...алғыс айтады
Полиция қызметкерлеріне ризамыз
Қарағанды облысы, Нұра ауданының Амантау ауылының аумағынан 2017 жылдың сәуір айында жайылымнан тоғыз бас жылқы жоғалып, із-түссіз кеткен еді. Сол жылдың қараша айында осы жылқылар облыстың Жаңаарқа ауданы, Ақтүбек ауылынан табылып, күдікті адам ұсталып, жоғалған малымыз түгелдей қайтарылды. Іздестіру шарасын тиянақты атқарып, малымыздың табылуына себепкер болған Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының ішкі істер бөлімінің полиция қызметкерлері – майор Мейрам Серікбаев, учаскелік инспекторлары – майор Нұрбол Тукенов, капитан Жанболат Мұздыбаев, аға сержант Саян Құлшыбеков сынды қызметкерлеріне алғысымыз шексіз.
Бұл аталған азаматтар өз қызметтеріне аса жауапкершілікпен қарап, қарапайым халыққа көмектерін бар күштерімен көрсеткендеріне ризамыз. Аты аталғандар – білікті маман, өз қызметтеріне жауапкершілікпен қарайтын азаматтар екендіктерін көрсетті.
Ж.ТӨЛЕУБАЕВ
Қарағанды облысы,
Нұра ауданы
...ұсыныс жасайды
«Бәйшешек» футбол турнирі өткізілсе
Кентау қаласы әкімдігінің бастамасымен қаламыздың орталық футбол стадионында жасөспірім балалар іріктеп алына бастады. Осы стадионда «Балалар мен жасөспірімдер футбол мектебі» ашылып, оны жоғары білімді маман Әли Нұрымбетов басқарды. Мұнда барлық жағдай жасалынып, спорт керек-жарағымен қамтамасыз етілген. Осы стадионда 1958-1964 жылдары наурыз айында дәстүрлі түрде «Бәйшешек» футбол турнирі өткізіліп, «Қайрат», «Шахтер», Кентаудан «Горняк», Шымкент қаласынан «Металлург» және басқа облыстардан командалар қатысқан болатын. Енді осы дәстүрлі футбол жарысын қайта ұйымдастырудың уақыты келген сияқты. Күн жылынып, бәйшешек атқан мезгілде футболдың да мерейі үстем болары сөзсіз.
Асан САПАРОВ,
Кентау қалалық «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің басшысы
...қынжылысын жеткізеді
Мағжанға бір көшені қимағаны қалай?
Қызылжар өңірі ұлттың қамын жеген, халқына тірек болған тұлғалардан кенде емес. Солардың бірегейі – Мағжан Жұмабаев. Тірісінде көп азап көріп, саналы ғұмыры қуғын-сүргінде өткен ақиық ақынның биыл атап өтілетін 125 жылдығы қарсаңында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бастамасымен «Мағжан жылының» атап өтілуі өте құптарлық шара болса керек. Былтыр күзде Петерфельд ауылдық округінде көше атауларын өзгерту туралы жиын өтіп, Октябрь көшесіне Алаштың асыл перзенті, баршаның сүйікті ақыны Мағжан Жұмабаевтың атын беру туралы ұсыныс айттым. Үй-үйді аралап, қол жинадым. Тұрғындар қуаттаған хатты ауылдық округтің әкіміне тапсырдым. Алайда жұртшылықтың өтініш-тілектері аудандық әкімдік тарапынан ескерусіз қалды. Себебі түсіндірілмеді.
Енді мына қызықты қараңыз: биыл аудандық «Қызылжар» газетінде «Октябрь» көшесін – «Жеңіс», «Коминтерн» көшесін – «Центральная» деп ауыстыру туралы ауылдық округ шешімінің жобасы басылды. «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» демекші, көзімізге сенер-сенбесімізді білмедік. Демократиялық өсіп-өркендеу жолына қадам басқан елдің қиян шетінде көпшіліктің таңдауын бұрмалаған осындай сорақылықтардың орын алуын ақын аруағын сыйламау, қорлау деп санаймын. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асса да, Кеңес Одағы кезіндегі атауларға жабысып, ескінің сарқыншағынан айырылғысы келмей жүрген шенеуніктердің бұл әрекеті еш ақылға сыймайды. Тағдыры аянышты, аяулы ақынымыз Мағжан Жұмабаевқа бір көшенің атын қимағандары қалай?! «Центральная», «Южная», «Нижняя», «Верхняя» секілді мағынасы түсініксіз атаулар мұрты қисаймастан сол қалпы тұр. Түркі жұрты «поэзия пайғамбары» ретінде пір тұтатын ақынның есімі елеусіз қалмауы тиіс.
Сағат ҚУАНДЫҚОВ
Солтүстік Қазақстан облысы,
Қызылжар ауданы,
Петерфельд ауылы
...үлгі тұтады
Жастар зияткерлік ойындардан сынға түсті
Маңғыстау техникалық колледжінде «Маңғыстау аудандық жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен, колледж әкімшілігінің қолдауымен «Не? Қайда? Қашан?» атты зияткерлік ойындарынан жарыс өткен болатын.
Іс-шараның басты мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын ойыншыларға түсіндіру, жастарға қазақстандық патриотизмді насихаттау, жастар мен ойыншылардың көшбасшылық бейнесін қалыптастыру.
Ойын үш бөлімнен тұрды. Олар «Білім биігі», «Дарындылық», «Бейнесұрақ» деп аталды. Ойыншылар міндеті тек көшбасшылық қасиетін көрсетіп қана қоймай, командалық жұмысын көрсету еді. Бәрі де ойдағыдай ұйымдастырылды. Бірнеше сағатқа созылған ойында жас мамандардың ең көп сұраққа жауап берген «Жүйріктер» командасы жеңімпаз атанса, «Білгірлер» командасы екінші, ал «Алғырлар» командасы үшінші орынды місе тұтты.
Айнұр АЛИЕВА,
аудандық жастар орталығының маманы
Маңғыстау облысы
...ой бөліседі
Қыз мінезді ұлдар көбейіп барады
Қазіргі кезде мектеп жасындағы ер балалардың арасында мінез-құлықтары мен іс-қимылдары қызға ұқсайтын жас жеткіншектер көбейіп барады. Өз басым мұндай көріністер мектептерде тек бірыңғай әйел ұстаздар жұмыс істегенінің салдары деп есептеймін. Тіпті балабақшада да еркек кіндікті балдырғандарды әйел адамдар тәрбиелейді. Мектепте тағы да солай. Оны айтасыз, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында да негізінен нәзік жандылар сабақ береді.
Өнебойы әйел затының айналасынан шыға алмаған ер баланың кейін нағыз азамат болып қалыптасып кетуі оңайға түспейді. Біріншіден, олардың бойында тез әрі нақты шешімдер қабылдай білу қасиеттері кемшін түседі. Ер-азаматқа тән бітім-болмыс болуы үшін ең алдымен мектептерде ер мұғалімдердің қатарын көбейту керек деген ойдамын. Бұл ұлдардың бойында ермінезділіктің қалыптасуына әсер етері кәміл.
Тағы бір айтарым, қазіргі кезде педагогика тек бірыңғай әйелдер қызмет жасайтын мамандыққа айналып бара жатқандай көрінеді. Мүмкін мұндай жағдайда арнайы бағдарлама қабылдап, мұғалімдер дайындайтын арнаулы және жоғары оқу орындарында ер балаларға бөлінетін квотаны көбейту керек шығар. Сонымен бірге олардың еңбекақы мөлшерін өсіру жөнінде де жаңаша көзқарас қажет.
Көшкінбай АХМЕТОВ,
еңбек ардагері
АҚТӨБЕ