Тарихи отанды таңдағандар
Марокко құрамасының 61 пайызы Еуропада туып-өскендер екен. Бұл жөнінен әлем чемпионатына қатысатын құрамалар ішінде тек Сенегал ғана бәсекелес бола алады. Команданың негізгі жұлдызы әрі капитаны – Мехди Бенатия. Ол «Ювентустың» негізгі орталық қорғаушыларының бірі. Италия кубогының финалында «Милан» қақпасына 2 гол соғып, командасына жеңіс сыйлады. Бенатия стандартты жағдайларда айып алаңында өте қауіпті ойыншы. Ол баспен гол соғуды жақсы меңгерген тасқамал қорғаушы. Сонымен қатар оң қапталда ойнайтын қорғаушы Ашраф Хакими де ТОП клубта өнер көрсетеді. Ол биыл «Реал» Мадрид сапында бірнеше ойында алаңға шықты. Сонымен қатар кезінде дүркіреген Мубарак Буссуфа да ұлттық құраманың тәжірибелі ойыншыларының бірі.
Марокконың бас бапкері Эвре Ренар 2016 жылы Қазақстанға келген. Келгендегі басты шаруасы Қазақстан футбол федерациясымен келісімге келу болатын. Француз маманы біздің ұлттық құраманың тізгінін ұстай жаздаған. Алайда екі тарап ортақ келісімге келе алмады.
Аңызға айналған Мұстафа Хаджи
Марокко әлем чемпионатына 4 рет қатысқан. Бұл жағынан олар Африкада Камеруннан кейінгі орында. Сонымен қатар «атлас арыстандары» мундиальда плэй-офф сатысына шыққан алғашқы африкалық команда. 1986 жылы олар Мексика жерінде үлкен сенсация жасады. Англия, Польша, Португалия құрамаларымен бір топта болып, жеңімпаз атанып шықты. Соңғы ойында «арыстандар» португалиялықтарды 3:1 есебімен жеңді. Дәл солармен бұл жолы да бір топқа түсіп отыр. Одан кейін 1994 жылы АҚШ-тағы додада топтық кезеңнен әрі аса алмады. 1998 жылы Марокко Францияға мықты аяқдопшылармен барды. Бірақ сәттілік жетіспей, плэй-офф кезеңіне шықпай қалды. Құрамада сол шақта аты аңызға айналған Мұстафа Хаджи болды. 1998 жылы Африка құрлығының үздік ойыншысы атағын алған Мұстафаны бүкіл Марокко алақанында ұстайтын. Бұл елден бұрын-соңды мұндай атақты әрі шебер ойыншы шықпаған еді. Португалия, Англия, Испания чемпионаттарында ойнаған Хаджи қазір бас бапкер Ренардың көмекшісі.
Алдағы мақсат – алпауыттарға азу көрсету
Марокко құрамасының топтағы жағдайы қиын. Қарсыластарының барлығы кілең «сен тұр, мен атайын» ұжымдар. Испания мен Португалия «В» тобының басты фавориттері. Алайда әлемдік мундиальда осал құрама болмайтыны анық. Барлығы өз құрлығының үздіктері. Сондықтан да Иран құрамасын да есептен шығаруға әсте болмас. Марокколықтар алғашқы матчта дәл осы мұсылман бауырларымен кездеседі. Матч 15 мау-
сым күні Санкт-Петербургте өтеді. Одан кейін Эктор Купер шәкірттері Криштиану Роналду бастаған Португалиямен, соңғы турда Испаниямен кездеседі. Біріншілікке келгеннен кейін бар өнерді ортаға салып, ел намысы үшін жанымызды аямаймыз деп отырған африкалықтар плэй-офф кезеңіне шығуды мақсат тұтады. Иранды жеңгеннен кейін 2 алпауыттың бірін сүріндірсек дейді.
Бір қызығы, әлем чемпионатындағы 32 құраманың ішінде осы топтағы командалар бір-біріне өте жақын орналасқан мемлекеттер екенін де айта кетейік. Сондықтан да бұл топтың ойындары жанкүйер күтпеген нәтижелермен өріліп жатса еш таңғалмаймыз. Бір анығы, әйтеуір мундиаль тарихында сенсациясыз топ болмайды. Бәлкім, осы топтағы құрамалар көрерменнің көзайымы болып қалар?!
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»