана білтелі шаммен қайнаған, яғни геометриялық есеп сай келіп тұр. Кейін Эрмитажға апарды, екі тонна көмір жақса да қазан қайнамады. Мейбуканда да сондай, геометриялық дәлдік, көздің тік қадалуы, тыныс алудың мүлтіксіздігі бәрі-бәрі бір-біріне тығыз байланыста. Жапондар жаттығу үстінде 45 минут тапжылмай отыруды талап етеді, Құранды іштей қайталап оқып отыра беремін. Кейбіреулер, әсіресе еуропалықтар 15 минуттан аса отыра алмайды, тұрып кетеді. Немесе молдас құрады, одан тізерлейді. Тізеге отыру да бізге жат емес. Жапондар аң-таң, «Тізерлеп отыру біздің әдетіміз» дейді. «Біз де сондаймыз». Ке­лін­деріміз құдалық біткенше осылай отыра береді емес пе?! Солай десем олар риза боп әбден күлді. Мен ауылдағы аталарымыз кешке дейін тапжылмай бір орында отыруға бар деймін. Жапон ұстаздарымыздың бір сүйсінгені – біздің балалардың қабілеті. «Біздің балалар бес жыл жаттайтын әдіс-тәсілдерді қалайша үш жылда игеріп үлгердіңіздер?» дейді. Жапонда 5 жасар бала 2 ката, 10 жастағысы 4 ката білу керек. Ал менің 10 жастағы бір балам 15 катаны жаттап алған. Әділет Мұрзалин, Сырым Қалжан секілді балаларым барлық жағынан зерек. Жапон әсерлерін талдай отырып, біз өз ерекшеліктеріміздің айшықталғанын байқадық. Мей­бу­канға өзіміз де икемді болып шықтық.

– Балалар шектен шықпай ма?

– Тәрбие күшті. Құтырмау ке­ректігін баса айтамыз, әр бала күшім бар деп тасып кетсе не болады? Кірпіш сындыратын дәре­жеге жеткен мейбуканшы қар­сы­ласының басына саусағымен ебе­дейсіз нұқып қалса, миына қан құйылады. Сондықтан ол жа­ғын ескертемін. Біз арнайы есепте тұрамыз. Окинавалық мей­бу­кан­шының тағы бір қасиеті, қайнап жатқан қазаннан тас алса да қолдары күймейді. Адам энергетикасын бір жерге түйіп-жинау деген сол. Бұл арада олар қытайлық Шао Линнің тыныс алу жүйесінің ерекше тәсілдерін пайдаланады. Шыныларды оқыс ұрғанда сындырмай пышақпен кескендей етіп бөле салады. Міне, ондай дәрежеге жеткенде балалардың өздері де басылады. Саусақтарының суық қаруға айналып кеткенін біледі.

– Маңдай тердің өтеуі қайт­ты ма?

– Елімізде өтетін ережесіз жекпе-жекке балаларды қосып, сынап отырамыз. Тобымда 12 әлем чемпионы, 12 Азия чемпионы бар. Кез келген чемпионатқа барар кезде баланың ата-анасынан рұқсат сұраймын. Бақтияр есімді 19 жастағы балам бар. Әлемдегі, Еуропадағы, Азиядағы әріптестерін мойындатты. Жию-житсиден де қабілеті зор. Партерде де мықты. Бірақ әлі жас. Бұл жеңістер оған 23-24 жаста келуі керек еді. Бұғанасы қатпаған балаларды қанша мықты болса да ондай жарысқа қоспаймын. Алдымен жас шамаларына қараймын, мені қарсыластардың әлем чемпионы деген атақтары қорқытпайды. Кешегі бір өткен жарыста біздің қарсыласымыз сондай чемпиондарын алып келіпті, «каратэшілер ғой, партерді, қылқындыруды білмейді» деген болса керек. Менің Бақтиярым атағы дардай өзінен екі жас үлкен өзбек шеберін партерге жеткізбей сұлатып салды. Екі жас кіші, екі килограмға салмағымыз аз болса да, сөйттік... Арман Оспановымыз ешкімнің салмағына да қарамайды, дәлдеп ұрғанын құлатады. Кеше он жұп шықты, біздің жекпе-жек кемі екі раундпен аяқталып жатты. Ең ұзағы – 38 секунд!..

– Өзіңіз, отбасыңыз туралы айтыңызшы?

– Үш дипломым бар. Зоо­тех­ник, филолог, спортшы... Нанды қай дипломмен жеп жүрсің, со­ны айт дейсіз ғой... Спортшыға бері­летін атақтың барлығын алдым. Ұлым әлем чемпионы, мейбукан­шы. Инженер-технолог. Екі қы­зым каратэмен аздап шұғыл­данды да тастап кетті. Өзімнің ағайындарым спортшылар, жүлде алғандар, інілерімнің барлығы каратэші. Оң қолым – Ермек екеу­міздің арманымыз, шіркін, бар қазақ мейбуканшы боп кетсе...

– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен

Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»